Мағжан мен Мандельштам

Бөлісу:

20.10.2016 2780

Мағжан мен Мандельштам.jpg


1. Зейiн Шашкиннiң айтқандарынан


Мағжан Жұмабаев пен орыс ақыны Осип Мандельштамның жақын таныс болғаны жөнiнде өткен ғасырдың елуiншi жылдарының аяғында маған алғаш рет жазушы Зейiн Шашкин айтқан едi (Осип Мандельштам – ХХ ғасырдағы орыс поэзиясының iрi өкiлi, 1938 жылы Қиыр Шығыста айдауда жүрiп қаза болған).


1934 жылы Зейiн Шашкин Мәскеу­дегi баспа-редакция институтына оқуға түседi. Кейiн бұл оқу орны жабылып қалған, не болмаса тарих, философия және әдебиет институтына қосылған секiлдi.


Зейiн аға КСРО жазушыларының I съезiне қызу дайындық жүрiп жатқан кезде, Мәскеудегi Тверь көшесiндегi үйлердiң бiрiнiң ауласында әпендiлеу бiр адаммен ойда жоқта жолығысып қалады. Әлгi адамның сырт бейнесi де бiртүрлi көрiнедi: шалқая бiткен тәкаппарлау басын төмен, аяқтың астына қа­рамасын деп әдейi солай орната салғ­ан секiлдi, екi көзi бұлттардан әрi асып, ғарыш әлемiнен бiрдеңе iздеп жүр­гендей, сонау шырқау көкке тiгiлген…


Әлгiге жай ғана көз тастап, әрi қарай жүре берген Зейiндi “Ай, казах!” деген дауыс тоқтатады. Таңғалдыр­ғаны – оның орыстарға тән әдетпен “ей” деп емес, “ай” деп тiл қатқаны. Қазақтар өздерiне етене таныс адамдарға ғана осылай дейтiн. Зейiн тоқтап, мойын бұрады.


– Сен қазақсың ба? Өзiм де солай ойлағам, сен қазақ шығарсың деп, жә­не бiздiң Магаға аздап ұқсайды екен­сiң.

– Қандай Магаға? – дейдi түкке түсiнбеген Зейiн.

– Сен не, Мағжан Жұмабаевты бiл­мейсiң бе?! – деп сұрайды “әпендi” кiсi ендi бұған сәл қабақ түйе қарап.

– Мағ… Мағжан… Әрине, бiлем, бiрақ кездеспеп едiк…

– Мен мынаған таңғаламын,–дедi әлгi адам, – оны бәрi де бiледi, бiрақ тек аты-жөнiн ғана. Солай ма?

“Басы аспанға қараған” әлгiнiң дауысы бұрынғыдан да қатқылдау шығады.

– Сiз өзiңiз кiм боласыз? – деп сұрап үлгередi Зейiн.

– Мен – Мандельштаммын. Байқаймын, сен бiздiң Маганың атын атауға да қорқатын сияқтысың. Сау бол, қазақ, – деген “әпендi” өз жөнiне кете барады.

Зейiн осыдан кейiн бұл адамды Мәскеуде қайтып кездестiре алмапты. Бiрақ Мандельштам деген сирек кездесетiн фамилиясы есiнде бiржола қалып қояды. Зейiндi таңғалдырған оның фамилиясы емес, сол кезде екiнiң бiрi айтуға батылы бара бермейтiн қазақ ақынының атын қорықпай атауы едi. Зейiн осылай күтпеген жерден Мағжан есiмiн Мәскеудегi орыс ақыны Мандельштамның аузынан естидi.

Зейiн аға сәл ойланып қойып, арасында жөтел қысып, алқынып, ұзақтау үзiлiстер жасап, әңгiмесiн әрi қарай былай жалғайтын:


– Қазiр қай жерде екенi есiмде жоқ, Мәскеуде оқуда жүргенiмде ме екен, әлде Колыма жақта айдауда жүргенде ме… Бiр әдебиетшi, Ленинградтан ба, болмаса Одессадан ба, өте құпия түрде Мандельштамның бiр қазақ ақынымен дос болғанын айтып едi. Және ол Мандельштамның Мағжанға арнаған екi жол экспромтын да айт­қан. Соның бiр жолы ғана есiмде қалыпты, былай едi: “Ну что, Магазин Дукенович, на улице темно?”. Мен дереу әлгi әдебиетшiнi түзете бастадым: “Магазин Дукенович емес, Мағжан Бекенович. Иә, бiзде Мағжан деген ақын болған, фамилиясы – Жұмабаев”. Шамам келгенше оған Мағжан туралы түсiн­дiрiп жатырмын… Ол маған Мандельштамның кiм болғанын айтады. Осындай әдебиетке қатысты әңгiмелермен бiздер Колыманың казармаларында тайганың ұзақ та аязды түндерiн қысқартатынбыз…



2. Қайнекей Жармағамбетовтiң Мағжан туралы естелiгi


Мағжан мен Мандельштамның есiмдерiн мен екiншi рет 1970 жылдардың басында қайтадан естiдiм. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында қызмет iстеушi едiм.


Бiрде белгiлi қоғам қайраткерi, қаламгер Қайнекей Жармағамбетовпен кездесе қалдым. Ол кiсiмен проза шеберi Ғабдол Сланов дос-жар адамдар екен. Бiр күнi Қайнекей аға бiздi үйiне шақырып, ертеректе Семейде шыққан “Абай” журналын көрсетпекшi болды. Бүгiнгi Абылай хан мен Абай көшелерiнiң қиылысындағы пәтерiне бардық. Бойдақ адам тұратын үйдiң жайы белгiлi, жинаусыз жатыр. Бiрақ кiтап көп екенiн байқадым. Сол уақытта оқуға тыйым салынған басылымдар көзден таса, бөлек тығулы екен. Бiзге революцияға дейiн шыққан “Айқап”, “Абай” “Шора” журналдарының кейбiр даналарын көрсеттi.


Кенет Қайнекей аға кiтап сөресiнiң ең түкпiрiне қолын сұғып, жұқалау бiр кiтапты алып, Ғабдолға ұсынды. Кiтаптың сыртындағы “Шолпан”, 1912, Қазан” деген жазу көзiме оттай басыла кеттi.


–Апыр-ай, Қайнекей, кiтапханаң айтарлықтай-ақ екен,–деген Ғабдол аға сонан кейiн маған сынай қарап:


–Мағжан деген ақынды естiп пе едiң?–деп сұрады.

Мен ол кiсiге Мағжан есiмi бала күнiмнен таныс екенiн, себебi әкемнiң ағасы Абақан Қызылжарда Мағжан директор боп тұрған мұғалiмдердiң қысқа мерзiмдi курсында тыңдаушы болғаны үшiн зардап шеккенiн айттым. Және Мағжан 1936 жылы айдаудан босап, туыстарын аралап елге келгенде, Степняктағы мұғалiмдер дастарқан жайып, Абақан ағам бiрге болған екен.


Бiздiң сөзiмiздi үнсiз тыңдап отырған Қайнекей аға Мағжанның кiтабын қолына алып:


– Мағжанның түбiне жеткен өзiмiз­дiң қазақтар ғой. Мәскеу оны төбесiне көтерiп едi. Бұл сол кездегi қазақ автономиясындағы көп адамдарға ұнай қоймады. Содан кейiн әдебиеттегi шенеунiктер ақынға қарсы өздерiнiң байлаулы төбеттерiн босатты… Бiр таңғаларлығы, Мағжан да бiр кездегi Шоқан Уәлиханов секiлдi орыс интеллигенциясының iшiнен жарқын тұлғаларды қапысыз тани бiлген. Ол Валерий Брюсовпен, Сергей Есенинмен, Осип Мандельштаммен, Всеволод Рождественскиймен таныс болған. Сол кездегi жас ақын Михаил Светловпен жақын араласқан. Орыс клас­сиктерiнен Мамин-Сибирякты, Максим Горькийдi, Ертiс бойынан шыққан жерлесiмiз Всеволод Ивановты аударған, – деп бiраз әңгiменiң басын қайырып тастады.


Мәскеуде комсомолдың жоғарғы мектебiнде оқыған Қайнекей бос уақытының бәрiн КСРО Жазушылар одағының ғимаратында өткiзiптi. Сол жердегi газет, журнал редакцияларына барып тұрады. Өзi кiсiмен тiл табыс­қыш Қайнекей көптеген орыс ақындарымен шүйiркелесiп, кәдiмгi­дей жақын араласа бастапты. Олар да бұны ба­уырына тартып, “Казах Кано” деп өздерiнше ат қойып алады. Бұлай деп алғаш атаған Михаил Светлов екен. Екеуара ұзақ-ұзақ әңгiме үстiнде ол Светловтың сол кезде аттарын атауға болмайтын бiраз қазақ ақындарын танитынына таң қалады.


Әңгiме бiрте-бiрте орыс поэзиясында “күмiс ғасыр” атанған жиырмасыншы жылдардың ортасындағы әдебиет тарихына ауысады. Ол уақытта Светлов Брюсов институтында оқыған екен. Сол бiр кездердi әңгiмеге өзек еткен Михаил Аркадьевич Мағжан туралы бiраз оқиғаларды еске алады.


–Мен сендердiң Мағжан Жұмабаев деген үлкен ақындарыңды бiлушi едiм. Оны Брюсовтың өзi мақтайтын. Небiр атағы бар, қыңыр мiнездi орыс ақындарының өзi оған жол беретiн. Осип Мандельштам: “Осы бiр дала ақынының Пегасы әрқашан ерттеулi. Қараңдаршы, ол адам емес, кентавр секiлдi. Оның астында поэзияның арғымағы ойнақ салады”–дейтiн. Мағжан орыс ақындарымен араласа бастағанда, Мандельштам оны “Мага” деп, ал мен “Жан” деп атадым. Ол бiзге қаржылай көмек те жасап жүрдi. Кафелер мен трактирлердегi шығынның бәрiн ол өзi көтеретiн. Мағжанның мынадай бiр әдетi де есiмнен кетпейдi. Осип Эмильевичтi көргенде, дереу оның:


Я больше не ревную,

Но я тебя хочу.

И сам себя несу я,

Как жертву палачу.

Тебе не назову я

Ни радость, ни любовь.

На дикую, чужую

Мне подменили кровь –деген өлеңiн оқи жөнелетiн. Мандельштам: “Как наш Мага магически читает мои стихи!” – деп, бұған балаша мәз болатын едi.


Шынында да, Мағжан белгiлi, мықты ақындардың өлеңдерiн берiле, шеберлiкпен оқитын. Ол тағы да Мандельштамды құшағына алып, сыбырлай оқиды:


Поедем в Царское село!

Там улыбаются мещанки,

Когда гусары после пьянки

Садятся в крепкое седло…

Поедем в Царское село!

Одноэтажные дома,

Где однодумы-генералы

Свой коротают век усталый,

Читая “Ниву” и Дюма…

Особняки – а не дома!.


– Мага, Құдай бiледi, осы өлеңдi жазған мен емес, сен секiлдiсiң, – деген Мандельштам бiздi жақын маңдағы трактир, кафелердiң бiрiне бастай жөнелетiн.



3. Мандельштамның экспромты


Бiрде дәмханадағы бүкпесiз әңгiме үстiнде атақты “Гренада” мен “Каховканың” авторы Михаил Светлов Қайнекейге:


– Сендердiң үлкен ақындарыңа арнаған Осип Эмильевичтiң алты жол экспромты туралы айтсам, қалай қарайсың?


Бұған Қайнекейдiң қуанғаны соншалық, даяшыны шақырып, дереу грузинның “Телиани” шарабына тапсырыс бередi. Кенет Михаил Аркадьевич сәл ойланып, сыбырлай сөйлеп:


– Былай келiсейiк, ешқандай қалам мен блокнот дегендi қолдарыңа алушы болмаңдар. Жазуға болмайды! Алты жол өлеңдi, өзбектер айтпақшы, кәлләңә сыйғыза алмайсың ба? Мағжан мен Мандельштамның шығармаларымен қазiр ойнауға болмайды! Сондықтан естiгендерiңдi миларыңа жазуға тырысыңдар, – деген Михаил Аркадьевич әңгiмесiн бастады.


– Жасыратыны жоқ, Мандельштам өзге республикалардан шыққан әде­биетшiлерге сәл жоғарыдан қарайтын едi. Бiрақ бiр таңғаларлығы, өзi Жұмабаевтан екi жас үлкен бола тұра, оны ұстазы секiлдi құрметтейтiн. Екеуi ақындар жиi бас қосатын “Стойло Пегаса”, “Домино” деген кафелерде жиi жолығысушы едi.


Бiрде бiр топ адам кафеде ұзақ отырып, түн ортасы ауғанда шығады. Көше тастай қараңғы. Ол кезде Мәс­кеудiң көшелерiнде жарық болмайтын. Бәкене бойлы, әлжуаздау Мандельштам қазақ ақынын қолтығынан алып:


Ну что, Магжан Бекенович,

На улице темно?..–дейдi.

Мағжан басын әнтек көтерiп, жұл­дызды аспанға қарап, әрi қарай жал­ғап әкетедi:

Чудовищна, – как броненосец в доке, – Россия отдыхает тяжело.


– Керемет өлеңдер жазады осы Осип – Хлестаковтың қызметшiсi, ә?–деп қояды сосын Мандельштамға қарап әзiлдеп.

Мандельштам қалт тоқтап:

Стоп, Магжан Бекенович,

Под ногами дерьмо….

Мағжаннан бастап, барлығы аяқтарының астына қарайды. Ештеңе бай­қалмайды.

Мәз болған Мандельштам әрi қарай жалғайды:

Пойдем, Магжан Бекенович,

Нам-то все равно…

– Мандельштам экспромттың шеберi болған сияқты ғой?


– Болғанда қандай! Кейде шабытқа мiнгенде қазақтың ақыны секiлдi, босаған шишаны домбыра секiлдi көлденең ұстап, ұйқасын келтiрiп, әндете жөнелетiн. Мандельштам Құдайдың өзi жаратқан ақын едi. Не керек, “қаламдас достары” оның да түбiне жетiп тынды. Әдебиеттегi оңбағандар мен рухани құбыжықтардың жүрмейтiн жерi жоқ қой. Айтпақшы, “рухани құбыжықтар”(духовные мутанты) деген сөздi Мағжан жиi қайталаушы едi…



4. Қанға боялған “қытайлық”


…Барлығы осы Мандельштамның Мағжанға арнаған алты жол экспромтынан басталған секiлдi. Уақыт өте келе Мандельштам осы экспромттың негiзiнде өзiнiң белгiлi “Жил Александр Герцович, еврейский музыкант” атты өлеңiн жазады. Оның жазылған уақыты –1931 жыл, 27 наурыз. Бұл уақытта Мағжанның аты-жөнi кеңес әдебиетiнен бiржола өшiрiлiп, өзi айдаудың қамытын киiп, түрмеден-түрмеге көшiп жүрген.


Екi ақынның екеуi де екi реттен сот­талған, екеуi де кеңес билiгiнiң қуғын-сүргiнiне аяусыз түскендер. Екi ұлттың екi түрлi екi ақыны шығармашылық тұлға ретiнде тағдырдың тауқы­метiн тең бөлiскен секiлдi.


Ұзақ жылдар бойы Мағжанның атын атауға, ол туралы жазуға болмады. Осыдан шығар, Мандельштамның әйе­лi Надежда Яковлевна өзiнiң ес­телiк­терiнде Лубянканың (түрменiң) дәлiзiнде азап көрiп, үстi-басы қанға боялған бiр “қытайлықты” көргенiн жазады. Мүмкiн, Надежда Яковлевна осы бiр ғана штрихпен күйуiнiң досы, қазақтың ұлы ақынының бейнесiн жадында қайта жаңғыртқысы келген болар… Өйткенi ол Лубянканың дәлiзiнде көрген “қытайлық” туралы жазғанда, “қытайлық” деген сөздi тырнақшаға алып жазады. Ал ендi бұл адамдар тыныс белгiлерiн қалай қолдануды, пайдалануды жақсы бiлген ғой…



Ықшамдап аударған Сайлау Байбосын

qasym.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар