Амангелді Кеңшілікұлына айтарымыз бар...

Бөлісу:

18.07.2017 7487

Көптен бері «Әдебиет порталында» әдебиетші, сыншы Амангелді Кеңшілікұлының «Жүрек сөзі» деген сериямен күнделіктері жарияланып келе жатқанынан тұрақты оқырмандар хабардар болса керек. Белгілі әдебиеттанушы бүгінгі күнделігінде: «Таяуда бірнеше қазақ басылымдарының бетінен қазақ жазушылары Әкім Тарази, Асқар Алтай мен Роза Мұқановаға әлем әдебиетін дамытуға қосқан зор үлесі үшін Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлығының берілгені туралы ақпаратты оқып қайран қалдым. Бұл – нағыз өтірік. Ақиқатында есімдері аталған үш жазушыға да, бұдан бұрын да оны алған Төлен Әбдікұлы, Шөмішбай Сариев пен Немат Келімбетовке берілгені Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлық емес, әйгілі жазушының атындағы алтын медаль. Даңғойқұмарлыққа салынып, халықты дүрліктіріп өтірік алдап, оқырманды адастырудың қажеті қанша?», ­­- деген ой айтқан еді. Осы ой төңірегінде аты аталған қаламгерлер сыншыға реніштерін білдірді. Ендеше, бұл медаль не үшін берілетінін, біздің қаламгерлер қандай критерийлер арқылы алғанын өздері айтсын.

ТӨЛЕН ӘБДІК

Бұл алтын медаль маған «Парасат майданы» үшін берілген. Енді бұл медаль әдеби сыйлыққа жата ма, жоқ па деген сұрағыңызға келетін болсақ, əдеби сыйлықтардың жанында қаржысы болады. Ал бұл медальда ешқандай ақша қосып берілмейді. Айырмасы сол ғана.

Роза МҰҚАНОВА

Тырнақ астынан кір іздеп, күндемесе бұ қазақ жүре алмайды. Әйтеуір «Мұндай сыйлық жоқ, өздері тапсырыспен жасатып алған»-деп ағаш атқа мінгізбегеніне де шүкір. Мен 30 жасымда мемлекеттік сыйлыққа ұсынылдым. «Мәңгілік бала бейнені» бірауыздан ұсынып отырып, жеме-жемге келгенде комиссия мүшелері "айнып" қалыпты. «Шығарма мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық, бірақ авторы тым жас екен» деген «айып» тағылды. Егер Амангелді сыйлық атаулыны зерттейтін маман иесі болса сырт елдің иелігіндегі сыйлықты емес, қазақтың мемлекеттік сыйлығының қалай бөліске түсетінін жазса керек еді. 60-тан асқанда Төлен Әбдік, 70-тен асқанда Әкім Тарази мемлекеттік сыйлыққа әрең қол жеткізді.Мемлекеттік сыйлықты ешкім танымайтын жолбикелер қонышына қыстырып кете салатын "күштілігін" айтса керек еді.Қабырғасына батып, қанқақсап отырғаны қазақ әдебиетінің өкілдеріне берілген сырт елдің сыйлығын осыншама қызғанып, қызылкеңірдек болғанына таңмын. Иә, бұл сыйлықты сырт елдің әдеби сарапшылары берді. Оған себеп – алғашқылардың бірі болып қазақ халқының атом бомбасынан шеккен қасіретін ашық жазып, көркем әдебиетке, драматургия жанрына айтулы үлес қоса алғандығымда болса керек. Халықаралық Франц Кафка сыйлығын алған тұңғыш қазақ қызы атанғаным үшін де бақыттымын. Мен де күнделігіме жазып қойыппын. «Амангелді Кеңшілік деген жас жігіт үйге келіп отыр екен. «Мұқағали жайлы кітап жаздым. Мұқағали сіздердің елдің азаматы. Енді Сіз де билікке айтып, қалалық әкімшілікке айтып, маған баспанамды шешіп беріңіз» дей келіпті. Неғылған арсыздық!!! Саудасының түрін... Бұл болмаса, Мұқағали аталмай қалады екен...Мұның осындай ниетпен келіп отырғанын білгенде үйден қуып шығар едім. Әттең, көке! Сенің көңіліңе қарадым.» Бірақ мен мұндай күнделік беттердегі жазбаларды жария етіп, оқырманымның талғамын төмендеткім келмеген. Амалым не, айтпаса, сөздің атасы өледі.

АСҚАР АЛТАЙ

Бір жылдары Лондонда 9 әңгімем аударылып, жарық көрген. Соның негізінде берсе керек. Жалпы, бұл туралы Амангелді Кеңшілікұлы бұрын «Қазақ әдебиетіне» жазған еді. Қайта-қайта жариялауының мақсаты өзіне аян шығар. Бір білерім Франц Кафка атындағы алтын медаль инженерге беріліп жатқан жоқ, әдебиетшіге беріліп жатыр. Сондықтан оны әдеби сыйлық демегенде басқаша қалай атау керек? Амангелдінің біз туралы «Қазақ әдебиетінің дамуына зор үлес қосса да аз жұмыс емес» деп айтатын жөні жоқ. Кафка атындағы сыйлықты алғанға дейін 2001 жылы «Алаш» әдеби сыйлығын алдық, одан бұрын Төлеген Айбергенов атындағы да әдеби сыйлықтар да сол шығармашылығымыз үшін берілген жоқ па? Менің шығармашылығымның өлшемі – Амангелдінің пікірі деп ойламаймын. Егер уақыт пен оқырманнан өзге біреудің пікірі маңызды болса, 1989 жылы алғашқы әңгімелерім жарияланғаннан-ақ аға буын өз лебізін білдірген. Бұл Франц Кафка атындағы алтын медальді бізге берілетіні туралы шешім шығып қойғаннан соң бірақ білдік. Халықаралық тәуелсіз сарапшылар шығармашылығымызбен танысып барып, өздері ұсынып, бекіткен екен. Өздері бекітіп, өздері тағайындаған сыйлықты алғанымыз үшін айыпты емес шығармыз?

ШӨМІШБАЙ САРИЕВ

Бұл сыйлықты мен Төлен Әбдіктен кейін алдым. Қазақстанда менімен бірге бір суретші, бір музыкантқа берілді. Маған әдебиет саласы бойынша берілді. Демек, бұл әдеби сыйлық. Сыйлықты енді медальмен бермегенде қалай береді? Егер нақты атауын айту керек болса, «Франц Кафка атындағы халықаралық Алтын медаль» сыйлығы болады. Бұл сыйлық маған Үнді елінде хинди тілінде жарық көрген "Теңізден соққан жел" кітабым үшін, Румынияның ұлы ақыны Михаил Эминескудің ЮНЕСКО ұйымдастырған дүниежүзі ақындарының симпозиумына қатысып, ұлы ақынның өлеңдерін аударғаным үшін берілді.

Әзірлеген Айжан Табарак

Бөлісу:

Көп оқылғандар