Роза Мұқанова 1964 жылы 14 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көлденең ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдады. 1987 жылы Орталық мұражайдың Әдебиет және өнер бөлімінде қызмет жасады. 1989 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Аударма коллегиясында аға редактор, ҚР Ақпарат министрлігінде жұмыс істеді. 2007 жылдан ҚР Парламент Сенатында жауапты қызметкер. «Жарық дүние» (1994, «Жалын»), «Дүние кезек» (1997, «Жазушы») әңгімелер жинағы, «Құдірет-Кие» ( 2001, «Сөздік-Словарь») әңгімелері мен драмалық хикаяттары, ІІ-томдық шығармалар жинағы (2007, «Қазығұрт»), жарық көрді. 2008 жылы «Көркем әдебиет» сериясымен «Жазушы» баспасынан әңгімелер жинағы шықты. 2001 жылы Рабғұзидің «Қисса-сүләнбия» кітабын алғаш рет қазақ тіліне тәржімалады. 1996 жылы Қазақтың мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Мәңгілік бала бейне» пьесасы қойылды. 1997 жылы Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театрында М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесінің желісінде драмалық қойылымы сахналанды. 2001 жылы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Қыз жылаған» әңгімесінің желісімен кино түсірді. Халықаралық кинофестивальдарының бірнеше рет лауреаты атанған. «Мысықтар патшалығы» пьесасы «Самсунг» компаниясының «Қазіргі заман драматургиясы» жүлдесіне ие болды. 2008 жылы «Шатыр астындағы Мен» атты пьесасы Мемлекеттік Грант жүлдесін иеленді. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, «Жалын» журналының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының (1989), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2002).