ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ЕҢ ҮЗДІК 5 ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСІ

Бөлісу:

27.06.2018 5479

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні қарсаңында NDH порталы ХХ ғасырдағы қазақ журналистерінің ең үздік бестігін анықтайды.

Жобада ақпарат құралдарының барлығын қамту мүмкін болмағандықтан, тек еркін ойлау мен бостандық рухы сезілетін баспасөз саласы бойынша үздіктер қамтылады. Оның үстіне өткен ғасырдың әр жиырма жылын өзгерістерге толы кезеңдерге бөліп, сол заманның тынысын, беталысын, адам тағдыры мен қоғам талқысын, әсіресе ел тәуелсіздігі жолындағы күрескерлік сезімді ешқашан өшпес туындыларында анық көрсеткен тұлғалар анықталды. Сонымен...

Әлихан БӨКЕЙХАН

Алаш ұлт-азаттық қозғалысының лидері Әлихан Бөкейханның есімі кәсіби журналист, көрнекті публицист ретінде қазақ журналистикасының ХХ ғасырдағы тарихынан ойып тұрын орын алады. 1889 жылдан басталған журналистік жол 1927 жылғы оқшаулауға дейін 50-ден астам әр түрлі басылымға өзекті әрі танымдық материалдар жариялауымен және қиын-қыстау кезеңде 30-дан жуық бүркеншек есімді пайдаланып шығаруымен үлкен құбылысқа айналды. Сондай-ақ «Иртышъ», «Омичъ» және «Голосъ степи» газеттерінің редакторы, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін ұйымдастырған ол «Темірқазық» және «Шолпан» журналдарының шығуына, «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі» және «Сәуле» журналдарын ашуға атсалысты. 1920-1930 жылдары Ә. Бөкейханның мақалалары Францияның «Фигаро» газетінде де жарияланып тұрған. Әлихантанушы ғалым С. Аққұлының деректері бойынша, бай ғылыми-публицистік мұрасының тек библиографиялық көрсеткішінің өзі 55 беттен асады. Ең қызығы сол, Ә. Бөкейхан өз қолымен толтырған анкетасында мамандық атауының тұсына «журналист» деп жазған екен.

Сәкен СЕЙФУЛЛИН

Сәкен Сейфуллиннің алғашқы мақаласы 1913 жылғы «Айқап» журналының қараша айындағы №21 санында жарияланды. Ал 1917 жылы «Тіршілік» газетін шығаруға атсалысады. 1922 жылы 13 маусымда Халық комиссариатының ұсынысы бойынша С. Сейфуллин А. Байтұрсынұлының орынбасары болып тағайындалды, бір мезетте ол «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің бас редакторы қызметін де атқарды. Құрдастары оны дарынды ақын, талантты публицист ретінде тани бастады. Сауатсыздықпен күрес мәселесінде, халық атауын «қазақ» деп қалдыруға, даңқты тұлға Қажы Мұқанның «Қазақ даласынынң батыры» атағын алуына, туған тілін кеңсе тіліне айналдыруға, жергілікті кадрлардың сапасын жақсарту мен жастардың білімге қол жеткізуіне, қазақ халқының фольклорлық мұрасын жинастыруға қатысты жұмыстарда аса белсенділік танытты. С. Сейфуллин – өз заманы тудырған орасан зор мүмкіндіктерге ие болған әрі соны қолайына қарай жақсы пайдаланған дәуірдің теңдессіз журналисі.

Баубек БҰЛҚЫШЕВ

1940-1960 жылдарды шартты түрде бөліп жазатын болса, осы уақыт аралығындағы соғыс кезеңінде талантымен жарқырай көрінген үздік журналистің бірі – Баубек Бұлқышев. Отанға деген шексіз махаббатты, өмір сүю мұраты, ана мен бала арасындағы қимастық, туған жерді аңсау, достар арасындағы адалдық пен кіршіксіз сезім пернелерін қара сөзбен жырлаған оның әрбір жазбасында публицистикалық лиризм, философиялық қуат бар. Өз дәуірінде Бұлқышев ой-толғаулары жауға қарсы атылған оққа бергісіз дүниелер деп бағаланған. «Өмір сүргім келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Жауыздық пен махаббат» туындыларында адам өмірінің мәні, жауыздық пен зұлымдыққа қарсылық, жастық қайраты мен адамдық ерік-жігер секілді адами қасиеттер алдыңғы кезекте сипатталады.

Шерхан МҰРТАЗА

1959-1969 жылдар аралығында Шерхан Мұртаза 100-ден астам ескертпе, корреспондеция, 5 фельетон, 8 рецензия, 47 очерк, 50-ден астам публицистикалық материалдың авторы атанды. Бұдан бөлек ол отыз жылға жуық уақыт ішінде алты бірдей республикалық газет-журналға басшылық еткен. Бұрын-соңды болмаған тиражға қол жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолынан қаламын суытпай, «Не жетпейді?», «Елім, саған айтам, елбасы, сен де тыңда!», «Әкімдер мен ақындар» атты публицистикалық кітаптары жарық көрді. Қазақ журналистикасындағы «Шерағаңның шекпені» термині осы дәуірдің үздік журналисі, кейіннен Қазақстанның халық жызушысының құрметіне аталған.

Марат ҚАБАНБАЙ

Әдетте адам кәсіби мамандану жолында журналисттен жазушылыққа өсіп, өтіп жатса, кері бағытта, яғни әдебиеттен журналистикаға келген сақа қаламгердің бірі де бірегейі – Марат Қабанбай болатын. Бүкіл саналы ғұмырын журналистикаға тұтастай арнаған оны баспасөз тарихын зерттеушілер жаңа ойлы, тәуелсіз қазақ баспасөзінің авангарды деп есептейді. Тоқсаныншы жылдардың аумалы-төкпелі кезеңінде ұлттық ұйысу мен жаңа тәуелсіздіктің іргесін нығайту үшін қажетті журналистикада М. Қабанбайдың «Ханнан да, қарадан да биік ана тіліміздің күні не болады?», «Біз – көкектің бір ұядағы балапандарымыз», «Үндемеген – үйдей пәле», «Қараңғыда қара мысық ұстатпайды», «Қайнайды қаның, ашиды жаның», «Талант тас жарады… Бас жаруы да ықтимал», «Маймылдың бізге керексіз қоңыраулы құйрығы», «Бұл зиялы – қай зиялы?», «Шенеуніктер шеру тартып барады» секілді өткір-өткір мақала, көсемсөздері қоғамды дүр сілкіндірді. Сондықтан Марат Қабанбай біздің кезеңнің ең үздік журналисі деп бағалануға лайықты.


Заңғар КӘРІМХАН
e-history.kz

Бөлісу:

Көп оқылғандар