Қазақ руханиятының тағы бір көрнекті тұлғасы өмірден өтті. Көрнекті әдебиеттанушы ғалым, қазақ фольклортануын зерттеп дамыту, оның жауһар мұраларын төкпей-шашпай жинастырып болашақ ұрпаққа аманаттау жолында аянбай еңбек еткен ғалым Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 85 жасында өмірден пәниден бақиға аттанды.
Қазақ фольклортану ғылымын дамытуға зор үлес қосқан көрнекті филолог ғалым, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусымда Семей қаласында дүниеге келген. 1957 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы №12 қазақ орта мектебін бітіреді. Бұдан соң 1964 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын үздік бағамен тәмамдаған. 1967 жылы Қазақ КСР Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітіріп, 1969 жылы «Қазақтың қиял-ғажайып ертегілері» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған.
Еңбек жолын 1970-1981 жылдары Қазақ ССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшы әрі «Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы болып бастаған. Кейіннен Қазақстан Республикасы ҰҒА Әдебиет жөне өнер институтының ғылыми қызметкері, Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің ғылыми хатшысы, КСРО Ғылым Академиясы Әлем әдебиеті институтының аға ғылыми қызметкері, Қазақстан Республикасы Президенті Аппаратының қызметкері, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін әр жылдары абыроймен атқарған.
Ғылыми-зерттеу еңбектері қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, әдебиет пен өнер мәселелеріне, этнография мен ауыз әдебиеті мұраларының текстологиясына арналған. Фольклортанушы ғалым Сейіт Қасқабасовтың мифология мен прозалық фольклордың шығу тегі мен даму жолдары, фольклордағы әр заман болмысының сипатталу ерекшеліктері, фольклордың көркемдік әдісі туралы теориялық ой-пікірлері мен тұжырымдары туыстас өзбек, татар, түрікмен, карақалпақ, башқұрт ғалымдарының зерттеулерінде қолдау тауып, негізге алынды.
Академик Сейіт Қасқабасов - қазақ фольклорының кейінгі екі ғасыр бойы жинақталған жауһарларын халық игілігіне айналдыру жолында үлкен еңбек сіңірген ғалым. Атап айтқанда әйгілі ғалым В.Радлов жинаған қазақ фольклоры үлгілері мен ақын-жыраулардың шығармалары енген «Алтын сандық», «Ел қазынасы – Есікі сөз» жинақтарын құрастырушылардың бірі болды. Сондай-ақ жыр алыбы Жамбылдың орыс тілінде жарық көрген таңдамалы жинағының алғы сөзі мен түсініктерін жазып, құрастырған. Сейіт Асқарұлы қазақ фолькортану ғылымының жаңа заманғы әдістемелері әдіснамаларын түзіп, дамытуға үлкен үлес қосты. Ғалымның көп жылдық зерттеулері нәтижесінде жарық көрген танымал еңбектерінің қатарында мынадай жинақтары бар: «Казахская волшебная сказка» (1972), «Қазақтың халық прозасы» (1984), «Родники искусства» (1986), «Колыбель искусства» (1990), «Казахская несказочная проза» (1992),«Абай және фольклор» (1995), «Золотая жила» (2000), «Жаназық» (2002), «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары» (2003), «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті» (2005), «О фольклоре и не только» (2005) «Елзерде» (2008) т.б. Ғалымның іргелі монографиялары мен зерттеу кітаптары қаншама буынның рухани қажеттілігін өтеп келе жатқан құнды еңбектер. Өндіре, өнімді еңбек еткен ғалымның үш жүзден аса жинағы, соның ішінде фольклор, әдебиет пен өнер бойынша 9 монографиясы бар екен.
Академик Сейіт Қасқабасовтың тікелей басшылығымен жарық көрген көп томдық академиялық жинақтардың өзі бір төбе. Атап айтқанда «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жаңа басылымы, «Қазақ музыкасының антологиясы» жинағының бес томдығы, «Қазақ өнерінің тарихының» үш томдығы және «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұңғыш рет «Бабалар сөзі» сериясы бойынша қазақ фольклорының барлық жанрларын түгел дерлік қамтыған 100 томдық басылымы жарық көрген болатын. Және ғалымның жетекшілігімен бірінші рет жүзеге асып жатқан 20 томдық «Әдеби жәдігерлер» сериясымен көне заман мен орта ғасырлардағы түркі жазба әдеби ескерткіштерін қамтыған 8 томы оқырмандарға жол тартты. Мұндай аса ауқымды фольклорлық қазына әлемнің кез келген елінде жоқ екенін ескерсек, ғалымның ұлттық құндылықтарды мәңгілік мұралау жолында қандай ұлы іске мұрындық болғанын ертеңгі тарих лайықты бағалары сөзсіз.
Бар саналы ғұмырын ғылымға арнап, ұлттық әдебиеттану ғылымының дамуына қосқан ересен еңбегі үшін Сейіт Асқарұлы Қасқабасов мемлекет тарапынан әр кезеңде марапаттарға ие болды. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, ғылымдағы үздік жетістіктері үшін берілетін Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атағына ие болған. М.Шолохов және Ұлы Петр атындағы ресейлік медальдармен марапатталған. 2011 жылы ТМД жалпы ғылым және білім кеңістігін дамытуға жәрдемдесетін ғылым және білім саласындағы зор үлесі үшін мемлекетаралық «Достастық Жұлдыздары» сыйлығымен марапатталған.
Ұлттық фольклортану ғылымының заманауи әдіснамасы мен әдістемесін қалыптастыруда өлшеусіз еңбек еткен ғалым, академик Сейіт Асқарұлы Қасқабасовтың өмірден өтуіне байланысты, отбасына, әріптес-қаламдастарына, мың-мыңдаған шәкірттеріне, қалың алаш жұртына көңіл айтамыз.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.