Детектив жанрына қосылған үлес
Бөлісу:
(Жазушы Өріс Яшүкірқызының «Жіп тұзақ» жинағы туралы ой)
Бала кезімізде қай-қайсымыз да детектив жанрында жазылған кітаптарды қызыға оқыдық: ұзын-сонар баяндауларға құрылған шығармалардан гөрі шытырман оқиғалы, бас қаһарманы ақылды да тапқыр, тіпті, анау-мынау адамыңды сан соқтырып кететін айлакер, кейіпкерлері тығырықта жол тауып, кез келген сынақтардан аман-сау шығатын туындылар тартымдырақ болатын. Кітаптағы шым-шытырық оқиғалардың қалай шешілетінін білгің келіп, соңына жеткенше дегбірің қашатын.
Бұл түсінікті де: адам баласы қашанда тосын жайттардың сырын білуге құштар келеді емес пе?! Ал бала кезде бұл сезім тіпті күшті болады. Сондықтан да балалар кенет болған түсініксіз, қылмыстық оқиғалардың шешуін білгісі келіп, автормен жарыса өздері де нешетүрлі нұсқа құрады. Тіпті сол нұсқаларын өзі құралпы балаларға оқиға арасында жүргендей етіп, сеніммен баяндайтын талай баланы көргенбіз. Және олардың көбісі ересек өмірінде де қиялы бай, әңгімешіл адам болады.
2010 жылы жарық көрген «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығында (Алматы, «Аруна Ltd.»,) бұл жанрға: «Детективтік әдебиет дегеніміз (ағылш. Detective – әйгілеу, әшкерелеу) - шытырман оқиғалы қылмысты істерді ашуға құрылған шығарма. Детективтік әдебиет сюжеті жұмбақ қылмыс салаларын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Басты кейіпкер ретінде – із кесуші заң қызметкерлері немесе тыңшы, барлаушылар мен қылмыскер алынып, алуан түрлі оқиғалар арқылы екі жақтың ашық та астыртын қақтығыстарынан соң қылмыс әшкереленеді» деген сипаттама берілген.
Детектив жанры – әлем әдебиетінде өзіндік орны бар жанр, сондай-ақ ол қазіргі заманда оқырмандар тарапынан өзіне қатты қызығушылық тудырып отырған жанрлардың бірі. Детективтік шығарма шынайы өмірді нысана етеді, сол заманның қылмыс әлемін әшкере ету үшін жазылады. Бұл тұрғыдан алғанда детективтік жанрды қоғам құбылыстарының айнасы деп те айтуға болады. Жанрдың әсіресе өткен ғасырда қарқынды дамығаны сондай, ол ғылыми зерттеу объектісіне айналып, классикалық немесе зияткерлік детектив, психологиялық детектив, фантастикалық детектив, ирониялық детектив, тарихи детектив, шпиондық детектив, саяси детектив, полицейлік детектив деп, жік-жікке бөлініп, зерделене бастады.
Осылайша, бір елдерде жұрт жаппай оқып, белсенді тарайтын, ал бәзбір елдерде дамуы кенжелеп қалған детектив жанрының адам қалыптасуында ұшқыр қиялдылықты, әділетсүйгіштікті дамытатын әсерінің өзі-ақ оның әдебиеттің маңызды жанры екенін көрсетеді емес пе? Адам дамуының ерекшелігіне сәйкес – өмірге сәби шақтағы көзбен қарау, айналаңдағылардың бәрі жақсы, жақсылық салтанат құруы керек деген пәк ұғым, әділетті болуға ұмтылу детективтік жанрға қызығушылықтың бала кезде басым болатынын түсіндірсе керек.
Біз оқушы кезімізде мектеп кітапханасында бір ғана данасы болатын Агата Кристидің. Артур Конан Дойльдың кітаптарын кезекке тұрып оқитынбыз. Ол кезде аудармасы болмады ма екен, орыс тілінде оқыдық. Содан кейін қазақ тілінде жазылған «Түнде атылған оқ» (Кемел Тоқаев), «Коменданттың жазбалары» (Қалмұқан Исабаев) қолға тиді. Есейе келе тартымды кітап қолға түспеді ме, әлде әдеби қызығушылығымыз басқа жанрларға бет бұрғызғаны әсер етті ме, кейінгі детективтік шығармаларды оқи алмадым. Дегенмен жанр жаңалықтарына құлақ түре жүргенім рас.
Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл жанрға байланысты жарияланған мақалалардан (Рахметәлі Асылбек «Қазақ детективі қай деңгейде?», «Қазақ әдебиеті», 2008 ж., Төреғали Тәшенов «Қазақ детективі қашан жанданады?», «Айқын» газеті, 2009 ж., Әмірхан Балқыбек «Детектив жанры неге кенже қалып отыр?», «Абай» порталы, 2012 ж., Бауыржан Берікұлы «Детектив жанры қазақ әдебиетіне керек пе?», 2018 ж., Өріс Яшүкірқызы «Қазіргі қазақ детективі» ҚР Ұлттық академиялық кітапханасындағы онлайн кездесудегі сөзі, Амангелді Кеңшілікұлы «Қазақ детективін қашан оқимыз?» «Егемен Қазақстан», 2021 жыл) детектив жанрының жайы мәз емес екенін түсіндік.
Зерттеушілер детектив жанрына қалам тартқан жазушыларды санамалағанда Болат Бодаубай, Шәкен Күмісбайұлы, Мұхтар Анарбекұлы, Мұхадас Балажанов, Алдажар Әбілов, Орынбек Асылбаев, Шойбек Орынбай сияқты қаламгерлердің аттары аталады. Сондай-ақ, қазіргі күні тек қана детектив жанрымен айналысып жүрген қазақ қаламгерін кездестіру қиын екендігін тілге тиек ете отырып, Х.Шопанов, Е.Жүсіпұлы, Ә.Дүйсенбеков сияқты авторлардың шығармалары да детективті жанрдан өз арнасын табу үстінде екені атап көрсетіледі. Біздіңше, бұл тізімге екі нәзікжанды қаламгерді қосу керек.
Біреуі – ұзақ жылдар бойы республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет еткен журналистика ардагері Зияш Телеу. Оның «Әлияның жүрегі», (1992) «Тау самалы» (2004) жыр жинағы, «Жоғалған ауыл туралы аңыз» (2006) кітаптары жарық көрген. Жасөспірімдерге арналған шытырман оқиғалы шығармалардан ағылшын жазушысы Эмили Родданың «Дело о пропавшем миллионере», Наталья Кузнецованың «Дело о таинственном шефе» кітаптарын қазақ тіліне тәржімалаған. Оның «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы» атты романдары 2013 жылы «Жазушы» баспасының «Жаңа заман әдебиеті. Проза» сериясымен жарық көрген. Балаларға арналған «АБКА тобы ашқан қылмыс» детектив сериясының авторы.
Екіншісі – бұқаралық ақпарат құралдарының барлық саласында дерлік еңбек еткен ардагер журналист, қарымды шығармашылығымен, юмор-сатирасымен республикамызға танылған қаламгер Өріс Яшүкірқызы. Ол әр жылдары жарық көрген «Боямасыз өмір», «Ескі қоныстағы ел» (әңгімелер жинақтары), «Сексеуілдің шоғы», «Қараша қаздың қаңқылы» (өлеңдер жинақтары), «Шенеунікше тактика» (әзіл-сықақ, сатиралық әңгімелер жинағы) сияқты кітаптардың авторы.
Ақынның өлеңдері әлемге әйелдің көзімен қаратады. Әңгімелеріне көбінесе қазіргі нарықтық заманымыздағы ауыл өмірін, ондағы өмір сүріп жатқан адамдардың шынайы тіршіліктерін арқау ететін автордың туындыларында әсіре бояу мен әсіре сипаттаулар болмайды. Бәрі шынайы, табиғи. Ауылдың кейбір адамдарының тіршілігіне қатысты шымшыма әзілдер мен астарлы юморларды оқи отырып, еріксіз жымиясың. Осындай шуақты шығармалар авторының таяуда мүлде басқа тақырыпқа түрен салған туындысы – «Жіп тұзақ» атты детективті әңгімелер жинағы жарық көрді.
Кітаптың бір ерекшелігі – ауылдағы қазақ қыздары жасаған қылмыстар туралы екендігінде. Ауыл қызын табиғи сұлулық пен биязылықтың, әдептілік пен тәрбиеліліктің, нәзіктік пен тазалықтың символындай қабылдау санаға сіңіп, әбден қалыптасқандықтан, бұл фактіні қабылдаудың өзі қиын. Бірақ, шындық сондай. Шынайы өмірде өздерінің қалалық құрбыларына қарағанда әлдеқайда жуас, момын, қорғаншақ ауыл қыздарын қылмысқа итермелеген не? Намысына тиіп, арын таптаған қаракүш иесінен кек алу ма? Басына төрген қатерден қорғану ма? Әлде біреудің бақытын көре алмау ма? Кітаптың алғысөзінде айтылғандай, автор бұл сұраққа жауапты өмірде 1967-2017 жылдар аралығында жасалған әйелдердің қылмыстық істері негізінде әдеби көркемделіп жазылған әңгімелерден іздеуді ұсынады.
Кітап «Ашылмаған қылмыстар» және «Ашылған қылмыстар» деген 2 бөлімнен тұрады.
«Нәпсі мен қылмыс» деп аталатын бірінші әңгімені оқығанда-ақ жүрегіндегі шексіз мейірімімен перзентін жақсылыққа баулитын ана мен қыз арасындағы қатынастар туралы ұғымың төңкеріліп түседі... Кітапқа бойлап, үңілген сайын, одан кейінгі әңгімелерге арқау болған жайлар жағаңды ұстатады. Мына өмірдің өзің күтпеген жақтан берген соққысына адамдардың қалай қарсы тұратынына; кімнің кісілікті сақтап, кімнің хайуан келбетіне кіретінін оқып, жаның түршігеді. Қылмыс атаулының сенің түсіңе де кірмейтін түрлері туралы оқи отырып, сенер-сенбесіңді білмейсің...
«Жаманқұз» әңгімесін оқығанда он шақты жыл бұрын өткен бір жиындағы екіжақты пікірсайыстар есіме түсті. Заңнамалық реформа жасау талқыланған бір конференцияда қолданыстағы қылмыстық кодекске «жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу» (сексуальное домогательство) деген қылмыстық әрекет бойынша жазалау нормасын енгізу туралы сөз болды. Өмірде ондай жағдайлардың кездесетіні, бірақ көп жағдайда мәжбүрлеушінің үстем жағдайына байланысты «жабулы қазан жабулы» күйінде қалатыны туралы айтқан адамға қарсы өре түрегелгендер аз болған жоқ. Әңгімені оқып біткенше «бізде жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу деген жоқ» деп безектеген адам көз алдымнан кетпей қойды.
Кітапқа атау берген «Жіп тұзақ» әңгімесі – әйелдің жанына тиюдің арты жақсылыққа апармайтынының мысалы. Оқи отырып, халқымыздың «мың асқанға бір тосқан», «өз бетімен жүргенге өзің барып соқтықпа» деген нақылдар еске түседі. Жалпы, басқа әңгімелердің де танымдық-тәрбиелік мәні (жамандық жеңіледі, жақсылық жеңеді) сондай.
Өлең-жырларымен, әңгімелерімен белгілі автордан бұл жанрға келуі туралы сұрағанымызда, былай деп жауап берді:
- Мектепте жүргеннен батыс жазушыларының детективті кітаптарын қызығып оқыдым. Солардың желісімен түсірілген киноларды да ұнатып көрдім. Әсіресе, маған осы жанрдың дарабозы саналған Агата Кристидің шығармалары қатты ұнайтын. Сондықтан бұл тақырыптағы туындылар жас күнімде менің де жан-дүниемді сырлы сезімге бөлеп, осылай жазсам деген қызығушылығымды оятты. Бірақ бірден жазып кетуге уақытым болмады.
Қазақ детективінің жай-күйіне байланысты да жазушының өз ойы бар:
- Кейде «қазақ детективі басқа жұртқа қарағанда кейіндеу қалды» деген пікірлерді естимін. Мұның да себебі бар. Біздің халқымыз табиғатынан ауызбіршілік пен бейбітшілікті пір тұтып, тыныштықта өмір сүргендіктен, жантүршігерлік қылмыстық жағдайлар кездеспеген. Осы жанрда шығармалар аз жазылуының себебінің бір сол шығар деп ойлаймын. Және бұрын жекеменшік көзқарас болған жоқ. Қазір жекеменшік көзқарас қалыптасты. Тіпті, әр отбасының мүшелері арасында жекеменшікке байланысты қарама-қайшылықтар бар. «Мал ашуы – жан ашуы» деген желеумен қылмыс жасау әрекеттері көбейді. Яғни, детектив жанрының күні енді туды деген сөз. Осы жағдайлар мені ойландырады.
Детектив жазудың жазылмаған заңдылығы бойынша автор алдымен қылмысты ойлап табуы керек, содан кейін тергеушінің оны қалай ашатыны туралы ойлауға болады деген тұжырым бар. «Жіп тұзақ» кітабының бір ерекшелігі Өріс Яшүкірқызы ешқандай қылмысты ойлап таппаған, бәрі өмірде болған оқиғалар негізінде әдеби көркемделіп, жазылған дүниелер. Сонысымен де қызық... әрі қорқынышты.
Біз кітаптағы әңгімелердің мазмұнын баяндап беруді мақсат еткен жоқпыз. Оқырман оқып, өз бетімен ой түюі үшін қалған әңгімелерге талдау да жасамадық. Айтарымыз: Ө.Яшүкірқызының «Жіп тұзақ» жинағына енген әңгімелерде детективтің жанр ретіндегі басты белгісі – қандай да бір жұмбақ оқиғаның болуы, оның мән-жайы белгісіздігі және анықталуы керектігі, сондай-ақ детективтің маңызды ерекшелігі – оқиғаның нақты жағдайлары соңына дейін толық хабарланбауы тиістігі сақталған. Жанрдың осындай жазылмаған заңдарын меңгергенінің арқасында автор детектив саласына өзіндік үлес боп табылатын аса тартымды әңгімелер жазғанын, ал болашақта бұдан да қызық шығармалар күтуімізге болатынын атап көрсеткіміз келеді.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
филология ғылымдарының кандидаты
Бөлісу: