«Тәлімгер» – шынайы қамқорлық үлгісі
Бөлісу:
«Сұлулық – әлемді құтқарады» дейді, әлемдік классик Ф.М.Достевский. Бұл – әрине, кең мағынада алынған сөз екені анық. Бұл жердегі сұлулықты біз жанның сұлулығы деп түсінсек, аталған айтылым айшықтала түсетіндей. Ұлы Абай да «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек», - демей ме? Демек, мейірімге толы, жаны сұлу адамдардың жылы жүрегінен шашырап түскен ізгіліктің шуағы мынау әлемді жылытады, түнекке жарық шашады, қорғансыз жүректерге үміт пен сенім сыйлайды, өктемдік, дөрекіліктен құтқарады.
Ақпараттың ақжайқын дариясы буырқана тасқындап, өмір кемесін асау ағысымен толқыта зулатқан мынау дәуірде естір құлақ, көрер көз жақсы жаңалыққа шөлдейтіндей. Жағымды жаңалықтың бір бағыты – өзіміз өмір сүріп жатқан мынау қоғамымыздың күнделікті іс-әрекеті барысында адамның адамға жасаған қамқорлығын ізгілеп, әйгілеп жеткізу десек, біздің назарымызға шалынған «Наставники» атты жинақ кітапты – шынайы жағымды жаңалық деуге болады. Қарапайым адамдар арасындағы жан жылулығы туралы сыр шертетін, нақты іс-әрекеттер мен оқиғаларға құрылған, яғни өмірдің өзінен алынған бұл кітап – шынымен де шынайы. Мадина Куанышева мен Гүлмира Мамытбаева атты қайырымды адамдардың қолдауымен жарық көрген, «Дара» қайырымдылық қорының өз серіктестерімен бірлесе отырып атқарған жұмысының нәтижесі болушы, сиясы кеппеген бұл кітаптың құрастырушысы А.Ж.Аймурзина. ҚР БжҒМ Балалардың құқығын қорғау комиетінің қолдауы арқылы «Дара» қайырымдылық қоры өздерінің және отандық әріптес ұйымдардың тікелей атқарып отырған ізгілікті іс-әрекеттері мысалында жарық көрген кітапты парақтап көз жүгірткен, оқыған адамға еріксіз ой салады. Қазақстанның әр түкпіріндегі балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан мың-мыңдаған балалардың болашағына бей-жай қарамайтын жандардың бар екендігіне, оларға әркім өзінің мүмкіндігінше тәлімгер бола алатындығына бұл жинақ айқын үлгі.
«Жетім көрсең жебей жүр» дейді, қазақ. Біздің халқымыз қашанда жетімін жылатпаған. Бұл туралы ежелден келе жатқан қаншама тәлімді мысалдар бар. Қазақ фольклорында жетім балаларды асырап алып, оған өзінің өмірлік көрген-түйген тәжірибесін үйретіп, жақсылап тәлім беріп, аманаттап қалдыратын ертегілер қаншама. Тіпті арғыны айтпағанда, кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарында ата-анасыз тұлдыр жетім қалған сан ұлттың балаларын бауырына басып, оларды Ұлы Далада өмір сүрудің, шаруашылық жүргізудің қыр-сырына үйретіп тәлім берудің мысалына құрылған М.Мағауиннің «Бір атаның балалары» мысалындағы әдеби туындылардың өзі сан ондап саналмай ма?
Тіпті кеше ғана өмірден өткен атақты ұста Дәркембай Шоқпарұлының жетім қалған өзге ұлттың балаларын өз тәрбиесіне алып, оларды ұлттық қолөнердің қыр-сырына үйрету арқылы адам етіп тәрбиелеп қана қоймай, өміріне жетерлік кәсіптің құпиялы кілтін қоса ұстатып кеткені де жарқы мысал емес пе?
Расымен де бала – қайда өссе де – бала. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, тәрбиеленген ұясында не көріп өседі, ата-анасы немесе тәлімгер тәрбиелеуші адам балдырғанға нені үйретіп, бағыт сілтейді – баланың болашақ өмір сүру икемділігі мен дағдысында бұл ықпал-әрекеттер мәңгілік көрініс табатыны анық.
Әкесі мен шешесінің, аға-бауырларының, әжесі мен атасының жанында, алаңсыз өсіп жатқан отбасындағы балалар мен жетімханаларда тәрбиеленуші көгенкөздердің ортасы мен мүмкіндігін, ондағы психологиялық-әлеуметтік ахуалын жер мен көктей демей-ақ қояйық, тау мен төбедей деп салыстыруға болар. Тағдыр тәлейімен балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың да қоғам тарапынан жасалатын қамқорлықты мейілінше сезінуге, аялы алақанның жылуына молынан шомылуға қақысы бар. Мейлі, олардың қолында өзінің кедей отбасында тәрбиеленіп жатқан баланың қолы жетпеген әдемі ойыншықтар аткөпір шығар. Балалық шақтың ештеңе алмастырмас бір қуанышы ойыншық болғандықтан, қиял әлемін дамытуға мүмкіндік шексіз шығар. Бірақ балалар үйіндегі мол материалдық құндылық – ата-ананың, етжақынның балаға беретін мейірімді алмастыра алмайтыны – мынау өмірдің ащы да болса анық ақиқаты емес пе!
Бірақ, бәрін де мемлекеттік мекемеге, ондағы басшылық пен тәрбиешілерге сілтеп қойып қарап отыруға болмасы және анық. Бұл өніндегі әлемдік тәжірибелер бар, ата-ана қамқорлығынсыз өсіп жатқан балалар тәрбиесіне қатысты мәселелермен айналысатын қоғамдық ұйымдар мен қорлар бар, солардың елбесіп-селбесуі арқылы көптеген жұмыстар атқарылып жататындығына жоғарыдағы кітап арқылы көз жеткізгендейміз.
Балалар үйінде тәрбиеленушілер өз тәлімгерлерінен үйреніп үлгілеген ізгі қасиеттер мен өмірлік тәжірибелер мен икемдік-дағдыларды болашақ өмір жолында қолдана білсе, осы арқылы келешек мамандығын таңдап, диплом алып, отбасын құрған кезде кәсібінің нәсібін теріп, бақуатты өмір сүре білсе – кім-кімге де, мемлекетке де абзал ғой.
Осы мақсатты арқау еткен «Дара» қайырымдылық қоры өз серіктестерімен бірге қазақстандық жасөспірімдерді әлеуметтендіру үшін 2015 жылы «Тәлімгерлер» жобасын құрып, бағдарлама құрып, іске кіріскен болатын. Мұндағы мақсат: балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан жеткіншектерге өмір жолында кездесетін қиындықтарды қиналмай жеңу үшін сүйеу болатын ересек қамқоршы адам табуға көмектесу болған. Мұнда олар он бір жастан асқан балалармен жұмыс істеуді көздеген. Себебі, балалар үйіне осы жастан асқандар асырап алынбайды екен.
Балалар үйінде тәрбиеленуші жеткіншектерге тәлімгерлер болатын тұлғаларды іздеу үшін аталмыш қайрымдылық қоры Қазақстан халқына үндеу тастап, бірлесе жұмыс атқаруды сұрап, сауалнамалар жолдап отырған. Тынымсыз жұмыстың нәтижесінде жоба жұмыс істеген алты жылдың ішінде тәлімгерлерге үміткерлердің үш мыңға жуық сауалнамалары іріктеліп, олармен істі бастап, бағдарламаны жүзеге асыруға кіріскен. Сауалнамаға қатысуға ниет білдірген адамдардың барлығы бұл жұмысқа бірден жан жақты сай келмейтін анық қой. Сондықтан, тәлімгер бола алатын адамдарды дұрыс таңдап, іріктеп алу да оңайға соқпаған. Мамандардың кәсіби біліктілігі нәтижесінде бүгіндері таңдалған 178 жұп (тәрбиеленуші балалар мен қамқоршы тәлімгерлердің тандемі) қалыптасып үлгерген. Және бұл атқарылған жұмыстың түпкі нәтижесі емес, уақытша жеткен жетістік. Болашақта бұл іс өзінің көкжиегін кеңейте түспек. Себебі, еліміздің түкпір-түкпірінде өзінің тәлімгерін күткен сан жүздеген балақайлар бар. Оларға тәлімгер болып, мына өмірде бір адамға болсын игі ықпал жасап, тәлімді тәрбие беремін деген адамның жасы жиырма бестен асқан болуы қажет.
Тәлімгер өзіне сенімді, өзгеге үйретер ізгі өнері бір басында жетіп артылатын жан жақты әрі ата-ана қамқорлығынсыз өскен жас жеткіншектің жанын түсінетін шынайы қамқоршы әрі дос бола білетін білікті де білімді, талғамды да талапты жан болуы тиіс. Демек, «Тәлімгер» жобасына қатысып, өз мүмкіндігін байқап көруге, қоғамның өзгеше бір қабатындағы өмірмен қоян-қолтық араласа жүріп, еліміздің ертеңі болатын азаматтарды тәрбиелеуге үлес қосуға әрбір қазақстандықтың мүмкіндігі бар. Бұл кітап сізді осы бағыттағы жұмысқа деген қызығушылыққа жетелейтіндігі анық.
Аталған кітапта тәлімгер қамқоршы мен тәрбиеленуші шәкірттің қалай өзара тіл табысып, тандем құрғандары, өзара жұмыс барысында кездескен қиындықтар, бастан өткерген күлкілі немесе үлгі аларлықтай тәлімге толы күрделі жағдаяттар және олардан қалай бірлесіп шыға білгендері баяндалады. Тәлімгердің немесе тәрбиеленушінің өз ұстазы немесе шәкіртінің бойынан көрген асыл қасиеттері, игерген немесе сіңірген тәлімі туралы қорытындыларды оқи отырып, расымен де «сұлулық (ізгілік) әлемді құтқаратынына» көзіңіз анық жетеді.
Бөлісу: