Йокнапатофа тозағының тұтқыны

Бөлісу:

04.10.2023 2241

1950 жылдың 10 қарашасында таң атпастан Уильям Фолкнердің үйінде телефон тұтқасы  шырылдап қоя берді. Нью-Йорктан швед газетінің арнаулы тілшісі хабарласып жатыр  екен. Дауысы жарқын-жарқын шыққан журналист Швед академиясының оған әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын беру туралы шешім шығарғанын жеткізіп, әлемге әйгілі марапатты алу үшін Стокгольмға жол жүруі керек екенін қуана-қуана хабарлайды.

Неге екені белгісіз,  ақжолтай жаңалықты  су жаңа нобелиант  салқын  қабылдап, сыйлыққа бола сонау алыстағы Стокгольмге жол жүруге ниеті жоқтығын білдіріп «Мен өз кәсібімді жақсы көретін фермермін. Сыйлықты алу үшін қыруар жұмысымды тастап, жер түкпіріндегі қалаға барғым келмейді» деген сыңайда жауап береді. Ештеңені түсінбеген журналист аң-таң қалып, телефон тұтқасын қоя салады.

Журналистке осылай жауап бергенімен Фолкнер мүмкіндік тауып Стокгольмге аттанып, Нобель сыйлығын беру салтанатына қатысып, тиесілі марапатын алды. Келесі күні дүниежүзіндегі БАҚ-тың бәрінде де модернистік прозаның мэтрі Уильям Фолкнердің сыйлықты алған кезде сөйлеген сөзі жарық көрді.

«Мен адамның ақырына мойынсұнбақ емеспiн. Тiрлiктiң тепкiсiнен тiрi қалғаны өз алдына – адам жеңедi. Адамның өлместiгi: оның ұланғайыр ғаламдағы жаны барлардың iшiнен өзек өртер дауысты өзiне еншiлегенi емес. Адамның өмiршеңдiгi: онда, құрбандыққа дайын, басқаның азасы мен қазасын бөлiсуге  дайын жан бар,  мейiр бар, рух бар. Ақынның борышы да, парызы да, мiндетi де осыны жазу, осы хақында жазу. Суреткердiң басқадан, басқалардан оқ, бойы озықтығы да осында: оның, адам жүрегiне медет бере тұрып, адам жүрегiнде қайтпастық пен намысты, үмiт пен ерлiктi, рахым-мейiр мен бас тiгер мәрттiктi – адамзаттың өткен тарихтағы бар қазына-даңқ, сес-айбарын қайта оятып, адамның тiзе бүкпеуiне қол ұшын берерi.

Ақын адам ғұмырының жылнамасын түзеумен, тiзiп – хаттаумен шектеле алмайды. Оның жүрекжарды перзентi – шығармасы, жарыққа шырқырап келiп, түнекке шыңғырып кетер адамның тәркiңе төтеп беруiне ғана емес, оның жеңуiне көмегi тиер iргетас орнына, ұстын-арқа орнына жүруi бек  мүмкiн» - дейді ол толық сеніммен.  

Міне осы сөздер Фолкнердің жазушылық ұстанымы ғана емес, өмір бойы адамгершілік бағытынан адастырмаған азаматтық позициясы да болды. Ол өз туындыларын ақша, атақ немесе даңққа жету  үшін жазған жоқ.  Шығармашылық шеберханасында күні-түні еңбектеніп, әлдекімдерге түсініксіз болып қалудан қорықпай, тылысымы терең туындыларын дүниеге әкелді.  

***

Ол әлем әдебиетіндегі өмір шындығын түрлі қырынан зерттеген, уақыт тасқынымен ағып бара жатқан құбылыстарды бірнеше кейіпкердің көзімен сипаттай отырып, прозаға жаңалық әкелген  - өте күрделі суреткер.  Артына мол мұра – 19 роман, жетпістен астам әңгіме қалдырған атақты қаламгердің оннан астам романы мен хикаяларында Йокнапатофа мекенінің тыныс-тіршілігі суреткерлік шеберлікпен баяндалады. Қиялынан туған, яғни ойдан шығарған өлкесінде болып жатқан оқиғалардың шындығына  елді  сендіруге тырысып, шығармашылыққа жан-тәнімен берілген  суреткер қарапайым елге түсініксіз, жұмбақ туындыларын жаза отырып,  қиял патшалығында өмір сүрді. 

«Шығармаң, жүк тасушыға да түсінікті болуы тиіс» деген Толстой бояуы қанық, айшығы анық шығармалар жазса, Фолкнер прозаны күрделендіріп, бәрін керісінше істеді.  Дегенмен, осыған қарап оның тіл байлығы мен суреткерлік шеберлігіне күмән келтіре алмаспыз. Реалистік прозаны да  ол замандастарының көбісінен әлдеқайда шынайы, әрі терең жазды. Суреткердің кестелі тілінің көркемдігі мен шеберлігін танытатын «Аю» повесі осы сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. 

Әйткенмен, жазу қабілеті де мықты, тіл байлығы да мол сегіз қырлы, бір сырлы суреткерлік таланты болғанына қарамастан, ол елдің бәріне түсінікті, сөзге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, сұранысы күшті проза жазуға аса ынтықпады. Жаңашылдыққа жаны құштар жазушы қаламынан  Йокнапатофа мекеніндегі Сарторис, Компсон, Бандрен, Маккаслиндердің тағдыры баяндалатын оқуға ауыр болғанымен, тылсымы терең шығармалар бірінен соң бірі туып жатты.  

Тіпті, ол өз қиялында туған мекенінде 6298 ақ және 9313 қара нәсілдінің өмір сүріп жатқанын жалпақ жұртқа жария етіп, картасына шейін сызып, астына «Уильям Фолкнер-Йокнапатофа патшалығының иесі, һәм жалғыз қожайыны» деп жазып тастауды ұмытқан жоқ.  

Йокнапатофа қожайынының творчествосын егжей-тегжейлі зерттеп, монографиялық еңбек жазған әдебиеттанушы Николай Анастасьевтің айтуына қарағанда Фолькнер мінезі түсініксіз, өте қызық адам болған. Дүниеден өткеннен кейін де ұзақ жылдар бойы ол жайында түрлі әңгімелер туып, қайсысы шындық, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай жұрттың басы қатып, дау-дамайлар туындап жатты.   

Қоңыртөбел тіршілігі ғана бар, өте қарапайым адам болған Фолкнер туындылары  Нобель сыйлығын иеленгенге дейін өз елінде  лайықты бағасын алған жоқ. Қалыпты шеңберге симайтын романдары мен әңгімелері  Америка оқырмандарының аса қатты қызығушылығын туғыза қоймады.   

Швед академиясы әлемге әйгілі марапатты  Фолкнерге екі ғасыр тоғысында Еуропада бүршік атып гүлденген модернистік прозаны дамытуға сіңірген  еңбегі үшін берген сыңайлы. Өкінішке қарай, ХХ ғасырдағы модернистік прозаның аса көрнекті өкілдері Франц Кафка да, Джеймс Джойс та, Марсель Пруста та және тағы да басқа осы бағытта өз шығармаларын туындатқан Еуропаның аса көрнекті қаламгерлерін Швед академиясы дер кезінде марапаттауға үлгермей қалды. Америка жазушысы болғанына қарамастан Нобель сыйлығы модернизм корифейлерінің дәстүрін жалғастырып, ізін басқан  мұрагері Уильям Фолкнердің  қанжығасына байланды. Яғни, бұл марапат жалғыз Фолкнерге ғана емес, әлем әдебиетінің өрнегін түрлендіріп, ойын тереңдетіп, бағытын өзгертіп жіберген модернистерге көрсетілген құрмет болды. 

1949 жылы сыйлық берілгенде Фолкнердің жасы елуден асып кеткен еді.  Сол кездің өзінде бес мықты романын жазып тастағанына қарамастан, өз еліндегі саусақпен ғана санарлық зиялылардан басқа  ешкім танымайтын жазушының атағы жер жарып тұрған сыйлықты иеленуі Америка үшін тосын жаңалық болды. 

1951 жылы жазылған, суреткер  шығармашылығы тұңғыш рет жан-жақты талданған алғашқы еңбекте Америкаға қарағанда Фолкнер туындыларының Еуропада, әсіресе, Франция, Германия мен Ресейде көп оқылатыны атап өтіліпті. Туған жеріндегі оқырмандарына аса танымал емес жазушыға әлемдік деңгейде құрмет көрсетілуі Америкада түрлі пікірталас туғызды.  Мысалы, жазушы  өмір сүрген Миссисипи штатына Фолкнерге Нобель сыйлығы берілгені туралы алғашқы ақжолтай жаңалық жеткенде қуанудың орнына, жергілікті баспасөздің тілшілері өз жерлестерін сынап, қызғаныштан жарылып кете жаздады. Суреткердің жазған дүниелерін жарияламай келген «Джексон дейли ньюс» газетінің қожайыны Фредерик Салленс сол кезде «Күйзелістің уағызшысы Фолкнер – тобырлық әдебиеттің өкілі болып табылады» деп оны табалаудан тайынбады. Әлем әдебиетіндегі елеулі оқиғаға байланысты Американың ең танымал басылымы «Нью-Иорк таймс» газетіндегі редакциялық мақалада да ауыр сөздер айтылды. Сыншылар  Фолкнердің романдары мен хикаяларында көтерілген әлеуметтік теңсіздік пен нәсілшілдік зорлық-зомбылық проблемасын жоққа шығаруға тырысты. Әйткенмен, Нобель жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан үздіктердің ішінен ілеуде біреуінің ғана сыбағасына бұйыратын әлем мойындаған сыйлық болғандықтан, жұрттың сөзіне қарамастан Фолкнердің атағы жылдан жылға аспандай берді. Күні кешеге дейін шығармаларына назар аудармай келген америкалықтар дарынды қаламгерін қайта танып, аяқ астынан жаңашылдығына назар аударды. Кітаптары қайта басылып шығып, университет бағдарламаларына енгізілді. Енді ол емес, баспагерлердің өздері әлемді аузына қаратқан қаламгердің алдында құрдай жорғалап, жөңкіле жүгірді. 

1949 жылға, яғни, Нобель сыйлығын алғанға дейін шыққан кітаптары өтпей, қаржы тапшылығынан қатты қысылып, жаны қиналған Фолкнердің  амалсыздан Голливуд үшін арзан сценарийлер жазумен айналысып, отбасын асырап келгені аян.  Досы,  киноактер Рональд Рейганға (кейін АҚШ президенті болған) жазған хаттарының бірінде ол «Күні кешеге дейін мен жылқыны дүниедегі ең топас жануар санайтынмын. Алайда, маған сценарий жазуға тапсырыс беріп жатқан адамдардың  деңгейлеріне қарап, жылқымен салыстырғанда олардың жәндік  екеніне көзім жетті», деп, голивудттық режиссерлардың надандығына күйінеді. Суреткер үшін күнкөріс қамымен ой-өресі төмен режиссерлардың тапсырмаларын  орындаудан асқан қандай азап болуы мүмкін?  

Сыршыл суреткер көпшіліктің көзіне түсе бергенді иттің етінен жек көрді.   Жарық дүниені жалт қаратқызған Нобель сыйлығын еншілеп, атағы дүние жүзіне  жайылғаннан  кейін де ол журналистерге сұхбат беруден қашып, танымал болуға аса тырыспады. Өзін ірі суреткер, ойшыл жазушы етіп көрсетуге ұмтылмады. Қайта керісінше, жұртқа, білімі шамалы, реті келсе елу грам арақты тартып жібергенді ұнататын қарапайым ауыл жігіті болып көрінуге тырысты. Жақсы қырынан танылудың орнына, өзін халыққа сүйкімсіз етіп көрсететін түрлі аңыз-әңгімелердің жайылуына себепкер болды. 

Бір күні аталары туралы әңгіме сұрап, қыр соңынан қалмаған беделі зор басылым тілшісіне ол өзінің 1826 жылы құлдықта жүрген қара нәсілді  әйелден туғанын айтып, сұхбат алуға келген журналистің көңілін қалдырып,  бетін қайтарып жібереді.  

Қырсық мінезі де, жауабы да журналистке ұнамағанымен, Фолкнерді де түсінуге тырысайық. Әлдекімдер сияқты, аталарының ерлігін айтып, мақтануды өлердей жек көретін жаннан басқа қандай жауап күтіп едіңіз.  Расында да сенің ата-бабаларыңның кім болғанында тұрған не бар, соншама?  Ұлылардың белінен туған перзенттері бәрі де шетінен данышпан болып кетпейді  ғой. Олардың ішінде де бір аяқ асқа алғысыз жамандар толып жатыр. Өнерлі әкесінің туындысына баға бермек түгіл,  не жазғанын да түсінбейтін, тіпті, өлгеннен кейін аруағына бағыштап құран оқуға да жарамайтын мәңгүрттер қай елде болса да  жетіп артылады.  Мәселе саған өмір сыйлаған әкеде емес, өзіңнің қандай азамат екеніңде емес пе? 

Соған қарамастан, Фолкнердің өз  аталарымен мақтануға толық қақысы бар-тын. Осыған орай, ұлы жазушының арғы атасы, жүрек жұтқан батыр полковник Уильям Кларк Фолкнердің өміріне қысқаша тоқтала кеткенді жөн санадым. Өйткені, бұл адамның шытырман оқиғаға толы өмір тарихы шөбересінің әлемге танылған суреткер болуына игі ықпалын тигізді. Ұлы жазушының ата-аналары өз балаларына Уильям деген есімді осы атасының есімінен еншілеп қойды.   

Ұлы жазушының арғы атасы, даңқы шыққан майдангер Уильям Кларк Фолкнер 1825 жылы дүниеге келді. Он төрт жасқа толғанда ол өз күнін өзі көру үшін үйінен кетіп қалады. Осыған орай ел ішін қыдырып жүрген екі түрлі болжам бар. Біріншісіне жүгінсек, әкесі дүние салып, артында бірнеше кішкентай баласы қалған соң, ішіндегі ересегі Уильям отбасына салмақ салғысы келмей нәпақасын табу үшін өз еркімен қалаға кетеді.  Екінші болжамға сүйенсек, бір күні Уильям інісімен төбелесіп, абайсызда бауырының басын жарып қояды. Әкесі ашуланып жақсылап тұрып ұлының сыбағасын бергеннен кейін ашу-ызаға булыққан Уильям өкпелеп, сол күні үйінен қашып кетеді. Ұлы жазушының күш-қуаты тасыған, намыстан өлуге даяр мінезді адам болғанына қарағанда екінші болжам шындыққа жанасады.

Он төрт жасында үйінен кеткен ол жездесі, мектеп оқытушысы Джон Весли Томпсон тұратын Миссисипи штатындағы Рипли қаласына жаяу-жалпы жетіп, тұрақтап қалады.   

Бұл өлкеге ақ нәсілділердің Американың басқа өңірлерімен салыстырғанда әлдеқайда кейінірек қоныстана бастағаны белгілі. 1832 жылдары оңай олжаға кенелудің амалын іздеген басқа штаттың тұрғындары Миссисипиге қарай ағылып, құнарлы жерлерді иемденіп алып, зәңгі-құлдардың еңбегін тегін пайдалану арқылы мұраттарына жетудің жолына кірісті. Неше түрлі құлық-сұмдықты үйренген, жыланның аяғын көрген кәсіпкерлер тезірек баю үшін ештеңеден тайынған жоқ. Байлықты аңсаған армандарын іске асыру үшін  индеецтерге арақ ішуді үйретті, маскүнемдекке салындырып, құрығына түсіріп, алдап-сулап, өте арзан бағаға  жерлерін сатып алып, өздерін қаңғыртып жіберді. Көнгісі келмегендеріне тізесін батырып, зорлық-зомбылық көрсетті.   

Уильям Клерк Фолкнер міне осындай, қандай жолмен болса да баю мен жеке басының пайдасынан басқа ештеңені ойламайтын тоғышарлардың ортасында өсті. Кім біледі? Егер де басқа бір мәдениетті ортада тәрбие алғанда ол да шөбересіндей атағы әлемге жайылған  қаламгер болуы әбден ықтимал еді. Жазушылық қабілеті бар ол 19 жасында «Мемфистің ақ раушаны» атты роман жазып 1600 доллар ақша табады. Бұл сол кез үшін өте мол табыс.  Алайда ол жазушылыққа пайда табу көзі ретінде ғана қарап, ұлы суреткер болуды аңсаған жоқ.   

1846 жылы мексикандықтармен соғыс басталып, 1847 жылы Уильям Клерк Фолкнер өз еркімен әскер қатарына алынып, «Типпи еріктілері» ротасының бірінші лейтенанты болып сайланды. Ұлы жазушының арғы атасының тағдырында өз ізін қалдырған, Рипли қаласының тағы бір тұрғыны Роберт Хайндман бұл ротаның екінші лейтенанты дәрежесіне қол жеткізеді. Соғыс іс-қимылдарына қатыса алмағанына қарамастан лейтенант Фолкнер жараланып қалады. Демалыс алып, жаз шыққанда үйленіп, отставкаға кетіп,  Рипли қаласына қайтып оралып, жездесінің адвокаттық кеңсесіне қызметке тұрады. Ауқатты отбасының қызы Холланд Пирсқа үйлене салысымен Фолкнердің тұрмысы түзеліп шыға келеді. 1848 жылдың қыркүйегінде перзент сүйеді. Міне, осылайша  әлемге танылған ұлы жазушы Уильям Фолкнердің  атасы дүниеге келді. 

Келесі жылдың көктемінде ұлы жазушының арғы атасының өміріне дақ түсіріп, қолын қанға малғызған, елді дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Ол кезінде әскерде бірге болған Роберт Хайндман деген майдандасымен шекісіп  қалып, ақыры қайғылы аяқталды. Жанжал үстінде Хайндман тапаншасын суырып алып, Фолкнерді атып тастамақ болады. Бірақ, тапаншасы сыр беріп, оқ атылмай қалып, ажал төніп тұрғанын сезген Уильям көз ілеспейтін жылдамдықпен қынабынан қанжарын суырып Хайндманның жанын жәнәттан бір-ақ шығарады. 

Сот өз өмірін қорғау үшін суық қару қолдануға мәжбүр болған айыпталушыны ақтап алды.  Процес жүріп жатқан кезде Фолкнердің әйелі кенеттен дүние салып, амалсыздан өз ұлын Томпсондардың отбасына  бере тұруына тура келеді.  Біраз уақыттан соң ол екінші рет үйленеді. 

1851 жылдың ақпанында Хайндманның досы Моррис пен Фолкнердің арасында жаңа жанжалдың оты тұтанды. Екеуінің арасындағы теке-тірес шырқау шыңға жеткенде Фолкнер тағы да қару қолданып, қорғана жүріп Мористі тапаншамен атып өлтіреді. Қайтадан сот болып, екінші рет те Фолкнер жауапқа тартылмай, ақталып шықты. Сот залынан шыға салысымен ол кезекті жеңісін жуу үшін достарымен бірге «Рипли отель» мейрамханасына аттанады.  Роберт Хайндманың інісі Томас мейрамханада отырған Фолкнердің атып тастауға әрекет жасап, оғы нысанасына тимей, мүлт кетті. 

Ағасының өлімі үшін кек алғысы келген Томас Хайндман осы оқиғадан кейін де бірнеше рет Фолкнерді өлтіруге әрекет жасады. Ақыр соңында екі жақ бір-бірін дуэльге шақырып, ол жалғыз куәгердің қатысуымен өзен жағасында өтуге тиіс еді. Алайда, бұл жекпе-жекке куәгер болуға тиіс, полковник Галлауэю екі жақты дуэльден бас тартуға көндірді. Осы оқиғадан кейін Томас Хайндман елінен біржола кетіп қалды.

Ұлы жазушының арғы атасының өмірі америка Оңтүстігінің тағдырымен тығыз байланысты.  Оңтүстік пен Солтүстік халқының арасында соғыс оты тұтанғанда ол кавалериялық полк жасақтап, полковник болып сайланып, өз еріктілерін майданға бастап барып, олар Бул Рене маңында өткен атақты шайқасқа  қатысты. Уильям Фолкнер соғыста өзін жүрек жұтқан батыр офицер ретінде көрсете білді. Бірақ шектен тыс талапшылдығы еркіндікті сүйетін жауынгерлеріне ұнамай, олар ұйымдасып половникті қызметінен кетіріп тынды.  Қорлыққа шыдамай намыстан жарылып кете жаздаған ол еліне оралып, жаңа әскери бөлім жасақтап, екінші мәрте полковник болып сайланып генерал Форрестің басшылығының астында қызмет ету үшін майдан даласына қайтып оралды. 

1865 жылғы азамат соғысы оңтүстік-конфедераттардың тас-талқаны шыққан жеңілісімен аяқталды. Ахуал түбегейлі өзгеріп, солтүстік штаттар буржуазиясының үстемдігі күшейе түсті. Құлдық жойылып, жер иеленушілердің шаруашылықтары шатқаяқтап, саяси және экономикалық жағдайлары күннен күнге әлсірей берді. 1867 жылы АҚШ Конгресі «Оңтүстікті қайта құру туралы» Заң қабылдады. Заңның негізінде Оңтүстік аймақ әскери окупацияға ұшырады. Жергілікті  плантаторлардың үстемдігін біржола тоқтату мақсатында штаттарда сайлауалды жиналыстарын өткізу үшін солтүстік буржуазияның эмиссарлары оңтүстікке ағылды. 

Оңтүстік штаттардың экономикалық құлдырауының қиын кезеңі осылайша басталды. Құлдардың еңбегін қанаудың арқасында байыған барондардың жағдайлары мәз болмай қалды. Оңайлықпен басып алған жерлерінің құны жыл өткен сайын арзандай берді. Соғысқа дейін 16 миллион доллар тұрған жерлердің құны 2 миллионға дейін түсіп кетті. Ондаған жылдарға созылған экономикалық құлдырау Оңтүстік өңірдің моральдық және рухани көңіл-күйіне кері әсерін тигізбей қалған жоқ.  Дәулетінен айырылған байлардың ұрпақтары өмірдің жаңа шындығын қабылдай алмай, күйзеліске ұшырап, өткен күндерін аңсап, болашақтан күдерін үзді. Міне, осы шындықтардың бәрі де жетпіс жылдан соң полковник  Уильям Клерк Фолкнердің шөбересі Уильям Катберт Фолкнердің романдары мен әңгімелерінде көрініс тауып, Оңтүстікті мекендеген тұрғындардың күйзеліске ұшыраған жылдардағы трагедиясы жан-жақты суреттелді. 

Әңгімеміздің басында біз Нобель сыйлығын алғанға дейін ХХ ғасырдың ұлы суреткері Уильям Катберт Фолкнер туындыларының Америка оқырмандары арасында зор сұранысқа ие болмағанын тілге тиек еткенбіз. Енді соның себебіне де тоқтала кетейік. 

ХІХ ғасырдағы Азамат соғысы Солтүстік пен Оңтүстік штаттарда тұратын халықтардың басын  біріктірген Американың ұлттық мақтанышы болып саналады.  Міне, сондықтан да Фолкнердің бұл тақырыпқа суреткердің көзімен үңіліп, елдің қандай ауыр күйзеліске ұшырағанын жазған көркем шындығы, ақиқаттан гөрі аңызға сенгісі келетін америкалықтарға ұнаған жоқ. Әрине, Маргерет Митчелдің «Жел ұшырып әкеткендер» сияқты Азамат соғысындағы екі жақтың да батырлығын суреттеген романдар жұрттың бәріне ұнайды. Ал, Фолкнердің осы жеңіс үшін халықтың қандай құн төлегені суреттелген ащы шындығын мойындау оңай емес. Ұлы жазушының тылсымы терең туындыларын түсіну үшін Оңтүстік тұрғындарының рухани дағдарысқа қалай шалдығып, жандарының қалай күйзеліп, адамгершіліктен қалай айырылғанын білу маңызды. Құндылықтар күйреген заманда өмір сүру – адам үшін ең ауыр жаза. Фолкнер міне осындай өліара мезгілде өмір сүріп, тағдырлары тәлкекке ұшыраған ұрпақтың бастарынан өткерген тән азабы мен жан азабын суреттеді. 

Әңгімемізге қайтып оралып, ұлы жазушының арғы атасы Уильям Клерк Фолкнердің өмірінің қалай қайғылы аяқталғанына да  тоқтала кетейік.  Полковник Фолкнер кез келген тығырықтан жол тауып кететін іскер адам болғандықтан оңтүстік экономикасының құлдырауы оның тұрмыс-тіршілігіне аса қатты зардабын тигізе алған жоқ. Қайта керісінше, заман ыңғайына бейімделе білген ол өз еліндегі өзгерістерден әлеуметтік әлеуетін бұрынғыдан бетер жақсарта түсудің амалын іздеді. Кез келген істі дөңгелетіп әкететін кәсіпкердің оңтүстік өңірдегі шаруашылықтың құлдырағанына бола ұнжырғасы түсіп, салы суға кетпеді.  Құлдардың еңбегін қанаудың арқасында байып, шаруашылықтарын гүлдендірген ескі дәуірдің орнына келген жаңа заманнан да ол өз орнын тапты. 1868 жылы Рипли қаласын басқа өңірлермен байланыстыратын темір жолды салудың қамына кірісіп кетіп, қып-қызыл пайда әкелетін іске қомақты қаржысын  салуға жергілікті банкир, әрі адвокат Ричард Турманды көндірді. Бастапқыда жұмыс қарқынды жүріп Ричард Турманд екеуі 1888-1889 жылдары теміржолды Понтококкаға дейін тартты. Бірақ осы уақытта көрпені өз жағына тартқысы келген әріптестер сөзге келіп қалып, келіспеушілік туындады. 

Даудың түйінін шеше алмай, ақыр соңында жеребе тартып, жолы болған кәсіпкер әріптесіне тиесілі жердің бәрін сатып алады деген келісімге уағдаласады.  Жеребеде жолы болып полковник Фолкнер жеңіп кетті.  Мыңдаған акр жері, түрлі шаруашылығы, банктегі есеп-шотында мол қаражаты бар ол осы өңірдегі ең бай адамдардың бірі болатын. 

Не істерін білмей, оңай олжадан айырылғысы келмеген Ричард Турманд өзіне тиесілі жері үшін өте көп ақша сұрайды. Алайда, полковник Фолкнерге соғысты бірге шайқасқан майдандастары көмек қолын созып, ол Турмандқа сұраған ақшасын тауып береді. Бұл оқиғадан кейін екеуінің арасындағы дау-дамай әріптесінен кек алудың жолын іздеген өшпенділікке ұласты.  Штаттағы өткен сайлауда екеуі де бірдей өз кандидатурасын ұсынған кезде бірнеше жылдан бері созылып келе жатқан қақтығыс шегіне жетті.   Сайлаушылар өз дауыстарын Фолкнерге бергенде Турмандтың шыдамы таусылды. Сайлау нәтижелері жариялана салысымен ол екі көз қанталып, көшеде жеңісін тойлап, мәз-мәйрам болып келе жатқан полковник Фолкнерді атып өлтірді                                      

***

Ойшыл суреткер Уильям Фолкнер 1897 жылдың 25 қыркүйегінде дүниеге келді. Бала кезінде отбасы солтүстік штаттағы Оксфордқа қоныс аударып,  жазушының саналы өмірі осы қалада өтті.  Өте ұялшақ, тұйық болып өскен ол он үшке толғанда  Эстелл Олдхэм есімді қызға ғашық болып, жаны шаттыққа бөленіп, жүрегінен жыр маржаны төгілді. Бірақ көңілі алып-ұшқан бозбала өлердей сүйген ғашығына қосыла алмады. 

1918 жылдың сәуірінде Эстелл тұрмысқа шығып кетіп,  жүрегі жараланған Фолкнер сары уайымға салынып, өмірден де түңіліп кетті. Мақсатына жетпейінше  жаны тыныштылмайтын полковник бабасына тартқан шөбересі тіршіліктен түңіліп, ажалына жолығуға асығып, қан майданға аттануға бел буды. Алайда, бойы аласа жігітті  әскерге алмай қойды. 

Соғысқа барып, ерлікпен атын шығаруды армандаған ол  Канададағы әскери-әуе күштеріне жазылып, шілдеде Торонтодағы әскери мектепке оқуға түсті. Бірнеше айдан соң бірінші дүниежүзілік соғыс аяқталып, майданға барғысы келген мақсаты орындалмаған жігіт Оксфордына оралып, Миссисипи университетіндегі сабақтарға қатыса бастады. 

Әдебиеттегі қадамын поэзиядан бастаған Фолкнердің 1919 жылы  «Нью рипаблик» журналында тырнақалды туындысы жарық көрді. 1920 жылы оқудан шығып кетіп, романист және театр сыншысы Старк Янгтың шақыруымен Нью-Йоркқа келіп, кітап дүкеніне сатушы болып жұмысқа тұрды. Біраз уақыттан кейін Оксфордқа оралып,  университетте қызмет табылғанымен, тәртіп бұзып, жұмысынан айырылып қалды.  

1925 жылы Фолкнердің өмірінде шығармашылық мұратын өзгертіп жіберген елеулі оқиға болды. Жаңа Орлеанға келген ол елге танымал  қаламгер Шервуд Андерсонмен танысып, сыр шертіседі. Қаламы әлі төселмеген талапкердің тырнақалды туындыларын оқып шыққан әйгілі жазушы оған поэзиядан гөрі, прозаға көбірек ден қоюға кеңес береді. 

Поэзиядағы қадамы сәтсіз болып, өлеңнен көңілі қалған Фолкнер осыдан кейін «Солдат марапаты» деген алғашқы романын жазуға кірісті. Дегенмен, Фолкнер прозасының басты ерекшелігіне айналған,  өмірдегі оқиғаларды әр түрлі көзқарас тұрғысынан бағалайтын ең әйгілі романы «Айғай мен ашу» жарық көргеннен кейін ғана  суреткердің таланты мойындала бастады. Сыншылардың бәрі де бұл романды Еврипидті еске салатын «ұлы кітап» деп бағалағанымен, қарапайым жұрт күрмеуі күрделі туындыны қабылдай  алмады. Фолкнердің оқиғаны баяндаудағы ойлап тапқан тың тәсілдерін түсіну оқырманға тым ауыр болды.   

Ұлы жазушы алғашқы махаббаты Эстелл Олдхэмді ұмыта алмай, сол жылдары құпия жағдайда сүйіктісімен кездесіп тұрды. Қыр соңынан қалмай ақыры ол күйеуімен ажырасып, 1927 жылы Фолкнерге тұрмысқа шықты. Ұзақ жылдардан кейін сүйіп қосылған махаббатынан әйгілі қаламгер екі қыз сүйді. 

Енді Фолкнер бір кездері жазушылық қиялында туған Йокнапатофа өлкесін әңгімеге арқау ете отырып, өз отаны – американың Оңтүстігі, Миссисипи штатында тіршілік етіп жатқан елінің тұрмысын суреттеп, тылсымы терең туындыларын жазуға кірісті. Әйткенмен болашақ жазушы Шервуд Андерсенді жолықтырмағанда Йокнапатофа тақырыбы Фолкнер қаламының ұшына ілікпес еді. 

Фолкнердің өз қолтаңбасы әлі айқындала қоймаған туындыларын оқып шыққан соң шығармашылық қадамын енді бастап жатқан талапкерге Шервуд Андерсен «Сіз Фолкнер – ауылдың азаматысыз. Сіздің бар көргеніңіз өзіңіз туып-өскен Миссисипидегі кішкентай аймақтың тыныс-тіршілігі ғана. Әйтсе де осының өзі де көп дүние туғызуға жетіп жатыр» деген ақыл-кеңесін береді. 

Андерсеннің берген ақылы Фолкнердің өзі өмір сүрген өлкесінің тарихы  суреттелетін тағдырлы туындыларын жазуына қатты әсер етті. Содан бастап ол әлем картасында бір кішкентай нүкте болып қана тұрған туған жерінің  тыныс-тіршілігін жан-жақты зерттеп, осы тақырыпты жеріне жеткізе жырлауды өмірлік мұратына айналдырды.

Жоғары түгіл Фолкнердің орташа білімі де болған жоқ. Соған қарамастан ол өз заманының ең көп оқыған, білімді адамдарының бірі болды. 

Бала кезінде Фолкнерлер көршілері Стоундардың отбасымен қоян-қолтық араласып тұрды. Стоундардың баласы Филип өте көп оқыған, мәдениетті жігіт-тұғын. Ал, отбасының отағасы генерал Стоун Миссисипи штатындағы танымал адвокат және ірі саяси тұлға еді. 

Келешекте ұлының заң саласындағы ісін жалғастыруын көздеген ол Филиптің білімін жетілдіруге бар күшін салды. Жастарының айырмашылығына қарамастан Филип пен Уильям тез тіл табысып, олардың таныстығы өмірлік достыққа ұласты. 

Уильямнан төрт жас үлкен Филип поэзияны жақсы көретін. Екеуі сағаттар бойы әңгімелесіп, ол өз досын  әдебиетті жүйелі оқуды үйретті. Жан досының арқасында Уильям ең алдымен әлем әдебиетінің классиктері – Бальзак, Теккерей, Фильдинг, Диккенс, Гоголь, Достоевский, Чеховтардың шығармаларымен танысты. Содан кейін француздардың символист ақындары Верлен, Рембо, Маллармелердің өлеңдерін сүйсініп оқыды. Әрине, ұлы дәуірдің ірі суреткерлері мен ақындары Шервуд Андерсен, Теодор Драйзерлердің романдары мен Роберт Фрост, Карл Сэндберг, Эми Лоуэлл, Эдни Милей, Томас Элиот, Эзра Паундтың жырлары да оның танымын тереңдетті. Фолкнердің талғамын қалыптастырған Филип, досы оқып шыққаннан кейін берген кітабын бірге талқылауды үйреншікті әдетке айналдырды. 

Филип берген кітаптардың бәрін қалдырмай оқығанымен, үш тұлғаны ұстаз санап, олардың еңбегі Фолкнердің сезімін сәулелендіріп, ақындық қиялын байытты. 

Біріншісі француз ойшылы – Анри Бергсон. Шын мәнісінде де Бергсон тереңдігі жағынан  Фридрих Ницшемен бір қатарда тұруға лайық - ХХ ғасырдың ұлы философы. Француз академиясының мүшесі. «Шығармашылық эволюциясы», «Мораль мен діннің қос қайнары», «Материя мен жад» т.б. еңбектердің авторы. 

Бергсонның еңбектері философтарға ғана емес, ХХ ғасырдың ірі суреткерлеріне де қатты ықпалын тигізді. Мысалы, Бернард Шоудың көптеген пьесалары Бергсон философиясының әсерімен жазылған. Ғасыр басында Еуропа мен Американың әдебиетшілері ұлы философтың еңбектерін қызыға оқыды. 1910 жылы жас ақын Томас Элиот атақты философтың дәрістерін тыңдау үшін сонау Америкадан оны арнайы іздеп Парижге барады.  Джеймс Джойс та, Марсель Пруст та, Вирджиния Вульф та модернистік мәтіндерін жазғанда Бергсонға арқа сүйеді. 

Ол өз еңбектерінде адам санасының тоқтаусыз ағып жатқан процесс екені туралы ой қозғайды.  Бергсонға дейін адам санасының бір-бірімен жалғасқан байланыс екені дәлелденіп келгені белгілі. Философтар ассоциация теориясына сүйеніп бұрын-соңды басыңнан өткерген сезімді қайта кешуге болатынына сенді. Яғни, сана дегеніміз – механикалық құбылыс. Ол салдарлы-себепті байланыстардан тұрады. Алайда, Бергсон өз еңбектерінде сана дегеніміздің  бір-бірімен жалғаспайтын, себепті-салдарлы байланысы жоқ ағыс екенін дәлелдеді. Оның айтуынша, сана дегеніміз - тұнып тұрған метамарфоза. Міне, сондықтан да бір рет басынан өткерген сезімді адам баласы екінші рет  тап сондай күйде кеше алмайды. Сана туралы айтқан Бергсонның идеялары Вирджиния  Вульф, Томас Эллиот, Марсель Пруст  және әрине Уильям Фолкнер сынды модернистік әдебиеттің аса көрнекті өкілдерін өрнегі өзгеше туындылар жазуға итермеледі. 

Фолкнерді оқыған кезде суреткер туындыларында уақыттың сарқыраған өзендей өз қалауы бойынша ағып жатқанын сезесің. Баяндау да біз үйреніп қалған нараталогиялық тәсілдердің ешқайсысына ұқсамайды.

Сағат тілі қалай жылжыса біздің көзімізге уақыт та солай өтіп жатқандай болып көрінетіні бар. Бірақ, шын мәнісінде ол мүлде олай емес. Жыландай жылжыған сағат тілінің уақытқа түк қатысы жоқ.

Уақыт дегеніміз – ағыс. Уақыт дегеніміз өз құшағына өткен тарихты сиғызып, жұмбағы келешекте ашылатын – ұлы құдірет. Фолкнер шығармашылығын зерттеуде мұны білу аса маңызды. 

Бергсон өз еңбегінде біздің бір кездері кешкен сезімдерді басымыздан қайта өткергенімізбен айналадағы көріністің еш өзгермейтініне баса назар аударады. Егер де біз бәрін де Бергсон айтқан күйдегідей көз алдымызға елестетін болсақ, айналадағы көрініс те өзгеріске ұшырауы тиіс еді. Сана үнемі өзгеріп отырғанымен, айналадағы көрініс неге өзгермейді? Яғни, бұл адамның өз сезімі әлемінде емес, абстракциялық дүниеде өмір сүріп жатқанын меңзейді.  

Бергсонның ашқан жаңалығы Фолкнер шығармашылығына қатты әсер етті. Сондықтан да ол өз романдарында бағзыдан қалыптасқан дәстүрлі баяндау формасын бұзып, оқиғаны берудің тың тәсілін ойлап шығарды. Суреткер туындыларындағы қисынды түсіну қиын. Өте қиын. Онда біз үйреніп қалған реттілік пен себепті-салдарлы байланыс атымен жоқ. Әрине, мұндай мәтінді оқу оңай емес, ал, түсіну жүйкеге біраз салмақ түсіреді.

Суреткер романдарында уақыт біресе солға, біресе оңға, біресе жоғары, біресе төмен қарай ағып шығарманың мазмұнын күрделендіре түседі. Онда бәрін бізге тәпіштеп түсіндіріп, оқиғаны бір бірімен байланыстырып отыратын реттілік  жоқ. Фолкнер шығармаларындағы оқиғаның себебі кез келген жерде, кез келген уақытта басталып кетуі ықтимал. Бүгін болып жатқан оқиғаның себебі Фолкнерде кеше немесе алдыңғы күнде  емес, осыдан 20, 30 немесе тіпті 50 жыл бұрын болып жатуы  ықтимал. Міне, осындай тәсілдердің арқасында Фолкнер шығармашылықтағы өзінің күрделі әлемін туғызды. 

Фолкнерге өз ықпалын тигізген авторлардың бірі  ағылшын жазушысы – Джозеф Конрад. Джозеф Конрад жазушының лақап аты, шын аты Юзеф Теодор Конрад Коженёвский. Ұлты поляк. Украинада туған. 11 жасында әкесінен де шешесінен де айырылып тұл жетім болып қалған баланы анасының туыстары асырап алды. Одессаға келіп, сол жерде тұңғыш рет теңізді көріп, бұл оқиға оның тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді. Ол ағылшын мен француздардың шытырман оқиғалы романдарын оқып, теңізші болуды армандайды. Джозеф Конрадтың өмірі оқиғаларға бай. Ол тіпті қару-жарақ сатумен де айналысқан. 

1880 жылы ол Англияға қоныс аударады. Теңізші атанып, капитан дәрежесін иеленеді. 1886 жылдан бастап Джозеф Конрад деген бүркеншік атпен шығармаларын жазуға кіріседі.  

Джозеф Конрад ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында ағылшын әдебиетінде дүниеге келген неоромантизм ағымының өкілі. Неоромантизм натурализм мен символизмге қарсы ағым. Мінезді тұлғалар, таңғажайып оқиғалар, ерлікке толы өмірді жазу олардың шығармаларына тән ерекшелік болды. Мұның бәрі де Конрадтың туындыларында бар. Алайда, Райдер Хаггард, Редьярд Киплинг сынды кейбір неоромантиктер ағылшын отаршылдығын идеализациялауға тырысты. Конрадтың отаршылдыққа деген көзқарасы біржақты болған жоқ. Әрине, бір жағынан ағылшын азаматы ретінде ол Англияның өз отарындағы жерлерде орнатқан тәртібін құрметтеді. Екінші жағынан отарлаушылардың өз бодандығындағы халыққа тізесін батырған өктемдігіне наразы болды. Жазушы бойындағы бұл қарама-қайшылық «Жүректің түнегі» повесінде  көрініс тапты. 

Конрад прозаға «түрлі көзқарас» деп аталатын, айналадағы болып жатқан оқиғаларды бірнеше адамның көзімен беретін баяндау мәнерінің тың тәсілін енгізді. Бұл жаңалықты Фолкнер одан әрі дамытып, өз романдарында кеңінен қолданды. 

Сонымен бірге Конрадтың  шығарма жазу барысында баяндау мәнерін өзгертіп жібере алатын шеберлігі болды. Ол жасанды, ойдан шығарылған әлемді нағыз өмірдегідей етіп суреткерлік шеберлікпен жеткізе білетін талант еді. Міне, осындай ешкімге ұқсамайтын суреткерден тағылым алған Фолкнердің ойдан шығарылған әлемі шынайы болып көрінеді. Бұл құр талант немесе шеберлік қана емес. Бұл Джозеф Конрадтан үйренген нақты тәсілдердің жүйесін кемелдікке жеткізген кемеңгерлік. 

Суреткерге ықпал еткен үшінші тұлға – орыс жазушысы Феодор Михаилович Достоевский. Достоевскийді ол қайта-қайта оқыды. «Нақұрыс», «Залал мен зауал», «Ағайынды Карамазовтар» романдарын астын сызып тұрып парақтады. Орыс жазушысының романдарындағы көтерген проблематикасы Фолкнердің мәтіндерінде өз ізін қалдырды. 

Суреткерлік қолтаңбасы анық көрінген ең алғашқы «Сарторис» романынан-ақ Фолкнердің сөз өнеріндегі ұстазы Достоевскийге еліктеген ізденісін бірден байқауға болады. Ал, 1931 жылы «Ғибадатхана» романы жарық көргенде әдебиетшілер «Достоевскийдің көлеңкесі Американың оңтүстігінде пайда болды» деп жазды. 

Фолкнердің өзі де жазушы болып қалыптасуына Достоевскийдің игі ықпалы тигенін жасырған жоқ. Ол Достоевскийді өнердегі ұлы ұстазы санады.  «Ол маған ықпал етіп қана қойған жоқ, мен оны оқудан үнемі ғажап әсер аламын. Оны қайталап оқудан жалықпаймын. Шеккен қасіретімізге  жанашырлықпен қарап, жанымыздың тереңіне бойлайтын шеберлігі бізді ұлы суреткерге жақындата түседі. Ол менің жүрегімде өшпес ізін қалдырды» дейді бір сөзінде Фолкнер. 

Өнердегі өз жолын тапқан жылдары Фолкнердің өмірінде тағы бір елеулі оқиға болып, ол Еуропаны көреді. ХХ ғасыр басында америка зияткерлерінің көбісі Еуропада тұрғаны белгілі. 1920 жылы бір ғана Парижде 50 мыңнан астам американдық  болды. Американың атақты қаламгерлерінің бәрі Эрнест Хемингуэй да, Фрэнсис Скот Фицджеральд та, Эзра Паунд та Парижде тұрды. Хемингуэйдің «Сенімен үнемі бірге болатын мейрам» атты кітабына қарағанда Парижде тұрған америка қаламгерлерінің жағдайы жаман болмаған сияқты.  Ішкендері арақ-шарап, жүрген жерлерінің бәрі той-думан. 

Өнер адамдарының басы қосылып, тіршілігі қайнап жатқан Парижге бір күні Фолкнер де келді. Болашақ жазушыда оны таныстыру мақсатында Гертруда Стайн мен Джеймс Джойстың атына жазып берген танымал тұлғалардың хаттары да болды. Бірақ, неге екені белгісіз, сол кездері аты шыққан қаламгерлердің бірде-біреуімен ол кездеспеді. Мүмкін прозада өз қабілетін әлі танытып үлгермеген талапкер атағы дүрілдеп тұрған суреткерлерге жолығудан қаймыққан да шығар. 

Парижде жүргенде Фолкнердің атақты «Улисстің» авторы Джеймс Джойспен кездескісі келгені бізге мәлім. Тіпті, ол модернистік прозаның мэтрін мейрамханадан көріп қалғанымен, жанына барып сөйлесуге бата алмайды. Ғажайып мүмкіндік туғанмен, өкінішке қарай, екі генийдің тарихи кездесуі болмай қалды. Әрине, бұған сәті түсіп тұрған мүмкіндікті пайдаланбаған Фолкнер кінәлі. 

Фолкнер жайлы әңгіме тиегі ағытылғаннан кейін, Американың тағы бір ғажайып қаламгері Эрнест Хемингуэй жөнінде бір ауыз сөз  айтпай кете алмаймыз.  Әлем әдебиеті тарихында суреткерлік шеберлігі бір-біріне тең келетін екі тұлғаның бір дәуірде өмір сүретін оқиғасы жиі кездеседі. Мысал, ретінде Гомер мен Гесиодты, Платон мен Аристотелді, Толстой мен Достоевскийді, Сартр мен Камюды келтіруге болады. Қазақ әдебиетінде де Аймауытов пен Әуезов сияқты конгениалды тұлғалар бір дәуірде өмір сүрді. 

Фолкнер мен Хемингуэй де тап осындай жазушылар болды. Олар бір-бірінің шығармашылық табыстарына қызғанышпен қарады. Көп жағдайда сыншылар екі суреткердің туындыларын қатар талдап, салыстыру жүргізіп жатады. Бір жағынан мұндай салыстырудың болуы заңдылық та.

Жазу мәнері бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі суреткер болғанына қарамастан, оларды байланыстыратын ортақ нәрселер көп. Екі суреткердің дүниетанымы мен  пенделік қызығушылықтарында да  ұқсастықтар бар. Екеуі де бірінен кейін бірі өмірге келді. Екеуі де кітап оқығанды, аңшылықты, балық аулағанды ұнатты.  Жасыратыны жоқ, екеуі де қатынқұмар болды. Екеуі де Пулитцер сыйлығын да, Нобель сыйлығын да алды. Арасына екі жыл салып екеуі де өмірден өтті. 

Жазу мәнері бір-біріне мүлде ұқсамайтын ХХ ғасырдың екі ұлы суреткерінің кейбір шығармаларында үндестік те бар. Мысалы, Фолкнердің «Аю» мен Хемингуэйдің «Шал мен теңізі» бірін-бірі толықтырып тұрған ғажайып туындылар. «Шал мен теңіздегі» Сантьягоның адамды жеңу мүмкін емес деген ойын Уильям Фолкнер Нобель сыйлығын алған кездегі сөйлеген сөзінде қайталайды. Екі шығармада да табиғатпен бетпе-бет қалған кейіпкерлердің тағдыры суреттеліп, адам мен табиғаттың байланысы ақындық шабытпен жырланады. Фолкнердің аюы да, Хемингуэйдің алып балығы да Табиғат-Ананың бірегей құбылысы. Екі шығармада да адам зұлым күштерге қарсы тұрады. Бала Айку Маккаслин мен Сантьяго шалдың бойында күрескерлік құдіретпен бірге Құдайға мойынсыну мен жанашырлық сезім бар. 

Екі суреткердің шығармашылығындағы ұқсастықты салыстырғанымызбен, Хемингуэй өз стилін 1920 жылдарға дейін қалыптастырып, одан кейін оны өзгерткен жоқ. Ал, Фолкнер болса өмір бақи эксперимент жасап, стилін жаңартып отырды. Батыл-батыл эксперименттерге барды. Осыған орай мынандай бір қызық оқиға болған.  

1947 жылы Фолкнер Миссисипидегі университетте дәріс оқыған кезде студенттер одан «Сіз Хемингуэйге қалай қарайсыз?» деген сұрақ қояды. Фолкнер бұл сұраққа «Менің ойымша ол эксперимент жасаудан қорқады. Сондықтан да ол оқырманды ойландыруға мәжбүр ететін күрделі сөздерді қолданбайды» деп жауап береді. 

Риясыз сұхбаттасу барысында айтылған Фолкнердің пікірін біреулер газетке жариялап жібереді. Хемингуэй прозадағы бәсекелесінің өзі туралы айтқан пікірін бетіне түкіріп жібергендей ауыр қабылдайды. Осыдан кейін Хемингуэй өзінің майдандас досымен байланысып, тым асқақтап кеткен Фолкнерге хат жазғызып, онда өзінің қандай қанды қырғын шайқастарға қатысып, ерлігі үшін қандай марапаттар алғанының бәрін мұрнынан тізіп бергізеді.  Бірақ, Фолкнер бұл мәліметтердің бәрін Хемингуэйдің майдандас досының не себептен есіне салып отырғанын түсінбей, аң-таң қалады. 

Хемингуэй сол кездерде әйелімен ажырасып өз өмірінде тағдырдың ауыр сынағын басынан кешіп жатқан еді. Жүйкесі сыр берген ол  тіпті өз әріптесін дуэльге де шақырады. Фолкнер кешірім сұрамағанымен, бәрін түсіндіріп, жанжал отының одан әрі өрістеуіне жол бермейді. 

Енді мына бір қызыққа назар аударыңыз. Хемингуэй ұзақ жылдар бойы Парижде, жаңалыққа жаны құштар модернистердің қайнаған ортасында өмір сүрді. Соған қарамастан ол жұрт сүйсініп оқитындай модернистік проза жаза алған жоқ. Ол таңғажайып реалист жазушы болды. Бірақ ылғи да ол жұртқа модернист жазушы болып көрінуге тырысты. Модернистік прозаның ең ірі өкілі Джеймс Джойсты ұстазы санап, «Улисті» мақтап, бұл романның өз өмірін өзгертіп жібергенін айтудан еш уақытта жалықпады. Хемингуэй қайтыс болғаннан кейін оның үйінен «Улисс» романы табылып, ұлы жазушының бұл романның тек бас жағын ғана оқығаны анықталады. Шамасы романды соңына дейін еңсеруге  Хемингуэйдің шыдамы жетпеген. 

  Фолкнер де Еуропада болғанымен модернист жазушылардың бірде-біреуімен араласқан жоқ. Бірақ соған қарамастан жаңашылдықтан қорықпайтын жазушы модернистік прозаны майын тамызып жазды. Осы тұрғыдан алғанда Фолкнер тек Американың ғана емес, әлем әдебиетінің ұлы суреткерлеріне модернистік проза жазудың жаңа үлгісін көрсеткен гений.  Әрине, ол Джойсқа, қалыптасып үлгерген модернизм дәстүріне арқа сүйейді. Дей тұрсақ та ол Джойсты пір тұтып, «Улисс» романын жер көкке сиғызбай мақтаған жоқ. Бір сөзінде ол Джойсты оқуға тісі батпағанын айтып, ақталғандай да болады. 

Бірақ Фолкнер дүние салғаннан кейін оның үйінен де «Улисс» романы табылады. Ол  бұл романды әр бетін мұқият астын сызып тұрып оқыпты.  Романның сызылып оқылмаған жері қалмағанына қарағанда Фолкнер «Улисті» өте терең түсінген. 

ЖАЛҒАСЫ БАР

Бөлісу:

Көп оқылғандар