Сонымен Фолкнер өзінің шығармашылық әлемін ойлап шығарып, оны индеецтердің «Йокнапатофа» деген сөзімен атайды. Бұл сөзге байланысты фолкнертанушылар арасында түрлі болжамдар бар. Жазушының ақындық қиялынан туған өлкеде Джефферсон деп аталатын қала бар. Фолкнерді оқи отырып, біз бұл қаланың тарихымен және онда өмір сүріп жатқан Сартористер, Компсандар, Сноупстардың әулетімен танысамыз. Бұл аймақтың қалай күйрегенін көреміз. Одан әрі қарай суреткер қиялынан туған әлемнің тарихын сипаттай бастайды.
Йакнопатофа әлемі дегеніміз бұл шексіз кеңістік. Ал, Фолкнердің романы осы кеңістік тарихының фрагменттері. Қалай түсіндірсем екен. Егер де Фолкнер әлемін әлі суреті салынып бітпеген кеңістік ретінде көз алдымызға елестетсек, оның романдары осы кеңістіктің фрагменттері. Біз болып жатқан үлкен оқиғаның эпизодтарын ғана көреміз. Бір романда бар эпизод кейде басқа романда алдыңнан шығуы мүмкін. Тіпті, бір романдағы кейіпкерді кейде басқа романнан да көріп қаламыз. Романдағы кейбір эпизодтар басқа романда басқа адамның көзімен, басқаша тұрғыда сипатталады. Яғни, егер де сіз Фолкнердің барлық романдарын оқып шықпасаңыз, оқып жатқан шығармаңыздың кей тұстары сізге түсініксіз болып қалады. Өйткені, баяндаушы сізге бәрін тәпіштеп түсіндіріп бермейді.
Күрделі туындының жұмбақтарын сіз өз қабілетіңізге сүйеніп шешуіңіз керек. Фолкнер әлемін оқырманды ешқандай компассыз, картасыз енгізіп жіберетін ну орманға теңеуге болады. Ол орманнан шығатын жолды сен өз ақылыңмен табуға тиіссің. Бәрі көз алдыңда тұрғанмен саған ешкім ештеңені түсіндірмейді. Көрсетпейді. Жол тауып бермейді.
Фолкнердің өз сөзімен айтқанда «ең ғажайып сәтсіздігі» болып саналатын романы «Айғай мен ашуды» оқып көрейік. Роман былай басталады. Айып етпесеңіздер, бұл романның қазақ тіліне тәржімаланған нұсқасын таба алмағандықтан, мысалды орысша келтірейін. «Через забор, в просветы густых завитков, мне видно как они бьют. Идут кфлажку и я пошел забором. Ластер ищет в траве под деревом в цвету». Әрі қарай оқысаңыз да әңгімені баяндаушының не айтып жатқаны түсініксіз. Фолкнердің барлық романдарында міне осындай бізге ештеңені түсіндірмейтін, тек бәрін ишарамен нұсқайтын жұмбақтар көп. Фолкнердің әлемінде жалпылама ештеңе жоқ, нақтылық қана бар. Онда іс-әрекеттің көрінісі жоқ. Іс-әрекеттің көрінісін оқырман өзі жасап шығуы тиіс. Яғни, Фолкнер дайын асты сіздің аузыңызға шәйнап бермейді.
Сіздің алдыңызда жекелеген нүктелер бар. Оларды бір-бірімен байланыстырып, өзіңіз қосуға тиіссіз. Сіз оларды бір-бірімен қосқанда алғашқыда қателесе бастайсыз. Мысалы, «Айғай мен ашу» романының басын оқығанда оқиға кішкентай баланың көзімен баяндалғандай болып көрінеді. Біраз уақыттан кейін сіз оның кішкентай бала емес, үш жастан кейін ақыл-есі дамымай қалған отыз үш жастағы ересек азамат екенін түсінесіз. Оның жанында біреулер жүр. Сөздеріне қарап, сіз оның қара нәсілді бозбала екенін анықтайсыз. Бірақ мұның бәрін де сіз бірден емес, бірте-бірте анықтайсыз. Романдағы мұндай жұмбақтардың бәрін сіз өз ақылыңыздың қабілетіне сүйене отырып, шешіп отыруға тиіссіз. Суреткер бізге тек дербес, нақты нәрселерді ғана көрсетеді. Ал, бұл әлемге енгісі келген оқырманға біраз тер төгуіне тура келеді.
Алайда, егер де оқырман Фолкнер әлеміне ене алса, онда ол сол жерде мәңгі тұрақтап қалады. Онда оған нағыз өмірден гөрі Фолкнердің романдары әлдеқайда шынайы болып көрінеді. Бұл өте қызық процесс. Басқаша сөзбен айтқанда, Фолкнер өз оқырманын өз романдарының кейіпкеріне айналдырып жібереді. Негізі оқырманын өз мәтінінің кеңістігіне тарту ол эпостың да басты мақсаты.
***
Фолкнерді тереңірек түсіну үшін Американың оңтүстігі мен солтүстігінің қақтығысын білу өте маңызды. Соғыс баяғыда аяқталғанымен екі жақтың арасында бір-бірін мойындағысы келмейтін қақтығыстар қалды. Ол қандай қақтығыс дейсіз ғой.
Солтүстіктің халқы өмірге бейімді, еңбекқор адамдар. Олар ақшаға қызмет етеді. Оңтүстік керісінше олардай еңбекқор емес. Оңтүстік – ақсүйектердің мекені. Олар «Ар-ұят, абырой, азаматтық парыз» сияқты құндылықтарды қастерлеп, оны бәрінен биік қояды. Сондықтан да оңтүстік солтүстікпен соғысқан кезде олар үшін осы құндылықтар өте маңызды. Яғни, ақша әлеміне олар өздерінің ар-ұят, абырой, азаматтық парыз сияқты құндылықтарын қарсы қояды. Әрине, мұндай жағдайда оңтүстік жеңіледі. Өйткені, құндылықтар ақшаның күшіне төтеп бере алмайды. Күйрейді.
Мұның жарқын мысалын тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі Қазақстан өмірінен де көруге болады. Ар-ұят, абырой, азаматтық парыз сияқты құндылықтарға сенгендер далада қалды да, қандай жолмен болса да баюды бірінші кезекке қойғандар өмірде озды. Табысты болды.
Фолкнердің Йакнапатофа циклындағы романдарында дағдарысқа ұшыраған Оңтүстіктің қалай өліп бара жатқаны суреттеледі. Ол өз туындыларында плантаторлық деп аталатын романдардағы сюжет пен схеманы өте сәтті пайдаланады. Мұндай романдардың бәрінде де міндетті түрде жер иелігі мен оның қожайыны болады. Міндетті түрде ол қожайынның қызы болады. Міндетті түрде ол қызды азғырып, құрығына түсіретін бір жігіт болады. Азғырған жігітті міндетті түрде дуэльге шақыратын қыздың бауыры болады. Міндетті түрде қожайынға адал қызмет етіп жүрген қара нәсілділер болады.
Фолкнер мұндай схеманы пайдаланғанымен, олардағы оқиғалардың шындыққа сәйкес келмейтінін көрсетеді. Фолкнердің әдебиеттегі қолтаңбасын айқындап берген алғашқы романы «Сарторис» деп аталды. Дей тұрсақ та одан бұрын да қаламгер қаламынан - «Солдаттың марапаты» мен «Москита» деп аталатын екі шығарма туған. Алайда бұл екі хикаясының көркемдік деңгейіне көңілі толмаған ол ондай дүниелерді қаламын төселдіру үшін ғана жазғанын айтады. Ендеше Фолкнердің әдебиет әлемін жаулап алу үшін ашқан алғашқы майданы мен Йокнапатофа аймағының шежіресін жазуға ден қоюы дәл осы «Сарторис» романынан басталады десек қателесе қоймаспыз.
Аталған роман Фолкнердің шығармашылық әлемінде ерекше орын алады. Олай дейтін себебіміз осы шығарманы жазу барысында Джефферсон қаласы, Йокнапатофа өлкесі мен онда тұратын кейіпкерлердің сұлбасы қаламгердің көңіл қиялында тербеле жөнелді. Ең бастысы «Сарторис» романын жазу үстінде ол алдағы уақытта қозғайтын әлеуметтік және ізгілікті мәселелердің алтын діңгегін анықтап алды.
Ең бірінші рет роман қысқартылған күйде «Құлаған жалаулар» деген атпен жарық көрді. Шындығында да өте әдемі, романтикалық метафора. Жалаулар құлады. Суреткер үшін бұдан қызық және бұдан терең қандай трагедия болуы мүмкін. Мысқылдап, миығынан күліп тұрған жеңімпаз жақтың кімге қызығы бар? Шығармашылық адамы үшін жеңілген жақтың жан дүниесінде болып жатқан өзгерістері әлдеқайда қызық. Оңтүстік жеңіліске ұшырағанымен шынайы суреткердің қызығушылығын туғызбай қоймайды.
Ақша табудың жолын іздеген Фолкнер бұл романды өте қарапайым тілмен бар күш-жігерін салмай, оқырман қызығушылығын туғызатын, елге түсінікті туынды етіп жазуды көздеді. Алайда, роман өте күрделі болып кетіп, 16 баспа оны басудан бас тартты. Бір баспа ғана тәуекел етіп, романды басып шығаруға келіскенімен, біраз қысқартып беруін сұрайды. Фолкнер баспагердің өтінішін орындап, ол туынды «Сарторис» деген жаңа атаумен жарық көрді.
«Сарторис» романында бірінші дүниежүзілік соғыстан соңғы оқиғалар баяндалып, полковник Джон Сартористің қаза тапқанына елу жылдан асса да аңызға айналған бейнесінің көңілден кетпей оның отбасындағыларға, тіпті осы аймақтағылардың бәріне қалай үстемдігін жүргізіп жатқанын көреміз. Жазушы шығармада теңдесі жоқ бейнелер жасады.
Полковник Сартористің ұлы алпыс жастағы Баярд Сарторис мінезі қатал, құлағы аздап мүкістеу, қолынан үнемі трубкасын тастамайтын, сөзге сараң адам. Ол бар жан-тәнімен туған жерін жақсы көреді, әкесінің есімі мен оның Отаны үшін жасаған ісін есте сақтап қалуды перзенттік парызы санайды. Ол ғасырлар бойы осы аймақта үстемдік құрған ескі дәстүрдің қирай бастағанын көргенімен, оны байқамауға тырысады. Өркениеттің дауылы бұл аймақта орнаған тыныштықты бұзып, жаңа әлем орнатпақшы.
Баярд Сартористің немересі ұшқыш кіші Баярд өзінің егізі, ағасынан соғыста айырылып, қатты күйзеліске ұшырайды. Өзінің бір кішкентай бөлігі болып табылатын әлемін жоғалтқан ол жалған дүниеге сыймай, өмірдің мұндай әділетсіздігімен келісе алмай, қатты қамығады. Ағасы жайлы естеліктер оның жанын кеміріп, ешкімді көргісі келмей, ақыр соңында апатқа ұшырайды... Романдағы кіші Баярд ұнатып қалатын Нарцисса Бенбоу мен Сартористер әулетінің қызметшісі Саймонның және тағы да басқа кейіпкерлердің образдары соншалықты нанымды, әрі шынайы суреттелген.
Фолкнердің алғашқы туындыларының бірі «Сарторис» романында адамның өзгеріс, қиындық пен қасірет алдындағы әрекетіне байланысты өте маңызды мәселелер көтерілген. Жазушының стилі ауыр емес, оқиғалар өте байсалды баяндалады.
Қысқаша қайырсақ, «Сарториста» соғыстан оралған жігіттің қалай өзіне қол салып өлетінінің тарихы суреттеледі. Бас кейіпкердің аты-жөні Баярд Сарторис. Бұл романда екі Джон Сарторис пен үш Баярд Сарторис бар. Оқиғаға қарап, кімнің кім екенін оқырман өзі тауып алуы тиіс. Фолкнер ештеңені түсіндірмейтін болғандықтан, ол оңай емес. Жазушы өз романында солтүстіктің қысым көрсетуінің арқасында оңтүстіктің қалай өліп бара жатқанын жеткізеді.
Фолкнердің барлық романдарындағы кейіпкерлер адамдар емес, уақыт. Адам дегеніміз, адамның әрекеті дегеніміз, адамдық құндылық дегеніміз не? Мұның бәрі уақытша дүние, олардың бәрі де өзгереді, уақыттың ығына жығылады. Фолкнер өз романдарында оңтүстіктің өзгеріп, қалай күйзеліп, бірте-бірте қалай өліп бара жатқанын көрсетеді. Қиямет күнінің келгенін оңтүстіктегілердің өздері де сезгенімен, олар оны ауқымды, ғажайып қойылымға айналдырып жібереді. «Сарторис» романында адамның күнаһарлығы мен мақтаншақтығы жан-жақты ашылған. Адамдар өз-өздеріне сүйсініп, мақтанады, қиямет күнінің қойылымын, яғни, біздің бәріміз өлуге тиіспіз деген шындықты аңызға айналдырады. Фолкнер мұндай идеяны соғыс ардагерлерінің туғызғанын көрсетеді. Романда Байярд Сартористің бір банка анчоус үшін қалай қаза тапқаны айтылатын, Азамат соғысының тарихынан алынған оқиға бар. Қысқаша айтсақ, генерал Стюарт пен Байярд Сартористер таңғы астарын ішу үшін жау тылына шабуыл жасап, штабты басып алады. Яғни, өздерінің бәрібір өлетінін білгендіктен олар осындай көзсіз ерліктерге барады. Бүкіл роман бойы біз Байярд Сартористің өз өлімінен қалай әдемі қойылым жасағысы келген әрекетін көреміз.
Фолкнердің Йакнапатофа тақырыбына арналған «Айғай мен ашу» деп аталатын екінші романы, суреткердің ең күрделі, тылсымы терең туындыларының бірі. Романмен жұмыс істеп жатқан кезде Фолкнер бұл шығармасын өз деңгейінде жаза алмай жатқандай сезімді басынан кешті.
Күйзеліске ұшыраған отбасының өмірі суреттелетін роман төрт бөлімнен тұрады. Романды жазу идеясы Фолкнерде аяқ астынан пайда болыпты. Далада қыдырып келе жатып бір күні Фолкнер ағын суда шомылып жүрген үш ағайын мен олардың әпкелерін көзі шалып қалады. Ұлдардың біреуі ауру екен, оны бір зәңгі құлға қаратқызып қойыпты. Бір кезде шалбар киген қыз ағаштың үстіне өрмелеп шығады. Міне, осы философиялық көрініс Фолкнердің ақындық қиялын тербеп, ғажайып романның идеясы дүниеге келді. Бұл көрініс туралы жазушы ағыс қызды өзімен бірге алып кетті де, бауырлары жерде қалып қойды деп алған әсерін баяндайды. Бұл жазушы романының ең маңызды метафорасы.
«Айғай мен ашу» романында күйзеліске ұшыраған отбасының оқиғасы суреттелген. Құдды ертегідегідей мұнда да ағайынды үш жігіт бар. Олардың біріншісі өте ақылды, білімді, Гарвард университетінің студенті Квентин өзіне қол жұмсап өледі. Өте қабілетті болғандықтан, отбасындағылардың бәрі оған зор үміт артқан еді.
Екіншісі Джейсон дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Квентин қайтыс болғаннан кейін, бүкіл үйдің тірлігі оның мойнына түседі. Үшіншісі - ақымақ Бенджи, ол шынымен де ақымақ: үш жастан кейін ақыл-есі дамымай қалған ол сөйлей де алмайды, тек түсініксіз бірдеңелерді күбірлей береді. Олардың ересек жігіттермен кездесіп жүрген Кэдди есімді әпкесі бар. Кэддидің бұл қылығы оңтүстікте өте ұятты іс болып саналады. Дәстүрді сақтауы тиіс ол жақтың қыздары ханым ретінде көрініп, сабырлылық сақтап, өздерін ұстай білуі тиіс. Алайда, Кэдди күнәға батып, бір жігіттен соң екіншісімен қыдырады. Еркектің дәмін тым ерте татып, он жеті жасында аяғы ауыр болып қалады. Не істерін білмеген үй-ішіндегілер оны бір жігітке тұрмысқа шығарып жібереді. Бірақ, уақыт өте келе бәрін біліп қойып ол Кэддимен ажырасып кетеді.
Романда ағайынды үшеудің өміріндегі бір күн баяндалып, болған оқиғаның тарихы үш адамның көзімен сипатталады. Ең алдымен бұл оқиғаны ақыл-есі кем Бенджи, сосын өзіне өзі қол салып өлерден бір күн бұрын Квентин, ең соңында Джейсон әңгімелеп береді.
«Айғай мен ашу» романының атауы, Шекспирдің атақты пьесасы Макбеттің монологынан алынған. Естеріңізде болса, бұл туындыда соғыстан оралған даңқты батырдың әлдеқандай бір сайтандардың айтқанына еріп, корольді өлтіретіні баяндалады. Макбет егер де мен корольдің көзін жойсам, әлем тәртіпке келеді деп ойлап, оны ұйықтап жатқан жерінде өлтіріп, өз қалауы бойынша әлемді реттеуге кіріседі. Міне, осылайша ол нағыз зұлымға айналып, елді қырып, жан-жағының бәрін қанға бөктіреді. Ақыр соңында жасаған зұлымдақтарынан есі ауыса бастаған Макбет «О, Тәңірім. Өмір дегеніміз есуас айтып кеткен айғай мен ашудың тарихы екен ғой» деген ойға келеді. Яғни, Макбеттің бұл сөздері өмірде ешқандай да адамдық мағына жоқ деген ұғымды білдіреді.
Әділіне жүгінсек, Макбеттің айтып отырғаны шындық. Расында да мына өмірде адамдық мағына жоқ. Дегенмен, өмірде адамдық мағына болмағанымен, онда құдайлық мағына бар. Ал, адамдық мағына дегеніміздің бәрі де уақытша. Өйткені, өмірдегі адамдық мағынаның бәрі де пенденің ақылымен жасалған өткінші нәрсе. Адамдық мағынаның бәрін уақыт жұтып қояды.
Адам өз жанына тірек табу үшін, дүниеден құдайлық мағына іздеп, өміріне мән бітіреді. Егер де Құдайды жоққа шығарсақ, оның ақыры апатқа, қантөгіске, адам жанының жалаңаштанып, рухсыздануына әкеледі. Құдай жоқ қоғамда қасиетті ештеңе болмайды. Мұның жарқын мысалын біз ХХ ғасырдың тарихынан көрдік.
Мына дүниеде Құдайлық мағынаны мойындамайтын, әлемді үнемі жардан құлатып жібере жаздайтын өте қорқынышты құбыжық бар, ол – сайтан. Макбет сайтанның ыңғайына жығылған – пенде. Міне, осы Макбеттің монологында айтылатын «Айғай мен ашу» сөзін Фолкнер өз романының атауы етіп алады.
Біз бұл туындыдан қандай да бір себептерге байланысты өмірдің мағынасын жоғалтқан кейіпкерлерді көреміз. Олар өздерінің ескі плантаторлық әлемінің быт-шыты шығып жатқанын көріп, оған қарсы тұра алмады, жерлерін сатып кедейлене бастады. Өмірге бейімді, әлдеқайда іскер адамдар олардың орнын басты.
Джейсон ақсүйек болғанына қарамастан амалсыздан дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Жан-жақтың бәрі өзгеріп, олардың әйел адамның қандай болуы тиіс екендігі туралы ұғымдары да күйреуге ұшырайды. Өйткені, үш ағайындының әпкелері Кэдди оңтүстіктің қызына тән мінезінен айырылып, тым еркінсіп кетті. Фолкнер романындағы Кэддидің бауырларының адам тағдыр ісіне араласып, оны түзетіп отыруы тиіс деген ойлары Достоевский шығармаларының идеясымен қатты үндеседі. Ол қандай идея дейсіз ғой?
Естеріңізде болса, «Залал мен зауал» романында Раскольников Құдайдың ісіне араласып, жұртты азаптап жүрген кемпір не үшін өмір сүруі тиіс деген қорытындаға келеді. Міне, осылайша ол Құдайдың ісіне араласып кемпірді өлтіреді. Дей тұрсақ та қандай жаман адам болса да оған өмірді сен сыйлаған жоқсың ғой. Егер де ол өмір сүріп жатса онда да бір Құдайлық мағына бар. Неге сен Құдайдың ісіне араласасың? Ол сенің әлемің емес. Біреудің әлеміне қол сұғуға кім саған рұқсат берді?
Немесе тағы бір мысал ретінде Достоевскийдің Карамазовын алайық. Карамазов та шамамен осылай ойлайды. Ол да мен Құдайды мойындағаныммен, оның жаратқан, әділетсіздік пен абсурдтан тұратын әлемін қабылдай алмаймын дегенді ашық айтады. «Айғай мен ашудың» кейіпкерлері де бұл әлемді мойындағысы келмейді.
Роман ақыл-есі кем Бенджидің өз өмірінің бір күнін баяндаған әңгімесінен басталады. Осыған орай романның логикасын түсіну аса маңызды. Шығарманың бас кейіпкерлері үш еркек пен бір әйел бар. Бұл романдағы әйел өмірдің символдық көрінісі ретінде алынған. Ал, өмір – нағыз уақыт пен сананың тоқтаусыз ағысы. Фолкнер уақыт пен сананың тоқтаусыз ағысын әйелдің образымен байланыстырады. Әйел дегеніміз үнемі өзгеріп жатқан, дамып жатқан, қозғалыстағы тіршілік. Шығармадағы Кэдди үнемі өзгеріп жатқан, жаңарып жатқан өмірдің - мәңгілік бейнесі. Міне сондықтан да ол барлық тиым салуларды бұзып, толыққанды өмір сүргісі келеді. Осылайша ол күнәға батады. Бірақ ол өмірдің мәңгі ағысы болғандықтан, жас күйінде қалып қояды. Қартаймайды.
Кейін Фолкнер «Компсондар отбасының тарихын» жазып, онда Кэддидің ұзақ өмір сүргеніне қарамастан өзгермей, жас күйінде қалып қойғанын баяндап береді. Кэддидің бойында махабаттың алапат күші бар. Ол өзінің барлық бауырларын риясыз жақсы көреді.
Ал, Кэддидің бауырлары өмірдің ағысына ілесе алмай, өз әлемдерінде тұралап қалды.
Ақыл-есі кем Бенджи – өмірде не болып жатқанына ақылы жетпей, санасының тұтқынына айналған кейіпкер. Ақыл-есі кем, жынды болғандықтан бір жағынан ол өзін бақытты жандай сезінуі керек сияқты. Бірақ іс жүзінде олай емес. Керісінше, өл өзін дүниедегі ең бақытсыз адамдай сезініп қайта-қайта жылай береді. Бенджи бір кездердегідей шалғында ойнағысы келеді. Алайда, оны үй-іші сатып жібергендіктен, ол жерде қазір үлкен қақпа тұр. Кезінде Бенджиді оқушы қыздарға тиісті деген сылтаумен кастрация жасап, яғни, піштіріп, әтек қылып тастаған. Ал, шын мәнісінде Бенджи ол қыздармен сөйлескісі ғана келген болатын. Бенджи өз айналасындағы өзгерістер түгіл, өз өмірінде болып жатқан нәрселерді түсінбейді. Бенджи үшін уақыт та, кеңістік те жоқ. Ол ненің маңызды, ненің маңызды емес екенін де білмейді. Өмірге қарап, оны танымайды. Біз де мына өмірге Бенджидің көзімен қарағанда, не болып жатқанын түсінбей дал боламыз. Әлемді көргенімізбен, оны танымай жатамыз. Бұл Фолкнер романының ең басты стилистикалық ерекшелігі. Әлемге қарап оны түсіну және тану аса қызық емес, ал, әлемге қарап оны танымай қалу, түсінбей қалу шындығында да қызық. Фолкнер бәрімізге белгілі әлемді түсініксіз және күрделі етіп суреттейді.
Романның тағы бір кейіпкері – Квентин, өзіне-өзі қол салып өледі. Неге? Өйткені, оңтүстікте қалыптасып, тамырын тереңге жіберген құндылықтардың бәрі күйреп кетті. Әпкесінің әр еркекпен бір қыдырып, күнәға батуы оны осындай жағдайға итермеледі. Ол болып жатқан өзгерістерді ой елегінен өткізіп түсінуге тырысып, нәтижесі оны апат пен ажалға әкелді. Кэдди неге осылай істеді деген ұстара сауал оның жанын кеміріп, көңіліне тыныштық бермей қойды. Күрмеуі күрделі сұрақтың жауабын іздеген ол қандай да бір идеялардан да, мақсат-мұраттардан таба алмай қатты қиналады. Күні кешеге дейін адамгершілік пен ізгіліктің кіндігі саналып, халықтың жанына рухани тірек болған Оңтүстіктің дәстүрі біржола күйреді. Дәстүр жоғалғаннан кейін, Квентиннің ең сүйікті әпкесі Кэдди оңтүстікте өскен қызға тән ибалықтан айырылып, еркектермен ерте қыдыра бастады. Неліктен Кэддидің дәстүрден аттап кеткенінің себебін іздеп Квентин қатты қиналады. Оған ізгілік жоғалып, олардың уақыты өтіп, ақырзаман адамдарының уақыты келгендей болып көрінеді. Уақыт – Құдай. Оған қарсы тұруға ешкімнің де күші жетпейді. Амалы таусылғандықтан, ақыр соңында ол суға кетіп өледі. Алайда, суға кетіп өлместен бұрын, ол уақытты тоқтатқысы келіп, сағаттың тілін жұлып алады. Бірақ, одан ештеңе де өзгерген жоқ. Уақыт жылжып, бәрібір өз дегенін істеп жатыр. Басқаша сөзбен айтқанда, ол осындай әрекетпен, яғни, неше түрлі түсініктермен уақыттың ағысына қарсы тұрғысы келеді. Ол үнемі өзгере беретін, құндылықтар жоқ әлемде өмір сүруден бас тартады.
Шығарманың тағы бір кейіпкері Джейсон. Қарапайым болып көрінгенімен, ол өте күрделі, әрі өте ұятсыз кейіпкер. Ол өз пайдасын ғана ойлайды, өмірге ызалы болғандықтан Құдайға сенбейді. Жалпы, өмірде жолы болмаған адамдардың бәрі де Құдаймен алысады. Джейсонда да Достоевскийдің Карамазовы сияқты Құдай жаратқан әлемді жақтырмайтын наразылық бар.
Джейсонды бәрі де алдайды, бәрі де оның алдында кінәлі. Шындығында да Джейсонның әңгімесін тыңдағанда бүкіл әлем оның алдында жазықтыдай болып көрінеді. Ал, шын мәнісінде мұның бәрі де өтірік. Құдай да, әлем де оған әділетті. Өзін үнемі әділетсіздіктің құрбаны сезінетін адам, өз өмірін трагедияға айналдырады.
Cуреткер Фолкнердің қолтаңбасы «Сарторис» романында айқындалып, «Айғай мен ашуда» шыңдала түсті. Бір ғана, оның өзінде тек жазушы қиялында өмір сүріп жатқан аймақты әңгіме арқауына өзек ете отырып ол бұрын-соңды ешбір қаламгердің назарына шалынбаған мәселелерді көтеріп, адамзат баласын толғандырып тастады. Өмірінің соңында жүріп өткен жазушылық жолын қорытындылаған Фолкнер «Мен қаламгерлік қиялымда туған дүниелер – әлемдік кеңістіктің іргетасы болып табылады, ол тас қаншалықты кішкентай болса да, оны алып тастасаң әлемнің тас-талқаны шығады деп ойлайтынмын» деп толғаныпты.
«Айғай мен ашу» шын мәнісінде «Сарторис» романының заңды жалғасы іспеттес туынды, бұл шығармада патриархалдық дәстүрдің баянсыздығы, қоғамдық қарым-қатынастардың күйреуі мен азғындауы тақырыбы одан әрі дамытыла түседі. Әйтсе де шығармада романтикалық сарын жоқ. Салқын сезіммен жазылған. Фолкнер әлемнің күйреуін адамның құлдықты мойындай бастауымен байланыстырады. Өте күрделі стильмен жазылған туындының төңірегінде басталған дау әлі күнге дейін толастамай келеді. Өйткені Фолкнердің романы бұрын-соңды әлем әдебиетінде жазылған туындылардың ешқайсысына ұқсамайды және қайталамайды.
Міне сондықтан да Фолкнердің ең негізгі шығармасы болып табылатын «Айғай мен ашу» романы жарық көре салысымен бірден мойындалған жоқ. Ұзақ жылдар бойы оған ешкім назар аудармай «Ғибадатхана» романы жарық көргеннен кейін ғана ол көпшіліктің көзіне түсті. Абсурдтық әдебиеттің жарқын үлгісі болып табылатын романды сыншылар жазу техникасының сонылығы үшін жоғары бағалады. «Айғай мен ашуда» Фолкнер, ішкі түйсікпен орыс жазушысы Достоевский көтерген әлемнің күйреуі, келешектің баянсыздығы тақырыбын одан әрі қазып, «адамдық қадыр-қасиеті тапталған» бейшара жандардың жанына үңіледі.
Сыншылар ұзақ уақыт Фолкнер шығармашылығын танудың кілтін таба алмады. Расында да ол оңай емес – жазушы шығармашылығы күрделі, онда әр түрлі стиль араласып кеткен, баяндау мәнерінің ағысы біресе қатты екпіндеп, енді бірде Йокнапатофа аймағы тұрғындарының өмірінің дерегін тәпіштеп тоқтап қалғандай әсер қалдырады.
«Айғай мен ашудағы» сана ағысы екпінінің құдіреті мен күштілігі миыңды жарып жібере жаздайды. Шығарманы оқи отырып басқа бір адамның миына кіріп кетіп, көзсіз құмарлықтың сырын түсінгендей әсер аласың.
Төрт бөлімнен тұратын романды оқу барысында төрт түрлі сананың ағысымен өмір сүресің. Төрт түрлі сана ағысының ортасынан бір ақсүйектік әулеттің қалай күйрегенін көресің. Қатыгездік, зұлымдық, іштарлық. Зұлымдық жасау үшін аса көп ақылдың қажеті жоқ.
Түрлі адамдар, Түрлі тағдырлар. Быт-шыты шығып күйреген отбасы. Түсінбеушілік пен қиындық, Көңілсіз сүгірет. Адам эгоизмі апаратын жолдың сүрлеуі осы. Фолкнер жүрек қалауы туғызған шығармасы арқылы адамды сүюге шақырады...
«Айғай мен ашудан» кейінгі «Өлім аузында» романын Фолкнер электр станциясында түнгі кезекте жұмыс істеп жүріп, 1930 жылы бар-жоғы алты аптада жазып шықты. Елу тоғыз ішкі монологтан тұратын туындыда миссис Бандреннің сүйегін зиратқа әкеле жатқан оңтүстіктегі кедей отбасынан шыққан Бандрендердің өмір жолы туралы баяндалады. Америка жазушысы Конрад Эйкен романға өте жоғары баға бергенімен, жазушының бұрынғы шығармаларындай бұл кітап та өте нашар сатылды.
Қаржылық қиындықтан құтылудың жолын іздеген Фолкнер жаңа туындысын жазуға кірісіп, үш аптаның ішінде «Ғибадатхана» романы дүниеге келді. Бұл шығармада қарақшылар зорлап кеткен жас әйелдің тағдыр тәлкегімен Мемфистегі жезөкшелер үйінен қалай тұрақ тапқаны суреттеледі. Роман өз заманының нағыз бестселлері болды. Әйгілі сыншы Андре Мальро «Ғибадатхана – детективтік сюжеті бар нағыз грек трагедиясы» деген жақсы пікір білдірді. Роман зор сұранысқа ие болғанымен жазушының қаржылық қиындықтан туындаған мәселесін толық шешіп бере алмады. Ұлы дағдарыс жылдарында кітапқа деген елдің сұранысы азайып, оның үстіне Фолкнердің романдары жұрттың талғамын қанағаттандыра алмайтын, ойлы оқырманға арналған туындылар болатын. Жазушылыққа қарағанда табысы бар жұмыс табуды көздеген Фолкнер 1932 жылы Голивудқа аттанып, киносценарий жазу ісімен шұғылданады. Қолы қалт еткен кезде «Пилон», «Авессалом, Авессалом!», «Жабайы пальмалар», «Ауыл», «Аю» сияқты таңғажайып туындыларын жазады. Қаламгердің «Аю» повесін өз басым әлем әдебиетіндегі ең ұлы туындылардың қатарына жатқызамын. Уақыт өте келе Фолкнердің біраз кітаптары француз тіліне тәржімаланып, еуропалық жазушылар мен сыншылардың сүйіспеншілігін туғызды. Америка сыншысы Малколму Каулиге жазған хатында әлемге әйгілі жазушы Жан Поль Сартр «Фолкнер – прозаның құдайы» дегенді айтты.
Талантты жазушыны қалың оқырманға жақынырақ таныстыру мақсатында Каули 1946 жылы Фолкнердің таңдамалы прозалық туындыларын жарыққа шығарды. Таңдамалының шығуы табысты болып, оқырмандардың жазушы шығармашылығына деген зор қызығушылығын туғызды. Жинаққа жазған алғысөзінде Каули американдық аңыз тұрғысынан Йокнапатофа сагасын зерттеп, Фолкнердің романдарын «қол жеткізе алмайтын шығармашылық ерлікке» теңеді. Міне, осылайша қаламгердің даңқы күннен-күнге арта түсіп, 1949 жылы Уильям Фолкнерге бүгінгі заманғы американдық романды дамытуға қосқан зор үлесі үшін Нобель сыйлығы берілді.
Әдебиет саласындағы ең жоғарғы марапат Фолкнерге шығармашылық дағдарыс кезеңін басынан өткеріп жатқан шағында бұйырды. Голливудқа жасаған кезекті сапарынан кейін ол Оксфордқа оралып, «Монах әйелге арналған реквием» романын аяқтап, бірінші дүниежүзілік соғыс туралы туындысын жазып шығуға тырысты. Екі туынды да қатты сынға ұшырады.
Ішкілікке салынған Фолкнердің денсаулығы шатқаяқтай бастағанымен 1954 жылы ол мемлекеттік департаменттің шақыруын қабыл алып Бразилияда өткен Халықаралық жазушылар конференциясына қатысады. Келесі жылы әлемге әйгілі қаламгер американдық үкіметтің ресми өкілі ретінде жер шарын аралап, саяхат жасап шығады.
«Қала» және «Жекежай» туындалырымен жазушы Сноупстар отбасыларының тарихы туралы 1940 жылы «Ауыл» романынан бастау алған триллогиясының нүктесін қойды. 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін ол Виргиния штатындағы университетте сабақ беріп, стипендия алып тұрды. Венесуэладағы ең танымал американдық жазушы болып танылған Фолкнер 1961 жылы осы елдің 150 жылдық мерейтойын мерекелеуге қатысты. Келесі жылы атақты қаламгер ең соңғы «Ұрылар» кітабын жазуды қолға алды. 1962 жылдың 17 маусымында аттан құлап, бір аптадан кейін дүние салды.
Фолкнердің жазушылық даңқы қайтыс болғаннан кейін де өсе берді. Әдебиет сыншысы, әрі жазушы Джон Олридж ұлы қаламгердің шығармашылығын жоғары бағалап, былай деген болатын: «Миссисипидің шегі жоқ мәдени шөлінде жалғыз жұмыс істей жүріп Фолкнер өзінің ақылы үшін алқап пен шығармашылығы үшін бау-бақша жасай білді. Жазушы ұзақ жылдар бойы мәпелеп өсірген алқап пен бау-бақшаның әсемдігі күні бүгінге дейін өркениетті әлемдегі барлық мәдениетті адамдардың қызығушылығын туғызып келеді».
Жиырмасыншы ғасырдың басында жаңашылдықты аңсаған Америка әдебиетінің жас өкілдері Батыс әлемін дүр сілкіндірген модернистік ағымның пайғамбарлары Джойс пен Гертруда Стайнға еліктеп жатқанда жалғыз Фолкнердің ғана ұлттық топырықтан тамыры ажырамады. Осы тұрғыдан алғанда ол тамырын тереңге жіберген Американың - нағыз ұлттық жазушысы. Ұлттық бастаудың мөлдір бұлағынан қанып ішкен қаламгердің Америка әдебиетінің екі көрнекті өкілі – Марк Твен мен Уолт Уитменнің таланттарына басын иіп, құрметпен қарауы да сондықтан. Фолкнердің айтуынша Марк Твен мен Уолт Уитменнің шығармашылығы Америка ұлттық әдебиетінің алтын бастауы болып табылады. Әйтсе де ұлттық топырақтан өніп-өсіп шығып, әлем әдебиетінің алып бәйтерегі болып жайқалған жазушылардың барлығы да оның жан дүниесіне жақын болғандықтан Бальзакка тән байқампаздық, Толстойға тән шынайылық, Достоевскийге тән тереңдік пен Флоберге тән стиль ұштау мен форма жасау шеберлігінің бәрін де Фолкнер шығармашылығының табиғатынан таба аласың. Міне сондықтан да ұлттық топырақа кіндігі байланған жазушының қаламынан туған кейіпкерлері әлемнің әр түкпірінде тұратын миллиондаған оқырмандардың сезімін адам табиғатының жанды нүктелерін таба білген байқампаздығымен, жүрегінің шыңырауында жатқан шерін қозғаған тереңдігімен, баяндаған оқиғасының шындығына қалтқысыз сендіре білген шынайылығымен, еліктіріп, қызықтырып әкететін формасының жаңашылдығымен жаулап алды.
СОҢЫ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.