Ондыға негіз болған Омболар кім?

Бөлісу:

18.10.2023 3983

«Жеріңнің аты – еліңнің хаты» дейтін халқымыздың даналық тұжырымы бар. Елдің хаты болатыны – ондағы қойылған атаулардың сол жердің арғы замандардан қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан хабар беріп тұратындығында. Яғни осы өлкеде қандай халықтар мекендеді, маңызды оқиғалар болды немесе әлемдік, өңірлік геосаяси факторлардың қандай әсері болды дегеннің бәріне ономастикалық атаулар жауап бере алады. Әр өлкедегі жер-су атауларында дәуірдің ізі жатыр. Бұл із – қазақ даласының барлық өңіріне тән. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен» дейтін Маңғыстау өңірінде де алдыңғы алты жұрттан қалған азды-көпті ономастикалық атаулар барлығын зерттеуші ғалымдар өз еңбектерінде атап өтеді. Маңғыстау түбегіндегі кешегі тарихтың жұқана-жұрнағы болған атаулардың бірі – Онды. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе аулынан оңтүстік-шығысқа қарай 34 шақырым жерде, түбектің қақ ортасында, Шығыс Қаратау жотасының баурайында орналасқан Онды ауылы – қазақтың көрнекті жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Еңбек Ері Әбіш Кекілбайдың кіндік қаны тамған рухани құнарлы топырақ, өзге де небір әндігер тұлғалар дүниеге келген қасиетті мекен. «Онды» деген атау қандай мағына береді? Қазақ тіліндегі “ондыға” ұқсас «оңды» сөзі жақсы, игілікті, әйбат т.б. жақсы сипатты ұғымдарға ие екені белгілі. Бір қарағанда бұл – кәдімгі, сындық сипаттағы байырғы қазақ сөзі . Ал тарих, тілдің, елдің тарихын зерттеуші ғалымдар не дейді? «ОНДЫ (Онды) – а., Маңғыстау ауданы. С.Әжіғали «Онды» атауын XVII-XVIII ғасырларда Маңғыстауға шабуыл жасаған қалмақтардың қолбасшылары Даян Омбы,  Дондук Омбының аттарымен байланыстырады (Каспий қайраңы, 161). «Жерінің атыеліңнің хаты» атты энциклопедиялық анықтамалықта: Онды – «жөнді, жақсы, дұрыс, тәуір» мәнін береді делінген. (584). Моңғолша-орысша сөздікте: «Ондоо – «мықты, ерекше, басқаша» деген сөз (300)», - деп атап көрсетеді маңғыстаулық зерттеуші ғалым Бибатпа Көшімова «Маңғыстау өңірі жер-су атауларының түсіндірме сөздігі» (Алматы: «Нұрлы әлем», 2010, 238 б) атты еңбегінде.

Ал танымал ғалым Серікбол Қондыбайдың «Маңғыстаудың жер-су атаулары» (Алматы: «Арыс», 2010) кітабында мынадай мәлімет келтірілген: «Онды – елді мекен; Шығыс Қаратау жотасының күнгей беткейінде, Шетпеден шығыс-оңтүстік-шығыста 23 км жерде. Ағашты-Онды деп те аталады. Оның аты 1642-жылы қалмақтың бір тайпасын басып алған Даян Омбы, оның туысы Маңғыстауды басып алған Дундук Омбының есімдерімен байланыстырылады.

Оның былай қасында:

Ағашты, Шонжы, Онды бар.

Шоң деген судың басында,

Құрманалы хазiрет,

Мешiт салған Қоңды бар.

Одан әрi жүрсеңiз,

Өңеже мен Шилi бар.

Бұрынғы өткен қарттарда

Нендей дана, милы бар…»

Жоғарыдағы мәліметтерге қарағанда  «Ондының» қалмақтан қалған атау екендігіне Маңғыстау өңірінен шыққан белгілі зерттеушілер бірауызды екендігін көреміз. 

Осыған қатысты «оңды» немесе «омбы» сөздерінің мағынасы және жоғарыда аталған Даян Омбо,  Дондук Омбо атты адамдар, олардың елі қалмақтар туралы мәліметтерді қарастыралық.

Біріншіден, «ондоо» сөзінің моңғол (қалмақ) тілінде «мықты», «ерекше, басқаша, өзгеше, бірдей емес, ұқсас емес, жеке» т.б.сапалық мағына беретіндігі рас. Бірақ моңғол тілді аумақта Ондоо сөзі арқылы жасалған ономастикалық бірлік жоқ. Себебі, бұл сөз морфологиялық сипаты жағынан зат есімді анықтауы керек немесе етістікті анықтап үстеу болуы қажет. 

Ал «омбо» – тибет тілінде «қорғаушы» деген мағына беретін сөз екен. Яғни Омбо – адамның есіміне қосымша сипат беретін қосалқы айқындауыш сөз. Сондықтан да ХҮ-ХҮІ ғасырларда тибеттік буддизмді қабылдаған қалмақтар мен өзге моңғол тілді халықтарда Даян Омбо, Дондог Омбо, Бадма Омбо, Омбо Эрдэнэ, Дархан Омбо деген есімдер кездеседі.

Маңғыстау түбегіндегі Омбы (Оңды) атауына негіз болған қай Омбы? Даян Омбо ма, әлде  Дондук Омбо ма деген сұраққа нақты жауап беру қиын. Қалай болғанда да бұл жерлерде қалмақтардың әр кезеңде болғаны анық. Жоғарыда келтірілген үзіндідегі: «Ағашты, Шонжы, Онды бар» дегендегі «Шонжыны» да қалмақ сөзі деп сеніммен айта аламыз. Моңғол тілінің түсіндірме сөздігінде шонжыға» қатысты «1. Қарауыл қарайтын биік жартас, 2. Төбесіне шығып, алысты шолуға арналған биік құрылыс, 3. Тік құлама тас қабырға» деген анықтама берілген және Шонжы атауы ойраттар (жоңғарлар мен қалмақтар) мекендеген жердің біразында бар.

Даян Омбо мен  Дондук Омбо туралы айтылу үшін қазақтармен іргелес өмір сүріп, ғасырлар жүзінде бірде қату - қаржасып, бірде тату - жарасып өмір сүұрген жауынгер жұрт қалмақтың жалпы тарихына қысқаша тоқталу қажет болады. Тарихта «қалмақ», «жоңғар» деп аталатын көшпелі қауымның түпкі негізгі атауы – ойрат. Ойраттар туралы «Моңғолдың құпия шежіресінде» деректер кездеседі. 1207 жылы Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы солтүстіктегі орман тайпаларына шабуыл жасайды. Құтуға бек бастаған ойраттар Шыңғыс ханның дәргейіне бас ұрады. Кейінірек Шыңғыс хан өзінің қызы Чейжінді Құтуға бектің ұлы Иналчыға, Жошының қызы Қолуйханды Құтуға бектің інісі Төрілчіге ұзатып, ойраттарды сенімді қарашысы етеді. Шыңғыс хан қарамағындағы жұртын түмендерге бөліп құрылымдаған кезде ойраттардың төрт түмені Бауыршы ноянның қарамағында болады. Осы кезеңнен «Төрт ойрат» деген ұғым қалыптасады және ғасырлар жүзінде номиналды сипатқа көшеді. Яғни «Төрт ойрат» конфедерациясы ғасырлар жүзінде бірнеше рет құрылымдалды.
"Ойрат" деген сөздің өзі “ой” - орман, "ард" - халық немесе "орман халқы" деген мағына береді дегенге саяды. Бұдан өзге “өөрд” - өзіміз, яғни жат емеспіз деген мағына білдіреді деп те айтылады.

Шыңғыс хан мен оның ұлдары, немерелері заманында орман халқы ойраттар біртіндеп батысқа жылжи отырып, Арықбұқа, Қайду хандардың иелігіндегі жұрт есебінде қазіргі Моңғолияның Қаңғай тауының батысындағы Завхан өзенінен Алтай тауының шығысына дейінгі жерлерді мекендейді. Шыңғыс хан тұсында Моңғол ұлысының құрамында болғанымен, ол құрған мемлекет бытырау-тарау күйге түсе бастағанда, ойраттар үнемі жеке ел болуға ұмтылып отырған. Моңғолдың ұлы ханы Елбектің (1361-1399) тұсында бұл мемлекет оң, сол, орталық немесе ұраңқай деп үшке бөлінді. Осы үш бөліктің арасында өзара қақтығыстар жыл өткен сайын жиіледі. 1399 жылы өзара қайшылық шегіне жетіп, Махаму мен Угечи Хашигу бастаған ойраттар Елбекті шайқас алаңында өлтіріп, өздерін тәуелсіз билеуші деп жариялады. Ойраттың жауынгер чорас руының билеушісі Махамудың ұлы Тоған тайшы, оның ұлы Есен тайшы заманында Төрт ойрат одағы мейілінше күшейді. Олар ХҮ ғасырда Алтай, Ертістің басы, Баркөл, Құмылға дейін қанат жайды. Тіпті Есен тайшы Қытайдың Мин империясы әскерімен шайқасып жеңіске жетіп, императорды тұтқындап әкетеді. Есен тайшы өз заманында Моғолстанның Уәйіс ханымен қаржасып өтсе, оның ұлы Үзтемір немесе Амасанжы тайшы Сығанақ түбінде Шайбани ұрпағы Әбілқайыр ханды талқандады. Ойраттардың Сыр бойындағы қалаларға шабуыл жасауынан туындаған геосаяси оқиғалар Керей мен Жәнібек бастаған Қазақ хандығының құрылуын тездетті деуге болады.

Есен тайшы өлген соң оның ұлдары Амасанжы мен Борнагал ойраттарды екі бөліп биледі. Осы кезеңнен бастап «ойрат» атауы біршама көмескіленді. Амасанжыға қарасты бөлік кейіннен «жоңғар» (моңғолша – з(ж)уін – сол, ғар – қанат) атауымен тарих сахнасына шықса, Борнагалдың жұрты «дөрбет» деп аталды.  ХҮІ ғасырда Моңғол ұлысының шығысы мен оңтүстігіндегі Қалқа мен Түміт одағы күшейіп, ойраттарды бағындырмақ болғанда, бұлар Алтайдың батыс бөлігі мен Ертіс бойына ығысты. Жалпы тарихта «төрт ойрат» одағының өзі де төрт кезеңнен тұрады. 

1.ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы «Алғашқы төрт ойрат одағын құраушы негізгі тайпалар: торғауыт, шорас, дөрбет, батут болды.

2. ХҮІ ғасырдағы, орта кезеңдегі төрт ойрат одағын торғауыт, шорас, дөрбет, қошауыт құрады. Батут тайпасы ыдырап, оның орнын Ішкі Моңғолиядан келген қошауыттар басты.

3. Кейінгі немесе ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдағы Төрт ойрат одағын шорас, қошауыт, дөрбет, қойыттар құрады. Тайшылардың өзара бітіспес талас-тартыс, сыртқы күштердің араласуы, мал мен жаны өскендіктен жаңа жерлер іздеу мақсатында Төрт ойраттың негізін құраушылардың бір торғауыттардың үлкен бөлігі Хо Өрік тайшының бастауында батысқа қарай бөліне көшіп, 1630-32 жылдары Еділге келіп жеткен. Ойрат тайпаларының батысқа жорығы туралы «Ойрат-Моңғол» атты жинақта былай деп атап көрсетеді: «Ферғана аңғарына, Орта Азияға ойраттардың тигізген тарихи ықпалы өте үлкен. Олардың қытайлардан айырмашылығы – Орта Азия халықтары үшін «жат жұрт» еместігінде еді. Сондықтан да олармен тез сіңісіп, ойраттардың ислам дінін қабылдап кетуі жиі болған.

Ойраттар мен бұл өлкенің қарым-қатынасы ХҮ ғасырдағы Амасанжы тайшының Қыпшақ даласына баса-көктеп кірген әйгілі жорығынан басталады. ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда ойраттар қырғыз, Қазақ, Ноғай, Қарақалпақ, Башқұрт, Хорезм, Ташкентке шабуылдап, Бұқара билеушілерімен әскери одақ құру туралы келісім жасасып, ХҮІІ ғасырдың ортасында Түркіменнің біршама бөлігін бағындырып алған соң Иранның Астрабад өңірін талқандап, Парсы шахына елшілерін жұмсады. 1639 жылы олардың иелігіне Каспий теңізінің Маңғышлақ түбегі кірді». Мұндағы назар аударатын жағдай – ойраттардың ислам дінін қабылдауы. ХҮІІ ғасырдың ортасында буддизмді толықтай қабылдағанға дейін тәңірлік ұстанымдағы ойрат тайпалары арасында исламға өткені де аз болмаған сияқты. Тіпті ойраттардың «қалмақ» атауы туралы бір нұсқа да олардың дініне қатысты болып келеді. Қалмақ деген атаудың қайдан шыққандығы туралы бірнеше нұсқа бар: 1. Қалмақ – түркілік «қалу» етістігінен шыққан (ислам дініне енбей, қалып қойған деген мағынада); 2: Моңғол тілінің халих(у) – «кетіп қалу» немесе «халимаг» – алысқа кеткен деген сөзінен шыққан; 3. Халимаг – бітеу қойылатын шаш. Осы шаш үлгісіне байланысты қалыптасқан. 

Есен тайшының ұрпағы Хо Өрлікке ерген жұрттың тарихқа «қалмақ», ал тағы бір ұрпағы Ердене батыр қонтайшыға қараған бөлігі  «жоңғар» атауымен кірді. 

Қалмақ тарихында жиі аталатын есімнің бірі - Даян Омбо. Ендеше Даян Омбо деген кім болды? Торғауыттың тайшысы Хо Өрлікке ерген өз жұртынан өзге, ХҮІІ ғасырдың жүзінде Еділге қарай бет түзеп көушілер көп болды. Бірбеткей қолбасшы Хо Өрліктің өзіне сөзін өткізіп жүрген, онымен ниеттес болған қалмақтың ірі билеушілерінің бірі – дөрбеттің Далай батыр тайшысы болды. Ол да Есен тайшының ұлы Борнагалдан тараған белгілі әулеттен еді. Далай тайшы туралы орыс деректерінде жиі айтылады. Даян Омбо - осы Далай тайшының ұлы. Орыс тарихшысы И.Я.Златкиннің дерегінше, 1663 жылы қошауыттың 3 мың түтінін Көнделен Убашы тайшы, дөрбеттің 1 мың түтінін Даян Омбо тайшы бастап Каспий теңізінің солтүстік-шығысына келген. Даян Омбоның Каспий теңізі аймағында қанша тұрғаны белгісіз. Біраз жылдар бойы мекендегені анық. Онды атауына негіз болған деп болжанатын Даян Омбо - осы дөрбеттің тайшысы. 

Дондук Омбының да бұл өлкеге қатысы болуын жоққа шығаруға болмайды. Маңғыстау түбегіне жорық жасап, мекендеген делінетін қалмақ әйгілісінің бірі – Дондук Омбо. Ол да торғауыттардың билеуші әулетінен. Бергі атасы – Еділдегі Қалмақ хандығының бірінші ханы Аюке, арғы атасы – Шыңғыс заманындағы Керей хандығының билеушісі – Тұғырыл хан. «Торғауыт» деген сөздің өзі турхаг – «ұзын бойлылар» деген мағына беретіндігін ескерсек, бұл қауымның негізінде күзет, қорғаушылық қызметін атқаратын ұзын бойлы, таңдамалы жауынгер жасақтың негізі жатыр. Қазақ тіліндегі «тұра», «ұзынтұра» сөздері торғауытпен туыстас. Шыңғыс хан заманында осы жасақты өзіне бағынған керей Уаң ханның ұрпақтары басқарса керек. Кейіннен бұлар торғауыттың билеуші әулетіне айналған. Яғни 1. Маркус Бұйрық хан, 2. Құршақұс Бұйрық хан, 3. Уаң хан Тұғырыл, 4. Амғылын, 5. Киуаң, 6. Содсай, 7. Баяр, 8. Махачимөңке, 9. Бұйғу өрлік, 10. Зұлзығын өрлік, 11. Хо өрлік, 12. Шүкір дайчин, 13. Пунцаг, 14. Аюке хан, 15. Гүнжав, 16. Дондук Омбо хан. Тұғырыл хан әулеті торғауыттарды, жалпы Еділдегі қалмақтарды күні кешеге дейін биледі.

Жастайынан жауынгерлікті жанына серік еткен Дондук Омбо хан атасымен бірге айналасындағы жұрттарға шабуылдарға қатысады. Сол елдердің бірі – қазақтар еді. 

Қалмақтың алғашқы ресми ханы Аюке өзінің көзі тірісінде үлкен ұлы Шагдаржапты мұрагері ретінде атағанымен, ол 1722 жылы қайтыс болады. Оның орнына келесі ұлы Цэрэндондогті Ресей императорының келісімімен тақ мұрагері етіп жариялайды. 1724 жылы Аюке хан дүниеден өткен соң ұлдары мен немерелері арасында таққа дәмелілер көбейеді. Ақыры ел ішінде беделі аз Цэрэндондог хан тағына отырады.  

Аюкенің немересі Дондук Омбо ханға қарсылар тобын құрып, күреске дайындалады. Хан бұларға қарсы әскер жұмсайды. Шайқаста жеңілген Дондук Омбо иелігіндегі жұртымен Түрік сұлтандығы ықпалындағы Кубань даласына барып, Осман империясының бодандығын қабылдайды. Түріктердің осы өңірде күшеюінен сақтанған Ресей патшалығы Дондук Омбоны Қалмақ билеушісі деп таниды. Сөйтіп ол түріктерге қарсы шайқасқа кіріседі. 

Оның хандық құрған уақыты тыныштықпен өтпепті. Бірінші әйелінен туған Галдан Норбо атты ұлын емес, екінші әйелі, кабардин князінің қызы Жаннан туған Рандулды тақ мұрагері етіп жариялағаны үшін Галдан Норбо 1738 жылы қазақтарға қарсы шабуыл кезінде әкесіне қарсы көтеріледі. Орыс билігінің араласуымен татуласқанымен, 1740 жылы Қазан қаласында белгісіз себеппен қаза болады. Бұл туралы қалмақ фольклорында Дондук Омбоның қаталдығы жөніндегі аңыздар тараған. Дондук Омбо 1741 жылы 21 наурызда дүниеден өткен соң, жесірі Жан мен ұлы Рандул тақ таласында жеңіліп, 1743 жылы Санкт-Петербургке кетіп, сол жақта христиан дініне өтеді. Міне, Дондук Омбо туралы айтылар мәліметтер осындай. Орыс, қалмақ, моңғол тілдеріндегі жазба деректерде, аңыздарда Дондук Омбоның билік жолында неден болса да тайынбайтын мансапқұмар, әрі аяусыз қатігез адам екендігі айтылған.

Қорыта айтқанда қалмақ жұртының осы екі билеушісі де өздерінің дәурені жүрген шағында қазақ жерінде, соның ішінде Маңғыстауда қанды ізін қалдырғаны анық. Сол бет қаратпас от-жалын дәуірдің сөнген күлінің орны, көрешікті күндердің көмескі белгісіндей болып тарихи атаулар қалған екен. Сөйлете білсек, әрбір төбе, әрбір сай осылай өткен тарихтан сыр шертеді. Онды ауылының атауына арқау болған тарихтың бір парасы осы екен. Асыра айтылғаны мен кем түскен, мүлт кеткен жері болса, алдағы күнде тың деректермен толықтырыла жатар деген сенімдеміз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар