Он үш жасында съезге делегат болған

Бөлісу:

07.08.2013 5492
pbzi.jpg
       

Қазақ қыздарының арасында ерлігімен, өнерімен даңқы шыққан қыздары аз болмаған. Солардың ішінде ақын Зияш Қалауованың орны ерекше. Зияш Қалауова 1921 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданына қарасты Ащысай кенішінде дүниеге келген. Бала күнінен ақындыққа жаны жақын болған Зияш Қалауова 1932 жылы Шәуілдір ауданындағы бұрынғы «Кеңес» колхозының жеті жылдық мектебіне оқуға барады. Мектепте оқып жүріп, 13 жасар ақын қыз 1934 жылы Қазақстан Жазушыларының I съезіне қатысады. Өз заманында бұл жағдай елді елең еткізген оқиға болатын. Алматыда 1939 жылы өткен Қазақстан Жазушыларының II съезінің делегаты болып сайланып, тағы да зиялы қауымның назарына іліккен еді. Осы съезден соң Зияш Қалауова 17 жасында Қазақстан Жазушылар Одағына мүше болып қабылданады. Ақындықты жанына серік еткен Зияш Қалауова өмірде ұстаздық жолды таңдады. Түргендегі мұғалімдер курсын оқып, жоғары білімін Абай атындағы педагогикалық институтта жалғастырды. Еңбек жолын Ұйғыр ауданындағы Ақсу мектебінде мұғалім болып бастаған. Небәрі 31 жыл өмір сүрген ақын артына мол мұра қалдырды. Оның «Шолпан», «Кавказ шыңында», «Бейбітшілікті сүйеміз», «Алғыс» атты жыр жинақтары соғыстан қалжыраған халықтың рухын көтеруге өз үлесін қосты. Ақынның мұралары туралы бірнеше естеліктер қалдырған Мәриям Хакімжанова болатын. Қазақ әйелдерінің шығармашылығын зерттеген Мәриям Хакімжанованың айтуы бойынша жазып алынған қаламгер Мағира Қожахметованың еңбектерінде бұл туралы көп жазылды.

     «Мен Зияшпен 1939 жылы таныстым. Сол жылы Қазақстан жазушыларының II съезі болды. Жас ақын қыз сол съезге делегат болып, Алматыға келді. Ол кезде мен Жазушылар одағында қызмет істейтін едім. Сол күннен бастап апалы-сіңлілі болып кеттік. Зияштың маған ұнағаны балалық, адал мінездері мен бауырмалдығы, батылдығы мен шыншылдығы болды. Оның балғын ойынан, жарқын жүзінен, ботаның көзіндей үлкен қара көздерінен қулық-сұмдық сезілмейтін. Ол көргенін де, оқығанын да ұмытпайтын алғыр болатын. Жайдары мінезді, ақкөңіл Зияш баламыздай еркелер еді. Ақын қызымыздың еркін араласып, еркелей сөйлеп келетін үйлері Әбдіқадыров Қалмақандікі, Әбу Сәрсенбаевтікі, үшінші біздің үй. Зияш осы үш үйдің ортасында үкідей болып жүретін. Жазған жаңа өлеңдерін де алдымен бізге оқитын. Айтқан пікірлерімізді өз ой елегінен саралап өткізіп, дұрыстығына көзі жеткенде ғана қабылдар еді. Көнгісі келмесе, томырайып қалатын, бір¬беткей мінезі өзіне жарасып тұратын» деп естелік қалдырған Мәриям Хакімжанова Зияш ақынның 1950 жылдың жазында Бейбітшілікті жақтаушылардың Москвада өткен Бүкілодақтық екінші конференциясына Қазақстаннан З. Қалауова мен Мұқан Иманжанов делегат болып қатысқаны туралы да деректерді қалдырды: «Осы сапардан оралған Зияш өте көңілді, шабытты, сергек келді. Бейбітшіліқ, достық тақырыбына түйдек-түйдек өлеңдер жазып, бұрқыратып газет-журналдарға жариялап жүрді. Сол өлең¬дерінің кейбірі моңғол тіліне де аударылғаны есімде» дейді М.Хакімжанова. Зияш қандай тақырыпқа өлең жазса да, оның еңбектері оқушы қауымға тастай батып, судай сіңіп кететін. Ол халық тілін, халық қалауын, халық ұғымын жақсы білетін.Зияш ақын «Ана болғым келеді» атты өлеңінде: 
 
Ана болғым келеді, ана болғым,
Бөбегі жоқ ананың жүзі солғын.
Нәрестенің иісін аңсағанда,
Күмбірлеген көкірегім шерге толдың.
Ана болғым келеді, бала сүйіп,
Бала десе кетеді кеудем иіп.
Бір перзенттің зар болып іңгәсына,
Қиялыммен күңіреніп, тарттым күйік...
Ана болғым келеді, арманым сол,
Ақ күн туып алдымнан, ашылсын жол.
Ата-ана атансақ бақыттымыз,
Табиғатқа табынып, созамын қол!   
Созамын қол! – деп жырлайды. 

Әйел адамның бақыты – ана болу. Ақын бұл бақытқа қолы жеткенде өмірмен ерте қош айтысты. Бақыттың дәміне ерні жаңа тигенде бала көтеріп, босанғанда дәрігерлердің салғырттығынан уақтылы бақылаусыз қалып талықсып, 1952 жылы 1 маусымда жарық дүниемен қоштасып кете барған. Қайтыс болғаннан кейін ақынның жырлары мен өмірі туралы Мәриям Хакімжанова, Мағира Қожахметова, Құлбек Ергөбек сынды қаламгерлер оқырмандар арасында насихаттап, бірнеше еңбектер жазды.
 
       
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданындағы Шәуілдір орта мектебі ақын Зияш Қалауованың есімімен аталады.


Дайындаған: Нұрсерік Жолбарыс

Қайнар көз: www.baq.kz порталы

Бөлісу:

Көп оқылғандар