Ахмет Байтұрсынұлы: Баулу мектебі

Бөлісу:

12.07.2016 11243

Мектептерге «баулу» деп ат қойылғаны 7-8 жыл болды. Сонан бері тек болмаса, ісі баулу түрге айналған мектептер əлі аз. Көбінің-ақ аты «баулуға» айналғанмен, ісі бұрынғыша жүріп жатыр. Себебі оқытушылардың көбі баулу мектебінің атына қанық болғанмен, затына қанық емес; затына қанықтардың да көбі түсіне жетік болғанмен, ісіне жетік емес. Сондықтан «баулу мектептің» атын да, затын да жақсы білетіндердің көбі де «баулу» ісін жөндеп жүргізіп, дұрыстап алып кете қойған жоқ. Баулу мектеп жөнделіп жүре бастаған жерлерге қарасақ, бəрі де қаржы мен маданыйат (мəдениет) қатар тұрған жерлер екенін көреміз. Олай болатұн мəнісі – баулу мектеп Еуропа мен Əмерикенің маданыйаты мен байлығын бойлап өсіп, аспанға таласқан басына қырағы зейін барып салған қыран ұясы сияқты түрдегі мектеп.

Баулу мектеп баланың табиғатына жақын, тұрмыс ісіне үйлесімді мектеп болғандықтан, бала үйретуді баулу түрге түсіру керек деген пікір Ресейде туғалы да біраз заман болды. Патша үкіметінің тұсында мектептерді «баулу» түрге түсіру керек деушілер болса да, үкімет мойны оған жар бермейтін. Баулу мектеп бала тəрбиелеу жүзіндегі көсемдердің көңіліндегі іздеген мүддесі, көздеген мұраты есебінде жүрген мектеп еді. Үкіметінің қарасы өшкен соң-ақ баулу мектепті жарыққа шығару шарасы істеле бастады. Əлі күнге дейін баулу мектептің аяғы жерге тимей, тек мақсат пен мұрат түрінде болып, ұсынса қол жетпейтін себебін баяндаудан бұрын баулу мектеп дегеннің мазмұнына қандыру үшін атына сəйкес затында несі барлығын, жана (жəне) да бұрынғы мектептерден мұның айырмасы қандай, артықтығы қанша екендігін айтып кетсе, босқа уақыт алатын керексіз сөз болмас деймін. Оны білгеннен кейін баулу мектептердің тоғыз ай көтергенде де, тоғыз күн толғатқанда да не шала туып, шалағайлық қылып жатқаны немесе тіпті дүниеге келе алмай жатқан мəнісі мен себептері аса баяндаусыз да түсінікті болар деймін. «Баулу» деген сөз жаңа мектептің атына да, затына да дөп келеді. Баулу мектепте балалар «баулу» түрде үйретіледі. Қазақ тілінде «баулу» деген сөз үйретудің қай түріне айтылады? Қасқыр күшігін жеуге баулығанда, қорадан қозы ұрлап апарып баулиды. Мысық баласын тышқан ұстауға баулығанда, тышқанды тірілей əкеп беріп, қашырып ұстатып, баулиды. Қазақтың ескі жырларынан, ескі сөздерінен батыр болғандарды қалай баулып батыр қып өсіргендерін көреміз, батырлар басқалардың балаларын қалай баулып өсіргенін көреміз. Мəселен, Шыңғыс ханды жасында баулыған Шолақ қол батыр тас атудан бастап, садақ пен құс атуға дейін баулыған. Адам арқасына мініп қару қылудан бастап, ат арқасында қару қылуға дейін баулыған. О заманда би болғандар би мектебінде баулынған, яғни биге атшы болып, бірге жүріп, бірге тұрып, бітірген істердің ішінде бірге болып, баулынып, би болған.

Үйрету бастапқы кезде қайда да болса, «баулу» түрде болған. Оқу – беріде шыққан үйрету түрі. Баулудан шығып бала үйрету, «оқу түріне түсіп кетуі, оқу түріне түскенде де жалаң оқу түріне түсуі тіршілік түріне қарай болған. Тіршілікке керектің бəрі табиғаттан алынады. Сондықтан үйрету «жалаң оқу» түрге айналуы адамның табиғат тану түріне қарай болған. Табиғаттың күші мен ісін бөлектеп (схоластика), күшін көкке шығарып, ісін жерге қалдырып, табиғатты жанынан айырып, өлікке айналдырғанда, үйретудің түрі «жалаң оқыту» сияқты өлі түрге айналған.

Он жыл оқып жазу білмеген «оқу» өліге болмаса, тіріге керек болмаған. Қазақ баласын молдаға бергенде, намаз сабағын білсін, өлгенде басымызға Құран оқи білсін деген мақсатпен беретін. Намаз оқу да, Құран оқу да – өлген күнге, о дүниеге ғана керек қылатын нəрсе. Оқудан о күнде тірлікке пайда күтпеген. Ақырет қамы үшін ғана бала оқытқан. Өлі білім үшін берген баланы «өлі оқуға» үйреткен. Бергі замандарда ғана қазақ балалары орыс мектептерінде оқып, дүниесіне керек білім үйренетін болған шақта, қазақ мектептерінде үйрету «төте оқу» түріне түсіп, оқумен қатар жазу үйренетін болған шақта қазақ баласын мектепке Құран оқу мен намаз сабағын білуден гөрі дүниесіне керек басқа мақсатпен беретін болған.

Қазақ тəртіптеп мектеп ашып, тəрбиелеп бала үйреткен жұрт емес. Сондықтан қазақта бала үйрету, тəрбиелеу тарихы да қысқа, сол қысқа тарихынан да бала үйрету түрі, жұрттың керек қылуына қарай, түрленгенін байқаймыз.

Қай жұрттың да болса, мəдениет есігінде отырған заманы болған. Мəдениет есігінде отырған шағында олардың да бала үйретуі «баулу» түрде болған. Олар да үйретудің «өлі оқу» түрін де бастарынан кешірген. Олар да «өлі оқуды» жандандырып, «төте оқу» түріне түскен. Онан бері келе «төте оқуды» да жандандыру үшін «көрнекі оқу» түріне түскен. Ақырында қайтадан «баулу» түрге түсіп отыр.

Мұнысы несі? Кер жайылу ма? Болмаса басқа бір мəнісі бар ма? Сырттан қарағанда, кер жайылу сияқты да, ішінен қарағанда, тек кер жайылу болып шықпайды. Бұрынғы «баулу» мен бүгінгі «баулудың» түрі бір болғанмен, сыры бір емес, үйреткені о күндегі тұрмыс түрі мен бұ күндегі тұрмыс түрі бір емес. Тұрмыс түрі басқа болған соң баланы баулығанда үйрететін істің түрі де басқа болады. О күндегі тіршілік шарасына істелетін істің түрі аз болған соң, баланы баулып үйрететін əдістің де түрі аз болған. Бұ заман – машина заманы. Машина заманындағы тіршілік ісінің бəрі де машиналы. Бұрын қолмен істелетін керек-жарақтың көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрын көлікпен істелетін жұмыстың көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрын күшпен істелетін қиянат, зорлық сияқты істердің көбі бұл күнде машинамен істеледі. Бұрынғы батырлық, қайрат бұл күнде машинамен істеледі. Солай болған соң бұрынғы «баулу» мен бүгінгі «баулудың» тек түрінің бірлігі болмаса, қазіргі «бала үйрету» қайта жайылу емес. Табиғи жолынан ұлағып шығып кеткен үйрету беттің ілгергі алдын түзету болады.

«Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бəрінің асылы – оқу. Оқу біткеннің бəрінен алатын білім – өлі білім. Үйткені оның бəрі де нəрсенің өзімен, затымен айналыстырып үйретпей, тек нəрсенің атымен, бернесімен ғана айналыстырып үйретеді. Бəрі де істің əдісін үйретпей, тек мəнісін үйретеді. Сондықтан оқу мектептерінен шыққандар да мəнісін білім мол болғанмен, əдіс білім аз болады. Əдіссіз тек мəніс білімі – өлі білім. Тіршілік – тірлік шарасы. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мəніс білімі мен əдіс білімін қатар үйренгенде білмек. Тіршіліктің ең оңай ісі – қазық істеу немесе қарындаш ұштау. Бірі шотпен, екіншісі пышақпен істеледі. Шотты қалай ұстап, қалай жону мəнісін түсіндіріп, əбден білдіргенмен, шот шауып, пышақпен жонып əдісін алмаған адам қазықты да дұрыстап істей алмайды, қарындашты да дұрыстап ұштай алмайды. Тіршілік ісінің оған керек білімінің мысалдары осы. Бұл көрсетілген – тіршіліктің ең ұсақ, ең оңай ісі. Ұлы істердің əдісі де ұлы болады. Ұлы əдісті үйрету де, үйрену де қиын болады. Ұсақ істің істеу мəнісін білгенмен, істеу əдісін білмей, дұрыстап істеуге болмаса, ұлы істі дұрыстап істеуге болар ма?

Мектепке бала бергенде, ата-анасы баланы тұрмыс ісіне қайым болып, өмірдің азабын көрмей, рахатын көргендей адам болып шықсын деген үмітпен береді. Мемлекет жұрттың баласын үйреткенде, о да сөз үйренген балалар тұрмыс ісіне шебер болып, өзіне де, мемлекетке де пайдалы адам болып шықсын деген мақсатпен үйретеді. Оның үстіне Сəбет (Совет) үкіметі тіршілік негізі – еңбек. Адам күн көруі көптің еңбегімен. Мектепте балалар жасынан еңбекке баулынып көптесіп, көлемдесіп, қоғамдасып іс қылып үйреніп, еңбекті іске дағ- дыланып, еңбекті сүйіп, шын еңбекші болып шығарға ке- рек деп отыр. Ортақшыл тұрмыстың тасын қалаушы болып шығуын көздейді.

Мектептің міндеті – берген баланы ата-анасының үміті мен мемлекеттің мақсатындағы көздеген түрде адам қылып шығару. Бұл міндетін дұрыстап атқару үшін көздеген мақсатқа керек істерді дұрыстап істеу тиіс. Қалай үйреткенде бала көздеген түрдегі адам болып шықпақ? Мəселенің қисыны – осы жерінде. «Өлі оқу» – о дүниедегі іске үйретпеген, сондықтан о түрлі оқу тіршілік мақсатындағы іске үйлеспейтіні көрініп тұр.

«Төте оқу» нəрсенің, істің затын алмай, атын ғана алып, құр сөз түрінде үйреткен. Сөзбен үйреніп, сөз жүзіндегі іске шебер болуға болады, бірақ тіршілік ісі жалғыз сөз жүзінде емес. Сөзге қарамайтын тіршілік істері толып жатыр. Ол істерге істеп, үйреніп, шебер болмаса, сөзбен үйреніп шебер бола алмайды. «Көрнекі оқу» нəрсенің затын, ісін көрсетіп үйретеді. Көріп үйрету баланың табиғатына жақын дейді. Бала мектепке барғанша 5-6 жылдың ішінде бір талай білім білетіні рас. Бірақ ол білімді жалғыз көрумен ғана емес, көргенін еліктеп істеумен үйренеді. Солай болған соң тек көрсетумен болып, істетпей үйрететін «көрнекі оқу» да көздеген мақсат түрдегі тіршілікке лайық адамдар жасап шығара алмайды. Өйткені нəрсені көріп білу, білу мен істеп білудің арасы – көш жер. Нəрсеге ісің түсіп қарағанда байқауың мен ісің түспей қарағандағы байқауың – екеуі бірдей болмайды. Нəрсеге тек жүріп қарасақ, тек көреміз де өтеміз. Нəрсеге жұмыспен келіп қарасақ, олай болмайды. Тоғай талын тек тамашаға аралап барып байқауымыз бен құрықша іздеп аралағандағы байқауымыз бірдей болмайды. Тоғай толының жайын тамашаға аралағаннан құрықша іздеп аралағанда, əлбетте жақсырақ білсек керек.

«Көрнекі оқу» мен бала үйрету тоғай талын тамашаға апа- рып танытқан мыйсалды да, «баулу» мен бала үйрету тоғайдан балаға құрықша іздетіп танытқан мыйсалды. «Көрнекі оқу» мен «баулу» екеуінің арасындағы айырмасының асылы осы.

«Өлі оқудан» көрі «төте оқу» беретін білім жандырақ. «Төте оқудан» гөрі «көрнекі оқу» беретін білім жандырақ. «Баулу» беретін білім бəрінен де жандырақ. «Баулу» асылында дағдылы шағындағы тіпті «бала оқыту» емес, тіршілік ісіне тігілей түсіру. «Баулу мектеп» дағдылы мағынадағы мектеп болмай, толып жатқан ұйым, қоғамдардың бір түрі сияқты боларға керек. От басы, ауыл аймақ, ел, жұрт болып немесе қостас, шығырлас, арықтас, соқалас, артел, каператсыйа (пайдалас) болып, ұйымдасып іс қылмай ма? «Баулу мектеп» – бұрынғыдай тек мектеп емес, əлгі айтылғандар сияқты, адам ұйымдарының бір түрі.

«Баулу мектеп» – нəрседен нəрсе жасап, тауар қылып шы- ғаратын пабірік, зауыт сияқты да орын емес, өзінен-өзі өсерлік жағдай жасап, бəрін бəрін даяр күйінде беріп, балапан шығаратын жұмыртқа сықылды да орын емес, ұйым түрінде іс қылып, іс жүзінде білім алып, еңбекті сүйетін шын еңбекші болып, ұшқанда алатын нəрсесіне ұяда баулынған қыран баласы сияқты жастар шығаратын орын.

Дағдылы оқу мектебін «баулу» мектепке айналдырып, қыран ұясындай ету үшін не керек болатынын алдағы əңгімелерге қалдырып, осымен сөзді тоқтата тұрамыз.

«Жаңа мектеп» 1925.

№1. Б. 24-27.

Ескерту: А.Байтұрсынұлының бұл мақаласы бұрынғы жинақтарда жарық көрмеген, кейіннен табылған мұралар қатарына жатады.

Қазіргі қаріпке түсіріп, 2000 жылы ҚР БҒМ ҰҒА-ның хабарлары, Тіл əдебиет сериясының 3-санына алғаш жариялаған – Орынай Жұбаева.

2009 жылы «Жалын» журналының №6 (Б.37-39), 2010 жылы

«Қазақ əдебиеті мемлекеттік тіл» басылымының №5 (Б.2-3) санында жарық көрді.

Мақала «Жаңа мектеп» журналының 1925 жылғы №1 са- нында жарияланған. Бұл журналда А.Байтұрсынұлының мақалалары жиі жарияланып тұрған: «Түрікшілер құрылтайы, Ана тілінің əдісі, Дыбыстарды жіктеу туралы, Түзетілген əріп, Жалқылаулы-жалпылаулы əдіс» т.б.

Ғалым қудалауға түскенде оның мақалаларын жиі жариялағаны үшін «Жаңа мектеп» журналының алғашқы редакторы, қазақтың біртуар азаматтарының бірі – Молдағали Жолдыбаевтың қудалауға түскендігі туралы мəлімет берілген.

Мақала 2003-2006 жылдары басылым көрген ғалымның бестомдық жинағына кірмеген. Көптомдыққа бірінші рет еніп отыр.

Ахмет Байтұрсынұлының 6 томдық

шығармалар жинағынан алынды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар