Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
У
Уәлихан Қалижанов

Уәлихан Қалижанов

Уәлихан Қалижанұлы Қалижанов (1948, Алматы обл,.) – филология ғылымдарының докторы (1999), Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі (2013).

2012 жылдың ақпан айынан бастап У.Қ.Қалижанов – ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры.

1966-1971 жж. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыды. 1971 жылдың желтоқсан айында Алматы облыстық «Жетісу» газетіне алғаш жұмысқа қабылданып, 1978 жылға дейін меншікті тілші, аға тілші қызметтерін атқарады. Осы қызметте жүріп С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасын сырттай аяқтады. 1978-1979 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің (Алматы қ.) Насихаттау және мәдени-бұқаралық жұмыстар бөлімінде нұсқаушы болып жұмыс істейді. 1979-1980 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті Насихаттау бөлімінің баспа секторын басқарды. 1980-1986 жылдары республикалық «Ұлан» («Қазақстан пионері»), 1986-1994 жылдары республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінің бас редакторы болып жұмыс істеді. Редакторлық қызметте жүріп, У.Қалижанов ұлттық жаңа баспасөздің дамуына, оның еркіндік жолына түсуіне көп еңбек жұмсап, жас буын қаламгерлердің өсіп шығуына қамқорлық етті, көсемсөздің уақыт талабына орай өзгеруіне, соны өрістерге беттеуіне мұрындық болды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1995 жылы Қазақстан Республикасы Баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрінің орынбасарлығына тағайындалып, одан соң Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 1996-1998 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы; 1998-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тілдерді дамыту департаменті директорының орынбасары болды. Сонымен бірге, 1999 жылы ҚР Парламент Сенатының баспасөз хатшысы міндетін атқарды.

1999-2011 жылдар аралығында У.Қалижанов – Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің ІІ, ІІІ, ІV шақырылымдарының депутаты. Осы уақыт аралығында ол Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелігінде болып, түрлі маңызды шаруаларға араласып жүрді.

У.Қалижанов 1978 жылы «Ақмолла ақынның өмірі мен творчествосы» тақырыбында кандидаттық диссертациясын, 1999 жылы «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым (ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басы)» атты докторлық диссертациясын қорғаған.

1998 жылы Уәлихан Қалижановтың «Мәшһүр Жүсіп» (Алматы: «Атамұра»), «Президент: көзбен көргендер мен көңілге түйгендер» (Алматы: «Шартарап»), «Жәдитшіл жырлар: Тарихи зерттеулер» (Алматы: «Санат») атты бірнеше еңбегі жарық көрді. Олардың көпшілігі автордың филологиялық зерделеу нысанындағы діни-ағартушылық ағым мәселесіне арналған зерттеулерін, тың ғылыми тұжырымдарын, жаңа заманға сай толымды толғаныстарын қамтиды. 2008 жылы Гулия Георгийдің «Омар Хайям туралы аңыз» атты романы (2-том) У.Қалижановтың аудармасында жарық көрді. Осы жылы оның «Сыр сандықты ашып, қара» (Алматы: «Құс жолы»), «Көңіл көкжиегі» (Алматы: «Құс жолы»), «Қазақ әдебиетіндегі діни-ағартушылық ағым» (Алматы: «Құс жолы») атты көлемді еңбектері де баспа бетін көрді. Сонымен қатар, 2010 жылы очерктер мен әдеби публицистикалардан тұратын «Замана сыны» (Астана: «Астана полиграфия»), 2011 жылы Елбасының Қазақстанды Әлем таныған мемлекет ретінде қалыптасуындағы жеке рөлі сараланған көркем пуб­лицис­тикалық мақалалалардан тұра­тын «Ел мен Ер» (Алматы: «Құс жолы») кітаптары жарық көрді. 2012 жылы соңғы уақытта баспасөз бетінде жарияланған ғылыми мақалалары мен эсселерін қамтитын «Ойкөз» атты зерттеу кітабы жазылды. Ал 2013 жылы «Жамбыл» (Алматы: «Әдебиет әлемі») атты ғылыми-танымдық монографиясы жарияланды.

Соңғы екі жыл көлемінде У.Қалижанов Қазақстанның және әлемнің жиырмадан аса елдерінің түрлі республикалық, халықаралық басылымдарында қоғамдық, саяси, мәдени тақырыптарда 500-ден аса публицистикалық және ғылыми мақалалар жариялады.

Уәлихан Қалижанов ҚР Жоғарғы Кеңесі грамотасымен, «Астана» медалімен (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» меретойлық медалімен (2001), «Қазақстан конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медалімен (2006), «Астананың 10-жылдығы» мерейтолық медалімен (2008), «Құрмет» орденімен (2011), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен (2011) марапатталған. 2004 жылдан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері», 2012 жылдан гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздiк ғылыми зерттеуі үшiн Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері.

Көп оқылғандар