Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
С
Сержан Шакрат

Сержан Шакрат

Сержан Ысқақұлы Шакрат – республикадағы маңдайалды үздік домбырашылардың бірі, ел арасынан шыққан тума талант, «төкпе» күй өкілі. Ол домбыра тартудың халықтық ежелгі үлгісін бойына дарытқан. Маңғыстау күй дәстүрінің қазіргі ту ұстаушысы. Атақты Алым Жаңбыршин, Шамғұл Ыбраимов, Мұрат Өскінбаев сынды домбырашылардың лайықты шәкірті. Маңғыстаудың күй орындау шеберлігін шыңдап, оны бүкіл елге және шет жерлерге танытып, таратқан майталман.

Ол 1939 жылы Маңғыстауда туған, білімі жоғары. Қазақстан Мемлекеттік университетін 1961 жылы бітірген, журналист.

Маңғыстауға тән аңыз, айтыс күйлерді тарихи қызғылықты әңгімелермен орындауы өте әсерлі. Мәселен, «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Нар идірген», «Үш ананың айтысы», «Құлшардың кемпірмен, қызбен тартысы», «Есірдің Хиуа сапары» атты топтама күйлерді тарихын айта  шебер тартуы ел арасында кеңінен белгілі. Ол Маңғыстаудың  ескілікті халық күйлерімен қатар атақты халық сазгерлері Абыл, Есір, Есбай, Өскінбай, Құлшар, Қартбай, Мұрат, Алым шығармаларын мәнерлі орындаушы, өзіндік ерекшелігі мол. Маңғыстау күйшілерінің бүгінгі ең көрнекті өкілі деп танылады.

Сонымен қатар ұлы сазгерлер Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап шығармаларының да бір қатарын жоғары деңгейде өзінше жетік меңгерген.

Ол сондай-ақ Маңғыстаудың ежелгі жыр-терме саздарын иеленген бірден бір өнерпаз. Шынайы адай әуендерінің 20 шақты нұсқасын домбырада мәнерлі орындайды.

Шакрат Сержан Ысқақұлы – бұрынғы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының бірнеше дүркін және «Жолдас ән» («Товарищ песня») телефестивалінің лауреаты.

1985 жылы Ленинград этнографиялық институтының шақыруымен осы институтта, Черкасов атындағы театр, кино, музыка институтында лекция – концерттер берді. 1987 жылы Самарқанда өткен халықаралық музыка симпозиумына қатысты. Сол симпозиумның қорытындысымен шыққан «Концерты в Регистане» деген күйтабаққа орындаған шығармасы енді.

«Дала саздары» сияқты халықаралық дәстүрлі музыка фестивальдарына тұрақты шақырылып жүрген ең белді аспапшылардың бірі.

1989 жылы «Азия даусы» фестивалінің ең алғаш ашылуына қатысты. Тағы да сол жылдың желтоқсан айында Қазақстан халық шығармашылығының Мәскеудегі есепті концертінде ойнады. 1990 жылы маусым айында Киевте өткен 2-халықаралық фольклор фестивалінің лауреаты болды.

Ол екі рет «Күй керуен» фестиваліне қатысып, «Алтын домбыра», «Алтын қобыз» сыйлықтарын алды. Және екі рет «Мәңгілік сарын» күй мерекесіне қатысып, соңғысында (2008) «Дәулескер» атағын иеленді.

«Шакрат Сержан Ысқақұлы күй тартады» атты телефильм түсірілді және ол «Прикосновение» деген деректі киноның бір кейіпкері. 2008 жылы «Ел» продюсерлік орталығы осы төкпе күй шебері туралы «Телағыс» киносын түсірді. 1985 жылы оның орындауында «Маңғыстау күйлері» атты үлкен күйтабақ, 2001 жылы осы аттас аудиокасета, ал 2002 жылы «Ақжарма», 2007 жылы «Мұра – Домбыра» және 2009 жылы «Дәулескерлік дәстүр» атты дискілері (CD, DVD)  шықты. Оның әсерлі де өрнекті оң қол қимылдарымен орындайтын «Кербез керік», «Бөгелек», «Көроғлы», «Терісқақпай», «Жаңылтпаш» т.б. күйлері домбырашылар құмар болып үйренетін ерекше шығармаларға айналды.

Маңғыстау облыстық филармониясының «Ақжарма» атты фольклорлық этнографиялық ансамблінің домбырашысы, осы ансамбльмен Түркияға, Францияға барған. Одан басқа 1989-2002 ж.ж Францияда (3 рет), Италияда, Швейцарияда, Бельгияда, Испанияда, Америкада әдейі шақырумен фестивальдарда өнер көрсетті.

Өзінде қорланған Маңғыстаудың күй мұрасын келесі ұрпаққа беруге, жас таланттарды тәрбиелеуге зор көңіл бөледі. 1993 жылы ашылған Маңғыстау өнер колледжінде ол үшін әдейі енгізілген «Маңғыстау саздары» класын жүргізеді, бұған дейін 1991-1993 ж.ж. Ақтаудағы №2 қазақ өнер мектебінде сабақ берген еді. Астана музыка Академиясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында және Атырауда, Ақтөбеде мастер кластар өткізді.

Қазақ өнері, оның ішінде Маңғыстау өнері, фольклоры жайында облыстық телеарнада «Маңғыстау мақамдары», «Ауыл айтқыштары» атты қызғылықты хабарлар ұйымдастырды. Күй үйреткен телесабақтар жүргізді.

С.Шакраттың аты сықақшы қаламгер ретінде де белгілі. Оның жазған көптеген әзіл – сықақ әңгімелері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланып, «Тамашаларда» ойналды. 2001 жылы «Күте тұрыңыз», 2007 жылы «Маңғыстау күлкісі», 2011 жылы «Маңғыстау күлкісі 2» атты күлдіргі әңгімелер жинақтары жарық көрді.

Домбырашы Маңғыстау күйлерін жинақтап, реттеп бір жүйеге келтіру бағытында да үлкен еңбек етуде.

Оған 1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері», 1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры атағы берілді. «Құрмет» орденімен, «ҚР Конституциясына 10 жыл», мерекелік медальдімен марапатталды.

Үш рет Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан музыка қоғамының Грамотасымен дәріптелген. Ол – Ақтау қаласының Құрметті азаматы және Маңғыстау облысының Құрметті азаматы (2012 ж.).

 

Көп оқылғандар