Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Қ
Қонысбай Әбіл

Қонысбай Әбіл

Қонысбай Әбіл
Рейтинг:
Өмірбаяны

Қонысбай Әбіл1954 жылы 21 мамырда Қостанай облысы, Жангелдин ауданында туған. 2022 жылы желтоқсан айының 3 күні дүниеден өтті. Қазақстанның халық ақыны, белгілі айтыскер, сатирик, композитор, журналист Қонысбай Әбіл 1954 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданының «Көкалат» ауылында өмірге келді. 1977 жылы Ә. Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Көп жылдар көлемінде Торғай облысында облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары, қалалық «Арқалық таңы» газетінің редакторы, Торғай облыстық телерадиокомпаниясының төрағасы секілді бірқатар жауапты қызметтер атқарды.

1998 жылдан бастап Астана қаласында мемлекеттік тілді дамыту ісінің негізін қалады. Алғашқы қадамын Астана қаласы әкімдігінде Тілдерді дамыту секторы меңгерушілігінен (1998 ж.) бастаған ол араға 4-5 ай салып секторды Тіл бөліміне айналдыруға қол жеткізді. 2002 жылдың басында елордада Тілдерді дамыту басқармасын ашып, ана тілді өркендету бағытында бел шеше еңбек етті. Сол кездегі Астана қаласы әкімінің орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың басшылығымен басқарма жанынан «Руханият» мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығы ашылып, онда өзге ұлт өкілдері де арнайы даярлықтан өтті. Қазақтың салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін насихаттау саласында да көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қ.Әбілдің ұйымдастыруымен Астана қаласында республикалық деңгейде 10 ақындар айтысы өткізілді. Жас ұрпақты халық ертегілері кейіпкерлері рухында тәрбиелеу мақсатында «Тазша бала» конкурсы қолға алынып, ел ішіндегі көптеген таланттардың танылуына жол ашты. Осы байқаудың жеңімпаздары атанған Данияр Хамзин, Тұрсынбек Қабатов, Ринат Зайытовтардың есімі бұл күнде республика көлеміне кеңінен танымал. Сол секілді Наурыз мейрамын халықтық мереке ретінде тойлау, Тіл фестивалін қалыптастыру, Абай ескерткіші жанында «Поэзия сағатын» ұйымдастыру, елордада тұратын қаламгерлермен кездесулер өткізу дәстүрге айналды. 2008-2015 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі болып істеді. Қонысбай Әбіл сонымен қатар ұлтымыздың ұмыт бола жаздаған ұлы өнері – ақындар айтысының халқымызға қайта оралуына, оның өркендеп дамуына қомақты үлес қосты. Қазіргі қазақ айтысының ақтангерлері Көкен Шәкееев, Көкбай Омаров, Әселхан Қалыбекова, Әсия Беркенова, Қатимолда Бердіғалиев, Шынболат Ділдебаев, Ерік Асқаров, Монғолиядан келген Тоқтамұрат Жомарт, ресейлік Амангелді Жүсіповтермен сөз сайысына түсті.

  • 1977 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген
  • біраз уақыт Жангелдин аудандық «Жаңа өмір» газетінде бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы
  • 1980—1985 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің Торғай, Целиноград облыстары бойынша меншікті тілшісі
  • 1985 жылы облыстық «Торғай таңы» газеті редакторының орынбасары
  • 1990 жылы қалалық «Арқалық таңы» газетінің редакторы
  • 1991 — 1995 жылдары Торғай облыстық телерадио компаниясының төрағасы болып істеді.
  • 1999 жылы «Қазақстан айтыс ақындары мен жыршылар одағының» төрағасы болып сайланды.
  • 2008-2015 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Редакциялау және аударма бөлімінде сектор меңгерушісі болып істеді.
  • Астана қаласы әкімі аппараты тіл саясаты бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған.

Шығармашылығы 

Алғашқы өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде республикалық газет-журналдарда жарияланған. Қазақстанның халық ақындары Көкей Шәкеев, Әселхан Қалыбекова, т.б. суырып-салма саңлақтармен сөз сайыстарына түскен. 1990 жылы Ташкент қаласында Балқы Базардың 150 жылдығы құрметіне өткізілген Орта Азия және Қазақстан ақындарының айтысында бас бәйгеге ие болып, осы жылғы республикалық ІІІ ақындар айтысында жеңімпаз атанды. Сондай-ақ С.Торайғыровтың, Б.Майлиннің 100 жылдығы құрметіне өткізілген республикалық айтыстарда, телевизиялық айтыстар да сан мәрте топ жарды.

Шығармалары 

  • Бастау. Сықақ өлеңдер. А., «Жалын», 1980
  • Көршілер. Повесть пен әңгімелер. А., «Жалын», 1987
  • Алаңғасар. Әзіл-сықақ әңгімелер мен скетчтер. А., «Өнер», 1989
  • Қонысбайдың қалжыңдары. Әзіл, қалжың, қағытпалар. Астана, «Елорда», 2000.
  • «Жетпіс жетінің жігіттері» повестер мен әңгімелер, Астана, «Фолиант», 2001 ж;
  • «Топ жардым туын жықпай туған елдің...», өлеңдер, толғаулар, айтыстар, Астана, «Фолиант», 2004 ж;
  • «Әй-әй ақын» әлдиі», өнербаян, Астана, «Сары-Арқа», 2008 ж. 

Марапаттары 

Айтыс өнеріне сіңірген зор еңбегі үшін

  • 1990 жылы «Қазақстанның халық ақыны» атағына ие болды. 
  • 1998 жылы "Астана" медалі
  • Парасат ордені
  • 2001 жылы "Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл" медалі
  • 2005 жылы "Қазақстан конститутциясына 10 жыл" медалі
  • 2008 жылы "Астанаға 10 жыл" медалі
  • 1989 жылы «Арқалық қаласының құрметті азаматы»
  • 2015 жылы "Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығы" медалі
  • 2004 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Ана тілі» медалі
  • 2004 жылы «Торғай қаласының құрметті азаматы»

 

Көп оқылғандар