Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
Р
Рәбиға Сыздықова

Рәбиға Сыздықова

Рәбиға Сыздықова 1924 жылы 17 тамыз айында Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында дүниеге келген.

Әкесі Сәтіғали Құтқожин төңкеріске дейін орысша оқыған,көзі ашық адам болған. Балаларын қазақ мектептерінде оқытқан. Почта бастығы болып тұрғанында 1937жылы дүрбелеңде ұсталып кетіп, қайта оралмаған. Анасы Жеміс пен әкесінің Еркінғали деген тете інісі бар.

Рәбиғаның төл тіліміздің қамқоры болуына осы екі адамның шарапаты тиіпті. «Халық жауының» бала-шағасы сан зобаланды бастарынан кешсе де, өмірге деген құштарлықтарын жоғалтқан жоқ... Сенімін алға ұмтылдырды.

Үздік дипломды алғыр қыз 1948 жылы түрік, француз тілдерін жақсы білетін, халықаралық право саласынан қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты, дипломат Мақаш Сыздықовқа тұрмысқа шықты. Мақаш қайтыс болғанда,беске толмаған жалғыз ұлы Әсет кейін әке жолын қуып, дипломат болды,бірнеше шетелдерде дипломаттық қызмет атқарды,бес тілді меңгерген азамат Рәбиға Сыздықоваға екі ұл,бір қыз немере сүйдірді. Тағдырлас адамдар ортақ тіл табысады. «Халақ жауы» атанып, «16 жол өлең үшін 18жыл қуылып»айдауда болған асыл азамат,ақын,халық артисі Шахан Мусин даңғарадай үйде үш баламен сенделіп қалғанда, Рәбиға Сыздықова қол ұшын берді. Екеуі де сөзді пір тұтқан,бірін-бірі емеурінен түсінетін тұлғалар қиын шақта бірін –бірі демеп,қолдап,ұлтының сүйіспеншілігіне бөленді. Екі отбасының түтіні маздады. Он екі жасында әкесінен айрылған, отызында қосағынан көз жазған қайсар әйел өмірлік серік тапқан соң, ғылымға айрықша ден қойды. Рәбиға Сыздықова – сөз тарихына, сөз әсемдігіне,сөз сазына,әуеніне,қолданылу мәдениетіне терең бойлап, білгірлікпен талдау жасаған сирек талант,ірі ғалым. Сөздің мәнін ашу,көне жазбалардағы сөздердің қалай қолданылғандығын анықтау зор жауапкершілікті,ұқыптылықты,төзімділікті қажет етеді. Профессор бұл қиындықтарды сезіп біле тұра тіл тарихын зерттеуге ерекше ден қойды. «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғасырлар)» атты еңбегінде сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамдарға қызмет етіп отырған,мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі сияқты ірі тілдің тұтас бес ғасырлық тарихын таныту үшін, оның белгілі бір кезеңдердегі күй-қалпын сипаттау, жеке ескерткіштердің тілін талдау,функционалдық стильдерінің пайда болып,әрі қарай қалыптасуын зерттеу, жеке қаламгердің үлесі мен рөлін көрсету сияқты жұмыстардан бастап,әдеби тілдің өзінің статусын айқындау,даму кезеңдерін дәуірлерге бөлу,әр кезеңдегі даму принциптері мен бағыттарын дұрыс табу тәрізді қыруар мәселелерді шешіп алуға айрықша қажыр – қайрат жұмсады.

Рәбиғаның ғылымдағы жүріп өткен жолы- көпке үлгі боларлық тағылымды жол,ал оның тағдыры-советтік дәуірде туып, білім алған,ғылымға құлаш сермеген қазақ қызының өнегелі тағдыры.

Жақсы әке–шешенің дұрыс тәлім-тәрбиесін көріп өскен Рәбиға Темір педучилищесінде де беделді, білімді педагог Бақытжан Алтыбаевтың ұстаздық тәрбиесін көріп, қанаттанып жетіле түседі.Осы мұғалімнің білімдарлығы Рәбиғаның ана тілінің маманы болуына ықпалын тигізеді. «Жақсыдан - шарапат» дегендей, енді оның ана тілін терең білуге құштарлығы артады.

Рәбиға қызмет жолын 1940жылы Темір педучилищесін үздік бітірген соң, сол кездегі «Алға» поселкесінде бастауыш мұғалімі болып орналасып, сабақ береді. Сол кездегі шәкірттері: Қобдабергенов Шымкент қорғасын заводының директоры, Сұният Нұрмұқанбетов – тарих ғылымының кандидаты, Бәкір Тәжібаев пен Ізтай Мәмбетов- белгілі ақындар.

Соғыс уақытында 1942-45жылдары ол Темір,Ақтөбе қалаларындағы мектептерде мұғалімдік қызмет атқарады. Кейіннен Ақтөбедегі екі жылдық мұғалімдер институтын үздік бітіріп шығады. Алайда,Рәбиғаны өз білімімді толықтырсам ба деген ой күн сайын мазалай береді. Соғыс аяқталып,ел бейбіт тіршілікке көшкен соң оқуға талпынады да Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетінің ІІІ курсына студент болып қабылданады. Оқуды 1947жылы бітіріп шығады да осы институттың аспирантурасында оқиды. Студент кезінде–ақ «Қазақ тіліндегі изафет» деген тақырып бойынша жасаған баяндамасы оның тіл біліміне икемдігінің бар екенін аңғартты. Баяндамасында келтірген мысалдарының да тәлім –тәрбиелік маңызы бар еді. Ол А.П. Чеховтың мақал болып кеткен мына сөзін алып, оған изафеттік талдау жасады; «Адамда барлығы да әдемі болуға тиіс: оның түрі де,киімі де, жаны да, ойлары да сұлу болуы керек ». Осындай белсенділігімен Рәбиға Сыздықова жұртшылықтың көзіне ерте түсе бастады,ғылыми қабілетімен танылды.

Ғалым - әдебиетші Қайым Мұқаметқанов оның ғылыми еңбектері туралы былай дейді: «Басқа кітаптарыңызды білмеймін. Мына орфография мен пунктуация жайлы анықтағышыңыздың орны өте ерекше. Бұл кітап арқылы сіз бәрімізге де ұстаз болып отырсыз. Ұстаз бола бересіз».

1959 жылы 15-19 июльде Қазақ ССР Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институтында «Әдеби мұра және оны зерттеу» деген тақырып бойынша ғылыми-теориялық конференция өткізілген. Осы конференциядағы Рәбиғаның сөзі жұртшылыққа ұнады. Ол туралы М.О.Әуезов Рәбиға Сыздықоваға мынадай мінездеме берді: «Рәбиға Сыздықованың сөзіне конференцияға қатысушылар айрықша риза болды деп санаймын.Оның сөзіндегі бір ерекшелік – тіл мамандары мен әдебиетшілерге қатар айтар орынды,кенеулі ой бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты » (Әдеби мұра және оны зерттеу», «Ғылым» баспасы,1961 жыл, 351-бет). Рәбиға Сыздықова Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты болып оқыған кезінде-ақ өзінің тіл білімін дәйекті зерттеуге қабілетті жан екенін көрсетті. Тіл білімінің келелі мәселелерін терең зерттеуге,түбегейлі шешуге ынтыға,құлшына кірісті.

Осылайша кемелденген кезінде, 1957 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл білімі институтының қызметкері болып орналасты. Көп ұзамай қазақ тілі диалектология бөлімінің меңгерушісі, институттың партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істеді. Р.Сыздықова 1957 жылдан бастап 1971жылға шейін 14 жыл бойы Абай шығармаларының тілін зерттеді. Оның жазып, баспадан шығарған 20-дан астам кітап, кітапша, жүзден аса мақаласының ішінде Абай шығармаларының тілі туралы жазған екі томдық кітабының шоқтығы биік тұрады. Оған кандидаттық және докторлық ғылыми дәрежеге алып берген де осы қомақты, ауқымды екі еңбек: «Абай шығармаларының тілі» (1968 жыл), «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» (1971 жыл). «Абайдың сөз өрнегі» (1995 ж.) Р.Сыздықова ұлы ақынның дүниеге келгеніне 150 жыл толуы қарсаңында жарияланған «Тілге жеңіл,жүрекке жылы тиген» деген мақаласында : «Абай поэзиясы қазақ өлеңінің бұрынғы көркемдік дүниесінің синтезі ғана емес, жаңа кезеңнің,классикалық жазба түрінің бастамасы, кейінгіге жол салған үлгісі болды» деген.

Ол -1959жылы «Абай тілінің негізгі морфологиялық ерекшеліктері» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

Абай шығармаларының тілін зерттеу оны үлкен арнаға алып келді,ғалымның «Қазақ әдеби тілінің тарихы» деген құнарлы еңбегі «Мектеп» баспасынан 1984 жылы жарық көрді. Оның ғылыми табыстары осындай қомақты болып отыр, өйткені «бұлақтың басы тұнық болса, соңы мөлдір» деген халық мақалы осы сияқты бір арнадағы құнарлы іске байланысты айтылғанына ешкім таласа алмайды.

Р.Сыздықова 1979 жылы Қазақ КСР Ғалым академиясының мүше – корреспонденті болып сайланады. Бұл – тіл білімі саласында қазақ әйелдері ішінен тұңғыш рет болған жағдай. Ғалымның өзіне тән бірден –бір ерекшелігі – тіл білімі мен әдебиет әлемін бір-бірімен тұтастықта,байланыста зерттеуі. Сөз құдіретін ұғынып,бағалай білетін ғалым ұлы Абайдың сөз өрнегін зерттеуді бастаған сонау 1950-жылдардан бергі кезеңде де сөз зергерлерінің шығармаларын көкірек көзінен өткізіп, зерделеуді өзінің бір парызы санап келген. Абай тілін зерделеуге бағышталған 1968жылы «Абай шығармаларының тілі» атты монографиясы үшін ғалымға Ғылым академиясының Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді. Бұл еңбекте автор қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы ұлы Абайдың қосқан зор үлесін,орның дәлелдейді.Абай шығармалары тіліндегі лексика- морфологиялық ерекшеліктері саралай келе ақын өмір сүрген кезеңдегі қазақ әдеби тілінің де жағдайын жан-жақты қарастырған. Суреткер қолданған лексикалық,грамматикалық қатпарлары әр қырынан талдап береді.Онда жаңадан жасалған, көнені жаңартқан, мүлде тың қолданыстардың себеп-салдарын анықтап, ұлы ақынның шығармашылығын даралай түсетін тұстары ерекше зерделілікпен баяндалады. Сөйтіп «Абай – қазақтың қазіргі әдеби тілінің негізін қалаушы» деген тұжырымды тілдік деректермен бекіте түседі.

Абайдың жазба әдеби тілдің негізін салудағы орнын анықтай отырып, ол өмір сүрген дәуір мен ортаның ара қатынасын, сол дәуірдегі әдеби тіл мен кітаби тіл байланысын жан-жақты талдайды. Ғалымның жоғарыда аталған «Абай өлендерінің синтаксисі» атты монографиясы жалпы өлең синтаксисіне арналған алғашқы еңбек десе де болады. Мұнда Абай тілінің құрылым-құрылысы соншама бір сарамандықпен қарастырылған. Осынысымен де ол ізденушілер мен студенттер қолынан түспей келе жатқан бірегей еңбектер қатарында.

Р.Сыздықова «Абайдың сөз өрнегі» (1995) атты еңбегі лингвостилистикалық зерттеу болып табылады. Зерттемеде лингвопоэтикалық танымның нысаны мен мақсат-міндеттерін саралаудан, Абай тілін танудың қырларын анықтаудан басталады. Еңбектегі «Сөз- өлеңнің арқауы» деп аталатын тарау поэтикалық сөз мәселесіне бағышталған болса, келесі тауарларда ұлы ақынның сөз құбылту шеберлігі, сөзді үндестіру құпиялары, қара сөздерінің стильдік және тілдік табиғаты айқындалады, Абай дәстүрінің сабақтастығы мәселелері баяндалады.

Р.Сыздықова қазақ прозасы мен поэзиясындағы бұрынғы, кейінгі, орта буын, жас буын қаламгерлердің қай қайсысын да көзден таса етпей, жылт еткен жақсылықтарын атап, көрсете білетін жан. Ол үшін әсіресе нағыз ақын атаулының жөні бөлек. Абай,Махамбет,Дулат,Мағжан, Қасым тәрізді алыптарды былай қойғанда, кешегі Мұқағали, Төлеген,Ізтайлар,қазір арамызда жүрген Тұманбайдан бастап, Өтежан, Ақұштап, Марфуға, Нұрлан (Оразалин), Светқалиларды тебірене оқып, олардың сөз саптау машығына танданыс білдіріп отыратын Р.Сыздықова оқырман ретінде талғамына сүйсінбеу мүмкін емес.

Р.Сыздықова жыл сайын бір еңбек шығарып отырған. Осындай жарияланған ғылыми еңбегі жағынан алғанда, онымен басқа лингвистеріміз жарыса алмайды.Сондықтан да болар ол басқарып отырған тіл мәдениеті бөлімі институт бойынша «Социалистік жарыстағы жоғары көрсеткіштері үшін» деген жүлдені басқа бөлімдердің ешбіріне берген емес. Р.Сыздықованың басты-басты еңбектерін қысқаша атап өтейік: 1.«Қазақ тілі методикасының негізгі мәселелері»(1954 жыл). 2. «Қазақ тілі орфографиясы мен пунктуациясы бойынша анықтағыш» (1959 жыл). 3. «Қазақ тілі орфографиялық сөздігі (соавтор, 1960 ж.) 4. «Абай шығармаларының тілі» (1968 ж.) 5. «Абай өлендерінің синтаксистік құрылысы » (1971 ж.) 6. «Сөздер сөйлейді» (1980 ж.) 7. «Сөз сазы» (1983 ж.) 8. «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1984 ж.) 9. «Жаңа сөздер мен тіркестер» (соавтар, 1984 ж.) және т.б. Р. Сәтіғалиқызы «Абайдың сөз өрнегі», «Сөз құдіреті» және «Сөздер сөйлейді» атты үш монографиялық еңбегін баяндау стилімен тақырыбы жағынан өзіне өте ыстық кітаптар санайды. Әсіресе көркем мұраларды құмарта оқитын жұртшылықтың қолына тиген «Сөздер сөйлейді» (1980, 1994) деген еңбегі ғалымның аса бір зеректікпен орындаған жұмысы болды. Онда ақын–жыраулар тілінде кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналары ашылып, олардың семантикалық өрім-өзгерістері сараланды. Еңбектің тарихи лексикология бойынша өте қажетті оқу құралының біріне айналуы сондықтан. Ғалым бұл кітапқа еңбегінің көп сіңгенін жазады. Кітапта қазіргі тіліміздегі бастапқы мағынасын күнгірттенген немесе мүлде ұмытылған, тарихи тұрғыдан түркі-моңғол, түркі-иран тілдеріне ортақ сөздердің әуелгі мәні анықталып, олардың түп төркінін анықтаудың жолдары мен тәсілдері, шарттары айқындалады. Сөздердің көп мағыналылығы, тарихи кезеңдердегі тұлғалық және мағыналық өзгерістері ашылады.

Ақын-жыраулар тілінің кездесетін сан алуан тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер құрамындағы көне сөздердің байырғы мағыналары ашылып, олардың семантикалық өрім-өзгерістері сараланды. Еңбектің тарихи лексикология бойынша өте қажетті оқу құралының біріне айналуы сондықтан. Ғалым бұл кітапқа еңбегінің көп сіңгенін жазады. Кітапта қазіргі тіліміздегі бастапқы мағынасы күнгірттенген Р.Сыздықова ғылымға тынымсыз талпынған талабының арқасында қазақ әдеби тілі мен қазақ жазба әдеби тілін зерделеп, олардың қалыптасу тарихын жан-жақты тарата талдайтын еңбектері өз алдына бір төбе. Мәселен: «Қазақ әдеби тілінің тарихы (ХV-ХІХ ғғ.)» атты еңбегіне ол әдеби тіліміздің ұлттық дәуірге дейінгі негізгі көздері мен арналарын анықтап алып, әдеби тілдің ұлттық дәуірдегі сыр-сипатын айқындайды.Оны кезең-кезеңдерге бөліп,толық сипаттама жасайды. Жазба әдеби тілдің де болғандығын бұлтартпастай дәлелдейді. Ғалым зерттеулерінен әдеби тіл тарихына қатысты бұрын қалыптасқан пікірлерден өзгеше тың ойлармен танысамыз. Әдеби тіл мәселесіне қатысты тарихи деректерге молынан жүгіне отырып және тілдің даму процесін қуалай іздестіре келе әдеби тілдің тарихын бірнеше ғасырға терендетіп батыл тұжырымдар жасайды. Мысалы: ХV ғасырдан бастау алатын,бес ғасырға созылған жыраулық, ақындық поэзия тілін саралай келіп, Р.Сыздықова ғылыми ортаға «ауызша әдеби тіл»деген жаңа ұғым мен тың терминді ендіріп, мүлдем жаңа бағыт ұсынды.Оның тіл біліміндегі бұл батыл байламы қазір өзінің өміршеңдігін танытып отыр.Бұл пікірді ғалым ең алғаш рет 1984 жылы жарияланған «ХVІІІ-ХІХ ғ.қазақ әдеби тілінің тарихы» атты монографиясында да әйгіленген болатын. Ақын-жыраулар шығармалары мен көптеген әдеби үлгілерін, фольклорлық мұраларымыздың ел арасында ауызша таралғаны анық. Сондықтан халқымыздың өз тарихи жолы мен тұрмыс салтына байланысты ерекшеліктерінен туындайтын мұндай феноменді есепке алудың қажеттігі даусыз. Профессор Р.Сыздықова түркітану іліміне де өзіндік жолы бар зерттеуші. Бұл ретте оның жоғарыда сөз болған «Язык Жами, ат–тауарих Жалаири» (1989) деген монографиясын ерекше атауға болады. Бұл еңбекті зерттеудің айрықша құндылығы мынада. Кешегі бір кезеңге дейін мұндай ескерткіштердің көбінен ат-тонымызды ала қашып, іргемізді аулақ салып келдік. Ондағы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне тән,тіпті басқа туыс тілдерде қайталанбайтың, кездеспейтін тәрізді қызықты сөз өрнектерін тауып талдап, анықтайды. Ол Қадырғали Жалаиридің «Жами, ат-тауарих» атты шежіресінің рухани мәдениет жағынан да, тілдік тұрғыдан да қазақ халқының байырғы дәуірінен қалған мұра екенін дәлелдеп шықты. Осы арқылы қазақ халқының рухани мұрасын байытуға айтарлықтай қомақты үлес қосты.

Зерттеуді Жалаиридің дұрыс аты-жөні мен ныспысын анықтаудан бастаған ғалым,екі нұсқаны лингвотекстологиялық тұрғыдан салыстыра отырып, шежіре тілінің стилистикалық, лексика-фразеологиялық, графикалық және орфографиялық ерекшеліктерін зерделейді. Ескі түркі жазба ескерткіштерінің тілдік мәртебесін анықтауда басшылыққа алынатын негізгі ұстанымдарды ұсынады. Ескерткіш тілінің стилистикалық сипатына, көркемдеу құралдарына ерекше назар аударудың қажеттігін жазады. Профессор Р.Сыздықова түркі тілдері тарихына байланысты ізденістерін Қожа Ахмет Ясауи хикметтері арқылы ХІІ ғасырға қарай тағы да тереңдете түседі. Ғалым, өзінің «Ясауи хикметтерінің тілі» (2004) атты монографиясында хикметтердің Самарқант нұсқасы негізінде оның тіліне лексика-грамматикалық, текстологиялық тұрғылардан талдау жасаған. Зерттеме барысында ғалым лексикалық тұрғыдан да, грамматикалық тұрғыданда Ясауи тілінің негізгі қыпшақ-оғыз әдеби тілі деген қортындыға келеді. Қ.Ясауи - түркі поэтикасының құдіретімен ислам дінінің негіздерін жүректен жүрекке жеткізуде, сөйтіп оны түркі мәдениетінің төл мұрасына айналдыруда орасан зор еңбек сіңірген алып тұлға. Хикметтер құрамындағы ұлы шейхтың төл мұрасын анықтау, оны ұлы ақынның шәкірттері мен ізбасарлары тарапынан қосылған жыр жолдарынан айыру, көшірушілер мен қайта көшірушілер, бастырушылар жағынан үстемеленген мәтіндерді анықтап, қателіктерді жөндеу-осының бәрі оңай шаруа емес еді. Ғалым 230 беттік қолжазбаны 4-5 қайтара жазып, транскрипциялап, транслитерациялай отырып, аса мұқият болуды талап ететін зерттемені ыждағаттықпен орындап шыққан. Қазақ тіл білімінің 1950- жылдардан бергі жарты ғасырдан астам тарихында Р.Сыздықова зерттемеген саласын табу қиын. Солардың бірі - тіл мәдениеті. Бұл сала бойынша ол қаншама жылдар бойы өте нәтижелі еңбек етіп келеді.

Ғалымның сондағы көңіл бөліңкірейтіні сөз сазы, жаңа қолданыстар, әдеби норма мәселелері. Оның тікелей қатысуымен «қазақ тіліндегі жаңа қолданыстардың » бірнеше басылымы жарық көрді. Р.Сәттіғалиқызының «Тілдік норма және оның қалыптасуы» (2001) атты монографиясы-норма мәселесі теориялық тұрғыдан сөз болатын күрделі еңбектер қатарына жатады. Ғалымның қазақ орфографиясына қосқан үлесі де мол. Ол қазақ тілінің орфографиялық сөздігін түзісуге 1960 жылдан бері үзбей қалам тартып келеді. Оның тікелей басшылығымен қазақ орфографиясындағы негізгі ережелердің жаңа нұсқасы жасалды. Р.Сыздықова қазақ тіл білімінің көкейкесті мәселелерін баспасөзде үзбей жазып, теледидар,радиодан үздіксіз насихаттап келе жатқан сергек ойлы, зерек тілші. Ол қоғамдық мәдени өмірдің қайнаған ортасында, әсіресе тілге қатысты мәселенің бәрінде өз үнін,өз пікірін ашық та анық айтып отыратын тіл сыншысы.

Р.Сыздықова кешегі репрессия құрбандары А.Байтұрсынұлы,Қ.Жұбанов сынды ғұламалардың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген ғалым. Ғалым. 1966жылы Құдайберген Жұбанов туралы ең алғашқы баяндаманы жасап, содан кейін «Ғалым-азамат» деген кітапша шығарған. 1989жылы А.Байтұрсынұлының ақталуына қажет аңықтама жазған Р.Сыздықова «Тіл тағылымын» шығаруға да зор еңбек сіңірді. Ол Х.Досмұхамедұлының таңдамалы еңбектерін шығару ісінде де бас редактор ретінде көп жұмыс жасады. Ұлтымыздың ардақты азаматтары үшін қызмет етуді ол өзінің азаматтық және ғалымдық парызы санайды.

Ғалымның ұстаздық жетекшілігімен немесе кеңесшілігімен қорғаған ғылым докторлары мен кандидаттары өздерінің тақырыпты терең меңгеруімен, құнды маман болуымен ерекшеленеді. Профессор Р.Сыздықова еңбектері үкімет тарапынан да әлденеше рет жоғары бағаланды.

Р.Сыздықова қазақ тіл біліміне осындай көп еңбек сіңірді. Бірнеше аспиранттар диссертацияларына ғылыми жетекшілік жасады, көптеген диссертацияларға оппонент болды. Осы өнімді, жемісті еңбегі үшін 1972 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен және көптеген грамоталармен наградталды. Профессор Р.Сыздықова еңбектері үкімет тарапынан да әлденеше рет жоғары бағаланды. 1984 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері құрметті атағы берілді. Есімі Қазақ КСР-інің «Құрметті Алтын кітабына» жазылды (1981), Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың (1995), Мемлекеттік сыйлықтың (1996) лауреаты атанды.

Партия мен Үкіметтің мектеп жөніндегі қаулы-қарарларында мұғалімдерге тиісті ғылыми жәрдем беру мәселесі, үнемі көрсетіліп отырады. Осыған орай ғалымдар әрқашанда оқу-ағарту жұмысын өркендетуге атсалысып келеді. Орта мектептерде берілетін білім аумағын анықтау,оқу жоспарын жасау, программалар мен оқулықтарды жетілдіру, ғылыми педагогикалық жұмыстарды өркендету,пән методикасын жасау сияқты маңызды мәселелерге тіл білімі ғалымдары да белсенді түрде қатынасып жүр. Осындай игілікті істерге аса көңіл бөліп, нәтижелі жұмыс істеп жүрген көрнекті ғалымдардың бірі - Р.Сыздықова.

Қазақ тілі оқу құралдарын жазуға 1950 жылдардан бастап кірісті. Р.Сыздықованың ғылыми – педагогикалық еңбектері: 1.Қазақ тілі оқу құралдарындағы жаңалықтар. 2.Орыс орта мектебінің 5-7, 8-10 сыныптарына арналған қазақ тілі оқулықтары. 3.Көмекші оқу құралдарын жасау-маңызды мәселе,Қазақ әдеби тарихының программасы. 4. Үлкендерге арналған әліппе және т.б. Қазақ тілінің пунктуациясы мен орфографиясын жетілдіру жөнінде бірнеше еңбектер жазды: 1.Пунктуацияның кейбір мәселелері. 2.Жазуды жетілдіре білу жайында. 3.Бірге және бөлек жазылатын сөздер. 4.Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жайында анықтағыш. 5.Орфографиялық сөздік. 6.Қазақ пунктуациясының ережелері және т.б. Қазақ әдеби тілінің тарихы мен дамуы, тіл мәдениеті мәселелері жөнінде мына еңбектер жарық көрді: 1.Абайдың прозалық шығармаларындағы кейбір морфологиялық тұлғалардың сипаты. 2.Абай шығармалары мен ХІХғасырдың жазу нұсқаларының тілін зерттеудің маңызы. 3.Абай шығармаларында –ар,-ер,-р жұрнақты тұлғаның қолдануы. 4. Абайдың қара сөздеріндегі –мақ аффиксті тұлға жайында. 5.Қазақ әдеби тілінің нормалары. 6. Абай шығармаларының тілі. 7.Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы. 8.Жамбыл поэзиясының тілі. 9. Махамбет өлеңдерін оқығанда, сахнадан естілер сөз жайында және т.б. Ғылыми еңбектердің енді бір тобы тілдің теориялық мәселелерін қамтиды,атап айтқанда; 1.Тіл-қоғамдық құбылыс. 2.Коммунизмді орнату дәуірінде ұлттық тілдердің дамуы. 3.Жаңа сөздер жайынан және т.б. Оның 40 жыл бойы жазған ғылыми-педагогикалық еңбектерінің қайсысы болса мұғалімдерге тиісті дәрежеде көмек–жәрдемін тигізіп келгені шүбәсіз, өйткені ол ғылыми–педагогикалық мәселелердің ішіндегі ең түйінді тақырыптарын шешу ісіне атсалысып отырады. Ол өзінің 1997 жылы жарық көрген «Сөз құдіреті» атты еңбегінде М.Әуезовтің 20-жылдардағы әңгімелері тілінен бастап, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұлов, Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменов, Тахауи Ахтанов, Қабдеш Жұмаділов, Кәдірбек Сегізбайұлы тәрізді қазақ көркем сөзінің қас шеберлері қаламынан шыққан туындыларға лингвостилистикалық тұрғыдан талдау жасап, олардың сыры мен сымбатын ашып береді.Сөз шеберлерінің шығармаларын сөз таңдау, сөз қолданыс, сөз әрлеу тұрғысынан зерттейді.

Ғалым ана тілі мен орыс тілін бірдей жетік білетін болғандықтан ғылыми еңбектерінің біразын орыс тілінде жазады,орыс тілінде жазылған салыстырмалы грамматика мәселелеріне арналған жинақтарға да редактор болып қызмет етті. «Құсқа қос қанат қандай керек болса, қазіргі жастарға ана тілін және орыс тілін білу сондай керек», - деп көрнекті жазушы Ғ.М.Мүсірепов айтқандай, Р.Сыздықованың екі тілде жетік білуі әріптестеріне де, жастарға да үлгі-өнеге бола алды. Ал М.Әуезов : «Ол бір өте ақылды, мәдениетті жас» деген екен.

– Көрнекті ғалым. Филология ғылымының докторы, профессор, ҚРҒА-ның корр. мүшесі. 1940-45 ж.Темір, Ақтөбе қ-рында орта мектепте, пед.уч-щеде мұғалім болған. Ақтөбе мұғалімдер ин-тының тіл және әдебиет факультетін, Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік пед. институтын бітірген. 1951-64 ж. Қазақтың оқу- педагогикалық баспасында аға редактор, редакция меңгерушісі,Қазақ КСР ҒА тіл және әдебиет ин-тында кіші ғылыми қызметкер, ҚРА. Байтұрсынов атынд. тіл білімі ин- тының бөлім меңгеру-шісі, 1994 жылдан бері осы ин-ттың бас ғылыми қызметкері. 14 кітаптың авторы. Оның ішінде: «Абай шығармаларының тілі»/1968/, «Қазақ әдеби тілінің тарихы» /1968/, «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы» /1971/, «Жамиат-тауарих жалаири тілі», т.б. Ш. Уәлиханов атынд. сыйлықтың, ҚР Мемлекеттік сыйлығының /1995/, ҚР Мемлекеттік сыйлығының /1996/лауреаты. «Құрмет Белгісі» орденімен,үш рет ҚР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

 

Көп оқылғандар