Мансұр Бекежанұлы (1875-1933) – Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, бұрынғы Үлгілі колхозында туған. Белгілі халық ақыны, дарынды өнерпаз Нартай Бекежанұлының туған ағасы. Мансұр 1933 жылы Өзбекстанда, Наманған қаласында қайтыс болды. Мұсылман мектебінде оқып, білім алған Шығыс әдебиетін сүйіп оқып, көптеген қисса, дастандарды «Көрғұлы», «Алтын балық», «Сұлтанмахмұд Газнауи», «Наушаруан», «Әміт Темір көреген», «Жарлы Тәліп», «Мұңды қыз» т.б. шығыс қиссаларын жатқа білген және халық алдында жырлап отырған. Мансұр соларға еліктеп, «Гауһар-Жауһар» деген дастан шығарған. Сыр бойының ақын, жыраулары Бұдабай, Базар жырау, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Майлықожа, Шәді т.б. Мансұрдың шығармаларын ел арасына жырлап, оларды насихаттаушы ретінде кеңінен танылған. XX ғасырдың күрделі айтысы Кете Жүсіп пен Қаңлы Жүсіп айтысына Мансұр ақын да қатынасып төрелік жасап, аралық сөз айтқан.
Мансұр ақынның күрделі шығармаларының бірі – «Мәнсұр мен Дәме» айтысы. Мансұр мен Дәмеқыз айтысы – қазақ сөз өнері тарихындағы әдеби байланыс мұраларының бірі. Дәме Тобағабылқызы 19 ғасырдың екінші жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде қарақалпақ халқына танымал ақын болған. Айтыс 1910 жылы Қарақалпақстандағы Сарыбел деген жердегі үлкен тойда өткен. Екі ақынның бұл сөз сайысын М.Бекежанов кейін айтыс-дастан үлгісімен жазып шыққаны аңғарылады. Себебі, айтыстың тұтас құрылымында осы айтыстың тарихын, тойдың өткен уақытын, елдің жайын баяндайтын оқиғалар қамтылған. Айтыстың алғашқы бөлімінде қазақ пен қарақалпақ халықтарының шектес қоныстары (Қызылқұм, Қарақұм, Жаңадария, т.б.) мен Дәмелі қыздың кескін-келбеті жырланады. Екі ақын Сыр бойы қазақтарының отырықшылық, егіншілік кәсіптері мен қарақалпақ халқының тұрмыс-тіршілік салттарын сөз етеді. Дәме қыз бен Мансұрдың өнер таластыруларын ақындық талантын бағалайтындығы, сөз жарысында ақын әйелді өзіне қауіпті «жау» санайтындығы көрінеді. Айтыс мәтіні «Айтыс» (1942 ж., 1964 ж.) жинағында және Нартай Бекежановтың жинақтарында (1956 ж., 1982 ж.) жарияланды.