Төлеген Момбеков
Төлеген Момбеков (1918, Созақ ауданы, Сызған ауылы) — күйші. ҚазКСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан.
1943 жылдан мәдениет саласында қызмет еткен. Алғашқы ұстазы — өз атасы Бапыш Қожамжарұлы. Қаратау, Қара жорға, Ыңғай төкпе, т.б. күйлерін атасынан үйренеді. Кейін күйші Сүгір Әлиевтен тәлім алады. Момбеков тартатын күйлердің дені Орталық Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өлкесіне кең тараған шертпе күйлер. Ол Сүгірден үйренген Телқоңыр, Боз інгеннің бүлкілі, Бес жорға, Шалқыма, Жолаушының жолды коңыры секілді күйлерін орындады. Оның Қосбасар, Мешін, Салтанат, Қат-қабат, Мың жылқы, Ел жаңа, Асу, Анама, Қоштасу, Қаратаудың шертпесі т.б. күйлері грампластинкаға түсірілді. Момбеков туындылары фольклорлық-этнографиялық Отырар сазы оркестрінің репертуарында орындалды. 1919 жылы Қаратау баурайындағы Қозмолдақ деген ауылда туып-өскен. Киелі өнердің бастауы арғы аталарынан басталады. Арғы атасы Қожамжар мен Назар әділ билік айтқан шешен болса, Қайдау атасы бүкіл Орта жүзге әйгілі айтыскер ақын, ал Бапыш атасы - аң аулап, құс салып, серілік құрумен бірге, асқан күйші болған адам.
Төлегеннің Жәнібек деген ағасы, Күнтай деген апасы да керемет ақын болыпты. Төлегеннің өзіне домбыра дарыған. Төлеген Момбеков есімінің халқымызға кең тарап, төл күйлерінің халықтық рухани кәдеге айналуына көптеген ақын-жазушылар атсалысқан. Бұл орайда Сәбит Мұқанов, Асқар Тоқмағамбетов, Тәкен Әлімқұлов, Төлеген Тоқбергенов, Рахманқұл Бердібаев, Ақселеу Сейдімбековтердің еңбегі ерекше болды. 1965 жылы Асқар Тоқмағамбетовтің алпыс жылдық мерейтойына байланысты Сыр бойына сапар шеккен Сәбең жолшыбай Созақта да болады. Сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Төлепберген Назарбеков Сәбеңнің құрметіне Созақ ауданының әр жеріндегі күйшілерді тегіс жинатады. Олардың ішінде Төлеген Момбеков, Файзолла Үрмізов, Ергентай Борсабаев болады. Сәбең оларға бірнеше күйден тартқызады. Осылардың ішінен Төлеген шерткен шертпе күйге қатты қызығып: «Мұндай дарынды республика көлеміне таныту қажет» деп шешеді. Сөйтіп, Төлеген күйлерін магнитофон таспасына жазып алып, Алматыға ала келеді. Көп ұзамай Созақ ауданының басшылығына М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына Төлеген Момбековті іссапарға жіберу туралы Алматыдан арнайы хат келеді. Ол кезде Төлеген ауылда Құлжабай Төлеуов, Көпбай Омаров сияқты ақындармен бірге жүріп, автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істейді. Алматыға келген сол сапарында Төкең грампластинкаға атасы Бапыштың, Сүгірдің және өз шығармаларынан бас-аяғы он екі күй жаздыртады және теледидарда бірер күй орындайды. Сол кезде теледидар қарап отырған Нұрғиса Тілендиев: «Мына қақпас қайдан шықты?!» деп, атып тұрған екен дейді. «Талантты талант қана таниды» деген сол. Нұрғиса Төлегеннің шертісіне сол бойы құлап түсіп, Алматыға келген сайын өзі қарсы алып, қонақүйге орналастырып, оң жағынан орын берген. Төлегеннің 1969 жылы Алматыға келген сол алғашқы сапарында-ақ «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде Төлегеннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде мақалалар жарияланады. Әдебиет және өнер институтының қорына Төлеген білетін күйлер толық жазылып алынады. Бас-аяғы бір аптаның ішінде кешегі ауыл домбырашысы республика көлемінде танымал болады.Төлеген турасында белгілі күйшілер әрі өнер зерттеушілері: Уәли Бекенов, Жарқын Шәкәрім, Біләл Ысқақовтар қалам тербеген. Төлегеннің ұстазы, Қаратау күй мектебінің ұшар басында тұрған Сүгір Әлиұлы 1961 жылы қайтыс болған. Өкініштісі, Сүгірдің өзінің орындауында бірде-бір күйі таспаға жазылып алынбаған. Көзі тірі кезінде күйлері нотаға да түспеген. Жазушы Мұхтар Әуезов, Үкімет басшысы Нұртас Оңдасынов іздеп барып, Алматыға шақырғанмен, реті келмеген. Ол кез - кеңестік «уралаудың» асқынып тұрған шағы, шертпе күйдің шетқақпай көрген заманы. Күйдің де, күйшінің де қадірі қашқан кез. Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры», «Шалқыма», «Бесжорға», «Кертолғау» күйлері Төлегеннің орындауының арқасында халыққа жетті. Сүгірдің тартысы құлағында қалған көне көз қарттардың айтуынша, Сүгірдің «Бозінген» күйі бізге тура өз нұсқасында жетпеген. Төлегеннің де «Бозінгеннің бүлкілі» деген күйі бар. Зерттеушілердің айтуынша, бұл екеуі екі бөлек күй. Төлеген әуелгі нұсқаны өзінше жетілтіп, басқаша құлпыртып, дамытып әкеткен. Атақты күйші Қаршыға Ахмедияровтың айтуынша, Сүгір мен Төлегенді бөліп-жармай, дауға айналған күйлерді бір сөзбен «Сүгір мен Төлегендікі» деп атау керек. Сүгірді көзі көрген және сол ауылдың тумасы, марқұм профессор Керімбек Сыздықов былай деп жазып кетіпті: «…Төлеген Алматыда көпшілік алдында, радио, теледидардан күй тартқанда Сүгір ақсақалды ұстазы ретінде үнемі құрметпен атап, сол кісінің күйлерін тартудан бастайтын. Алғашқы жолы «Қосбасарды» Тәттімбеттікі, «Бозінгеннің бүлкілін» Сүгірдікі деп жаздырғанының басы-қасында жүріп, солай деп жаздыруға себепші де болғанмын. Өйткені сол кездегі біздің ұғымымызда «Қосбасар» деген күйдің қанша түрі болса да ол тек Тәттімбеттің атына тән саналатын. Ал «Бозінген» күйі Ықылас пен Сүгірдің атына байланысты аталатын. Оған Төлеген де пәлен деп қарсылық танытпай, «кімнің қалай тартқанын қайдам, мен өзім оңқайтыма келген күйлерді тартқанда қиялданып, өзімше тартып кетем» деген әңгімені жиі айтатын…».
Дереккөздер
Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 ISBN 9965-17-272-2
Көп оқылғандар
Ақжан Аманжол. Біз неге жаздық тағдырсыз өлең...
«Ауылым» әнінің авторы өмірден озды
Маржан Ершу. Пишта
Юй Хуа. Соқыр ішек
Эрих Фромм "Еркіндіктен қашу"
Әмірхан Балқыбек. «Тәураттағы» баба түркі іздері
Қазақстан Жазушылар одағына тоқсан жыл
Абай университетіндегі «Латын» ғылыми-практикалық зертханасы
Сауытбек Абдрахманов. Құран және Пушкин
Қос шынар
Гүлжамал Майлина. Аяулы жолдас, адал жар
Бір күні бәріміз оянармыз
Айбек Оралхан. Менің хан апам...
Ләйлі Құндақбайдың «Сәруар сарын» жинағы жарық көрді
Талапбек Тынысбек. Шығыстың қоңыр аюы...
Жасанды интеллект және әдебиет
Жақсының көзі. Дәнел Әлкейқызы Марғұлан
Қуандық Түменбей. Социалистік бәсеке
Ясунари Кавабата. Аригато
Морфидтер түнде не істейді?
Әділбекова Жанар. Жүрегімдегі дара тұлға…