Қайырғажы Қамашұлы Қыңырбеков
Қайырғажы Қамашұлы Қыңырбеков (1932-2021) – 1932 жылы 7 желтоқсанда ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шағантоғай ауданы, Тасты ауылында дүниеге келген.
Тұрмыстың таршылығынан мектеп табалдырығын 15 жасында аттаған ақын өз естелігінде «Әріп танымастан мектепке алғаш келген кезім – қара суық нақ күшіне енген қараша айының ортасы еді. Алғашқы ұстазым - өзімнен екі жас қана үлкендігі бар замандасым болды. Мектеп бағдарламасынан бір тоқсаннан артық қалып қойғаныма қарамастан, оқуға деген ынта-жігерім ерекше еді. Соның арқасында оқу жылы аяқталғанда класта екі бала ғана «айырплан» деген бағамен үздікке бітірдік» деп еске алған екен ақын жастық шағын. Мектептен соң Үрімжі қаласындағы Шыңжаң институтының әдебиет факультетіне оқуға түседі. Алайда көп ұзамай Шығыс Түркістан өлкесінде аумалы-төкпелі заман басталып, оқуын толық аяқтай алмай ауылына қайтады. Жастайынан өлең-жыр мен оқу-білімге құштарлығы ақындық қабілетін шыңдап, поэзияға қалам тербейді.
Ақын өмірінің алғашқы 30 жылы ҚХР, Шыңжаң өлкесінде өтеді. Шағантоғай ауданы әкімшілігінің үгіт-насихат бөлімінде қызмет етеді. 1962 жылы ҚХР-дан ауған қалың көшпен атажұртқа оралып, советтік Қазақстанда келесі 30 жылын өткізді. Соңғы 30 жылында Тәуелсіз Қазақстанның азат қоғамын көрді, жетістігіне қуанды, кемшілігін өлеңмен өрді. Қытай елінен келгеннен соң өмірінің соңына дейін Семей (қазіргі Абай облысы), Үржар ауданына қарасты шағын ғана Қаратұма ауылында тұрмыс кешті. Келгеннен малшылық кәсіптің қамытын мойнына кие жүріп, шығармашылығын жалғастыра берді. Десе де, шеттен келгендігі, Шығыс-Түркістанда болған үш аймақтық соғыс кезіндегі белсенділігі көп жерде кедергі болды, үнемі бақылауда жүрді. Сол себепті оқу-білімді ары қарай қуа алмады.
«...Атанып «Шығыс-Түркіс құйыршығы»,
Құпия қиыныңда сыр бөктердім...», -
деп «Туған жер» өлеңінде жеке өмірінің сырын өлеңге өреді. Ауылды жерде қара жұмысқа жегілген күнделікті күйбең тірлік білімін дамытуға мұрсат та бермеді. Ол күйін өзі:
«Табандап қуа алмадым ақындықты,
Қуардай бола алған жоқ ақыл мықты
Сұм тағдыр бес жасымда анамды алды,
Бала үшін басқа іздеме пақырлықты»
немесе,
«Ақынмын ауылдағы дала кезген,
Даланың сырын шерттім қара сөзбен», - деп түйеді.
Дегенмен, ақынның шығармалары жергілікті, облыстық баспасөз беттерінде жарық көріп жүрді. 1992 жылы Қаракерей Қабанбай батырдың 300 жылдығына арналған ақындар мүшайрасында «Ел қорғаған ер баба» аңыз дастаны бас жүлде алады (Ақынның өзі Қабанбай батырдың тікелей 7-ші ұрпағы).
2001 жылы қытай қазақтары арасында тараған аңыз негізінде 400 шумақ трагедиялық дастан «Ақжігіт-Айдай» атауымен алғашқы кітабы жарық көрді. 2013 жылы «Саңлақтар» кітабы, ал 2016 жылы «Алғырлықты ар тұтқан Асыл Аға» кітабы баспадан шығады.
Ақын хат танығаннан бастап, демі үзілгенше өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Өзінің төл шығармаларынан бөлек Ғабит Мүсіреповтің «Тастың әңгімесі» монологын өлеңмен өрді. Әйгілі әнші, композитор Әсет Найманбаевтың жас кезіндегі сәтсіз махаббат оқиғасы негізінде ел аузында қалған әңгіме желісімен «Таңшолпан» дастанын жазады. Әсеттің «Қызыл гүлім» әні осы оқиғаға арналған деген болжам бар. Тағы да Әсет Найманбаевтың «Үш жетім қыз» дастаны ізімен халық ертегісі «Жетімдерді» қисса-дастан қылып жазды. Кәріліктен хабар жетіп, денсаулығы сыр бере бастаған тұста өз ағзасымен арыздаса жазылған «Көз», «Жүрек», «Кәрі көңіл» өлеңдері оқырманды барды бағалап, денсаулықтың қадірін білуге үндейді.
Ақын Қытай елінен ата жұртқа келгенде араб қарпімен төте жазуда жазылған бірқатар құнды қолжазбаларды да алып өткен. Солардың бірі – Қытай жерінде өткен зиялы азамат Сейілхан зәңгінің шығармашылығы мен Қаракерей Қабанбай батырдың мазарына қатысты қолжазба дерегі. Аталған дерек «Алғырлықты Ар тұтқан Асыл Аға» кітабында берілген.
Қайырғажы Қамашұлының өлеңдерінде халық фольклорындағы аңыз-әңгімелерге негізделген тың деректермен қатар, көне архаикалық қазақ сөздері де жиі ұшырасады.
Көп оқылғандар
Серік Сағынтай. "Қарғаның" екінші әңгімесін жазып жатырмын
РУХ МҰНАРАСЫ!! Ақпері Ахмет
Сағындық Рахымжан. Василек
Роза Мұқанова. Бағира – Шер…
Меңдолла Шамұратов. «Басқыншылар» билеген қоғам…
Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ. Альфонс
Кітапханаға кітап сыйла акциясы өтпек
Әлия Бөпежанова. «Асыл өнер таптырмас алмасқа ұқсас»
Қазақтың «Қара құрдымы»
Сәкен Сыбанбай. Рамазан мен Жұлдызай
Сәдуақас Шормановтың туғанына 175 жыл
Айгүл Бейсемхан. Тағдырымнан күтіп, тәтті несібе
Жұматай Жақыпбаев. Жаным бар мені шығарар шырқау биікке
РУХ МҰНАРАСЫ!! Ақпері Ахмет
Қара өлеңнің Қарауылы
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек...»
Қазақ әдебиетіндегі Жошы «жорығы». Әлібек Байбол
Толымбек Әбдірайым. «Ор болып қалушы еді шапқан жерің...»
«Қараштың оқиғаларынан» сыр тартқанда
Қуаныш Жиенбай. Театрға артқы есіктен кіретін кісі (әңгіме)
Гүлзада Ниетқалиева. Қаройдан соққан қоңыр жел
Хан Ган. Ет жемейтін әйел
Асқар Алтай. Шаң қаптырмас шабандоз
Ашур Өздемир. Көркем аудармаға келгенде науқаншылықты қою керек
Жұпар Жақан. Портреттегі ым-ишараның үлесі
«Кино» кейіпкерлері
Сағындық Рахымжан. Василек