Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

Марк Твен

Марк Твен (Twaіn) , Самуэл Ленгхорн Клеменс (30.11.1835, Флорида, Миссури штаты – 21.4.1910, Реддинг, Коннектикут штаты) – америкалық жазушы. Балалық шағы Ханибал қалашығында (Миссисипи) өткен. 1853 – 1857 жылдары ел аралап, түрлі қызметтер атқарған. 1865 жылы жарық көрген “Калаверасадан келген әйгілі секіргіш бақа” атты әңгімесі оны көпке танымал етті. 1867 жылы Еуропада, одан соң Палестинада болды. Финнейдегі Гарден қаласындағы Қоғамдық кітапханадағы Твен ескерткіші Осы сапарлар турасында жазылған “Ақкөңілдер шетелде” (1869), “Шыныққандар” (1872) атты еңбектерінде ескі мен жаңаны салыстыра келе, өмірдегі күйкі құбылыстарды сықақ етеді. Ч.Д. Уорнермен бірге жазған “Алтынға малынған ғасыр” (1873) атты романында АҚШ-тағы Азамат соғысынан кейінгі адамзаттың азғындауы, қоғамдағы алдау-арбау, адами болмыстың арзандауы туралы шынайы жазды. Өмірбаяндық “Том Сойердің таңғажайып істері” (1876), “Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары” (1884) атты еңбектерінде бақытсыз балалық шақ, пайдасы аз шіркеулік оқулар мен бай адамдар психологиясы өткір мысқылмен бейнеленген, Американың өткені мен бүгінгі өмірі жан-жақты суреттелген. “Ханзада мен қайыршы” (1882), “Ашықауыз Вилсон” (1894), “Жанна Д’Арк туралы жеке естеліктер” (1896), “Менің сыншыларым – миссионерлерге” (1901), “Патшаның монологы” (1905), “Бейтаныс адам” (1916), т.б. туындылары дүние жүзі халықтары тілдеріне аударылған. Твеннің “Том Сойердің таңғажайып істері” (1939, 1949, 1951, 1965), “Гекльберри Финнің басынан кешкен оқиғалары” (1949, 1967), т.б. шығармалары қазақ тілінде жарық көрген.



Көп оқылғандар