Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Авторлар
А
Арасанбай Естенов

Арасанбай Естенов

Естенов Арасанбай Жексенұлы 1953 жылы 18 желтоқсанда Құлжа қаласында дүниеге келген. 1956 жылы атамекені – Қазақстанға оралады. 1970 жылы Арасан орта мектебін бітіргеннен кейін ұжымшарда құрылысшы, аудандық газетте корректордың көмекшісі болып жұмыс істейді. 1980 жылы ҚазМУдің журналистика факультетін бітірген. Қапал аудандық «Қапал еңбеккері» газетінде аудармашы, әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор қызметтерін атқарған. 2002 жылдан ЖШС «Баянжүрек» баспасының директоры. Алғашқы повесі «Шырғалаң» 1982 жылы «Таң нұры» атты ұжымдық жинақта («Жалын») жарық көрген. Республикалық «Жалын» баспасы өткізген жабық бәйгелердің үш мәрте (1977, 1986, 1995), «Астана – Бәйтерек», Халықаралық «Дарабоз» конкурстарының бірнеше дүркін жүлдегері. Сонымен қатар ол Республикалық «Елім менің» конкурсының да әлденеше реткі жеңімпазы атанып келеді. «Наурыз тойы», «Үйлену тойы», «Жігіттің үш жұрты» жинақтарын құрастырған.

 

Арасанбай Естенов – оқырман қауымға кеңінен танымал қаламгер. «Ауыл таңы», «Баянжүрек баурайында», «Тасжарған ерте көктейді», «Айжаңғырық», «Жансауға», «Періштелер патшалығы» атты повестер мен әңгімелер жинақтары көпшіліктің көңілінен шығып, баспасөзде оқырманның жоғары бағасын алғаны белгілі. Автордың  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты атануы осының бір айғағы деп білеміз.А.Естенов – проза, поэзия деп бөлмей, екі жанрда да бірдей қалам тербеп келе жатқан қарымтал талант иесі. Және басқаларға ұқсамайтын тағы бір ерекшелігі – шартты түрдегі «үлкендер» әдебиеті мен балалар әдебиетінің тізгінін тең ұстап келе жатқандығы дер едік. Әсіресе, мұнысы – әркімнің қолынан келе беретін іс емес. Бір кездері «балалар әдебиеті» дегенді екінші сортқа жатқызып түсінгендер де болған шығар. Қазір бұл көзқарас түбірімен өзгерген. Балалар әдебиеті – ең маңызды да, жауапты жанрға айналғаны белгілі, енді бұл жанрмен талантының тегі, қаламының ебі барлар ғана айналыса алатын болды. А.Естенов – осы тәуекелге бекем барып, белін нық буған жазушы. Және балалар әдебиеті – оның кешелі-бүгін тауып, жолдан қосылған машығы емес, өзі әдебиет табалдырығын аттап басқан күннен бергі адал еңбегі деп білу керек. Қысқасы, ол – проза, поэзия деп те, ересектер мен балалар әдебиеті деп те бөлмей, шығармашылық өнерде төрт аяғын тең тайпалтқан нағыз жүйріктің өзі. Бұған оның балаларға арналған «Әліппемен қоштасу», «Мектептегі мейрамдар», «Жеті саны киелі», «Таудай болып өсеміз» сынды, т.б. кітаптары дәлел болады. Балалар әдебиетін дамытуға арналған Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің сыйлығын қатарынан екі рет (2007, 2008) алуы да оның өзін мойындатқан дарын иесі екенін айғақтайды. Бірақ... біздің айтпағымыз бұл емес. Өйткені А.Естенов шығармашылығы – сала-салаға бөліп, арнайы зерттеуге тұратын үлкен еңбек. Сондықтан біз оның қолымызға түскен кезекті жаңа кітабынан алған әсерімізді ғана айтып өтпекпіз. 

Көп оқылғандар