Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Кітаптар
Әдеп әлемі және журналистика
Әдеп әлемі және журналистика
Рейтинг: 5
Әдеп әлемі және журналистика
Биыл Үмбетбай Уайдин ағамыз өзінің ұзақ жылдық шығар­машылық және ұстаздық жолынан түйген ой­ларын кітап етіп шығарып, оқырманға ұсынды. Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Мектеп» баспасынан жарық көрген қазақтың танымал сатирик жазушысы Үмбет­бай Уайдиннің «Әдеп әлемі және журналистика» таңдамалы журна­листика, тағлымды педагогика тақыры­бына жазылған жаңа кітабын оқып, баспасөз саласында еңбек етіп жүрген қаламгер қауымның жүрегіне жақын тақырыпты дендей зерттеген ой-толғамдарына қаныққандай бол­дық. Жазушы қозғаған тақырыбын әдеп пен әсемдік әлеміне тірейді. Журна­листің мәдениеті, сәлем-сауқаты, жүріс-тұрысы, сұхбат жүргізу, редакцияға келген хат, қолжазбалармен жұмыс істеу дағдысы – мұның бәрі әдеп пен әсемдік әлемінің аясына келіп саяды. Журналистика – ғылым, тарих, бейресми төртінші билік, әлеуметтік құбылыс. Қызық та қиын, құрметті де мазасыз мамандықтың адамы, оның тілі – заңның тілі, әділеттің тілі. Ол өмір бойы жол үстінде, журналистің бармайтын елі, жері жоқ. Ол қоғамның үні мен көзі. Қоғамдағы жақсылық атаулыны жаңғыртып, жамандық атаулының жер-жебіріне жететін қаламгер әрі қайраткер. Қай жерде, кіммен сөйлессе де оның тілі – әдеп, мәдениеттің тілі. Журналист – ойдың, сезімнің, мінездің адамы. Мамандығын сүймегендерге журналистикада орын жоқ. Оның жауапкершілігі – этикалық жауапкершілік. Кітап авторы журналистерге жауапкершілікті және этика ғылымының пәрменді құралы екенін ұғындыру екенін естен шығармайды. Автор қозғаған тақырып аясына сәйкес тарауларға бөледі. «Таңдамалы журналистика» аталатын алғашқы тарауында сәлем-сауқат әдебі және журналистика, әдеп мәдениеті, әр адамның адамгершілігі, кісілігі, тәртібі сәлеміне қарай деген ойларды тартып әкетеді. «Терминология мәселесі және журналистика», «Журналистің қызмет этикасы мен моральдық принциптері», «Баспасөз бостандығы, заң, заңдылық, заңсыздық», «Автор, редакция поштасы, хатқа жауап», «Сыр-сұхбат және кәсіби әдеп» деп аталатын тақырыптар негізгі желіні толықтыра түседі. «Қазір ақша төлеп, журналистикада кім болса сол оқитын болды ғой. Баяғы біздің кезіміздегі талап жоқ. Қайсысы мемлекеттік, қайсысы жекеменшік журналист кардрларын даярлайтын оқу орындары да қаптап кетті. Сосын қайдан сапа болсын, сосын қайдан кадр оңсын», – деген ойын да батыл жеткізеді. «Тағлымдық педагогика» аталатын екінші тарауында журналистиканың әдеп әлеміне тереңдей енеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ университеті мен Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектебінде ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен кезінде басынан өткен жәйттерді арқау ете отырып, ой түйеді. Қаламгерлігімен бірге ұстаздық еңбегімен танылған Үмбетбай Уайдин жаңа кітабының мақсаты – кәсіби шеберліктерін шыңдау барысында болашақ журналистерді, жалпы студент-жастарды тар шеңберде қалдырмай, оларға әдеп-мәдениет тұрғысынан жан-жақты, кең ауқымды мағлұмат беру болып табылады.

Көп оқылғандар