Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
2021 жылдың әдеби жыл қорытындысы...

20.05.2022 3613

2021 жылдың әдеби жыл қорытындысы 12+

2021 жылдың әдеби жыл қорытындысы - adebiportal.kz

Әдеби аударманың бағыт-бағдары

2021 жыл әдеби аударма үшін өнімді жыл болды. Әсіресе отандық баспаларымыз шетел әдебиетінің озық үлгілерін қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударып, елдер арасындағы әдеби байланысты жандандыра түсті. Соның ішінде өзіміз танысқан, қолымызға тиген кітаптарды оқи отырып, жалпы көркем шығарма аудармаларының бет алысына, бағыт-бағдарына тоқталуды мақсат еттік.

Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланды. Аталған жыл аясында шетел жазушыларының балаларға арналған таңдаулы туындылары қазақ тіліне аударылып, балаларды қызықтыратындай, түрлі түспен безендірілген сапалы кітаптар жарыққа шықты. Атап айтқанда, «Фолиант» баспасы «Балақай және шатырда тұратын Карлсон» шығармасымен танымал болған швед жазушысы Астрид Линдгреннің балаларға арналған мейірімді қыз «Ұзын шұлық Пиппи» туралы шығармасы, Италияндық жазушы Родари Джанидің балаларды адамгершілікке, әділеттілікке тәрбиелейтін «Чиполиноның басынан кешкендері», «Джельсомино Суайттар елінде» ертегілері қазақ тілінде жарық көрді. Бала жаны қиялдан туған хикаяларға, фантастикалық оқиғаларға әуес. Сондықтан да, балаға түрлі қиялдарға құрылған таңғажайып оқиғалар арқылы санасына ой салатын шығармалар керек-ақ. Осындай үдеден шығатын бала талабын орындайтын туындылар аударма арқылы жарыққа шығып жатқаны көңілге медеу. Мәселен, «Алтын сақа» балалар баспасынан Ж.Зинелованың аударуымен 5 кітаптан тұратын «Шетел ертегілері», дат жазушысы Г.Х. Андерсеннің адамды жақсылық жасауға баулу, өзгеге көмек көрсету, шындықты айту, өтірікке құмар болмау керектігін шытырманға толы оқиғалармен жеткізетін бірнеше ертегілерін (аударған С.Ерғали) жарыққа шығарған.

Соңғы жылдары «Steppe & WORLD» баспасы да балаларға арналған әлем әдебиетінің жауһарларын ұсынып келеді. Аталған баспа әлемге әйгілі балалардың жата-жастана оқитын ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиңтің «Хәрри Поттер» шығармалар жинағын қазақ тіліне аударуымен назарға ілінді. Баспа бір ғана емес бірнеше кітаптардың аудармасын ұсынды. Соның ішінде 2021 жылы шыққан Руал Даһлдың «Жеймс пен дәу шабдалы» шығармасы (ағылшын тілінен аударған Әлихан Айсұлтан) бар. Шығармада ата-анасынан ерте айрылған Жеймс Хенриге сиқыр дарыйды. Нәтижесінде оның өмірі өзгереді. Джеймс пен оның шабдалы хикаясы оқырманды алға жетелеп, саяхат барысында жәндіктермен таныстырады. «Шегірткенің құлағы қайда? Неліктен құрттардың көздері жоқ? Жібектің пайдасы қандай?» деген сияқты т.б. қызықты сұрақтарға жауаптар алады. Сондықтан да туындыны энциклопедиялық шығарма деуге де болады. Аталған баспа Америка жазушысы Ракел Паласионың «Ғажайып» атты бестселерін ағылшын тілінен тікелей М.Қайыңбаеваның аударуымен жарыққа шығарды. Сырт келбеті ешкімге ұқсамайтын баланың көз, құлақ, ауыз, мұрын мүшелері ауыр ақаумен туғандықтан өз орнында емес. Бір қарағанда айналасындағы адамдарға жүзі қорқынышты көрінетін баланың ар жағы мейірімге толы. «Ұсқынсызбын» деп қоғамнан бөлінбейді, қайта бірде қызықты, бірде аянышты оқиғалармен айналасын өзгеріске жетелеп, ғажайып бала атанады. Романның идеясы жас оқырмандарды адамды түріне қарамай қабылдау керектігін ұғындыру.

Әлем әдебиетінің үздік туындыларын аударма арқылы ұсынып жүрген «Мазмұндама» баспасы да балалар әдебиетіне көңіл бөліп келеді. Американдық балалар жазушысы Фрэнк Лайман Баумның «Сүйкімді қыз бен сиқыршы шал» әңгімесін Г.Рахимбердиеваның аудармасымен жарыққа шығарған. Шығармада Канзас штатындағы Дороти деген кішкентай қызды құйын көтеріп басқа әлемге алып кетеді. Ғажайып әлемде ол Қорқау, Қалайы ағаш және Қорқақ арыстанды кездестіреді. Бұл сапарында мейірімді достар табады. Бірде қызықты, бірде қорқынышты ұзақ саяхаттан кейін сиқыршының көмегімен үйіне оралған Дороти «Сиқыршының барлығы зұлым болады» деген ойдан арылады. Балаларды қиялдауға, тосыннан шығар жол табуға жетелейтін, ғажайып оқиғаларға құрылған хикаяны заманауи ертегі десек те болады.

«Аруна» баспасы да балаларға арналған шағын кітапшалар шығарып келеді. «Қорыққанға қос көрінеді» кітапшасында әр елдің танымал халық ертегілерін жинақтаған. Суретті кітапшада балаларды кішкентайынан ой-өрісін, танымдық қабілетін дамытады. Аталған баспа «Халық ертегілері» сериясын жарыққа шығаруды дәстүрге айналдырғанында айта кету керек. Сондай-ақ, «Литер-M» баспасынан балалар жазушысы Б. Сүлейменовтың «От Хан Шатыра до Солнечного дворца, или путешествие в мир сказок» шығармалар жинағы орыс тіліне Н.Кенжеғұлов пен А.Даткиннің аудармасымен жарыққа шыққан. Жазушының ертегі, әңгімелерін жаңа бағыттағы, заманауи шығармалар деп атауға болады. Автор бала оқырмандарын далаға да, қалаға да, ауылға да жетелеп табиғаттың жұмбақ әлемімен таныстырып, бала танымын арттырады. Осындай отандық жазушыларымыздың да үздік шығармалары қазақ тілінде ғана емес, біртіндеп өзге тілге аударылып жарыққа шыға берсе, әлем әдебиетінің жауһар туындылары қатарынан орын алары анық.

Қазіргі кезде еліміздің орта білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында аты аталған аударма шығармаларды мектеп оқушыларына оқытып, талдатуды ұсынар едім.

Жалпы, балаларға арналған аударма шығармалармен қатар, отандық баспалар әлем әдебиетінің жауһар туындыларында ұсынуда. «Фолиант» баспасынан «Үздік шетел әдебиеті» сериясымен бірнеше кітаптар жарық көрді. Мысалы, ағылшын тілді ауған жазушысы Халед Хоссейнидің «Жарқыраған мың күн» романы (аударған Т.Меллат) соғыс өрті толастамаған ауған елінің басынан өткізген саяси өмірімен қатар, адамның қилы тағдыры суреттелген. Сондай-ақ, аудармашы Өтен Ахметтің тәржімасымен америка жазушысы Олкотт Луиза Мэйдің «Кішкентай ханымдар» романы жарыққа шыққан. Романда апалы-сіңлілі арманшыл төрт қыздың өмірі бейнеленген. Оңтүстікте азаматтық соғыспен қатар өрілген отбасының, бір-біріне ұқсамайтын бойжеткен төрт қыздың балалық шағы, тағдыры әсерлі бейнеленген. Аударылған екі шығармада соғыс тақырыбы арқау болғанымен оқырманды қорқынышпен бойкүйездікке салынбай армандай білуге, қиындыққа төзіп, тек алға ұмтылу қажеттілігін үйретеді. Сонымен бірге, баспа түрік шығармаларын қазақ тіліне аударып, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктың бірнеше шығармаларын жарыққа шығарып келеді. 2021 жылы Маржан Ершудың аударуымен О.Памуктың махаббаттың мұңы мен сырына арналған «Сезім музейі» романында Кемел мен Пурсу арасындағы тартысқа толы махаббат хикаясы әсерлі бейнеленеді. Бұл кітап Түркияда сезімді ұлықтайтын үздік махаббат романы деп танылған. Сондай-ақ, орыс жазушысы Яхина Гузелдің «Зулейханың оянуы» романы М.Дүйісмағамбеттің аударуымен жарыққа шыққан. Шым-шытырық оқиға 1930 жылы татар ауылында басталады. Қызыл Армия, мигранттар, жер аударылғандардың ас-сусыз, баспанасыз қиын-қыстау өмірі баяндалады. Түрлі ұлт өкілдерінің бірігіп, бірге күресуі, бас кейіпкер Зулейханың қайсарлығы дәріптеледі. Аталған баспа Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» (ағылшын тілінен аударған Д.Әлімақын), Стивен Кингтің «Сол», «Жасыл миль» (ағылшын тілінен аударған М.Сембайқызы), Ахмет Үміттің «Ыстамбұл естеліктері» (аударған Д.Зікірия) т.б. кітаптарын ұсынды.

Әлемдік классиканың үздігі болып саналатын Джордж Оруэлдің «Мал қора» романы 1944 жылы жарық көрсе де, әлі күнге дейін өз өзектілігін жоймаған, әлемнің көптеген тілдеріне аударылып жарық көріп келе жатқан танымал роман. Кітап мазмұны кеңестік мемлекеттердегі тоталитарлық жүйені сынға алып, «Мал қорадағы» жануарлардың өмірін мысалға ала отырып, күлкілі пародия түрінде жазылған. Кітапты сол кездегі кеңес үкіметіне жазылған сатиралық пародия деп те атауға болады. Жазушы мемлекетті, үкіметті жануарлар өмірін мысалға ала отырып, сол замандағы қоғамдағы әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелерді меңзейді. Осы әлемдік бестселлер енді қазақ тілінде «Мазмұндама» баспасы арқылы қазақ оқырманына жетіп отыр. Қазақ тіліне ағылшын тілінен аударған Сәкен Солтанаев. Аудармашының қазақ танымындағы түсініктерді оңтайлы қолданғанының бір көрінісі – жалқы есімдерді пайдалануынан көрінеді. Мәселен, түпнұсқада «Boxer» – ол шаруа жылқысы, сол кездегі КСРО-ның қарапайым халқының образды түрі. Оны аудармашы – «Көнтері» деп атаған. Расымен барлық ауыртпашылықты үнсіз мойнына салып сүйрейтін, ақыры ыңыршағы шығып, көтерем болып өлетін байқұс, нағыз қара жұмыстың иесін «Көнтері» деуі ұтымды шыққан. Аудармашы кейіпкер есімдерін қазақ халқының мал шаруашылығына, қоғамдық құрылысына, танымына деген өзіндік көзқарасын ескере отырып, кейіпкердің мінез-құлқын ашатындай түпнұсқаға сай келетін баламасын таңдап алғаны көрініп тұр.

2021 жылы прозалық туындылармен қатар, поэзиялық шығармалардың аудармалары да жарыққа шықты. Ақындарымыздың өлеңдерімен қатар, аудармалары да жинақталған еңбектері бар. Мәселен, белгілі ақын Байбота Қошым Ноғайдың орыс әдебиеті алтын ғасырының ақындары В.А. Жуковскийдің, А.С. Пушкиннің, Я.П. Полонскийдің өлеңдері мен дастандары жарық көрген. Аудармаларын түпнұсқамен салыстыра қарағанда аудармашы шумағына шумақ, жолға жол күйінде, ырғақ бунағына дейін дәл беріп балама аударманың үлгісін көрсеткен. Мысалы: В.А. Жуковскийдің «Утешение в слезах» өлеңін «Көз жасымен жұбану» деп аударған.

«К тебе ласкаются друзья,

Их ласки не дычись,

И что бы ни утратил ты,

Утратой поделись» деген шумақты:

«Сені достар еркелетсе, олардың

Қайтармағын меселін,

Не жоғалтсаң, бөліс бәрін өзгемен,

Түгелденер есебің» - деп, өлең жолдарын сөзіне сөз күйінде аударып сірестіріп қоймай, қазақтың қолданысындағы сөз тіркестерімен әдемі келтіріп, түпнұсқа ойын дәл жеткізеді. Ақынның басқа аудармалары да еш кібіртіксіз, емін еркін оқылады.

Әлем ақындарының үздік өлеңдерін аударып жүрген келесі ақынымыз Ержан Алаштуған. Есімі болмысын айғақтап тұрған Алаштуғанның аудармалары да өлеңдеріндей оқырманға рух береді. Ақынның «Жалғыз аспан» жыр жинағында Адам Мицкеевич, Низами Гәнжауи, Шота Руставели т.б. шетел әдебиеті ақындарымен қоса белгілі ақын О.Сүлейменов пен Б.Қанапияновтың да өлеңдері енгізілген.

Ғасырларды араға тастап,

Рухтың тірлігін растап,

Алашқа аударып алдым

Өзіміз оқуға ӨЗІМНІҢ ЖЫРЫМДАЙ! -

деп ақын аудармадағы мақсатын да аңғартады. Әр аудармасы өзінің жанына жақын, рухымен үндес екені байқалады.

2021 жылы елімізде жарық көрген аудармаларға назар аудара отырып, негізгі төрт бағытта жұмыс жасалғанын байқауға болады.

  1. Түпнұсқадан тікелей аудару. Бұл бойынша негізінен шығармалар ағылшын, орыс, түрік, парсы, мажар тілінен тікелей аударылған. Осы арада М.А.Джамалзаденің «Ана тілдің әуезі» шығармасын Айнаш Қасым парсы тілінен, Эндре Ади лирикасын Р.Зақанқызы мажар тілінен аударғандығын ескере кеткен жөн. Аудармалар қазақ әдебиеті газетіне жарияланған.
  2. 1960-1980 жылдары орыс тілі арқылы аударылған шығармаларды қайта басып шығару, сондай-ақ, түпнұсқадан тікелей аудару ісі. Бұл бағытта «Qasym кitaphanasy» баспасы жоспарлы түрде жұмыс жасап келеді.
  3. Алаш зиялыларының аудармалары жеке кітап болып басылып шыққан. Саяси күрес арқылы ғана емес, мәдени-рухани күреспен ұлттың санасын ояту қажеттілігін түсінген алаш зиялылары ұлттық сананы қалыптастыру үшін оқу-ағарту мақсатында жасаған еңбектерінің ішінде көркем аударма ісіменде айналысқанын ерекше атағанымыз маңызды. Бұл тұрғыдан алғанда «Отбасы хрестоматиясы» баспасының жобасымен (жоба авторы Абзал Құспан) алаш қайраткерлерінің аударма мұраларын жарыққа шығару, насихаттау ісі жалғасын тапқаны қуантады. Жоба негізінде орыс жазушысы Лев Толстойдың балаларға арналған шығармалары Ә.Бөкейханның Толстой мен Эзоптың жетпіс жеті мысалындағы әңгімелері ықшамдалып берілген. М.Әуезовтің «Булка», Арыс Шығысұлының «Пелипок» т.б. әңгімелері топтастырылған. Орыс жазушысы Д.Мамин-Сибиряктың адам мен жабайы табиғат, жануарлар, құстар арасындағы байланыс әңгімеленетін: Ә.Марғұланның «Асыранды аққу», С.Жүнербайұлының «Емеля аңшы», Ә.Бөкейханның «Кім жыртқыш», С.Нұрқабекұлының «Сұр мойын» шығармалары берілген. Бұл шығармалар негізінен 1925-1937 жылдары аударылып жарияланғаны белгілі. Десек те, кейбір аудармалар төте, латын харіптерінде жарық көргендіктен оларды кирилицаға түсірген. Бұл «Отбасы хрестоматиясы» баспасының бір ерекшелігі деуге болады. Аталған еңбектерді Алаш арыстарының есімін ұлықтап, аудармаларын жаңғыртудағы тұщымды дүние деп білеміз.

4) Аталған жыл аясында қаламгерлеріміздің туындылары өзге тілде аударылып, жарыққа шыққан. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы «Шлях Абая» деген атпен беларусь тілінде жарық көрді. Аударма авторы - белорус жазушысы және ақыны Михаил Поздняков. Минскідегі Якуб Колас атындағы Орталық ғылыми кітапханада тұсаукесері де өткізілді. Сондай-ақ, жазушы Д.Исабеков мазмұнды шығармалары швед тілінде жарыққа шықты. Аударған Нобель сыйлығының иегері Бенгт Самуэльссон. Жинаққа Дулат Исабековтің ең танымал бес хикаяты мен екі әңгімесі енген.

Қазақстан жазушылар одағының мүшесі З.Жұманованың повестері мен әңгімелері жазушы, аудармашы А.Ахетовтың аудармасымен орыс тілінде «Дәуір» баспасынан «Запах дождя» деген атаумен жарық көрді. Автор шығармаларындағы жалғыздық, әйел мұңы, әйел үні, қазақ әйелдеріне тән болмысты қоғамдағы тіршілік түйіткілдерімен астастыра берген сюжеттерін нәзік лиризммен орыс тілінде жеткізе білген. Қазіргі қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтіп туған жер, табиғат, адам болмысы, адал махаббат, әке, ана, бала, арман мен үмітке толы ойлы өлеңдерімен танылған ақын Саят Қамшыгер поэзиясы да орыс, башқұрт (К. Андрианова (орыс т), Т.Васильченко (орыс), Т.Расул, Г.Куватова, И.Ишбулатов, Т.Искандария (башқұрт) тілдеріне аударылған екен. Аудармалар жинақталып: «Тебе...Һиңә...саған...» деп аталып, Уфа қаласында жарық көріпті.

Байқап отырғанымыздай әдебиетіміздің көркем аударма саласы дамып келеді. Сатылы аудармадан қарағанда, тікелей аударма жасаудың артықшылығы, пайдалы екенін сеземіз. Осы уақытқа дейін біздің қаламгерлеріміздің шығармалары өзге тілге орыс тілі арқылы аударылып келді. Ендігі кезекте ақын-жазушыларымыздың шығармалары әлем тілдеріне тікелей ана тілімізден аударылса, қазақ әдебиетінің өрісі кеңейер еді. Отандық баспаларымыз осы жағына назар аударса деген тілек бар.

Лаура Дәуренбекова

ф.ғ.к., доцент

Нұр – Сұлтан қаласы,

Еуразия гуманитарлық институты


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар