Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 12...

20.04.2019 5030

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 12

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 12 - adebiportal.kz

ХІІ

“Жаппай коллективтендіру халық толқулары­ мен шашалды. Сталин тұтас бір жылға шегініс жасады”, – деді бұл кезең туралы жазушы Борис Можаев.

Ресми тарихшылар Қазақстанда болған бұл оқиғалар туралы бір кісідей болып, жұмған ауыздарын ашпайды, тіпті болмағанда бір-екі ауыз бұлыңғыр сөз тіркестерімен шектеледі. Бұл түсінікті де: құпия құжаттарды сақтаушы “Компартия ОК-нің жанындағы Партия тарихы институты” өз партиясының шынайы тарихын емес, көзбояушылық тарихын көрсетуге тырысып бақты. А.Тұрсынбаев “Қазақстандағы колхоз құрылысының жеңісі” (“Победа колхозного строя в Казахстане”, Алматы, 1957) кітабында “антикеңестік бой көрсетулер” туралы айта келіп, Созақтағы “байшылдық бүлік”, сондай-ақ “Адайдағы, Алакөл ауданындағы және басқа жерлердегі байлардың қарулы қарсылықтары” туралы тек үстірт қана еске алып өтеді. “Қазақ ССР тарихы” (Алматы, 1977, ІV т.) бұл туралы тіпті айтпайды да. “Қазақстан Коммунистік партиясы тарихының очерктері” (“Очерки истории Коммунистической партии Казахстана”, Алматы, 1963): “Кеңес өкіметінің жаулары колхоз құрылысындағы солшылдық ауытқуларды мүлт жіберместен пайдаланып бақты. Олар шаруаларды антисоветтік бас көтерулерге итермеледі, партия және совет қызметкерлеріне, ауыл-село белсенділеріне қастандық жасауды ұйымдастырды. Мысалы, 1930 жылдың басында бай-құлақ элементтері Сырдария округі Созақ ауданында 23 басшы қызметкерлерді айуандықпен өлтірген. Тап жаулары шаруаларды колхозға кірер алдында малды жаппай қыруға үгіттеді” деген қысқа сөзбен ғана шектеледі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі – 11

Тіпті салыстырмалы түрде бертінгі уақытта жариялылық кезінде жазылған “ұжымдастырудың күрделі мәселелері” туралы “Шындық тұрғысынан” (“С позиций правды”) деген мақаланың авторлары академик Б.Төлепбаев пен тарих ғылымдарының кандидаты В.Осипов та бұл мәселені айналып өтті. Олар бәрін бірдей “кулактардың жауыздығымен” түсіндіруге болмайтынын мойындайды, бірақ “кулактардың белгілі бір рөлі болғанын” теріске шығармастан, Қазақстан Компартиясы ОК-нің жанындағы баяғы сол Партия тарихы институтының (бүгінде маңдай жазуын “Саяси зерттеулер институты” деп өзгерткен) бұл қызметкерлері “белгілі бір деңгейде (қызық: қандай деңгейде? – В.М.) жағдайды мемлекеттік органдар өкілдерінің орашолақ, кейде қылмысты әрекеттері шиеленістірді”­ деп санайды.

Төрешілдіктің “сүйкей салдысын” еске түсіретін бұл сырғытпалы тұжырымдардың кімнің “шындығы тұрғысынан” құрастырылғаны айдай анық...

“Лениндік ұстанымдар” қорғаушыларының төменде келтірілген қысқаша анықтамасы да көп жағдайды айқын түсіндірмейді: “1929 ж. Қазақстанда, ОГПУ мәліметі бойынша, құрамында 350 адамы бар 31 “бандалық құрылым” әрекет етті, 1930-да, сәйкесінше 82 және 1925 адам, 1931 ж. – 80 және 3192. Мұның үстіне, селолар мен ауылдарда осы уақыт ішінде жалпы саны 9906 адам болатын 2001 “жау топ” ашылды, сондай-ақ 10396 жеке зиянкестер тұтқындалды. Солардың іс-әрекеті салдарынан 1929- 1931 жж. 460 партия-кеңес қызметкерлері қаза тапты, 372 дұшпандық антикеңестік акт, 127 астық өртеу, егінді малмен таптату әрекеттері орын алды”.

ОГПУ, неге екені белгісіз, анықтамасында өздерінің жазалау әрекеттері қандай болғанын, оның деңгейі мен қамтыған көлемін көрсетпейді (немесе тарихшылар мұны еске алмайды). Әйтсе де, “бандиттерді” және “зиянкестерді” қаншалықты қатал жазалағаны (белсенділерді ұрып-соққаны немесе қастандық жасағаны үшін кінәлілерді тек қана “әлеуметтік қорғаныстың жоғары шарасымен” – ату жазасымен жазалаған; ал зиянкестік деп не болса соны атаған...) алдыңғы тарауларда келтірілген газеттік мақалалардан айқын көрінеді.

1930 жылдың кезіндегі жариялылық шегі, әрине, баспасөз ұжымдастыру басталған тұстағы халықтық толқуды “жария көрсете аларлықтай” соншама кең емес еді. Тек жарты жыл өткенде, Жетінші конференцияда Голощекин: “Жаппай антисоветтік бас көтерулер бізде орын алды”, – деп мойындады. Ол бұл туралы алғашқы және соңғы рет айтты; басқа басшыларға мұндай әңгіме айтуға мүлде рұқсат етілген жоқ. Соңғы кездерге дейінгі әлдебір нақты мысалдарды неғұрлым толық келтірді. Осы уақыттан бастап, тарихшылар үшін бұл тақырып алпыс жылға жабық болды (олардың “колхоз құрылысының жеңісі” туралы көптеген диссертациялар қорғауына бөгет болмағандығымен қоса алғанда). Филипп Исаевич не туралы айтты?

“Біріншіден, біз Семей округі Зыряновск ауданындағы орыс крестьян қауымының антисоветтік бас көтерулерін көріп отырмыз... (бұл бас көтеруді ұйымдастыру бір жыл бұрын дайындалды). Таза кулактық элементтердің бастауымен, орташалардың өте аз саны тартылған...

Екіншіден, өткен жылдың көктемінен бастап дайындалған, Орталық Қазақстанның алты ұлттық ауданында болған антисоветтік бас көтерулер...

Барлық бас көтерулер жартылай феодалдардың өткен дәуірді аңсаған күресіне талдау жасау тұрғысынан алғанда, айтарлықтай мән беруге тұрарлық (бас көтерулердің өзі хан сайлаудан басталды). Негізгі ұраны – дін үшін күрес, коллективтендіруге қарсылық, жеке салыққа қарсылық, 1928 жылы кәмпескеленген малды қайтару үшін күрес және ауылдағы тап күресіне қарсылық.

Сонымен, жолдастар, бұл бас көтерулердегі басты мәселе – жартылай феодалдар мен ишандардың жартылай феодалдық патриархалдық ауыл үшін күресі. Олар соңдарынан ауылдарды, кедей-орташалар бұқарасын ерте алды... тек қана ең терең бұрмалаулар мен қателіктердің негізінде және солардың қойнауында.

...Бұл аудандардағы дайындау жұмыстарындағы қателіктер және әсіресе коллективтендірудегі қателіктер байды әлсіретудің орнына күшейтті. Есте боларлық ерекше бір жай – біз ауылдағы негізгі бұқара халықпен, кедейлермен, орташалармен байланыс орнатқан кезімізде, олар көсемдерді өздері ұстап беріп: “Олар бізді айдап салды, “коллективтендіру деген – орташалар мен кедейлер үшін жасалған кәмпескелеудің дәл өзі және осы былықтардың бәрі – Cовет өкіметі саясатының салдары”, – дейді деді.

Және ақырында бұл мәселеге тән тағы бір ерекшелік – бұл бас көтерулердің Орталық Қазақстанның көшпенді және кейбір жартылай көшпенді ауылдарында болғандығы, демек, Қазақстанның көшпенді бөлігі азырақ советтендірілген...”

Созақтағы, Алакөл ауданындағы және Адайдағы көтерілістерді Голощекин аузына да алған жоқ.

Дегенмен, сол баяндамасында ол: “Адай округ ретінде жойылды”, – деді.

Мұның қалай болғаны?

“Біз қазақтарды Қарабұғазда, балық кәсіпшілігінде және Ембі-мұнайда жұмысшы ретінде тарту міндетін алға қойдық (мұның қандай “тарту” болғаны еңбек борыштылығы және шаруалар күшін еңбек бөлімдеріне жұмылдыру жөніндегі лениндік-троцкийлік-бухариндік арманның жүзеге асырылуы екендігі айқын. – В.М.). Екіншіден, халықтың шаруашылық тұрғыдан ауылда орын тебе алмайтын бөлігін егіншілік аудандарға көшіру. Әзірше, қалай болған күнде де, отырықтанған 374 шаруашылықты көшірдік, бірақ бұған қандай қиындықпен қол жетті? Үш мәрте, жолдастар, біз оларды ұйымдастырдық, ақша бердік, олар Адайдан жүз шақырымға дейін көшіп барды да, сол жерде уәкілдерге жеткілікті мөлшерде тымақ үлестірді, сөйтіп, өздері бұрынғы ауылдарына қайтып оралды (күлкі)”.

374 шаруашылық – бұл бар болғаны бірнеше ауыл ғана. Ал округте тұрған ондаған мың адамдар қайда? Голощекин бұл туралы айтқан жоқ. Алайда адайлықтардың үлкен бір бөлігі көтерілістен кейін көршілес Түрікменияға көшіп кеткендігі халыққа, әрине, белгілі. Ал онда қарулы көтерілісті басмашылар қатарында жалғастырды.

Сөйтіп, халық көтерілістері бүкіл Қазақстан бойынша Маңғыстаудан Алтайға және Ақтөбе далаларынан Сырдарияға дейін орын алды. Толқулар 1929 жылы Қарақалпақ облысындағы Тахтакөпірде және Сырдария округіндегі Бостандықта басталды, 1 қарашада Қостанай округіндегі Батпаққара, 7 ақпанда Ақтөбе округіндегі Ырғыз, 26 наурызда Алматы округіндегі Сарқант т.б. көтеріліске шықты. Бас көтерулер: “Совет өкіметі жойылсын! Еркін еңбек үшін!”, “Ислам атынан!”, “Совет өкіметінің байларға қарсы заңдары алынып тасталынсын!” деген ұрандар астында өтті. Егер тарихшылар бұрын бәрін “кулакшыл-байшыл элементтерге” жапқан болса, енді “бас көтерулердің себебі мәжбүрлеп коллективтендіру, орташаларды, тіпті кедейлерді тәркілеу болды” деп мойындай бастады.

1930 жылдың маусымында халық қозғалысын жартылай феодалдар мен ишандардың күресі ретінде сипаттаған Голощекин оның шынайы себептерін жақсы білді: көктемде ол құпия хат арқылы Сталинге: “Тәркілеу қажеттінің бәрін, нанның соңғы үзімін де қалдырмастан алып қоюға дейін жетті”, – деп хабарлады.

1930 жылдың маусымында Голощекин: “Бірқатар жерлерде коллективтендіру өзінің абыройын түсіріп алды, қозғалысты ілгері жылжыту үшін ұзақ уақыт қажет болады”, – деп мойындады.

“Бұл кімнің кінәсінен?” – деп сұрақ тастады ол Жетінші конференцияда. Партия бағытының да, ОК нұсқауларының да мейлінше дұрыс (ерекшелеген автор. – В.М.) болғаны және мұндай қателіктерге себеп бола алмайтындығы ешқандай күмән тудырмайды.

...Өлкелік комитеттің барлық іс жүзіндегі басшылығы партия Орталық Комитетінің бағыты мен нұсқауларын мейлінше дұрыс жүргізгеніне мен кәміл сенімдімін. Бірақ, сонымен бірге біз жергілікті орындар жіберген қателіктер үшін жауапкершілікті өлкелік комитеттің мойнынан алып тастамаймыз”.

Партиялық логика өзгермеді: орталықтікі қашанда дұрыс, ал жергілікті орындар кейде қателеседі.

Голощекин баяндамасының басында: “Көшпенді ауылдарда коллективтендірудің ешқандай алғышарттарының болмағандығы, біздің күштеріміз арқылы мүлде дайындалмағандығы әлде факт емес пе?” – деді. Яғни, партиялық қисынға сәйкес, ұжымдастыру үшін алғышарттың да, аз-аздаған дайындықтың да қажеттілігі болмады. Тек қана партия бағыты қажет болды.

* * *

Ресми тарихшылар күні бүгінге дейін ұжымдастырудың алғашқы толқынында болған асыра сілтеулерді суреттей отырып, 1930 жылғы Жетінші партконференцияда жасаған баяндамасында Голощекин көрсеткен деректер мен мәліметтерді пайдаланады.

Өлкелік комитеттің бірінші хатшысының куәлік етуі бойынша, орташа “кеңінен” жәбір көрген. Қаншалықты­ кеңінен екеніне “түзету цифрларына” қарап көз жеткізуге болады. 9533 орташа шаруашылыққа мүлкі қайтарылып берілді, 4073 орташа Еңбекпен түзеу үйінен босатылды, 1618 адамның сайлау құқығы қалпына келтірілді, жер аударылудан 1160 орташа қайта оралды.

Неге екені белгісіз, осы уақытқа дейін нақты цифрлар: қанша адамның тұтқындалғаны, қаншасының жер аударылғаны, қаншасының атылғаны жасырын ұсталып келеді.

“Кулакшыл-байшыл” шаруашылықтар, А.Тұрсынбаев “Қазақ ауылы: үш революция кезеңінде” (“Казахский аул в трех революциях”) атты кітабында жазғанындай, 1930 жылы үш санатқа бөлінген: алғашқылары Қазақстаннан сырт жерлерге қоныстанған, екіншілері округтен тысқары, үшіншілері аудан сыртына орналасты. Осы кітап басылып шыққан 1967 жылы, мысалы, бірінші санатқа немесе контрреволюциялық активке жатқызылған кулактар мен байлар, КСРО ОАТКОМ мен Халком кеңесінің 1930 жылдың 4 ақпанындағы нұсқауына сәйкес дереу оқшауландырылуға немесе атылуға тиіс болғаны, ал олардың отбасы алыс аудандарға қоныс аударылғаны туралы қалай да еске алғысы келмеген. Тәркілеудің бірінші санатына 60 мың шаруашылықты енгізу туралы бүкілодақтық жоспар болды. Сол жоспар бойынша, екінші санатқа енетін 150 мың “бай кулактар” шаруашылығы өлкеден тысқары алыс орындарға жер аударылуға тиіс болды. Және ақырында, нұсқау үшінші санатқа отағасылары отбасымен бірге ұжымшардан тыс жерлерге көшірілуге тиіс болған 800 мың шағын шаруашылықтарды жатқызды. Кулактардың құйыршығы делінген 1 миллион отбасын тәркілеу туралы бұл жоспарда айтылған жоқ: тап жауларының бұл жаңа санаты басқаның игілігін иеленушілердің жеке “іскерлігі” нәтижесінде пайда болды.

Партия тәркілеудің жоспарын да оны асыра орындау үшін берді. “1930 жылдың өзінде-ақ “жоспарланғаннан” әлдеқайда көп кулактар тұтқындалды, атылды немесе елдің солтүстік аудандарына жер аударылды, – деп жазады Рой Медведев. – 1931 жылы қуғын-сүргінді одан да кеңінен жүргізді...

Барлық ықтималдықтарды ескергенде, “тәркіленгендердің” жалпы саны 1 миллион отбасына жетеді, ал мұның шамамен жартысы елдің солтүстік және шығыс аудандарына жер аударылды”.

Бұл автор баға берудегі сақтығымен белгілі, сондықтан ол келтірген деректер де кемімен көрсетілуі әбден ықтимал.

Үзінді келтіруді жалғастырайық.

“Көптеген облыстар мен аудандарда, өкіметтің жұдырығы әртүрлі себептермен колхозға енуден бас тартқан “әлсіз” орташаларға, кедейлерге, тіпті әуелі батырақтарға да тиді, оларды ыңғайлылық үшін “кулактардың құйыршығы” деп атады.

Тәркіленген кулактарды бүкіл отбасымен жер аудару туралы қатаң нұсқаудың берілуі, бірінші кезекте, мемлекеттің 1930-1931 жылдары құрылған ұжымшарларға көмектесу үшін қажетті материалдық және қаржылық қорының болмауына байланысты болды. Сондықтан ұжымшарларға іс жүзінде кулак шаруашылығының барлық мүлкін беруге шешім шығарылды. 1930 жылдың мамырына дейін-ақ ұжымшарлардың жартысында кулак мүлкі бөлінбейтін қордың 34 пайызын құрады. Сөйтіп, коллективтендіруді шапшаңдату тәркілеудің барынша қатал әдістерін қолдануға итермеледі. От жағылмаған суық вагондармен жүздеген мың еркектер, әйелдер, қарттар мен балалар Шығысқа, Уралдың, Қазақстанның, Сібірдің алыс аудандарына жөнелтілді. Олардан мыңдаған адамдар жол-жөнекей аштықтан, суықтан, аурудан көз жұмды.

Уралдағы, Сібірдегі, Қазақстандағы және КСРО-ның еуропалық бөлігінің солтүстік-шығысындағы мыңдаған арнаулы “кулак” елдімекендері орналасқан аз қоныстанған аудандарда алғашқы жылдары көптеген бұрынғы кулактар мен олардың отбасы мүшелері опат болды. Жер аударылғандардың жағдайы тек 1942 жылы, арнаулы қоныстардан жастарды армияға шақырған кезде ғана өзгерді. Соғыстың соңына қарай мұндағы комендатура жойылып, бұрынғы арнаулы мекен тұрғындары салыстырмалы түрде орын ауыстыру бостандығына ие болды”.

Голощекиннің Қазақстанда нені былықтырғаны нақпа-нақ белгілі емес, бірақ “түзету цифрлары” бойынша ғана ондаған мың адамның қуғын-сүргінге ұшырағанын болжамдауға болады. Жетінші конференцияда Филипп Исаевич: “1929 жылдың 17 желтоқсанындағы жаппай ортақтастыру туралы қарарды жүзеге асырмағанда дұрыс болатын еді, әйтпесе, оны көрдіңіз бе, жергілікті орындарда нұсқау ретінде түсінген деп”, – өзіне сын айтқан сыңай танытты.

“Бұл қарарда, өлкелік комитеттің бүкіл қызметіне қарамастан және оған қарама-қарсы, біз өз шаруашылықтарымыздың барша алуантүрлілігін, деревня мен ауылдың айырмашылығын, Қазақстанның ерекшеліктерін ұмытқанбыз.

Кінә әлі де бар, біздің округтік басшыларымызға ықпал етуі мүмкін кінә... қаңтар айында: “Осымен байланысты, бүкіл Қазақстан бойынша кулактарды, әсіресе жаппай ұжымдастыру округтерінде тұрған орындарынан көшіруді дереу іске асыру міндеті қойылады” деген жеделхаттық нұсқау болды.

Бұл нұсқау 3 немесе 4 күннен кейін алынып тасталды, бірақ бас айналу бәрібір болды, кулактарды коллективтендіруге байланысты емес себептермен жою туралы қате көңіл күйлер орын алды...

Мұнда өлкелік комитеттің бастапқы бағдары 50-60 ауданға жуық болды. Бұл да 3-4 күннен кейін алынып тасталды (кейін тек 16 аудан ғана бекітілді), алайда округтік басшыларға бұл қателіктер біраз уақытқа дейін ықпал ете алды”.

Голощекин “орташаны кулак есебіне жаппай енгізудің” кінәсін қайта-қайта округтік және аудандық комитеттердің мойнына ілуге тырысты. Әйтсе де, бір қызығы, ол: “Кулакты тап ретінде жою “практикасындағы” партия бағытын бұрмалаудың ең үлкен көрінісі “кулак отбасы мен оның балаларына оларды тамақтандыруға алған орташалардың және тіпті кедейлердің де жанашырлығын туғызатын жағдайдың болуы: кулак шаруашылығынан киім мен үй керек-жарақтарының қажеттілерін алып қоюда және оларды толығымен азық-түліксіз қалдыруда болды” – деді.

Басқа – басқа, ал бұл жағдай оның шымбайына қатты батып, шындап түршіктірді! Енді қалай, бұл жерде олар абстракт адамдарға емес, тірі адамдарға іш тартып, жанашырлық көрсетті ғой.

Елде аса үлкен ауқымды қайта қоныстану жүріп жатты. Қырқыншы жылдары Сталин жүргізген “кіші” халықтарды жер аударудан көп бұрын орыс және украин шаруалар қауымының таңдаулы бөлігін, шын мәнінде орыс пен украин халқын тундраға, Солтүстік пен Сібірдің батпағына, Қазақстанның елсіз шөл далаларына жер аударды; қазақтарды, елдегі таңдаулы малшыларды әртүрлі жолдармен туған өлкесінен шетелдерге қуды немесе өздерінің ұлан-байтақ республикасының ішінде мыңдаған шақырымға көшіріп тастады.

Көшірді, жер аударды, қайта қоныстандырды... Осылардың бәрінде қандай да бір экономикалық қана емес, саяси да мағына жасырынып жатты. Егер қазір Кеңес өкіметі жылдарында ел ішінде болған ұлттар мен халықтардың бұрынғы және жаңа, үлкен және шағын орын ауыстыруларын жадымызға қайта оралтып, ой жіберіп қарайтын болсақ, онда бірде-бір халық өзінің туған жерінде – туған селосында, туған ауылында, туған үйінде байырғы табиғи рухани және тарихи бол­ мысымен­ өмір сүрмеуі үшін ғана оларды әлдебір бірыңғай сұрқай, түссіз ұнтақ езіндісіне салып, бірімен-бірін мақсатты және жүйелі түрде қалай араластырғанын түсіне бастайсыз. Осылайша жан­ ды “адам материалынан” табиғи, тамырлы, ерек­ шенің бәрін кесіп тастау арқылы нұрлы болашақ конструкторлары совет адамын жасап шығарды.

* * *

“Ұлы бетбұрыс” басталған сол кездің қарсаңында қазақ елінің төрттен үш бөлігі жайылымдық көшпенді мал шаруашылығымен айналысты. Республиканың 119 әкімшілік ауданының 9-ы көшпенді, 85-і жартылай көшпенді болды. 1929 жылдың желтоқсанындағы өлкелік комитеттің бесінші пленумында Голощекин көшпенділердің шаруашылықтарын 100 пайыз ұжымдастыру негізінде, оларды отырықтандыруды тездету туралы мүлде жөнсіз жабайы шешімінде табандап тұрып алған кездің өзінде, отырықшылық өмірге жоспарлы түрде өту басталып кеткенімен, бірақ үлкен қиындықтармен баяу жүрді. Яғни, былайша айтқанда, қазақтардың барлық малын ортақтастырып, оны “отырықшылық нүктесіне” айдап әкелді және қаласын-қаламасын, олар сонда өмір сүруге тиіс болды.

“Қайда?” деген сұрақ туады. Ешқайда – тақыр жерден басқа, бұл “нүктеде” ештеңе болған жоқ, бұл кезде тек дұрыс елді мекендер салуға нұсқау ғана берілді. Филипп Исаевич көшпенділер колхоз бола алмайды, демек, ұжымдастыру қарқыны бойынша, елдің “алдыңғы қатарлы” аудандарынан қалыспау үшін барлық малды тездетіп ортақтас тыру керек деген ойда болды. Оның үстіне, екпінді қарқынның ызғырығы нағыз шыңылтыр аязды айлардың үскірігімен бірге келіп қабаттаса соқты және жаңа “отырықшылық нүктелерінде” малға беретін жем-шөп болмады (кенеттен жауған қарға ұқсап, аяғы аспаннан салбырап түсе қалған бұл жедел қарқынды отырықшылықтың бола қалары кімнің түсіне кірді дейсіз), көп ұзамай мал қырыла бастады.

Кейінірек О.Исаев жетекшілік еткен Халком кеңесінің комиссиясы мал басы 1930 жылы 30 пайызға немесе ұзын саны бойынша 10 миллион бас малға кеміді деген қорытындыға келді, алайда бұл шынында осылай ма? 1933 жылы өткен өлкелік комитеттің алтыншы пленумында Мемлекеттік жоспарлау қызметкері Нұрмұхамедов: “1930 жылғы баспа-бас санақ бойынша Қаржы халкомы 20 миллион деген цифр берді, ал жолдас Исаев 30 миллионды бекітті... жолдас Исаевтың бұл түзетуі қазір біз бастан кешіп отырған апатты жағдай үшін аз рөл ойнаған жоқ”, – деп басшылықты қос есептілік үшін тікелей кінәлады. Яғни, ет дайындау жөніндегі жоспарды, нағыз аштық жылдарының өзінде, мал басының шынайы санымен (20 млн) емес, жалған санмен (30 млн) есептеген... Демек, ұжымдастырудың бірінші толқынында-ақ мал басы, басшылықтан жасыруға тырысқандарына қарамастан, тең жарымына кеміген! Тіпті соғыстың өзі де мұндай күтпеген шұғыл күйзеліс әкелген жоқ...

Құлақ естіп, көз көрмеген мұндай шығын, әйтсе де Голощекинді именткен де, абыржытқан да жоқ. Жетінші конференцияда (маусым, 1930 жыл) ол былай деді:

“Мұны немен түсіндіруге болады? Кейбір ұлтшылдар мұны өлкелік комитет саясатының салдары дейді; кейбіреулер оларды қалай атауды білмеймін...

Залдағы орыннан дауыс: “Кулакшыл ән бастаушы!”

– ...Олар: “Мұның себебі – сіздің астық дайындау жоспарыңыз”, – дейді. Бұл дұрыс емес: өйткені табындардың азаюы – бүкілодақтық құбылыс...”

Әрине, кінәнің негізгі бөлігін баяндамашы, “жерді құртып жіберу қолынан келмеген соң, егісті азайтып, малды жыртқыштықпен сойып жатқан” кулак пен байға артты. Сонымен бірге, шығын болған мал табынының 10-15 %-ын Голощекин “өрескел қисаюлар мен қателіктердің” есебіне жатқызды.

Қалай болғанда да бұрынғы уақытта, жаппай ұжымдастыру мен жедел отырықтандыруға дейінгі кезде, кулактар, байлар мен орташалар өздерінің жеке малдарына пышақ ала жүгірмеген... Дегенмен союға үлгергендері де жақсы: ең болмаса ет жейді, бәрібір қатты аязда жем-шөпсіз, қараусыз тұрған мал тұралап, қырылуы сөзсіз.

Тек халық толқуларынан кейін ғана, Сталин ұжымшардан өз еркімен шығуға рұқсат берісімен-ақ, бір ай ішінде Қазақстандағы ұжымдасу деңгейі 51-ден 32 пайызға бірден түсті, ал кейбір аудандарда және Қарқаралы округінде тіпті ұжымшар қалған да жоқ.

Мыңдаған таңдаулы малшылар мен егіншілер қайыршыланып, мүсәпірлікке түсірілді, көптеген адамдар өлтірілді, 40 миллиондық табыннан санаулы айлардан кейін жарым-жартылай ғана қалды, ал өлкелік комитеттің бірінші хатшысы Жетінші партия конференциясының делегаттарын “аса ірі табыстарға” сендірді:

“Бізді бұл табыстар тоқмейілсітіп, жұбата ала ма? Ешбір жағдайда да... Социалистік құрылыс міндеттері тұрғысынан олар әлі жеткіліксіз, бұ­ қараның әл-ауқатын көтеру тұрғысынан да олар жеткілікті емес... Біз бұқараны Ленин айтқандай, онда енді “коммуна басталатындай” социалистік санаға дейін көтерген жоқпыз”.

Голощекин тек бір ғана қауіпті көрді: қайткенде жергілікті жерде асыра сілтеуден қорықпасқа және аузы күйгендер үріп ішпеске, қайткенде байлар мен кулактар жойылды деп шешпеске?­ “Осы қауіппен, – деп ақыл айтты ол, – біз күрсеуге тиіспіз... Біздің алдымызда әлі арпалыстар тұр”.

Осыдан кейін “Большевиктік жұмыстың бес жылы” деген шартты атаумен шағын, әрине, большевиктік көрініс ойналды.

“ЖОЛДАС ГОЛОЩЕКИНДІ ҚҰТТЫҚТАУ Сайлау аяқталған соң... жолд. Исаев сөз алды:

– Мен бір топ жолдастардың өкілеттігі бойынша сөйлеймін... Голощекин жолдастың біздің партия ұйымымызды большевиктендіру ісінің, интернационалдық тәрбие беру және нағыз марксшіл кадрларды өсіріп шығару ісінің жетекшісі ретіндегі аса зор еңбегі ешқандай күдік тудырмайды және оны жоққа шығаруға болмайды (қол шапалақтаулар).

Жолдас Голощекиннің сіңірген еңбегін атап өте келіп, VІІ партконференция ұсыныс етеді:

– Қазақстанның 10 жылдығына орай жолдас Голощекиннің барлық еңбектері орыс және қазақ тілдерінде басып шығарылсын (қол шапалақтаулар);

– Алматы қаласында ұйымдастырылатын коммунистік университетке “Жолдас Голощекин атындағы Қазақ коммунистік университеті” деген атау берілсін (қол шапалақтаулар).

Барлық ұсыныстар, әрине, бірауыздан қабылданды.

Одан әрі жолдас Голощекиннің жауап сөзі жалғасты:

– Жолдастар, біз өз жұмысымызды аяқтадық. Біздің өзіміз қабылдаған шешімдерге назарымызды шоғырландырғанымыз... жөн болар еді. Бірақ сіздер мені шынайы жолдан шығарып әкетіп, өздеріңіздің маған көрсеткен құрметтеріңіз туралы сөйлеуге мәжбүр еттіңіздер. Ондай құрметке еңбек сіңірілді ме?

Біздің бәріміз партия солдатымыз... және біздің әрқайсымыз өзімізге партия тапсырған істі атқарамыз... Бұл құрмет көрсетуден келер екі қауіп бар: бірінші... бас айналудан қандай нашар нәрселер шығатыны сіздерге бұрыннан белгілі. Ал егер сіздер көрсеткен құрмет менің басымды айналдырып, мен өзімді, міне, қандай үлкен көсеммін деп ойлап қалсам не болады?..

Залдағы орыннан дауыс: “Сіздің басыңыз айналмайды. Сіз бұған лайықсыз!”

– Екінші қауіп: ...егер мен мұнда тағы да 5 жыл қалсам және сіздерге бұған шыдауға тура келсе ше? (Ду қол шапалақтау.) Ойланып көріңіздер, жолдастар, сіздер кейін мені тақтан тайдырып жүрмеулеріңіз үшін. Біздің әрқайсымыз қолымыздан келгенді істейміз...

ХІІІ

Ұжымдастырудың екінші толқыны қарсаңында балаларға қамқор көзбен қарайтын ересек ағалар пионер слетіне ұрандар мен үндеулер ойлап шығарды. Естияр газеттер бұл шақыруларды шын көңілмен жариялады:

– Барлық батырақ балаларын отрядқа тартайық!

– Пионерлердің қас жауы бай мен кулакқа қарғыс айтайық!

– Жасымыздан советшіл болып өсеміз!

– Қалдықтары өткеннің экраннан жоғалсын, егер балалар бұзық болмасын десеңіз!

– Қатарымызды бұзуға жол бермейміз, Парасатты сөзден басқаға ермейміз.

– Ғасырлық езгі жойылсын деп әндетеміз, Анамызды асүй тұтқынынан азат етеміз.

– Айтшы бауырым, шын болса дұрыс жолға түскенің,

Батырақ баласына қандай жақсылық істедің?

– Астықты молайт сен өстіп, Әкеңді колхозға кел ертіп!

– Пионерлік орта бізге дем берсін, Ұлт араздығына орын жоғын ел көрсін.

– Пионерлер, астық шықпай қалады-ау деп қорықпа:

Колхоз байлығы үшін аттанамыз біздер жорыққа!

...Үш жылдан кейін Голощекинді Мәскеуге шақырып алды, оның орнына Мирзоян келді.

Ересек ағалар Алматыға жиналып, Алтыншы пленумда сөз сөйледі. Деревня мен ауылдағы күйзеліс туралы, болып көрмеген мал өлімі жөнінде айтты. Екі жылдық аштық туралы үндемеді (мұны айту олардың өздеріне керек болған жоқ қой!). Төрт жасқа дейінгі барлық балалардың аштықтан өлгені туралы үндемеді. Қазақтың қақ жартысына жуығының қырылып қалғанын да айтпады. Бұл туралы айтуға рұқсат берілмеді. Жалпы алғанда, бұдан басқа да қам-қарекеттері жеткілікті болды: өкінді, ақталды, бірін-бірі сынады. Бұдан былай ешқашан да мұндай қателік жасамауға уәде берісті. Пленумды “тарихи” деп атады.

Ақыр аяғында бір депутат ұстамсыздық танытты. Тек біреуі ғана. Ол: “Бәріміз мал басының азайғанын айтып жатырмыз... Бірақ өндіргіш күштердің негізгі элементі адам екенін жиі ұмытамыз. Кейбір аудандардың тұрғындары өте ауыр жағдайды бастан кешуде... Бізде, Қазақстанда, 80 000-ға дейін қараусыз қалған балалар бар”, – деп салды. Міне, осылай деді. Көрініп тұрғанындай, өз сөзінің заңсыз екенін, ол сөздерде мемлекеттік қастандық болып саналатын тыйым салынған құрамның бар екендігін жақсы сезіне тұрып айтты. Сондықтан да сөзінің салмағын арттыру үшін тіпті адамды өндіргіш күштердің негізгі элементі деп атады. Өйткені адам өзінен-өзі ештеме де емес, ал мына өндіргіш күштердің элементі ретінде ол әлі белгілі бір мәнге ие. Дегенмен, қалай болған күнде де адам туралы, балалар жөнінде айтпай, үнсіз қалуға сөйлеушінің дәті жетпеген секілді. Бәлкім, дәл солар туралы, жуырда слетке байланысты үгіт-насихаттық мақсаттағы ұрандармен бастарын қатырған сол бір қаңғыбастар жайында айтқан болар.

Бұл – Мемлекеттік жоспарлаудағы Нұрмұхамедов еді.

Оған қол соқпады. Сөзіне қолдау көрсеткен жоқ. Үнсіз қалды. Бейне бір оның сөйлегенін байқамай қалған сияқтанды. Үнсіздік мінберге Орал обкомының хатшысы Пинхасик көтерілгенге дейін созылды (көп ұзамай ол өлкелік комитеттің хатшысы болып сайланды). Одесса қаласында туып-өскен Гдалий Исакович Пинхасик жиырма бір жасында партияға өтті және сол 1918 жылы Забайкальск трибуналының прокуроры болды, 1919-1921 жылдары Омбы қаласындағы ЧК (Төтенше комиссия) қызметкері және Қиыр шығыс республикасында ЧК бастығының орынбасары болып істеді. Жас кезінен-ақ қолы шынтағына дейін қанға боялғанға ұқсайды (Сібірде чекистер ерекше қатал айуандық әрекеттер жасаған).

Міне, сол енді, Нұрмұхамедовті қатал сынға алып сөкті:

“...Мал шаруашылығы, – дейді жолдас Нұрмұхамедов, – басты мәселе емес. Нұрмұхамедовше, бастысы сол: оның айтуынша, Қазақстанда 80 мың қараусыз қалғандар бар, олардың түрлері адам шошырлық, тіпті бет-жүздеріне тіктеп қараудың өзі қиын. Менің ойымша, мұндай медициналық көзқараспен пленум келісе алмайды. Біздер сая­ саткерлерміз және бұл секілді буржуазиялық филантропиялық (мейірбандық – ауд.) дүниетанымда тұра алмаймыз”, – деді ол.

Әрине, балалары бір үзім нан іздеп көше кезіп жүрмеген, қайта, партиялық бөліс бойынша алған үлестерімен тоя тамақтанған, сондықтан да аштықтан өлген жүздеген мың адамдар туралы бір ауыз да сөз айтуға жарамаған пленум делегаттарының ешқайсысы да Гдалий Исакович Пинхасиктің сөзін бөлмегені айтпаса да түсінікті.

Керісінше Нұрмұхамедов кешірім сұрады:

“...Мен көшіп кеткендердің (босып кеткендердің деген мағынада – ауд.) күйзелісті жағдайы туралы асыра айтып, артық тәптіштеп жібердім. Бұл жолдастардың мен туралы жағдайды филантропиялық-фотографиялық тұрғыдан суреттеді деп қорытынды шығаруына себеп болды. Бұл тұрғыдан мен жолдас Пинхасиктің ескертпелерін қабылдаймын. Бірақ мен мұны пленумның назарын көшіп кетудің салдарымен күреске тереңірек аудару үшін айтқанымды мәлімдегім келеді...” – деді ол.

1922 жылы елде 7 миллион қараусыз қалған балалар немесе бәлкім басқа бір саясаткердің – Николай Иванович Бухариннің берген анықтамасында айтылуы мүмкін екеніндей, қараусыз (иесіз – ауд.) қалған адам-материал болды. Бұл баспанасыздардың көпшілігі шаруа балалары еді: 30-жылдар ұжымдастыруы мұндай қанша жетім қалдырғаны ешкімге де белгілі емес. Ал бірақ ол өзінің барлық талқандаушылық күшінің жойқын қара тасқыны жөнінен азамат соғысы мен әскери коммунизмнен де асып түсті...

* * *

Бұрынғы әдетімен, “ұлы бетбұрыс” жылы өлкелік комитет ұжымдастыру қарқынын барынша күшейте түсті. Пайызды тағы да ай сайын есептеп, термометрдің бағаны тәрізді жоғары көтере берді. Шаруашылық безгек қысқандай болып күйіп кетті, ал Голощекин мен оның қолшоқпарларына көрсеткіштер әлі де төмен секілді болып көрінді.

– Қарқын бәрін шешеді!

– Коллективтендіру қарқыны мүлде жеткіліксіз!

– Колхоз қозғалысының толқынын жоғары көтерейік!

1931 жылдың басындағы газет тақырыптары осындай болды.

Маусым айына қарай Қазақстан 55 пайызға – алғашқы асып төгілген толқыннан да артық ұжымдастырылды. Оның есесіне, енді асыра сілтеуден де қорқуды қойды.

Халком кеңесінің төрағасы О.Исаев соңғы екі жылда “мал басының үздіксіз кемуі” жүріп жатқаны жөнінде дабыл көтергендей болып айтты, бірақ, әрине, бұдан мал шаруашылығын табысты түрде дамытудың бір ғана жолы бар, бұл – коллективтендіру деген қорытынды шығарды.

Мал саны кемінде жартысына, 20 миллион басқа дейін азайды, бірақ Халком кеңесі өз есептерінде 30 миллион бас мал қалды деп көрсетіп, шындықты жасырды және ет өткізуді осы цифрға сүйеніп есептеді. Жоғары қарқында, шамадан тыс міндет артушылық малшылар шаруашылығының талқандалуын аяғына жеткізді.

Мұны, әрине, жақсы білетін Голощекин қандай құрбандықпен болса да жоспардың орындалуын табандап талап етті.

“Біз... мал шаруашылығының міндеттері дәл сол егін шаруашылығындағыдай болып шешілетін болуы үшін ұйымдастыру жұмыстарын ең қатал да бекем түрде солай қарай бұруға тиіспіз (өлкелік комитеттің мұны істей алғандығына және істей алатынына мен куәлік бере аламын)”, – деді ол 1931 жылдың 16 тамызындағы Алматы қалалық үшінші конференцияда.

Жабдықтау халкомының қызметкері Зейнолла Төреғожин: “Егер алдағы уақытта да осылай бола беретін болса, онда республикада 1932 жылы... 275 мың бас мал қалады” деген көрегендік айтып, оған қарсылық білдіруге батылдық етті.

Төреғожинға қандай ат қойып, атақ таңбады деріңіз бар ма! Жалақор... өсекші-өтірікші... оппортунист... социализм мен индустрияландырудың қас жауы... қыңсылаған жылауық... ұлтшыл... деп, ит терісін басына қаптады.

Дайындаушылар мүмкін болғанның бәрін алып бітті. Торғайда уәкілдер “Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” (“Перегибов не делать, парнокопытных не оставлять”) деген ұран астында жұмыс істеді. Кімде-кім заңсыздыққа қарсы наразылық білдіруге тырысса, оны дереу тұқындады немесе түрмемен қорқытты. Және “Социализм кезінде бірде-бір сотталмаған адам қалмайды” деп түсіндірді.

Өмірінде егін егіп көрмеген аудандарда адамдарды малдарын түкке алғысыз болмашы бағамен астыққа айырбастауға мәжбүрлеп, ол астықты қолма-қол тартып алып отырды. Ұранның сиқы: “Қайдан болса да табасың, қаптың түбін қағасың” (“Откуда хочешь возьми, дно мешка вытряхни”) болды.

Өлкелік комитеттің 1931 жылғы Ақпан пленумы уәкілдерді барлық “тауарөнімді мал табындарын” ортақтасты­руға­ бағыттады. Пленум бұл істе “ауыл ерекшеліктерімен” бүркемеленуге болмайды деп көрсетті. Торғайлық белсенділер “Барлық мал қоғамдық қордан сыртқары болмасын, қотыр лақ қолда қалмасын” (“Весь скот обобществить, не оставляя ни одного паршивого козленка в индивидуальном пользовании”) деген айқын нұсқауды басшылыққа алды.

Тек сабақты жіпке дейін талап, тонап қана қойған жоқ, сонымен қатар бұл ретте “колхозшыны ұсақ жекеменшікшіл психологиядан арылту мақсатында, бір колхоздың малын басқа әкімшілік ауылдың колхозына беруге” тәрбиеледі.

Осылардың бәрінің үстіне, қатардағы ұжымшар мүшелерінен әлдебір аудан бастығының автокөлігі үшін басшылыққа арнап үйлер салуға және т.б. сылтаулармен ауыр алым-салық алуды ұйымдастырды.

* * *

Шамадан тыс дайындау жоспарына тұрғындардың болмашы наразылығының өзі Кеңес өкіметіне қарсы көтеріліс есебінде қабылданды. Және мұндай “көтерілістер” қандай да бір ақ-қарасын айырусыз-ақ, қатал түрде басып-жанышталды. Осындай көптеген қатардағы оқиғалардың бірі Қарағанды облысының Шет ауданында болған “толқу” еді.

1931 жылы онда 80 мың бас мал болды, ал дайындау жоспары 120 мың басқа түсті. Алғашында “мал басының саны бойынша” салынған жоспармен қаққылады, тұрғындар ең соңғы сауын сиырын беріп тынды (көптеген адамдардың қойларын бұған дейін-ақ сыпырып алған болатын). Ауқаттырақ тұратын жергілікті бастықтар үлкен сиырларын өздерінде қалдырып, мемлекетке тайынша-торпақтарын өткізді. Көп ұзамай жоғарғы жақ бұл қулықты біліп қойды да, енді жоспарды тоннамен түсірді. Онсыз да тақыр-таза тоналып біткен кедейлер “қосымша салықтың” қыспағына түсті: жоспарды олардан басқа кім орындаушы еді?

Міне, осы кезде толқулар басталды. Оның үстіне, оларды, негізінен, өзінің жеке мақсатын ойлап, №15 ауыл кеңесінің төрағасы Иса Бабжанов айдап салды. Жаңа өкімет тәрбиелеп өсірген бұл елірген озбыр жерлестерін сыпыра үптеп, өзіне ұнамағандарға шамадан тыс салық салды, тұтқындау, ату қоқан-лоқысымен әйелдерді күңдікке салды т.с.с. Оның шектен шыққан озбырлығына бұрынғы ауыл кеңес төрағасы қарсылық білдірген кезде, партия мүшесі әрі кеңес өкіметінің өкілі ретінде өзі шақырған чекистік топтың қолдауы мен көмегіне бірінші кезекте ие болатынын білген Бабжанов толқу “ұйымдастырды”. Солай болды да.

Аудан орталығы Ақсу-Аюлыдан және Қарқара­ лыдан екі коммунистік топ жедел келіп жетті. 19 қарусыз адамдарды – “бүлікшілерді” атты. Оның үстіне, өзінің жеке жауын – бұрынғы ауыл кеңес төрағасын, оның әкесі мен бауырын Бабжанов өз қолымен атып өлтірді, ал әйелін зорлады. (Одан соң әйелді жарақаттап, емшегін кесіп алды да, күйеуінің денесінің үстіне өлім халінде лақтырып тастады). Ауданның партия-комсомол белсенділерінің өкілдерінен құралған жазалаушылар, басқаларға сабақ болу үшін, мәйіттерді көмуге тыйым салды. “Көтерілісшілерді” салық төлегісі келмейді, малдарын жасырады деген айып тағып, көршілес ауылдарда да атты.

Бүркітті елдімекенінде де чекистер алты адамды турап өлтірді, “мәйіттер жинап алынған жоқ”. Абыралы ауданында “бандиттер” үш фельдъегерьді (ерекше маңызды, көбінше құпия құжаттарды жеткізуші әскери немесе үкіметтік шабарман – ауд.) ұстап алды деген сылтаумен өш алу үшін чекистер тобы “ауылда қалған әйелдер (кемпірлер) мен балалардан құралған барлық тұрғындарды жинап, сапқа тұрғызды да, түгелдей пулеметпен атып өлтірді”. Басқа жерлерде де дәл осылайша әрекет етіп, көп ұзамай бұл үшін топ командирлері атаулы бесатарлармен марапатталды.

Кейіннен бұл іспен Қарағанды ОГПУ-інің жедел тергеу секторы айналысқан кезде анықталған материалда: “Шет ауданында қарулы көтеріліс болған жоқ. Жекелеген қарусыз қарсылықтар орын алған... Шет ауданының аумағында құрылған, әрекет еткен қарулы банда сәуірде болған жоқ...” деп көрсетілді. Және одан әрі: “Шет аудандық ОГПУ мен аудандық партия ұйымының жекелеген қызметкерлерінің Шет ауданының әртүрлі ауылдарында тұтқындалған 38 қарусыз азаматын өз бетімен заңсыз атып өлтіру әрекеті Сычевтің (ОГПУ аудандық бөлімінің бастығы) кінәсінен болды...” делінген.

Сычев тергеуде оған осылай істеуге бұйрық берген – өзінің бағыныштыларын шамамен: “Тұтқындалған байлардың саны сіздерді ешқандай жағдайда да шіміріктіруге тиіс емес... Қайталаймын, сіздер қазір мейлінше қатал, мейірімсіз бағытты ұстануға тиіссіздер” деген түрдегі нұсқаулармен “бомбалаушы” Семей ОГПУ-і жедел тергеу бөлімінің бастығы Бак екенін айтып ақталды.

“Мейірімсіз бағытты” (“Зверскую линию”)... Таныс сөз. Атап айтқанда, дәл осы тіркесті сол жылы Голощекин жиі қолданды. “Жергілікті орындарға” жолдаған құпия жеделхаттарында ол “дайындаудағы масқара арттақалушылықты жою” үшін “мейірімсіз қатал қысым көрсетуді” талап етті...

Ал бұл “мейірімсіз қатал қысымның” дала өлкесіндегі сотсыз және тергеусіз атылып, кескіленген құрбандары, бәлкім, чекистік есеп берулерде қазіргі кезге дейін ұжымшар құрылысына қарсы көтерілген “бандиттер” мен “контрреволюционерлер” ретінде аталатын болуы мүмкін...

* * *

Қыр елінің шаруашылығы талқандалды, қазақ­ тар басқа өлкелерге жүз мыңдап ауа көшіп жатты. Ұжымшардан аулағырақ жақтарға қаша бастады...

Мемлекеттік жоспарлаудың мәліметтері бойынша, 1930 жылы 121,2 мың адам, ал 1931 жылы 1 миллион 74 мың адам тұрған жерлерінен түп қотарыла көшкен. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Соған қарамастан партаппаратшылар өз бағыттарын жүргізуді және табысқа мақтануды жалғастырды.

1931 жылдың қазан айында өлкелік комитеттің екінші хатшысы Ізмұхан Құрамысов былай деді:

“...Біздің жекелеген коммунистердің, тіпті, белсенділердің Қазақстандағы жағдай жақсы емес, бейне бір қандай да кері кетудің белгілері бар, бейне бір Қазақстанның болашағы бұлдыр т.б. деп қынжылған болбырлығы екі есе түсініксіз, екі есе кешірімсіз. Бұл – еріккен адамның бос мылжыңы...

Әрине, мал басының азаю жағдайы бар, бірақ оған кінәлі – бай. ...Кейде байлар мен кулактардың үгітіне ерген орташалар да үрейге беріліп, ол да өзінің малын шашып-төгеді”.

Құрамысов өзінің баяндамасын барынша салтанатты сөздермен аяқтады: “Біздер, ұлттық коммунистер, ұлы тарихи үрдіске қатысушылар болғанымызды, қазақ еңбек шілерінің биікке көтерілуіне тұғыр болған жаңа құрылыстың, жаңа іргетастың бір бұрандасы болғанымызды мақтан ете аламыз және оны мақтан етуге тиіспіз де. Біз патшалық тәртіптің барлық шатысқан лайықсыз мұраларын түбірімен қопарып, аулаққа лақтырып тастау әрекеттеріне қатысушы болдық. Мейлі, әртүрлі алашордалықтар өз көз жастарына булығып, жылана берсін... Мейлі, олар кеуделерін соғып, “Мен қазақты сүйемін” деп айта берсін. Мейлі, Қазақстан мен қазақтар үшін кімнің көп жақсылық жасағанын советтік Қазақстанның өмір сүріп отырған уақытындағы нәтижелер мен еңбекші қазақтардың өзі-ақ айтсын”.

1931 жылдың соңына қарай республикада 65 пайыз шаруашылық ұжымдастырылды. Суық басталды. Бір жерге иірілген малға арналған қора-қопсы болмады. Сиыр, қой, жылқылар аштық пен суықтан арам қатып жатты.

Бір нәрсе түсініксіз – осы бір ұйымдастырылған берекесіздіктегі басым жағдай қайсысы еді: іске олақтық па, әлде парасатты ақыл-ойды және адамдарды қорлау ма?

Жер бетіндегінің бәрін сыпырып-сиырып әкетемін және өлім себемін деп қорқытып, үрей тудырған күйзелістің қара құйыны қыр төсінде қиғылық салды, ал Голощекинді егер бір нәрсе алаңдатқан болса, онда бұл – орталықтан келіп түскен не ана, не мына жоспарлы көрсеткіштердің орындалмаған жағдайы ғана болды. Оның сол кездегі айтқан сөздері арсыздықтан да асып түседі.

1930 жылдың күзінде Молотов оған Батыс Қазақстаннан жаппай көшудің себептері жөнінде сұрау салды.

– Байлардың тілегімен, тек сол ғана! – деп, бөтен біреудің кінәсін айтқандай болып жауап берді өлкелік комитеттің бірінші хатшысы.

1931 жылы, жүз мыңдаған қазақтар жыланша ирелеңдеп, жылжып келе жатқан апаттан қашуға мәжбүр болған кезде, Голощекин арсыздықпен және жайбарақат қана:

“Өзінің ауылынан тыс жерге ешқашан шығып көрмеген, өзінің көші-қон жолын білмеген қазақтар, – деп мәлімдеді, – енді Қазақстанның ішінде бір ауданнан екінші ауданға оп-оңай орын ауыстырады, орыс, украин колхоздарына барып қосылады, Приволжье мен Сібірдің шаруашылық құрылыстарына жұмысқа ауысады. Әрине, бұл ауысу шаруашылықты өзгертеді, тұрмысты өзгертеді, ескі тұрмысты талқандайды, ескі шаруашылық қирайды. Әрине, шығынсыз емес. Біреулер – ұлтшылдар бұдан мүлде көңілсіз жағдайларды, шаруашылықтың күйреуін көреді, екіншілері – “солшыл” сөзқұмарлар – бұдан тек бір ғана контрреволюцияны көреді... Негізінен, тұрмысты қайта құру жүріп жатыр”.

Қазақ коммунистік университетінің жиналысында ол:

“Оппортунистер – тап жауларының ерікті не­ месе еріксіз агенттері, – деп мәлімдеді, – біз шаруашылықты кедейлендіріп, жұтатып жатырмыз деседі. Бұл айтылғандардың қандай шамшылдық пен зиянкестік екенін түсіну үшін кез келген колхозға, шаруашылыққа, колхозшыға көз салып қарап, оларды тек революцияға дейінгі кезеңмен ғана емес, сонымен қатар олардың осыдан 2-3 жыл бұрын қандай болғанымен салыстырудың өзі-ақ жеткілікті болған болар еді. Деревняның жіктелуі жоқ екенін есте ұстау қажет: өткен кездегі помещиктік, кулактық капиталистік қанау тұсында, шынында да, миллиондаған адамдар қайыршылыққа түсті, аштықтың, бағыныштылықтың құрсауында болды, енді қазір мұның болуы мүмкін емес”.

Миллионнан астам қазақтар өздерінің туған жерлерінен ауып кетті, босқан елдің жүріп өткен жолы мәйітпен төселді, ал Голощекин Алматы партактивінде:

“Егін шықпай қалған аудандардағы қуаңшылық оппортунизмнің өнімін берді (күлкі), – деп әзіл айтқансыды. – Адамдар қорқыныш пен үрейге бой алдырды, архиоппортунистік астық-мал жемі балансын құра бастады.

...Үрейленуге негіз бар ма? Ешқандай. Механикаландыру мен коллективтендірудің негізінде біз ауыл шаруашылығы мен шаруалар қауымын тура келген аштық жағдайынан түпкілікті түрде шығарып алдық...”

Астық әлдеқашан таусылған. Бәрін сыпырып алған. Тіпті партия қызметкерлерінің өздері де төзе алмады.

Меңдіғара аудандық комитетінің хатшысы Старателов өлкелік комитеттің жоспарын “ойланылмаған, шындық өмірге сай емес” деп атады. Оған екі сөзге келмей астық тапсыруды бұйырған. Старателов: “Онда амал қанша, олай болса, мен аламын, қамыр илейтін “күбіге дейін” ортаға саламын, барлық колхозды жалаңаштандырамын, ал олар жан-жаққа тым-тырақай болып қашады”, – деп жауап берді.

Обаған аудандық комитетінің хатшысы Изварин өлкелік комитетке:

“Астық дайындау жоспарын біз орындай аламыз, – деп жауап қайтарды, – бірақ мөңке балықпен және дуадақпен”.

Қарабалық аудандық комитетінің мүшесі Шумейко:

“Аудан экономикасы шамадан тыс жоспармен түпкілікті тұралады. – деді. – Колхозшылар, сондай-ақ кедейлер мен орташалар өздерінің ертең не боларын білмейді ...Біз өзімізден колхозшыларды түңілдірдік, олар бізден кейін кетіп жатыр”.

Голощекин оларды партиядан шығарды. Изваринды сотқа берді.

Ұжымдастырудың екінші толқыны аяқталды, 1931 жылы Қазақстандағы мал басы тағы да 10 миллионға азайды.

Өлкенің бүкіл тарихында болып көрмеген аштық басталды.

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар