Фәни әлемде коммунизм орнату – коммунистердің утопиялық идеясы болып табылады. Дәлел келтірейік. Коммунизмнің қысқаша мәні – қоғамның әрбір мүшесі дүниеден өзіне қалауынша алады, сонымен бірге, оның өмірі қиыншылықсыз бақытты болу керек. Мұндай өмір дінде айтылатын Жұмақпен ұқсас. Дін бойынша бұл өмірде дұрыс өмір сүрген адам келесі өмірінде Жұмақта болады. Бірақ коммунистер Жұмағы мен дін Жұмағының үлкен айырмашылығы бар. Дін бойынша адам Жұмаққа келесі өмірде ғана және зорлықсыз өз еркімен баруы керек. Ал коммунистер Жұмақты адамға осы өмірде Құдайсыз жасап, сонымен бірге, халықты еріксіз, оның өзінен сұрамай, түгелдей жұмаққа әкелмек болды. Сондықтан, біріншісі адамның өз еркімен жүретін рухани жол болса, ал екіншісі адамның еркінсіз зорлықпен апаратын таза материалдық жол еді.
Бақыт сезімі жүректен шығатын болғандықтан, адам ешуақытта өз еркінсіз бақытты бола алмайды. Адамның өзі бақытқа ұмтылуы керек. Сонымен бірге, бұл материалдық өмірде Жұмақ орнату мүмкін емес екені де белгілі. Оның бірнеше себебі бар.
Біріншісі, адамның қалауы шексіз болғандықтан, оның қалауын ешуақытта толық қанағаттандыруға болмайды. Себебі адамның тән құмары нәпсіге бағынады, сондықтан оның қалауы үздіксіз өсе береді. Мұндай адамды ешқандай қоғам толық қанағаттандыра алмайды. Ойсыз адамның шексіз өскен қалауын толық қанағаттандыру мүмкін емес.
Тіпті, коммунизм орнап, адам алаңсыз тән құмарына берілген жағдайда, ол жан құмарын ұмытып, ақыры азып кетеді. Бұл туралы Абай «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық аздырар адам баласын» деп нақтылап, айтып кеткен. Алаңсыз бейберекет өмір енжарлыққа, жалқаулыққа, нәпсіқұмарлыққа баулиды. Осылай адам өзі де байқамай, жүнжіп, әлсірей бастайды, ал қоғам құлдырау жолына түседі.
Адамның қалауын қанағаттандырудың бірақ жолы бар. Ол – рухани жаңғыру барысында жан құмарын өсіріп Абай көрсеткен тән құмарын жеңе білу. Рухани жаңғырған адамның ой-өрісі өсіп, ұят сезімі толығады.
Мәселенің екінші жағына келейік. Мысалы, адам өте бай қоғамда өмір сүреді делік. Ол өзінің қалауын толық қанағаттандыра ала ма? Өткен заманда ондай қоғамдар болған. Рим империясы, Осман империясы тәрізді елдер басқа халықтарды жаулап, өздеріне шексіз қанағаттануға жағдай жасады. Римде архитектура, театр, поэзия дамып, кереметтей зәулім ғимараттар салынып, адамның ой-өрісін тәрбиелейтіндей жағдай болды. Бірақ олардың ой-өрісі уақыт өткен, сайын төмендеп, тән деңгейіне құлдырады. Империяның құлдырау дәуірінде адамдар мөлшерсіз тамақ, ұйқы, жыныс қатынасы тәрізді істермен айналысып, азып кетті. Мұндай жағдай аз ба, көп пе, бірақ барлық империяларға тән қасиеттер. Сондықтан Рим және Осман империялары қандай жойқын күшті болса да, ақыры әлсіреп, құлады.
Шексіз қанағаттанған адамның азып кету себебі неде? Бұл сұрақтың жауабын Абай береді.
Оның себебі – жалығу. Өмірде жалығу деген бар. Жалыққан адам өмірдің қызығын көре алмайды. Ол қандай ойлы болса да, бақытты бола алмайды. Бұл туралы Абай жиырмасыншы сөзінде былай дейді:
Тағдырдың жарлығын білесіздер — өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол — тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?
Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.
Жалығу ойлы адамнан шығады екен. Ал ойсыз адам тән құмарына беріліп, өмірін өткізеді. Оларды Абай малмен теңейді, не болмаса «жарым адам» деп атайды. Ондайлар коммунизм құрып, бақытты бола алмайтыны белгілі.
Сонымен, фәни әлемде ойлы адам да, ойсыз адам да бақытты бола алмайды екен.
Жер бетінде коммунизмнің болуы мүмкін емес екеніне тағы бір себебі – түрлі қиыншылықтар. Фәни өмір қиыншылықсыз болмайды. Қиыншылық – фәни әлем қасиеті. Ол қиыншылықтар: адам болмысынан шығады – дене кемшілігі, ауырады, кәрілік келеді; қоршаған ортаның әсері – адамдармен қарым-қатынас қиыншылықтары; табиғат қиыншылықтары – құрғақшылық, су тасқыны, жер сілкінісі тәрізді табиғи апаттар. Сондықтан адамның өзінің кінәрәттығынан және табиғат құбылыстары әсерінен жер бетінде қиыншылықсыз өмірді, яғни коммунизмді орнату мүмкін емес.
Бірақ, адам бұл қиыншылықтардың азабынан толық құтылмаса да, оларды азайта алады. Ол үшін рухани жаңғыру жолына түсіп, ой жүйені өзгерту керек. Сонда жан құмары тән құмарымен үйлесіп, адам өмір көріністерінің сырын басқаша түсініп, дұрыс қабылдап, қиыншылықтар азаяды. Бірақ Кеңес дәуірінде атеистік идеология рухани болмысты жоққа шығарғандықтан, жан құмарын жетілдіруге мүмкіндік болмады. Жан құмарын жоққа шығарған мұндай идеология болмыстың ішкі сырына мән бермей, тек қана оның сыртқы көрінісіне көңіл бөлып, өмірді мәнсіз қуыршақ ойынына айналдырып жіберді. Ал жұмақ, яғни коммунизм дегеніміз қуыршақ емес, адам өмірінің негізгі мақсаты. Бұл мақсатқа бүкіл қоғам болып, тобырмен емес, жеке адам ғана жете алады. Ол үшін өзінің қалауы бойынша Абай көрсеткен рухани жолға толық түсу керек. Мұндай адамды Абайдың өзі «толық адам» деп атап, «Бірақ бұл жол – бек шетін, бек нәзік жол» деп бұл жол көпшілік үшін емес екенін ескертеді. Осы себептерден коммунизм идеясы утопия еді деп еркін айтуға болады. Тарихтың өзі де осыны дәлелдеді.
Утопиялық идеяны іске асыру жолында халық не көрмеді! Адамзат тарихында мұндай көп қиыншылықты көрген елді табу қиын шығар! Тарихтың мұндай зобалаң кезеңі адамзат үшін үлгі және адам жанын тазартуға арналған үлкен сабақ болуға тиісті. Сондықтан бұл кезеңнің мән-мәнісін дұрыс түсініп, одан ғибрат алу кімге болса да зор маңызы бар. Алғашқы рет адамды бақытты өмірге өзінің еркінсіз, қатаң тәртіп арқылы жеткізу керек болды. Тіршілікте адам баласы жарқын болашаққа сенсе де, күнделікті өмірде оны ұмытып, қазір өмір сүргісі келеді. Сондықтан оның сенімін бір қалыпты жоғары деңгейде ұстау мүмкін емес. Кеңес Одағының коммунизм туралы үгіт-насихатын халық әуелде жан дүниесімен жақсы қабылдағанымен, уақыт өте келе ол сенім азайып, ақыры жоғалып кетті деуге болады. Коммунистер жарқын болашаққа сенімнің жоғалмауы үшін барлық жағдайды жасап, көп күш жұмсады. Бірақ утопияның аты – утопия. Ол болмыс үйлесімділігіне келмейтін қиял. Ал қиял ешуақытта орындалмайды. Бұл қиялға халықты сендіріп, қоғамның рухани жағын бір қалыпқа келтіру үшін қатаң тәртіпке жүгіну керек болды. Осылай революцияның алғашқы кезінен бастап қатаң тәртіпке көңіл бөлінді. Пролетарият диктатурасы орнады. Бірақ мұндай еріксіз өмір құлдық сана-сезімді өсірді. Еріксіз өмір әуелде өзінің нәтижесін бергенімен, уақыт келе құлдырау дәуіріне жолығып, ақыры жойылып кетті.
Абайтанушы, профессор Досым Омаров
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.