Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Абай іліміндегі еркіндік пен тәртіп үйлесімділігі...

26.01.2020 16848

Абай іліміндегі еркіндік пен тәртіп үйлесімділігі 12+

Абай іліміндегі еркіндік пен тәртіп үйлесімділігі - adebiportal.kz

Бүгінгі өтпелі дәуірде ерік пен қатаң тәртіптің өзара үйлесімділігін білу өзекті мәселе болып отыр. Өркениеттің қозғаушы күші – демократия. Демократияның негізі – ерік пен қатаң тәртіптің үйлесімділік. Үйлесімділік қатаң тәртіп арқылы болады. Қатаң тәртіп ерік аясында болуы керек.

Еркіндік пен қатаң тәртіптің сыртқы көрінісі мен ішкі мәні бар. Демократиялық елде еркіндік пен қатаң тәртіп үйлесімді. Себебі мұндай елді олардың сыртқы көрінісі емес, ішкі мәніне көңіл бөлініп, қатаң сақталады. Еркіндіктің ішкі мәні рухани еркіндікпен тығыз байланысты. Сол себептен адам құқығын қорғайтын халықаралық құжаттарда рухани еркіндікке (орысша – свобода совести) үлкен орын берілген. Бұл құжат адам еркіндігінің негізін құрайды. Себебі, барлық еркіндіктердің негізі рухани еркіндікте жатыр, барлық еркіндіктер соған негізделген. Адам баласының дін түрлерін, елді, отбасын құруда, тағы сол сияқты басқа да барлық өмір құбылыстарында толық ерікті болып, өз еркімен қабылдауы керек. Еркіндік қоғам өмірін бүкіл болмыспен үйлесімге келтіреді. Еркіндік болмаған жерде үйлесімділік те жоқ. Зорлықпен бақытты өмір орнату мүмкін емес. Тәртіп дегеніміз – сол еркіндікке мүмкіндік жасау. Сонымен бірге, тәртіп те адамның өз еркімен сақталуы керек. Екеуі бір-бірімен тығыз байланысты – бірі болмаса екіншісі де жоқ. Рухани жаңғыру барысында жетіліп, оның шыңына жеткенде еркіндік пен тәртіп бір-бірімен тоғысып, бірігіп кетеді. Және, керісінше, үйлесімділік жойылғанда ел тыныштығы бұзылып, адам құлдырау жолына түседі.

Еркіндік деген не? Қатаң тәртіп деген не?

Еркіндік. Еркіндік – жан қасиеті. Сондықтан, еркіндік – жан құмарын қандырудың негізгі шарты. Еркіндік маңызын Абай былай деп береді:

Еріксіз түскен ылдидан,

Еркіңмен шыққан өр артық.

Қорлықпен өткен өмірден,

Көсіліп жатқан көр артық.

(«Абай инциклопедиясы, 227-бет)

Афоризм тәрізді айтылған бұл бір ауыз өлеңнің мағынасы өте терең. 1903 жылы Семей жандаралынан келіп Абай үйіне тінту жүргізілген. Өлең сол тінтуден кейін жазылған («Абайдың жарияланбай келген өлеңдері», 15 тамыз, 2019 ж. Егемен Қазақстан газеті, авт. Асан Омаров). Ресей үкіметі жағынан осындай қорлық көріп, оған қосылған өзіне қоршаған ортаның зардабы данышпан ақынға осындай ақиқатты ашу себебі болған тәрізді. Ақын еркіндіктің маңызын жүрекке жеткізіп, осылай дәл көрсетіп берген.

Еркіндік – жан қасиеті болғандықтан, адамның үнемі ұмтылатын шексіз арманы. Еркіндік дегеніміз – қалыптасқан өмір жағдайына және заманға байланысты адамның соған сәйкес өз еркімен әрекет ету мүмкіндігі.

Тән арқылы жан өзінің ерік-қалауын орындайды. Жан басқарған іс-әрекет қандай болса да өзінің шыңына жетіп, көркемдіктің үлгісін береді. Сондықтан адам үшін мұндай еркіндік ең қымбат және ең үлкен құндылық.

Ерікті жаннан Талап, Қайрат шығады. Талап, Қайратпен адам өзінің мұратына жете алады. Бұл қасиеттер болмаса адам ұйықтаған малмен тең. «Жүректе қайрат болмаса, Ұйықтаған ойды кiм түртпек?», не болмаса қырық төртінші сөзінде «Адам баласының ең жаманы — талапсыз» дейді Абай. Сондықтан өмірі ұзақ, білімді, бақытты болуы үшін адам еркіндікке ұмтылып, жанын пида етіп, түрлі әрекеттерге барады. Революция, не болмаса түрлі төңкерістер осының көріністері. Біздің заманда еркіндік шектелген қоғамдар көбеіп, мұндай келеңсіздіктер жиі болып жүр. Адамдар түрлі наразылықтар мен көтерілістер арқылы еркіндікке қол жеткізеді. Демократия орнайды. Адамдар бостандық алып, жан күйзелісінен арылып, рухани жетілуге мүмкіндік алады.

Алайда іс жүзінде қоғам рухани жаңғыру жолынан шығып кетеді. Еркіндік алған соң қоғам тек жетіліп, адамдар бақыт құшағында болулары керек еді. Бірақ өмір көріністері басқаша – еркіндік алғаннан кейінгі адамдардың қуаныш-шаттығы ұзаққа бармайды. Бұрынғы қалыптасқан тіршілігі бұзылып, өмір бейберекет, түрлі шырғалаңдарға толады. Адамзат тарихында мұндай көріністер өте көп.

Не себептен? Неге қиындықпен қол жеткізген еркіндіктен кейін қоғам жетілудің орнына, керісінше күйзеліске ұшырайды?

Еркіндіктің өмір қайшылықтарын жеңе алмайтын себебі – белгілі бір жағдайда Абай көрсеткен тән құмары жан құмарын жеңіп кететіндігінен. Бұл фәни өмірдің ықпалы. Осылай тән құмары жан құмарын жеңіп кеткенде еркіндік шектеліп, жан күйзеліске түседі.

Жан шексіз болса, онда оның еркіндігі де шексіз болуы керек еді. Еркіндіктің шексіздігін бұл дүние қалай шектейді? Оның себебі – жоғарыда көрсетілгендей, адамдар рухани білместігінен, жан екенін ұмытып, дүниенің жарқылына қызығып, тән құмарына беріліп кетуінен. Осылай жан құмарын тән құмары жеңіп кетеді. Адам бостандық алған соң, өзінің жан құмарын тән арқылы алуға ұмтылады. Жан құмары билеген адам ұзақ өмір сүруге талпынып, қоршаған ортаны толығырақ білгісі келіп, тіршіліктің түрлі қызығына ұмтылады. Осылай адамзат ертеде Американы ашып, бүгінгі күндері космос кеңістігін шарлап, әлі күнге дейін тыныштық таба алмай жүр. Бірақта жан құмарын тән құмары жеңіп кеткендіктен, Американың ежелгі тұрғындары индейстер қырғынға ұшырап, ал бүгінгі күндері халықаралық шиеленістердің толастайтын түрі жоқ.

Жан өзінің құмарын тән арқылы қандырғысы келеді. Сана деңгейі әлі төмен болғандықтан, адам өзінің жан екенін ұмытып, өзін тәнмен балай бастайды. Осылай адамдар, сонымен бірге бүкіл қоғам, дүниенің ықпалына түсіп қалады. Ал заттық дүниенің қасиеті бізге мәлім. Заттық дүниенің қасиеті – уақытша, надандыққа толы және қысқа өмір. Осылай адамды тән құмары билеп, бүкіл қоғам заттық дүниенің ықпалына түседі, тәртіп жойылып, оның орнына бейберекеттік, хаос орнайды. Еркіндікті жан құмары үшін дұрыс пайдаланбай, тән құмары үшін қолданғанда осылай еркіндік өзінің кері нәтижесін береді. Жан еркіндігі тән құмарын қоздырып, нәпсіқұмарлыққа айналады. Тән құмарына берілген адамдар өлшеусіз байлыққа, атақ-даңқ, мансапқа ұмтылады. Бұларды Абай жарым адам деп атағаны белгілі. Олар адамгершілікті аяққа басып, ешқандай озбырлық пен әділетсіздіктен тайынбайды. Тән құмары жан құмарын тұншықтырғандықтан, адам еркіндігі шектеліп, әділеттілік осылай аяққа басылады. Тәртіп жойылып, еркіндік анархияға айналады. Өзінің алғашқы мәнінен айырылған еркіндік анархияны осылай тудырады.

Анархия дегеніміз адамдарды еш нәрсеге мәжбүрлемеу, қарым-қатынастың еркіндігіне негізделген, басқарусыз шынайы қоғамдық тәртіп орнату. Бірақ, өкінішке қарай, мұндай түсінік адамның тән құмарын ескермейді. Сондықтан, анархия жүйесі – іске аспайтын утопия. Себебі, жан құмары мен тән құмарын дұрыс түсініп, оларды үйлесімге келтірмесе, тән құмары жеңіп, өмірдің шырқы кетеді, бақытты өмір болмайды.

Еркіндіктің мөлшерінен асу зардабын 1917 жылғы Кеңес Одағы құрылуының алғашқы кезеңінен де көреміз. Революциядан кейін бұрынғы жүйе жойылып, ерікті тежейтін күш болмай, еркіндік анархияға айналды. Қылмыс көбейіп, қоғам өмірі хаосқа ұшырады. Қоғамда тәртіп орнату керек болды. Мемлекеттің тағдырын анықтайтын сол бір кезде коммунизм идеясымен қаруланған коммунистер қатаң тәртіп орнатып, елді бір жүйеге сала білді.

Дүниеде еркіндік тежелмей, өз өлшеуінен асып кеткенде оның осындай зардабы болады. Бұл табиғи заңдылық екенін көреміз.

Еркіндіктің өз өлшеуінен асып кетпеуі үшін қатаң тәртіп керек. Еркіндік қатаң тәртіпсіз дұрыс нәтиже бере алмайды.

Қатаң тәртіп. Қатаң тәртіп – қоғамды реттеп, жүйелеу жолы. Әуелі тәртіптің негізі қайда жатқанына келейік. Абай қырық үшінші сөзінде «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек, ұшпақ, сүймек, мал жимақ, мансап іздемек, айлалы болмақ, алданбастық – бұл нәрселердің бәрінің де өлшеуі бар. Өлшеуінен асырса, боғы шығады» дейді. Яғни, Абай ілімі бойынша тәртіп дегеніміз – әрненің өлшеуін білу. Әрбір құбылыстың, әрбір іс-әрекеттің өлшеуі бар. Өлшеуінен асса – боғы шығады, яғни тәртіп бұзылып, оның пайдасынан зияны көп болып кетеді. Әрненің өлшеуін біліп, өлшеуден асырмаудың өзі үлкен өнер. Ал ол өлшеу қайда жатыр, оны қалай білуге болады? Ол өлшеу – жан құмары мен тән құмарының үйлесімділігінде жатыр. Күнделікті өмірде бұл өлшеуді ұят дейміз. Ұят жүректен шығатын рухани құбылыс. Абай «иманы бар адамның ұяты бар» дейді. Ар-ұяты бар адам үшін әрненің өлшеуін білу қиын емес. Оған ешқандай сыртқы тәртіп, заңдылықтың қажеті де жоқ. Адамның барлық іс-әркетін иманы, яғни ұяты басқарады. Қатаң тәртіп – мұндай адамның бойына біткен қадірлі қасиет. Рухани жаңғыру барысында ар-ұят шыңдалып, өмірдің түпкі мақсатына жеткізеді. Қоғам өмірінде тәртіп ұлттық салт-дәстүр, қоғамның моральдық-этикалық қағидалары және адам құқығын қорғау арқылы сақталып отырады. Осы жүйелердің жетілу деңгейіне байланысты тәртіптің сақталу дәрежесі әртүрлі. Қоғамдағы тәртіпті сақтау әдісі мен оның деңгейі уақыт пен саяси-әлеуметтік жағдайға байланысты құбылмалы. Қазақтың «Елу жылда ел жаңа» дейтін даналы сөзі соны білдірсе керек.

Тәртіп орнатудың негізгі шарты бар. Ол шарт – жан құмарына ерік беріп, тән құмарын шектеу болып табылады. Рухани жаңғырудың бұған мол мүмкіндігі бар. Рухани деңгейі төмен қоғамда тән құмарын тек қана қатаң тәртіп арқылы ғана шектеуге болады.

Тоталитаризм – қоғамда қатаң тәртіпті орнатудың бір әдісі. Бірақ, бұл әдістің, яғни қатаң тәртіп орнатудың өз шегі бар. Тоталитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы биліктің бақылауында болып, адам бостандығы мен конституциялық құқықтары аяққа басылады. Бұл әдісте негізгі қозғаушы күш – қорқыныш. Қорқыныш арқылы тез арада қоғамды бір жүйеге келтіруге болады. Өте тиімді жол. Бірақ өте үлкен кемшілігі бар: ерік шектеліп, адамның рухы тұншығады. Қатаң тәртіп имандылық жолында қолданылғанда ол рухани жаңғыру кепілі, ал имансыздық жолында болғанда – ол қасірет құралы. Тоталитарлық жүйеде оппозиция мен еркін ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Ой бостандығы шектеліп, жан күйзелісте болады. Жан құмары болмағандықтан, рухани суаттан айырылып, мұндай қоғам өзінің белгілі бір деңгейінен аса алмайды. Бұл ақиқатты еліміздің өткен коммунистік қоғам дәуірінен жақсы білеміз. Ол кезде қатаң жүйенің аясында болғандықтан, адам бостандығы шектеліп, еркіндікке жол берілмеді. Мұндай қоғамда тәрбиеленген адамда сана-сезім өспей, ар-намыс, өзіндік қайрат-жігер жетілмей, адам жүйенің бір тетігіне айналады. Еркінен айрылған адамдарды басқару оңай – олар айтқанға сеніп, айдауға көнеді. Коммунистер билігінің ұзақ созылуы да осының салдары еді. Кеңес Одағы ыдырап, егемендік алған соң көп елдер сол бодандық санасынан шыға алмай, тағдырдың өздеріне берген бұл жетістігін толық пайдалана алмады.

Еркінен айырылып, намыс-жігерден жұрдай болып, жүнжіп, айдағанға көнгіш қой тәрізді адамдар туралы Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дейді. Бір сөзбен айтқанда, тобырға айналады. Солтүстік және Оңтүстік Кореяның екеуінде де болған бір адам «Тоталитарлық Солтүстік Кореяда көшеде полициядан аяқ алып жүре алмайсың, ал демократиялық Оңтүстік Кореяда полицейді іздеп таба алмайсың» деп таң қалады. Демократия орнаған елде құқық сақтайтын органдар әділетке қызмет етеді, сондықтан олардың санын көбейтудің қажеті жоқ.

Тәртіп пен еріктің бір-біріне әсері. Жан құмарын қандыру үшін де, тән құмарын қандыру үшін де еркіндік керек. Адамның қалауы рухани, не болмаса дүниелік болуы мүмкін, бірақ бұларды ол өзінің еркімен қанағаттандыруы керек. Еріксіз жасалған әрекет адамға қуаныш бере алмайды. Еркіндік болмаса адамның ешбір ниеті орындалмайды. Қоғамның жаны – адамдар. Адамдарға еркіндік бақытты өмір сүруге мүмкіндік береді. Ол еркіндікті жасайтын – қоғам. Ал қоғамға басқа нәрсе керек. Қоғамға тәртіп керек. Тәртіп болмаса қоғамның берекесі кетіп, ешқандай үйлесімділік болмайды. Барлық байлығынан айырылады. Осылай еркіндік адамдарға керек болса, ал тәртіп қоғамға керек екенін көреміз. Сондықтан еркіндік пен тәртіп өзара байланысты, бір-бірін қолдап отырады. Бірі болмаса – бірі жоқ. Бұл екеуі үйлесімді болғанда қоғам бай, ал адамдар еркін, бақытты сезінеді.

Санасы тән деңгейінен аспаған адам өмірдің қызығын шексіз көргісі келеді, Сондықтан ол шексіз еркіндікке ұмтылады. Бұл қоғамның тыныштығын бұзады. Адамға өзінің табиғи болмысын шектеу үшін белгілі бір тәртіп үлгілері беріледі. Ол тәртіп аясынан шықпай, нәпсісін тежей білетін болса, онда оның өмірі қоғаммен үйлесімді болады. Бірақ өмірдің жылтырағы адамды қоғамға қарсы қойып, кінәлі істер жасауға итермелейді. «Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен» өлеңінде Абай адамды үйлесімді өмірге былай деп шақырады.

Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ.

Адамның алдында бұл бүгінгі жарқылдап алдайтын өмірден басқа, мәңгілікті өмір күтіп тұр. Соған дайындалу керек. Яғни, бұл өмір үйлесімді болу керек. Бірақ бұл ақиқатты көпшілік түсіне бермей, өзінше әрекет етеді. Осылай қоғам мен адамның арасында қайшылықтар пайда болады. Бұл қайшылықтарды шешу үшін қоғам белгілі бір тәртіп жүйесін қабылдауы керек. Тәртіптің маңызын Абай отыз жетінші сөзінде былай деп береді:

Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.

Адамды тәртіп арқылы ғана жөнге салуға болады. Тәртіп жүйесі адамға үйлесімдікті бұзбай, рухани жетілуіне мүмкіндік береді. Қоғам адамды жөнге салып ұстайтын тәртіптің гаранты болуы керек. Сонда еркіндік тәртіппен үйлесімге келіп, қоғамда тыныштық орнайды. Осылай тәртіп имандылық аясында болса, онда ол адамның жетілуіне мүмкіндік жасайтынын көреміз.

Ал тәртіпті адамның табиғи еркіне қарсы пайдаланғанда ол қанаудың негізгі құралына айналып, адамды құлдық психологияға қамап, шығармайды. Барлық тоталитарлық жүйелер осының көрінісі.

Абайтанушы Досым Омаров


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар