Абай Омбыда болған ба? Бұл туралы қандай деректер мен дәйектер бар? Пәни жалғанда небәрі 58 жыл ғұмыр кешкен Абай Құнанбайұлының туған жері, отбасы, өскен ортасы, сауат ашып білім алған ұстаздары, әдеби туындылар мен ғылыми еңбектерге тапсырыс беріп жиі бас сұққан қоғамдық мекемелер мен пікірлестері жайында бір ғасырдан астам уақыт жүзінде аз зерттелген жоқ. Абайдың әлемдік деңгейдегі азаматтық тұлғасының қалыптасуында Семей қаласының орны ерекше екендігі де анық. Осыған орай ойшыл ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер Абай өз өмірінде көрген ең үлкен қала – Ресей патшалығы Семипалат облысының орталығы Семей деген қорытынды жасайды. Дегенмен, Абайдың Омбы қаласына барғаны туралы да айтылады. Академик Әлкей Марғұланның дәйектеуінше Абай Омбы қаласына 1868 жылы император ІІ Александр патшаның баласы Ұлы князь Владимирдің аталған қалаған сапары кезінде ел игі жақсыларымен бірге кездесуге келген. Мұның дәлелі ретінде осы тұста Омбы қаласында фотошеберхана мен кітап дүкенін ұстаған Исаак Кесслер түсірген фотосуретті алға тартады. Бірақ Әлкей Марғұлан 1970 жылы Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) кітапханаларының бірінен тапқан фотосуреттегі адамның 23 жастағы Абай екендігіне ден қоюшылардан күмәнмен қарайтындардың қарасы көп.
Дегенмен, Абайдың Омбы қаласымен байланысы мен мұнда келгендігі туралы өзге дереккөздер жоқ емес. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Батыс Сібір өлкесінің ірі стратегиялық орталығына айналған Омбы қаласының қазақ зиялылары өмірінде алатын орны туралы айтудың өзі де артық. Осы тұрғыдан алғанда Құнанбай әулетінің де Омбы қаласымен байланысын айта кеткен дұрыс. Тағдырдың жазуымен тобықтының көрнекті адамы Құнанбайдың үстінен түскен арыз бойынша іс қозғалып, бұл 1846-1861 жылдар арасында үздіксіз жалғасып, тіпті 1853-54 жылдар жігінде «мырзақамақта» отырғандығы, Шыңғыс сұлтан Уәлиұлының араласуымен елге оралатын жері және бар. Сонымен қоса, Құнанбайдың 1848 жылы Айғыздан туған баласы Халиолла Омбыдағы кадет корпусында оқығаны белгілі. Кадет корпусын бітіргеннен кейін Мәскеудегі Павлов кавалериялық мектебін жақсы тәмамдап келіп, Омбыда корнет болып қызмет істеп жүрген Халиолла Өскенбаев 1870 жылы осында қайтыс болып, сүйегін туған жеріне алдырады. Демек, Құнанбай әулетінің Омбы қаласымен байланысы тығыз болды деген сөз.
Абай Омбыда болған ба? Бұл туралы дерек Есенбай мен Қожабай ақындардың айтысында кездеседі. «Есенбай мен Қожабай айтысы» 1988 жылы қазақ әдебиеті көптомдығының екінші томы «Айтыс» кітабының 328-бетінде жарияланған екен. Сондай-ақ 1938 жылы Петропавл қаласында Қазбеков деген адам Қабдолла Кенжетаевтың айтуында жазып алған мәтінді фольклор жинаушы ғалым Мұсатай Ғалым «Аталар аманаты» жинағына енгізген (417-423 беттер). Есенбай мен Қожабай ақынның арасында өткен көлемді айтыс – руаралық мінесудің әдепкі үлгісі, онда ХІХ ғасырдың екінші жартысында Арқаның Атбасар-Ұлытау өңірін мекендеген қазақ рулары арасында өткен белгілі оқиғалар мен тартыстар, осы өлкеде өмір сүрген айтулы тұлғалар өміріне қатысты көптеген деректер бар. Мысал үшін аға сұлтан Ерден Сандыбайұлының, Кенесарының әйгілі батыры Баубек Бекмырзаұлының есімдері аталады. Айтыстың көркемдік ерекшелігі, тарихи танымдық тұрғыдағы құндылығы т.б. мәселелер – арнайы жеке зерттеудің нысаны екендігі анық. Біз айтыстың Омбыда өткенін ескер отырып, осындағы Абайға қатысты жерлеріне тоқталамыз.
Есеке, тілің тәтті, сөзің шырын,
Арқаға Қадір Алла төккен нұрын.
Кешегі Сандыбайдың ақыны – мен,
Өлеңді кім бастайды менен бұрын, -
деп айтысты өзін көтере, қарсыласын ықтыра жырлап бастаған Қожабай ақынға Көлденең Есілдің Есенбай ақыны да табан аузында ұйқас құрап, тікелей шабуылға шыққанын көреміз:
Қожабай, қай жеріңнен мақтанасың?
Сонымды айтады деп сақтанасың.
Өлтірген Ерденіңді егескенде,
Қалайша өлген жоқ деп ақталасың! –
дей келе екі ақынның «сөз барымтасы мен қарымтасы» ащы шығып, қаумалаған қалың көптің ортасында руаралық қақтығысқа да дем беру мүмкіндігі туындаған болса керек. Осы мезет туралы айтыстың әлқиссалық мәтінінде былай деп айтылған екен:
Сол жиында отырған Абай айқай салды,
«Тоқта, - деп, - аруақ үшін екі жағың!»
Қожабай сен шырағым, жас баласың,
Бата алсаң әр жұмысты басқарасың.
Шырағым, жас та болсаң, жол сенікі –
Сөзіңе әділ айтқан жоқ таласым.
Есенбай, көлденеңнен қарап тұрсам,
Үш жерден бұл баладан тоқталасың».
Мінеки, Абай айтысқа төрелік жасап, екі ақынға өзінің бағасын беріп отыр. Абайдың айқай салып, екі ақынды тоқтамға шақырып отырғаны – ел бірлігін ойлаудан туындаған амал. Қазақтың шынайы айтысқа әрдайым қызығушылық танытып, оның әр сөзін қадағалап, қажет жерінде намысқа қыза қалатыны, тіпті айтыскерлердің жауаптасуындағы мазмұнды төбелес, жанжалға ұластырып жататыны – жиі ұшырасатын заман ғой.
Ендігі ретте осы айтыстың жұбын құраған ақындар туралы аз-кем тоқтала кету жөн болмақ. Есенбай Сасанұлы 1843 жылы қазіргі ҚХР-дың Шәуешек қаласында дүниеге келеді. Руы – арғын қарауыл ішінде бектауыл. Бектауыл руы қазіргі Көкшетау маңынан Көлденең Есіл, Терісаққан бойына қоныс аударып, күні бүгінге дейін қазіргі Ақмола облысының Жақсы, Есіл аудандары аумағында мекендеп отыр. Есенбайдың аталары бір заманда нағашы жұртына еріп Тарбағатай ауып барса керек. Бекмырзаұлы Баубек батыр Терісаққанның Есілге құяр сағасына бектауылдарды жинап жатқанын естіп, Сасан ұрпақтары ата қонысына оралады. Есенбай ақын Баубек батырдың ақыны атанып, оның ерлік жолын жырға қосады. Ақыннан қалған әдеби мұраның топаны да біршама. Халық ақыны, Есенбай Сасанұлы 1925-жылы Терісаққан бойында өмірден өткен. Есенбай Сасанұлының есімі өзінің туған елі Терісаққан сағасында күні кешеге дейін ел аузында жүрген екен. Есенбай ақынның әдеби мұрасы толық жиналған деп айтуға болмайды.
23 жастағы Абай Құнанбаев Омбыда (1868 жыл).
Исаак Кесслердің фотосы.
Халық ақыны Қожабай Тоқсанбайұлы 1841 жылы қазіргі Ұлытау бойында Жезді өңірінде дүниеге келіп, 1918 жылы осы өлкеде дүниеден өткен екен. Қожабай ақын жастайынан өлең-жырға бейім болып, қалыптаса келе лирик, эпик ақын болыпты. Қожабай ақынның тұқымы – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өлең-сөздің қадіріне жеткен адамдар екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, баласы – халық ақыны Болман. Ертеректе мектеп оқулығы хрестоматиясында «Шашубай мен Болманның айтысы» деген айтыс мәтіні болатын. Сонымен, Қожабай ақын – қазіргі танымал әнші Қыдырәлі Болмановтың ұлы атасы болады. Біз ғаламтор бетін парақтап, сүзіп отырып «Халық ақыны Болман Қожабаевтың айтқан әңгімесінен» деген деректі жазбаны кездестірдік. Онда Қожабайұлы Болман ақынның өз замандастары арасында отырып әкесі Қожабай Тоқсанбайұлының Абаймен кездескені туралы әңгімеленеді. Ақындар айтысы – қай заманда да қазақ арасынан еш үзілмеген өнер. Сол ХІХ ғасырдың жүзінде де ақындар айтысқа жиналып тұратын дәстүр бойынша 1873 жылы Омбыда отыз ақын қатысқан айтыс өтеді. Абай осы айтысқа келген екен. Демек, жоғарыдағы төрелікті Абай осы «сөз олимпиадасындағы» Қожабай мен Есенбай ақындар арасында болған тартыста жасаған деуге болады.
Тоқсанбайұлы Қожабай ақынның айтуынша, ол Абаймен хат алмасып тұрған. Осының айғағы ретінде, Абай Қожабай ақынға ақыл-кеңес ретінде өлең-жыр арнаған екен:
- Қожабай, бір сөз тыңда көңілдегі,
Емеспіз халық ханы, елдің бегі.
Білім ал, оқу оқып тілімді алсаң,
Дүниенің неге керек аз бен көбі, -
дей келе, Абай қазақтың ежелден қараңғылықты әдет қылған халық екенін, әлі де дәл осыдан көп кемшілік көретінін айта отырып, таусылмайтын қазына – білім игеру керектігін Қожабай ақынға ескертеді.
Арқада, Орта жүзде жатқан Найман,
Білімсіз айтқан сөзден шықпас пайдаң.
Көп сәлем Арқадағы Орта жүзге
Айтарсың, ал, Қожеке, - деп Абайдан, -
деген жолдарды келтіреді. Отыз ақын қатысқан бұл ақындар жиыны 1873-жылы өтті десек, Абай осы кезде 28 жаста екен. Семейдің, әсіресе Абай елінің Ертіспен ұласып жатқан тұсы Омбыға соншалықты қашық емес екендігін ескерсек, жан-жақтан жиналып жатқан ақындардың мәжіліс, айтысына Абайдың баруы – көкейге қонымды сапар екені даусыз. Тек ол туралы ауызша, жазбаша деректер жоқтың қасы болып отыр.
Болман ақынның айтуынша, әкесі Қожабай өзінің уақытында білім жолын ізденбей, «қолын мезгілінен кеш сермегеніне» налып, Абайға хат жолдаған екен. Өлеңмен жазылған сол хаттағы мына бір шумаққа мән берейікші:
Биіктің қыранындай қанат керген,
Артық қып адамзаттан білім берген.
Омбыда алпыс ақын бас қосқанда
Сонда Абай біреуінен сүрінбеген.
Бұл – әрине, Абайдың өзге ақындармен кәдімгідей айтыс көрігін қызлырғанын білдірмесе керек. Біз де Абайды айтыс ақыны етіп шығарудан аулақпыз. Бірақ кешелі-бүгінгі кез келген қазақ реті келгенде, сөз сайыстан аянып қалған ба? Жоғарыда айтқанымыздай, Абай бұл жерде жас та болса өзінің білімдарлығымен алқалы топтан бой оздырып, талантын танытқаны болар.
Қожабай – мұны жазған менің атым,
Абайдай асыл затқа жазған хатым.
Дүниенің екі дәуірі қанып еді,
Жарыққа шығар бір күн өлмес атың, -
деген Қожабай ақынның болашақтан күткен үміті расымен де ақталғаны анық. Сонымен, қазақтың Абайы орыстың Ертіс бойындағы алып қаласы Омбыға барды ма? Расымен де, осы қалада өткен қазақтың отыз ақынының сайысына қатысып төрелік айтты ма? Бұл сұрақтардың жауабы нақпа-нақ берілер күн де алыс болмаса керек. Абайдың Омбы қаласымен байланысына қатысты тың деректер болашақта көбірек табыла түседі деген сенім бар. Тіпті үкіметке сезікті адам ретінде жандармерия Абайдың үйіне тінту жүргізіп, қолындағы барлық қолжазба қағаздары мен кітаптарын түгелдей жинап алып, Омбыға алып кеткендігі туралы да айтылып жатпай ма? Күндердің күнінде, аманшылық болса, Абайдың өз қолымен жазған еңбектерінің түпнұсқасымен қауышар күн де болуы тиіс деп білеміз.
Көрнекі сурет: Тұрсын Әбуов "Абай халық арасында"
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.