«Қырық бірінші қара сөз» бойынша. Абай «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек. Әуел – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып...» әр түрлі мектептерге беру керек деп есептейді. Мұнымен мәселе біте салады деп отырған жоқ Абай. «Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек. Аталарын паралап, балаларын алып, бастапқы айтқандай жолға салып, тағылым берсе, сонда түзелер еді» дейді.
Біздің айтқалы отырған мәселеміз – дәл осы сөйлемнен кейін келетін: «Енді мұндай халықты еріксіз қорқытып көндірерлік күш-қуат ешкімге бітпейді. Ол баланы қазақтың бәрін паралап көндірерлік дәулер бір кісіге бітуге мүмкін де емес», - деген сөзді тағы бір қайталап оқып шығыңыз (1995 жылғы академиялық жинақ бойынша).
«Дәулер» емес, «дәулет» болуы керек. Жә, мұны бір әріптен кеткен қате делік, ал «баланы» деген сөзі бар сөйлемді қалай түсінуге болады?! Абай жинақтарының әр уақытта шыққан нұсқаларын алып салыстырып шықтық. Барлығында «баланы» деп беріліп келеді екен. Осы уақытқа дейін ешкім де мұны түзеткен емес. Бұл өрескел қателік. Текстология ғылымында әріп түгілі, үтірдің өзіне үңіле қарайды.
Абай бұл жерде балалы қазақтың барлығын яғни олардың аталарын паралап көндіріп, балаларын оқыту мүмкін емес һәм ондай дәулет бір кісіге бітпейді деп отыр. Өйткені қазақ дүниедегі есепсіз ғылымның жолдарындағы әрбірінің әр мектебіне баласын беріп тағылым алсын демейді, десе де, шығынын көтере алмайды. Абай осы шығынды дәулетті адамға өтетіп жіберсе ғой дейді, ондай адам есепсіз бай боларға керек дейді. Баласын ерікті-еріксіз тартып алып, оқуға салатын күш ешкімде жоқ, балалы ата-ананың бәрін паралап болса да көндірерлік дәулет бір кісіде және жоқ деп өкінеді. Абай баланы паралау керек деп отырған жоқ. Керісінше, балалы қазақтың аталарын паралау керек, қорқыту керек деген ойды меңзеп отыр. Әйтпесе, Абайша айтқанда: «Қазақты я қорқытпай, я параламай, ақылменен не жерлеп, не сырлап айтқанменен еш нәрсеге көндіру мүмкін де емес».
Осылайша, кешегі күннен бастап осы күнге дейінгі баспалардың қателігінен, редакторлардың салғырттығынан, мән бермеуінен тұтас мағына жоғалып кеткен. Бұл келешекте Абай жинағын шығаратын баспаларға, абайтанушыларға құлаққағыс болса дейміз.
***
«Қырық бесінші қара сөз» бойынша. Біз бұл шағын зерттеуімізде Абайдың «Қырық бесінші қарасөзіндегі» осы күнге дейін айтылмай, еленбей келе жатқан текстологиялық өзгерістер туралы мәселе қозғамақпыз.
Ғұлама Әуезовтің: «Абайдың мұрасы туралы зерттеу, сынау, ойлану кеерк, күдік те айтуға болады. Бірақ онысы – осының бәрі документке, зерттеуге, немесе көңілге анық қонымды дәлел, өнімді ойға сүйенсін. Құрғақ күдік ғылымды өсірмейді, ол дәнсіз гүлдей өмірі жоқ, нәсілі жоқ гүл болады» (М.Әуезов «Шығармаларының елу томдық жинағы», 43-том, «Дәуір-Жібек жолы» Алматы, 2014, 77-бет), – дейтін сәулелі сөзі бар. Біз Омарханұлының осы сөзін ылғи да басшылыққа ала отырып, жұмыс істеуіміз керек. Сондықтан да Абайдың мына сөзі былай емес, былай болу керек қой деген кезде, нақты дәлелдерге сүйеніп барып қана сөйлеуіміз шарт. Былайғы сөз – «құр қара борандату» (М.Әуезов) ғана болып шықпақ. Олай болса, қозғағалы отырған мәселемізге байланысты Абай қарасөздерінің жазылу тарихына қысқаша тоқталайық.
М.Әуезов: «1890 жылдан бастап Абай шығармаларында өзі айтқан «қара сөздері» жазылып отырған» (М.Әуезов «Шығармаларының елу томдық жинағы», 42-том, «Дәуір-Жібек жолы», Алматы, 2014, («Абайтанудың арнаулы курсы», 25 май 1950 жыл), 158-бет), - дейді. Неге екені белгісіз, Мүрсейіт қолжазбаларының ішіндегі осынау кең ауқымды шығармалар Абайдың 1909 жылғы тұңғыш кітабына кірмей ұмыт қалған, тек 24 жылдан соң яғни 1933 жылы ғана Әуезовтің ыждаһаттылығымен баспа бетіне шығады.
Негізгі нысана – Абайдың «Отыз жетінші қара сөзі»-нің 13-ші бабы (1933 жылғы толық жинақ бойынша) немесе қазіргі дербес «Қырық бесінші қарасөзі» бойынша ой толғамақпыз.
Мұхтар Әуезов 1967 жылы «Ғылым» баспасынан шыққан «Абай Құнанбаев» атты монографиялық еңбегінде біз айтқалы отырған осы қарасөзі туралы: «Көпшілік қара сөздерден және де өзгешерек қалыптанған – Абайдың отыз жетінші сөзі. Бұл бөлімше өзге қара сөздерше тұтас құрылған бүтін шығарма емес. Шартты түрде «Отыз жетінші сөз» деп бір араға бастары құрылған афоризмдер саналады. Мүрсейіттің көшірулерінде және Абайдың толық жинақтарының бәрінде осы афоризмдер жиырма үш деп саналады. Анығында, Абайдың афоризмдері бұлар ғана емес. Афоризмдер Абайда жиырма үштен әлдеқайда көп екенін Абай оқушыларының бәрі де біледі» (203-бет), - дейді.
Расында, әлдеқайда көп еді... Соның бірі – 37-інші қарасөздегі 13-інші афоризм. Бірақ ол бүгінгі Абай жинақтарында «Қырық бесінші сөз» болып бөлек беріліп жүр. «Отыз жетінші қарасөздегі» бұл афоризм басқа афоризмдерге қарағанда ұзақтау һәм бітімі де бөлектеу болғандықтан жеке шығарылған.
Ал енді біздің негізгі айтпақ сөзіміз – осы «Қырық бесінші сөз» деп беріліп жүрген бөлімнің соңғы сөйлемінің мүлдем өзгертіліп, басқа арнаға бұрылып, бұрылғанда да бұрмаланып келе жатқандығы туралы болмақ.
Сол бұрмаланған сөйлем 1995 жылғы академиялық жинақтың 2-томындағы «Қырық бесінші сөзінің» (218-бет) соңында былайша өрілген:
«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп».
Асықпай, ой көзімен үңіліп қарайықшы. Анығында, бұл адам ойын мүлдем шектеп-шідерлеу. Жаратушы Ие пенде баласына сана берсе, ақыл берсе, сол пенде баласына әу баста жаралып қойған, жасалып қойған нәрселерді көре-көре, оларға көңіл бөліп, ақылмен байқап сезіп қорытынды шығару арқылы неге жанынан ғылым шығармасқа, неге жаңалық ашпасқа?! Қазақ айтатын «Көре-көре көсем боласың» деген сөздің де астарында осындай үлкен ой жатса керек. Ал біз һәкім Абайдың дұрыс сөзін бұрысқа айналдырып оны өзімізше «түзетеміз».
Абай туындыларының текстологиясын зерттеуші ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов:
«Ең ақырғы қырық бесінші сөздің соңына ноқат қойылса да, сөз аяқталмағаны көрініп тұр. «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп», - деп басылған (1940, 1945, 1954 жж. жинақтар). Абай сөзімен ертеден таныс, көшіріп жазып алып жүрген, көңіліне сақтап жүрген Әкімал Мамырбаев, Рақыш Байғазин, Әрхам Ысқақов т.б. адамдармен сөйлескенімізде ол кісілер Абайдың бұл сөзі: «…көзбен көріп, ақылмен біліп алатын пәндеміз», - деп аяқталатынына сендірді. Біз осылай аяқталуы сөздің мағына, мазмұнына сай, нанымды деп білдік» (Қ.Мұхамедханов «Абай шығармаларының тестологиясы жайында», 154-бет), - дейді өзінің ғылыми еңбегінде. Сонда осы сөзді Қ.Мұхамедхановтың болжамы бойынша оқып көрсек, ол былай болып шығады:
«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп алатын пәндеміз».
Бірақ мұнда да айтылмақ ой көмескіленіп тұр. Ал адам баласының ілім-ғылымды меңгерудегі мүмкіндіктері өте зор. Әрине, біз жаралып, жасалып қойған нәрселерді көре-көре, оларға көз жібермесек, қорытынды шығара алмасақ, ақылмен байқап сезбесек ғылым түгілі түк те шығара алмаймыз. Мәселен, бір ғана дәлел айталық, адамзат баласы Құдайдың жаратқан құстарына қарай-қарай, ақылмен сезініп ой жібере келе ұшатын нәрсе ойлап тапқан жоқ па?! Бұл ғылым емес пе, бұл даму емес пе?!
Әрине, Алла Тағаланың құдіретімен болатын адамның өзіне тән ғылымын жоққа шығаруға болмайды. «Дүниенің ғылымын білмей қалмақтық – бір үлкен зарарлы іс» (38-қарасөз).
Десе де, ғалымның жоғарыда келтіргеніміздей, кем-кетіктің орынын толтырмақ мақсатта талмай ізденуінің өзі неге тұрады?! Қолжазбаларды салыстырып, Абай сөзімен таныс адамдардан сұрастыруының өзі – оның Абайға деген құрметі болса керек. Алайда, Қайымдай қара нардың тарапынан осындай дәлелдер айтылса да, сол сияқты нақты дәлел осы 1933 жылғы кітапта тұрса да, біздің көзқарасымыздың, ғылыми байламымыздың әлі күнге дейін бір арнаға тоғыспай жүруінің себебі, мүмкін, Абай мұрасына бейжай қарайтындығымыздан болар?!.
Қ.Мұхамедханов осы ғылыми еңбегінде: «Абайдың «Қарасөздері» ақынның жинағына 1933 жылдан бастап қана кіріп жүр» (118-бет), - деп жазады. Олай болса, ғалымның 1933 жылғы толық жинақтағы 37-қарасөздегі 13-інші деп тұрған бұл афоризмді аңғармай қалуы мүмкін емес...
Бірақ 1995 жылғы жинақта қате қалпында басылып жүрген бұл сөздің тарихы тереңде жатыр. Мәселен 1954 жылғы жинақтың 2-томында «Қырық бесінші сөз» деп дараланып берілген қарасөздің ең соңғы сөйлеміндегі бұл қателік 1945, 1948, 1977 жылғы және тағы да басқа толық жинақтардың барлығында да солай беріліп келген.
Осы 13-інші бап 1940 және 1945 жылдан бері дербес қарасөз ретінде беріліп келеді. Һәм әлгі қателік те әлі күнге дейін «Қырық бесінші сөздің» соңынан жабысып алып қалар емес.
Ал енді Мұхтар Әуезұлы (кітапта солай берілген) дайындап, І.Жансүгірұлы қарап шығып сөз басын жазған 1933 жылғы Абай Құнанбайұлының толық шығармалар жинағының «Отыз жетінші сөзінің» 13-інші афоризіміндегі осы соңғы сөйлем қалай берілген екен, соған келейік. Кітаптың 296-ншы бетінде (латынша әріптермен:
«Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз; жаралып, жасалып қойған нәрселерді көріп-көріп, ақылмен байқап сезбесек», - деп тайға таңба басқандай анық жазылып тұр.
Яғни, Айбайдың айтпақ ойы – біз ғылым шығара алады екенбіз, жаралған, жасалған нәрселерге қайта-қайта ой жіберіп ақылмен сезсек. Абайдың: «Алла – мінсіз әуелден, Пайғамбар – һақ, Мүмин болсаң – үйреніп, сен де ұқсап бақ» («Алланың өзі де рас, сөзі де рас), – деген сөзіне ой жіберіп қараңыз. «Сен де ұқсап бақ» дейді. Бұл сөздерден түйгеніміз – адам баласы ғылым шығара алмаймыз деп қарап отырмауы керек екен, Иесінен үлгі алуы керек екен, жаралған, жасалған нәрселерге көз жіберіп, көңіл қойғаны жөн екен. Осыларды іске асыруы үшін адам баласы ілім-білімді қайдан болса да, тіпті Қытайдан болса да, іздеу қажеттігі айтылған. Абай да: «Ғылым таппай мақтанба», - дейді.
Сондай-ақ хәкім Абай «Отыз сегізінші сөзінде»:
«Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әрнәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтымақтықпенен табылады. Ол – Алланың ғылымы емес, һәммасы білетұғын ғылымға ынтықтық, өзі де адамға өзіндік ғылым береді. Оның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық. Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақылық һәм адамдық дүр» (Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. «Жазушы, Алматы, 2005, 125-бет), - деп әр заттың түбін білуге тырысатын ынталы адамның өзіндік ғылым шығара алатындығын тағы бір айтып өтеді. Ғылымға – ғашықтық керек, ол біздің парызымыз һәм адамшылығымыздың айнасы. Яғни Жаратушының хикметтеріне терең үңілсек қана жанымыздан бізге де ғылым шығаруға болады.
Сөзімізге тұздық бола түссін, Абайдың шәкірт інісі – Шәкерімнің де:
«Алланың пендесіне рақымы мол,
Сен де өзіңдей адамға мейрімді бол.
Ол жаратты, сен дағы жаратып бақ,
Бардан барды шығарсаң болады сол», - деген жыр («Қысқа сөз») жолдарын есімізге түсірейік. Сондай-ақ:
«Ақыл деген – жүрекке егулі дән,
Суғарылса кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп зораймағы –
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған» («Еңлік-Кебек» дастанының «Әңгіме алдында аз сөз» кіріспесінен, 291-бет), - деп қолмен қойғандай айтып береді Шәкерім. Яғни біздің міндет – көрген, білген нәрселерден ғибрат ала отырып, ақылмен байқап, жаратылғаннан, бардан барды шығара алу екен. Абайдың айтпағы осылай деп түсінеміз. Бейне бір Шәкерім Абайдың: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді көріп-көріп, ақылмен байқап сезбесек», - деген қара сөздерін дамытып, өлең жолдарына айналдырып отырғандай көреміз.
Абайтану ғыылмында өзіндік орны бар философ Ғарифолла Есімұлы Абайдың осы «Қырық бесінші қара сөзіндегі» бір сөйлемге байланысты: «Адам жанынан ғылым шығара алмайды дейді Абай. Ол дүние болмысын сезініп, көзбен көріп, ақылмен біліп барып ғылым жасамақ» (Ғ.Есім «Хаким Абай», Астана, Фолиант, 2012, 383-бет), - деп тұжырым жасайды.
Мән үстеп қарасаңыз, мұнда бірінші сөйлемдегі ойдың Абай айтқан ұғымға сай келіп тұрмағандығын аңғаруға болады. Себебі, Абайдың сөзін 1933 жылғы ең алғашқы толық жинақтағы берілуі бойынша екі жармай түсініп оқитын болсақ, мұнда хәкім «Адам жанынан ғылым шығара алмайды» деген ойды кесіп айтып отырған жоқ. Осы жерде Абай сөзін тағы қайта келтіруге мәжбүр боламыз: «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді көріп-көріп, ақылмен байқап сезбесек». Осы дұрыс нұсқаны оқып, ой қорытуымыз қажет-ақ. Осы екі оралымды сөйлемнің ортасында («алмаймыз» деген сөзден кейін) «егер де» деген сөздің жасырынп тұрғанын аңғару аса қиын емес. Соны қосып оқып көрсек, бұл жердегі жұмбақ өзінен өзі шешілер еді. Ал «дүние болмысын сезініп, көзбен көріп, ақылмен біліп барып ғылым жасайтынымызға» еш күмән болмаса керек. Оған толық қосыламыз.
Сонымен, жоғарыда біз бір ғана сөйлемін келтіріп отырған бұл сөз – «Отыз жетінші сөздің» 13-інші афоризмінің соңғы сөйлемі. Алдында түсіндіріп өткеніміздей кейінгі жинақтарда осынау 37-інші қарасөздің 13-інші пунктіндегі барлық сөздер өзінше бөлек енші алып, «Қырық бесінші сөз» делініп жүр, оны жаздық. Сондықтан да 37-інші қарасөздегі афоризмдер қазіргі күні 24 емес, 23 қана. Өкініштісі сол, біз жазған сөз жөнсіз осылайша «түзетулерге» ұшыраған. Әлі күнге дейін түзетілмей келе жатқан сол қателікті азық қылып келеміз.
***
Тағы бір айта кетерлік мәселе - осы «Қырық бесінші қара сөздегі» кейбір сөздердің өзгеріске ұшырау жайы.
Соның бірі – бірінші сөйлемдегі асты сызылған сөз. Соңғы академиялық жинақта ол (1995 жылғы) былайша берілген: «уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де», - деп. Мұндай сұмдық жаңалық ашып отырған Абай емес, біз, кейінгі ұрпақ!
Хәкім Абай, ақын Абай «неше мың түрлі дін» деп сөйлемесе керек. 1933 жылғы толық жинақта: «Және неше түрлі діннің бәрі де» (296-бет), - деп анық жазулы тұр.
Расында да, «неше мың дін» болмайды, олай деу ақылға да сыймайды. «Неше түрлі дін» десе, қисынға келеді. Сондықтан, бұл жердегі «мың» деген – басы артық сөз.
Неге екені белгісіз, «Абай» энциклопедиясында (1995 жыл, Алматы, «Қазақ энциклопедиясы», «Атамұра» баспасы) осы өзгерістер жайында нақты ештеңе жазылмаған.
Мұнда тек: «Мүрсейіт қолжазбаларының 1905, 1907, 1910 жылғы нұсқаларының қай-қайсысында да «насихат» сөзінің 13-нақылы ретінде берілген. Абай шығармаларының 1940 жылғы басылымынан кейін дербес сөз ретінде жарияланып келеді. Басылымдарында аздаған текстол. өзгерістер кездеседі» (352-бет), - дейді де, бір-екі текстологиялық өзгеріске ұшыраған сөздерге ғана тоқталады: «1-абзацтағы «әр түрлі қып», 2-абзацтың соңғы сөйлеміндегі «нандым», «нандырамын» деген сөздер 1905, 1907, 1910 жылғы қолжазбалар негізінде 1977 жылғы жинақта «әр түрлі қылып», «инандым», «инандырамын» деп берілген» (350-бет).
Оқып отырғандарыңыздай, «Абай» энциклопедиясында да негізгі бұрмаланып жүрген сөздер туралы ләм-мим сөз жоқ. Жалпы алдағы уақытта Абай шығармалары әлі талай рет шығады, сонда осы айтылған ескертпелер ескерілсе екен демекпіз.
Абай сөздерін дұрыс түсінбеген һәм сөздерінің мағынасын дұрыс түсіндіре алмаған күнде, ақынның:
«Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып Тәңірім берген-ді», - деген сөзінің бір ұшы Сіз бен Бізге де тиері анық. Сондықтан ондай сөзұқпастықтан сақтасын, құрметті оқырман!
Бауыржан Берікұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.