Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Абай шығармаларындағы «көлеңке» архетипі...

02.11.2020 6550

Абай шығармаларындағы «көлеңке» архетипі

Абай шығармаларындағы «көлеңке» архетипі - adebiportal.kz

Көркем өнер дүниесінің ішінде, әсіресе әдеби көркем шығарманың табиғаты күрделі, психологиялық қатпары өте терең, адам баласына жұмбақ болып келетін өнердің айрықша бір түрі. Сондықтан да психолог ғалымдар көркем шығарманы туғызушы автордың психологиялық қырларын ашып, автор тұлғасының шығармашылық ерекшеліктерін [особенности] анықтауға ұмтылды. Шығармашылық тұлғаны анықтау үшін оның шығармасында суреттелген образдарды психологиялық жағынан зерттеуге тура келеді. Бұл туралы ХХ ғасыр басында Ж.Аймауытов: «Адамның жан құбылыстарын зерттеп, таныс болу үшін сол шығармалардағы кейіпкерлердің [тип] бастан кешірген халдерін бақылау керек» [1,263] деп түсіндіреді. Ендеше жазушы шығармасында бейнеленген образдың архетипіне үңілу арқылы көркем шығарманың идеясын, авторлық позициясын айқындаймыз.

 

К.Юнг архетипті екіге бөледі. Адамның жеке өзіне тән архетиптері (индивидуальное бессознательность) және адамзатқа немесе белгілі бір ұлт, ұлыс, тайпаға ортақ ұжымдық бейсаналық (коллективное бессознательность). Ұжымдық бейсаналықты К.Юнг бірнеше түрге бөледі. Соның негізгі түрлері:

 

1. Самость, Эго немесе Self (Өзі немесе мен)

2. Анима және анимус (әйел немесе ер)

3. Дитята (Сәби)

4. Тень (Көлеңке)

5. Персона (Маска немесе адамның екіге жарылуы)

6. Старый мудрец (Данышпан абыз)

 

Осы аталған архетиптер жөнінде орыстың белгілі әдебиеттанушы ғалымы Е.М.Мелетинский: «Ең маңызды мифологиялық архетиптер мен архетиптік мифологем ретінде Юнг ең алдымен «ана», «бала», «көлеңке», «анимус» («анима»), «данышпан қарт» («ақылды қария») архетиптерін бөліп көрсетті» [2,4] деп атап көрсетті. Е.М.Мелетинский К.Юнг атап көрсеткен басты алты архетипті мифологиялық архетиптер деп таниды. Ендеше К.Юнг атап көрсеткен архетиптердің бірнешеуі Абай шығармаларында бар. Солардың бірі Көлеңке архетипі. Бұл архетип қазақ санасына да тән.

 

Көлеңке – адамдар мен жан-жануарлардың, қоршаған ортадағы пішіні бар кез-келген заттар мен нәрселердің жарық түскен кездегі күңгірт, көмескі сұлбасы. Көлеңкенің өзіне тән формасы бар. Бірақ сұлбаның пішіні уақыт қозғалысына, күн сәулесінің түсуіне қарай өзгеріп отырады. Сондықтан өнер дүниесінде, көркем әдебиетте, психология және жаратылыстану ғылымында көлеңкенің өзіндік философиялық мәні бар. Ал әдебиетте көлеңкенің аллегориялық, метафоралық және ауыспалы мағыналары жеткілікті. Сондай-ақ адам санасында «көлеңке» архетипі әр түрлі образға ие. Көлеңке өмірдегі нәрселердің, оның ішінде адамдардың да күн түспейтін жағындағы көмескі сұлбасы болғандықтан, шындықтан алыстау, жұмбақ, құпия жақтарымен қатар, тұрлаусыздық пен тұрақсыздықтың символы ретінде де ұғым қалыптасқан. Күнді бұлт басқанда көлеңке де жоғалады. Көлеңке ұғымына байланысты қазақтың мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері де бар. «Қоян көлеңкесінен қорқады», «қорыққанға қос көрінеді» деген мәтелдермен бірге «көлеңкесінен қорқу» деген тұрақты тіркесті кездестіреміз. Аталған мысалдарда көлеңкенің қорқыныш ұғымымен байланысты екеніне көз жеткіземіз. Абай бұл туралы: «Жаман дос – көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса, іздеп таба алмайсың» дейді.

 

Әлем әдебиетінде көлеңке архетипі туралы шығармалар өте көп. Әлемге танымал жазушы Г.Х.Андерсеннің «Көлеңке» («Тень») ертегісі, Е.Шварцтың «Көлеңке» («Тень») атты ертегілік пьесасы бар болса, А.Шамиссоның «Петер Шлегельдің таңғажайып тарихы» деп аталатын фантастикалық ертегісі, Э.М.Ремарктың «Жұмақтағы көлеңке» («Тени в раю»), А.Камюдің «Чужой» романдары баршаға мәлім. Тіпті осы ХХІ ғасырдың басында да шетел жазушылары бұл тақырыптан бас тартқан емес. Испан жазушысы К.Руис Сафонның «Желдің көлеңкесі» («Тень ветра»), Д.Робертстің «Шантарам. Тень горы» романдары жарыққа шықты.

 

Орыс жазушылары мен ақындарының да бұл тақырыптың айналасында жазған шығармалары аз емес. ХІХ ғасырда әйгілі орыс ақындары К.Н.Батюшковтың «Досымның көлеңкесі» («Тень друга»), М.Лермонтовтың «Силуэт», «Я видел тень блаженство, но вполне...», «Я жду ее в сумрачной равнине», «Как жизнь скучна, когда борнья нет» т.б. бірақатар өлеңдері, Л.Н.Толстойдың «Ит және оның көлеңкесі» мысалын атауға болады. ХХ ғасырдағы орыс жазушысы Н.И.Сладковтың «Көлеңке» («Тень») деп аталатын ертегісі бар. Демек, әлемдік әдебиетте көлеңке туралы философиялық ұғым-түсінік әрбір халықтың дүниетанымына сәйкес көркем шығармаларында өзіндік образдар мен кескінге айналған.

 

Бұл ұғым – әлемдік философияда жалпы адамзатқа ортақ түсінік. Неміс зерттеушісі, К.Юнгтің шәкірті Э.Нойманн «Өнер және уақыт» («Искусство и время») еңбегінде: «Дүниеде тұрақтылық бұзылған кезде, адамды қашып құтылмастай тозақ жалмайды (человека неизбежно пожирает nigredo) қараңғылық және хаос (prima materia), және әлемде екі архетиптік кескін: Сайтан (Дьявол) мен қаһарлы Ана билік орнатады. Сайтан (Дьявол) – бұл көлеңке, жауыздық, депрессия, сөніп бара жатқан жарық, өршеленген үйлеспеушілік (отчаянная дисгармония)» [3,177] деп көлеңкені «қараңғылық, жауыздық, депрессия» сияқты адамға үрей туғызатын ұғымдармен қатар атайды. Осы қорқыныштың өнер адамдарында, олардың шығармаларына әсерін: «Егер суретшілер туралы айтатын болсақ, соңғы алпыс жылда атақ-даңқы шыққан бірнешеу ғана: Сезан, Ван Гог, Гоген, Руссо, Мунк, Клее, Матисс, Шагал, Пикассо – тарихта бұлардан өзге ештеңе болған жоқ. Бұлардың әрқайсысы өздерімен тұтас әлемді танытты, әрқайсысы өздеріне тән жанқиярлықпен жалғыздықта өз бастарына төнген хаосты жеңіп шықты немесе осы хаосқа форма берді. Біз бүгінде нәтижесіздік, түңілу мен индивидумның (тұлғаның) қараусыз, керексіз қалғаны туралы жиі еститініміз кездейсоқ емес. Суретшілерге тән бұл сенімсіздік, тамырынан жұлынып қалу және әлемдік қираудың қорқынышы композиторлар мен ақындарға да тән» [3, 176-177] деген тұжырым жасайды. Замана мен уақыттың, қоғамның әділетсіздігі мен тұрақсыздығын сезінген өнер адамдарындағы қорқыныш, қауіп-қатер алғашқы образдың (первобытный образ) жандануынан белгілі бір образға айналады. Сондай қорқыныштың, үрейдің, елестің әсерінен туатын образ – көлеңке образы.

 

Қазақ әдебиетінде Абай да көлеңкені өз шығармасына арқау етті. Көлеңке Абай өлеңінде әр түрлі мәнде көрініс тапты. «Көлеңке басын ұзартып» өлеңінде:

 

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса,-

 

деп елді басқаруға, өнер мен ғылым, білім, билік, саясат саласына «басын ұзартып» көлеңкелер келсе, қоғамда алдау, арбау, білімсіздік, көзбояушылық орын алып, ел болашағы, мемлекет болашағы, ұрпақ болашағы «алыста, көзден жасырын қалады» дегенді меңзейді. Басы ұзарған көлеңкелер шындыққа, әділдікке көлеңкесін түсіріп, елді адастырады деген ойға тіреледі.

 

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса,-

 

деп қызарып, ұясына батып бара жатқан беймезгіл уақытты суреттеген сияқты болып көрінеді. Бірақ Абай «уақыты, заманы келіп тұрғанда, қоғамда қитұрқы жағдайлар орнатып, «уақытты қызартып» көлеңкелер елді әуреге салатынын тұспалдайды. Уақыты алмасқанша, яғни «көкжиектен асқанша», дәурені өтіп, жас ұрпақ келгенше ел өмірі бұлыңғыр, «сұрғылт» тартатынына жете мән береді. Себебі, Абай елінің Патшалы Ресейдің отарына айнала бастаған шағында өмір сүрді. Жерінен, малынан айырылған, орыс ұлықтары мен жергілікті басшылардан қорлық көрген қазақ халқын көрді. Шен, шекпенге, атақ, даңққа таласқан, сатылған, парақор болыс, билердің ел ішіне салған ойранын көрді. Сондықтан да:

 

Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,-

 

деп, сырласарға қара таппай, «көңілі күңгірттеніп», жалғыз қалғандықтан «сұрғылт тартқан» беймезгіл уақытпен сырласады. Абай өмір сүрген беймезгіл уақыт қазақтың орыс отарына айнала бастаған кезі. Жерін түгел көрші мемлекет иеленіп, қазақтың өз ырқы өзінен кеткен кез. «Беймезгіл уақыт» ұғымы қазақта кешқұрым, күн қызарып, ұясына еніп бара жатқан мезгіл. Қазақтың еркіндігі таусылып, басқа елдің отарына айнала бастаған бейуақыты деп айтуға болады.

 

Төмен қарап мұңдасар,

Ой жіберіп әр жаққа.

 

Өткен өмір — қу соқпақ,

Қыдырады талайды.

 

-деп,әбден тапталып, талайлар жүріп келген, өзі де амалсыз жүріп өткен, басқалардың да қаласын, қаламасын сол «қу соқпақпен» жүруге мәжбүрлігін, елдегі нәтижесіз істер мен оқиғалардан түңіліп, байлауы жоқ босқа кеткен уақытқа, артта қалған өкінішті өмірге, қазақ өміріне «ой жібереді».

 

Нені тапсаң, оны тап,
Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке, - деп,

 

қанша қарманса да қазақтың өткенінен «керекке жарайтын нәрсе» таппай, бүкіл өмір бойы тартысып, таласып жиғанының «у» болғанын, сол «удың» «сорлы жүректі» улайтынына мән береді. Көлбеңдеген көлеңкелердің сұрқия істерінен түңілген ақын образы алға шығады. Адам ағзасындағы тіршілік көзі – жүрек. Қу тіршілікте азап көретін де адамның жүрегі дегенді меңзейді.

 

Г.Х.Андерсеннің «Көлеңке» ертегісінде, Шварцтың «Көлеңке» пьесалық ертегісінде де көлеңкенің адамның екінші жартысы, көлеңкелі жағы үнемі қаралық жасап, өзінің өліміне алып келетінін тұспалдайды. Г.Х.Андерсен шығармасына ыстық өлкеге алыстан келген ғалымның күні бойы ешқайда шықпай қайырымдылық, өмірдің мәні, жақсылық, махаббат туралы жазып, дәлелдеп,зерттеп жүргенінде жанынан бір елі қалмай жүрген көлеңкесімен болған оқиға өзек болады. Абайдың «ұзарған көлеңкесі» сияқты ғалымның да көлеңкесі кешқұрым балконға даланың ауасымен тыныстауға шыққанда сөйлеседі. Андерсеннің кейіпкері көлеңкесін қуып жібереді. Арада көп уақыт өткенде көлеңкесі адам кейпінде қайтып оралады. Қайдан келгенін сұрағанда ол көрші үйдегі поэзиядан келгенін жеткізеді. Құлпырған, көңілді көлеңке көрші бөлмеде тұратын поэзияның соншалықты асқақ, жоғары көңіл-күймен өмір сүріп жатқанын да баяндайды. Ендігі жерде адамзат үшін еңбек жазып, жүдеп-жадаған ғалымды азғырып, өзімен саяхатқа ертіп алып, өзінің көлеңкесіне айналдырады. Амалсыздан ғалым өзі көлеңкеге айналып, ал көлеңкесі мұның әміршісіне айналды. Ғалымның адамзат баласына арнаған ұлы ойларын көлеңкесі көпіртіп, қызыл сөзге айналдырып, елді аузына қаратып, сол өлкеге танымал адамға айналады. Аты шығып танымал болған көлеңке сол елдің патшасының қызымен танысады. Ханшайыммен көңіл жарастырған көлеңке оны мәңгіге өзінің тұтқыны еткісі келеді.Шындықты айтқысы келген ғалым көлеңкесінің құрбаны болады. Адамзатқа арнап жазған қайырымдылық, сұлулық, жақсылық, махаббат туралы ұлы ойлары өзінен өзге ешкімге керегі болмай қалады. Абай да өзінің айналасына айтқан ойлары туралы былай дейді:

 

Адасқан күшік секілді,
Ұлып жұртқа қайтқан ой.

 

Қара сөздері мен өлеңдерінде, поэмаларында Абай да адам өмірінің мәні туралы, оқу, білім, өнер, еңбек, махаббат, имандылық,сұлулық туралы жеріне жеткізе жырлады. Бірақ сол ойларын өзіне қайтып келген «ұлыған, адасқан күшікке» балайды. Еліне арнаған ұлы ойлары жетімсіреп, «адасқан күшік секілді» күй кешкен, жан-дүниесі құлазып, жалғыздықта, көлеңкеге айналған ақын образын көреміз. Халқының отаршылдық қамытын кие бастағаны, «бас басына би болып», елдің өз билігі өзінен кете бастағаны ақын жүрегіне у болып құйылды деуге әбден болады. Жалпы әлемдік әдебиетте көлеңке әр түлі символдық ұғымдармен суреттелді. Соның бірі «елес» (призрак) образы. Абай да адамның өткені, артындағысы тек өкінішті өмірінің елесі екенін,

 

Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.

 

-деп, тіршілікте текке әуре болудың қажеті жоқ деген байламға келеді.

Г.Х.Андерсеннің ертегісіндегі көлеңкесінің құрбаны болған ғалым секілді Абай да:

 

Жай жүргенді уерд қылып,

Тыныш өлсеңші тегінде.-

 

деген ойға табан тірейді.

Ақын көлеңкелерге, жай ғана өз бетімен өмір сүріп жатқан елді қиыншылыққа ұшыратпай, яғни өз халқыңды талауға салмай «тыныш өлсеңші» деп ақыл айтады. Бұл жерде ««уерд» арабша – жай жүрген адамды қиыншылыққа ұшырату» [4,186] деген мағынаны береді екен. Ақын көлеңке деп елдегі байлар мен билерді атап отыр дегенді ойдан шығарып отырған жоқпыз. Себебі кейбір өлеңде оларға ашық айтады:

 

Ел қағынды,

Мал сабылды,

Ұрлық, өтірік, гуде-гу

Байы баспақ,

Биі саспақ,

Әулекі аспақ сыпыра қу.

 

Заман адамының бұзылғанын, елден де малдан да тыныштық кетіп, аласапыран күйге түскен уақыттың «байы баспақ, биі саспақ» кебін осылайша жырлаған ақын:

 

Айтты - көндім,

Алды – бердім,

Енді өкіндім – өзіме аз.-

 

деуінен ақынның заманы туралы өкінішін аңғарамыз. Сол өзі өмір сүрген заманды қанша түзетпек болса да нәтижесіздігіне налыған дәрменсіздіктен ақынның өкінбеске амалы да жоқ. Себебі, осы жерде К.Юнгтің «Көлеңке оның дәрменсіздігін және әлсіздігін еске түсіреді» [5,87] деген көлеңке туралы нақты тұжырымын еске алуға тура келеді.

 

Абай көлеңкені бір ғана образбен бермейді. Абайдың көлеңкесі осы бір лирикалық қысқа өлеңде әр түрлі архетиптік кескінге енеді. «Алысты көзден жасырған», елге қиянат жасаған сатқындар көлеңкесі, елді алдаған алаяқ, істеген ісінің нәтижесі жоқ көлеңке, төмен қарап өзімен сырласқан өзінің екінші жартысы, өз көлеңкесі. Демек өзі де көлеңкеге айналуға мәжбүр. Юнгтің пікірінше адамға өзінің «көлеңкесін» көрсету пайдалы. Себебі өзінің жарық жағы мен күңгірт, бұлыңғыр жағының ортасында тұлға өзінің анық «менін» көреді. Абай адамға өзінің көлеңкесін көрсетіп, өкіну мен қайғыруға әкеледі. Абайдың өзі де елінің өткені мен өзі өмір сүрген кездегі бейшара халіне өкінеді.

 

Ермен шықты, ит қылып,

Бидай шашқан егінге.

 

Қанша жақсылықтың егінін егіп, еңбек жазғанымен, елді үйретем, тәрбиелеймін десе де «ермен шығып, ит қылады». Осы жерде де көлеңке архетипі жаңа мәнге ие болды. Абай өзгенің көлеңкесін және қанша еңбектенсе де, елін дұрыс жолға нұсқап, адамдық қалыпқа түсіруге ұмтылғанмен еш нәтиже шықпай ендігі жерде өзі көлбеңдеген көлеңкелердің көлеңкесіне айналған кейіпін бейнелейді. «Архетип – әлемді қабылдаудың алғашқы образы, ол адамзаттың, ұлттың, рудың (тайпа) ұжымдық бейсаналығына орныққан және жеке индивидтің (творчестволық) қызметі арқылы жаңарып отырады» [6.8] деген А.Ю.Большакованың ойына табан тіреуге тура келеді.

 

Л.Н.Толстойдың «Ит және оның көлеңкесі» мысалында сүйек тістеген иттің судан өз бейнесін, суға түсіп тұрған көлеңкесін көріп, аузындағы сүйегін тастай салып, судағы иттің сүйегін алам деп суға батып кеткен мысалы да көлеңке архетипінің жазушы шығармасында өзгеше образға ие болғанын көрсетеді. Демек алғашқы образдың ертегі кейіпкеріне айналғанын байқаймыз. Жоғарыда атап өткеніміздей ертегілер мен аңыздарда архетип образдар осылай саналы түрде басқа бір образға айналады.

 

Ұжымдық бейсаналыққа орныққан көлеңке архетипі әр жазушының шығармашылық қиялымен жаңарып, әр түрлі образда көрінеді. А.Байтұрсыновтың «Кісі мен көлеңке» мысалында өзінің көлеңкесін қанша қуса да жете алмаған ессіз адамға біраздан соң «әуре болып, неге қудым» деп ой түседі. Сол кезде мұның артынан көлеңкесі өзі қуады. Бұл жерде ақын адамның басына «қонатын бақты» осы көлеңке кейіпінде көрсетеді. Бақ қонақтап бір жерде тұратын, тұрмайтыны белгісіз. Ол да адамның ақылы мен харекетіне байланысты. Демек көлеңке архетипі көркем шығармашылықта әр түрлі мифологиялық образда көріне алады. Әдебиеттегі «айна мифологемасымен», дьявол, сатана мифологиясымен, елес, аруақ (призрак) немесе түрлі күштер мотивімен, көлеңкенің магиялық күші туралы, жұмбақ, құпия жаратылыс, көмескі сұлба ұғымдарымен және адамның іштей екіге жарылуы (раздвоение личности) сияқты бейсаналықпен байланыста қарастырылады.

(AP08855981 «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» тақырыбындағы ғылыми жоба 2020 жылдың 19  қарашасындағы №321 келісімшарт негізінде орындалған)

 

М. Оразбек,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық

университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Аймауытұлы Ж. Псиқолоғия. – А.: Рауан, 1995. – 312 б.

2. Мелетинский Е.М. О литературных архетипах. Российский государственный гуманитарный университет. – М., 1994, -136 с.

3. Юнг К.Г., Нойманн Э. Психоанализ и искусство. – М.: REFL-book, K.: Ваклер, 1996. – 304 с.

4. Абай. Сен де бір кірпіш дүниеге. Өлеңдер мен қарасөздер. – Алматы: Атамұра, 2014. – 288 б.

5. Юнг К.Г. Архетип и символ : [Перевод / Карл Густав Юнг; Предисл. А. М. Руткевича, с. 5-22; Примеч. В. М. Бакусева и др.]. - Москва : Ренессанс, 1991. - 297 с.

6. Большакова А.Ю. «Архетип, миф и память литературы» // Архетипы, мифологемы, символы в художественной картине мира писателя. – Материалы международной научной конференции (г.Астрахань, 19-24 апреля, 2010 г.) –Астрахань: Издательский дом «Астраханский университет», -289с.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар