Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Абай шығармаларындағы қазақ дүниетанымы...

29.05.2023 2121

Абай шығармаларындағы қазақ дүниетанымы 14+

Абай шығармаларындағы қазақ дүниетанымы - adebiportal.kz

Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. 

Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.

Абай

Өз заманындағы қыран құстай асқақ тұлға Абай атамыздың қазақ халқы үшін алатын орны ерекше. Кәрісін де, жасын да өзінің асыл сөздерімен дұрыс жолға бағыттай білген ұлы атамыз, біз үшін әркез білім мен ұшқыр ойдың анық нышаны болары белгілі. Шығармашылығы бәйтерек ағаштай мәуелі, қадір-қасиеті Шолпан жұлдыздай биік ұлы атамыз өмірінің соңына дейін жастардың санасына білім мен тәрбиені, иман мен намысты сіңіріп, қазақ халқының әл-ауқатын жоғарғы деңгейге көтергісі келгенін шығармаларынан анық байқауға болады. Өз өлеңдерінде өсекшілдікті, күншілдікті, мақтаншақтықты, жалқаулықты сынға алып, осындай жаман қасиеттерді сыни тұрғыда талапқа, еңбекке, қанағатқа, рахымшылдыққа айырбастауды ұсынады. Абай өз заманының ащы шындығын, кең даласының ой-шұқырын қара сөзінде, өлеңінде өрнектеген текті тұлға. «Жігітке жеті өнер де аз»  деген осы сөз Абай атамызға арналғандай. Себебі, ол кісі тек ақындықты ғана емес, өз бойында композиторлықты, ғұламалықты, ойшылдықты, ағартушылықты ұштастыра білген дара адам. Тек қана өлең жазып қоймай, «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты керемет әндерді шығарған талантты композитор. Қазақ әдебиетінің негізін қалаған ұлы ойшыл. 

«Абай қазақ әдебиетінің негізін қалады», - деген кезде, бұған дәлел болатын себеп көп. Қазақ жері үшке бөлінген ХІХ ғасырда қазақ әдебиеті көп қиындыққа тап болды. Ғалым Мекемтас Мырзахметұлының бір сөзінде қазақ әдебиетінде сол ғасырда билік образы басты рөл алғандығын айтады. Дегенмен, билік үшін тартыста мінез-құлқы бұзылған қазаққа Абай «толық адам» ілімін ұсынады. Халық санасын жалған дүниенің болмайтын нәрселерінен арылтуға тырысқан ол, өз жанайқайын менмұндалап өлеңмен жеткізді. Сондай-ақ кешегі қазаққа тән ерекшеліктер Абайдың шығармашылығында жеткілікті ашылған. Қазақ қоғамында «мен кімге үміт арта аламын» деген сұрақ болды. Бұл сұрақтың жауабын Декарт, Кант, Гегель, Маркс секілді ғалымдар ұзақ зерттеді. Сәйкесінше ой толғамдар да әртүрлі және оны баста қорыту көп уақытты талап етеді. Алайда, Абай әдебиетінде бұл сұрақтың жауабы бір ғана шумақ өлеңмен:

Сенбе ешкімге тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сені өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, -  деген нақты жауап береді.

Одан қалса, өз болмысын адамдықпен, ынсап, ар-ұятпен ұштастыратын қазаққа аузында Алласы, жүрегінде иманы бар адам ғана бұл өмірде жақсыға жететінін ұғындырады. Адам дегеніміз кім, адам қалай өседі, жетіледі, адам болады? Осы жолда ол нені білуі, неге ұмтылуы, неден қашық, неге асық болуы керек? Адам қалай сүрінеді, қателеседі, қайтіп түзеле алады? Кімнен үйренеді, кімге ұқсауы керек? – осының бәрі Абай туындыларында жан-жақты сөз болады. Абай туындыларында ешқандай жасандылық, немқұрайлылық атымен жоқ. Абай адам туралы, «қалың елі, қазағы, қайран жұрты» туралы айтқанда артықшылығынан көрі кем-кетігіне, кеселіне көбірек тоқталады, ашынады, күйінеді, шенеп-мінейді. Сол ашынған жанның назын білдіретін: «Ішім толған у мен өрт сыртым дүрдей», «жүрегім менің қырық жамау», «Ішім өлген, сыртым сау» немесе: Қазақты «жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер дегенге үмітім жоқ», «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба... еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты... бір жүрген қуыс кеудемін» (Тоғызыншы қара сөз) деген сияқты жолдардан Абайдың қазақ дүниетанымы үшін қатты қынжылатынын байқауға болады.

Абайдың «толық адам», «адам бол», «терең ой», «дүниеге кірпіш болып қалан», «әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» деген идеялары, халқын сынап, мінеп, оятып, бірлікке, білімге, өнерге, кәсіпке шақырған өсиеті көпті әлеуметтік күшке айналдырмақ болған әрекеті болды. 

Зерттеуші Тілекжан Рысқалиевтің бір мақаласынан Абай туралы оқығаным бар. Сонда топты, көпті жөнге салып, нақты күшке айналдыру үшін тұлға, «единица» керек дейді Абай. «Единица жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ өз басындық болар сол. Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?!». Отыз жетінші сөзінде Абай: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?» - деген сұрақ қояды. Оған: «Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – деп жауап береді. Ақынның «единица» деп тұрғаны – тұлға (личность). Ол өзін танып біледі, өзінің міндетін, борышын, қоғамдағы, дүниедегі орнын біледі. Тұлға айналасында, болып жатқан процестерге немқұрайлы қарай алмайды. Сондай дара тұлға – Абайдың өзі.Президентіміз Қ.К.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты жолдауында Абай өз заманының мотиваторы деп айтып өтеді. Міне, осы жерден біз ол кісінің жарық ай секілді бағыттаушы екенін, сонымен қатар, тарихымызда ойып тұрып орын алатындай маңызды тұлға екенін аңғарамыз. Тамыры түпсіз терең, маңызы өте жоғары бұл шығармашылықты сақтау, бізге жүктелген үлкен міндет. Қазақстанда халықаралық деңгейде ақынның 175 жылдығы дүркіреп аталып өтті. Ақынның құрметіне халықаралық деңгейдегі фестивальдер, байқаулар ұйымдастырылды, муралдар салынды. Ойшылдың бұл мерейтойы біздің тарихымыздың ұмытылмас айшықты бөліміне айналғандай.

Абай мұрасы – біздің бірлігі мығым ел болып, ары қарай дамуымызға өзіндік үлесін қосатын алтын кілт. Өз тарихын, асыл тұлғаларын қастерлеп, болашағына көз тастай білген ел ғана үлкен жетістікке жетеді. Абай есімін, біздің жүрегімізден ешкім жұлып тастай алмайды. Себебі біздер өздерінің нар тұлғаларын мәңгілік жүрегінде сақтайтын ұлтпыз. Осы үшін де біздің болашағымыз жарқын болатынына мен кәміл сенімдімін. Сонымен қатар, біз үшін де, болашақ ұрпақ үшін де Абай шығармашылығы мен мұрасы өте үлкен мәнге ие болып, қымбат қазынамыз ретінде қала бермек. Сол қазынаның жарығын сөндірмей, ары қарай тарату біздің өз қолымызда. Сондықтан, біздер өз рухани жан дүниемізді Абай сөздерімен сусындатып, бұл мұраны насихаттап отыруымыз қажет. Бәлкім, сонда біздің де есіміміз ұлы ақынның есіміндей болашақ ұрпаққа ыстық болар.

Наталья Альхова, практикант,

 Еуразия ұлттық университетінің  2-курс студенті 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар