Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбіш Кекілбаев. Сардар немесе Ыдырыс Ноғайбаев тур...

15.09.2022 9611

Әбіш Кекілбаев. Сардар немесе Ыдырыс Ноғайбаев туралы сөз 14+

Әбіш Кекілбаев. Сардар немесе Ыдырыс Ноғайбаев туралы сөз - adebiportal.kz

Әлеумет, бүгін мынау шаршы төрде, шадыман жұртының ортасында оның өзі отырса, қандай ғанибет болар еді...

Бірақ, жазмышқа дауа бар ма?! Өзі жайғасар төрді суреті иеленіп, өзі естір сөзді жамағаты, үрім-бұтағы, туған жұрты, елінің ірілі-кішілі қуанышы мен ренішін бірдей елеп, бірдей ескеріп жүретін естияр қауым – мына сіздер тыңдамақшысыздар.

Оған да шүкіршілік. Шүкіршілік болғанда қандай?!

Алшаңдап арада жүргенде, көлбеңдеген көз тірісінде қай ат жалынан тартып мінер азамат ақ түйенің қарынан жарғызып елуі мен алпысын атап өтпей жатыр?! Ал ақ жамылып, топырақ астына кірген соң, тірліктегісінен де асырып, дүйім жұртын дүбірлетіп, мерейтойын тойлату – санаттағылардың емес, шын саңлақтардың ғана сыбағасы. Өлшеулі ғұмырдың өлшемсіз тарихқа ұласқандығы.

Иә, бұдан былай біз оны өз арамыздан емес, тарихтан табамыз.

Жақсымызды көрсе, жармаса кететін сұғанақ қол, сұқты көз уақыт Оны көз таныс дос-жардан, құда-жекжаттан, дәмдес-дастархандастардан, әр сөзін қалт жібермей тыңдап, әр қимылын көз айырмай қадағалап отыратын тілеулес кәрермен қауымнан айырғанымен, мәңгі өспеқ мәңгі еңбек туған жұртымен, оның бүгінгі, болашақ ұрпақтарымен, өнер деп, мәдениет деп аталатын келжазира тұңғиық мұхиттай өз-өзінен өніп, өз-өзінен шалқып жататын салқар дүниемен бұрынғыдан бетер етене табыстырып, мәңгі ажырамастай қып біржола тоғыстырып жібергенін өзі де байқай алмай қалған шығар.

Күні кеше Алатаудың Найзақара шыңындай асқақ қарағанымен, күрек тісі ақсиып, күле сөйлеп, күндей жарқырап арамызда жүрген айтулы азамат, абзал дос, асыл аға, асқан суреткер Ыдырыс Ноғайбаевқа бұдан былай сізбен, бізбен бірге өтетін тағдыр емес, туған халқымен, сүйген өнерімен қалтқысыз еңбек еткен мәдениетімен, жаманды мансұқтап, жақсыны ұлықтап, дәйім алға баса беретін жалпы адам нәсілімен мәңгі пікірлес, мәңгі пейілдес ететін тарлан тарих қожа.

Тарих – енді оның таусылмас ғұмыры, жығылмас тұғыры. Ол деңгейлес азамат, ол деңгейлес енерпаз театр сахнасынан, енер сахнасынан, тіпті тірлік сахнасынан кеткенмен, тарих сахнасынан кетпейді, қайта жыл ауысқан сайын, ұрпақ ауысқан сайын айбындап, тұлғаланып, беки, орныға түседі.

Біз оның көзі тірісінде тамаша талантының әрбір соны қырын танытатын, танытқан, тамсандырған әрбір жаңа ойынына мәре-сәре болып қуанып, орынымыздан тұрып қол соққан болсақ, бүгін де оның өміршең талантына, даусыз дарынына, қалтқысыз еңбегіне қара жүзді ажалдың өзі ештеңе ете алмағандығына, қайта арамыздағы асыл азаматты абзал армандарымыздың асқар шыңы қып биіктеткеніне, күнде көріп жүрген замандасымыздың талай жаңа ұрпағымыздың арманына арман, қиялына қиял, жігеріне жігер қосатын тарихи тұлғаға айналғанына орынымыздан тұрып, мақтана да, масаттана да қол соққанымыз дұрыс сияқты.

Мақтанып, масаттанатынымыз – ол біздің замандасымыз, біздің тағдырласымыз. Ол осы жиында отырғандардың кейбірінің көз алдында туып, көбінің көз алдында ер жетті, кемелденді... Біз көрген қиындықтарды көріп, біз тартқан тауқыметтерді тартты. Елмен бірдей бейнет шеге жүріп, елден асырып еңбек етті. Абыздай аруақты, аңыздай ғажайып Серағамызбен, Қожамқұловпен, бір үйде тұрып, оның баласымен бір аулада ойнап жүрген Ыдырыс, енді, міне, көзі тірісінде сол ұлы Серкемен бір сахнада ойнап, сол ұлы Серкемен бір ұлттың рухани киеханасының-пантеонның қақ төрінен қатар орын иемденді. Қандай Шұғыл кемелдену, қандай биік шырқау! Бұны біз, оны қанша жақсы көргенімізбен, кеше ортамызда жүргенінде емес, бүгін опырайған орынын сипалап қалғанда түсініп, түйсігіп тұрмыз. Менің бұны тірісіне де ешкімнің бетіне жел болып келуге тырыспаған жайсаң ағамыздың тойында арнайы тоқтала айтуымның мәні бар. Қазіргідей әр қайсымыздың жеке басымыз түгілі халық, қоғам деп аталатын жалпақ болмысымыздың өзінің ертеңінің әлде қайтып кетері белгісіз алмағайып кезеңінде төңірегімізге, бір-бірімізге бұрыніыдан гөрі байыптырақ, байсалдырақ көз тастап, бір-бірімізді маңызды да мәнді істер істеуге шақырумен қоса, бір-біріміздің істеген және істеп жатқан шаруаларымызға жітірек үңіліп, жетігірек ұғынып, әділ бағалауға тырысуымыздың қажеттігіне айырықша назар аударту үшін әдейі айтып турмын.

Әйтпесе, кеше бүгінгіні алға тосып, бұрынғыны сызып тастауға тырысқанымыз секілді бүгін өткендегілерді алға тосып, қазіргіні сызып тастауға тырыспаушылықтың салқыны да байқалмай қалып жүрген жоқ. Тарихи мәнді істерді бағзылардағылардан ғана іздеп, күні кешегілер мен күні бүгінгілердің тіршілік-қарекетінен күйкі пенделіктен басқа ештеңе көре қоймау әдетке айналып бара жатқан сыңайы бар. Біздіңше, бұндай құлықтың ар жағында ешқандай алып бара жатқан азаматтық батылдық, әлеуметтік қайсарлық та, жаппай шырқау биікке ұмсынған шынайы жаңашылдық та емес, сол баяғы бүгін таңда қалай қарай маңырау үрдіс болса, солай қарай ойланбай маңырап, қалай қарай жамырау үрдіс болса, солай қарай ойланбай жамырайтын үйреншікті пақыраналық тұрған тәрізді. Ентелегенді ер, өңмендегенді өр санайтын кәңілшек көптің көзін арбап, көңілін алдарқатуды көздейтін рухани көзбояушылық тұрған тәрізді. Баяғыдағы біз кермегендер болмаса, кешегі көре қалғандарымыз бен бүгінгі көріп жүргендеріміздің бәрі жәй өшпейін өзіміз құралпы қуыс өзек жандар екен деп көңіл жұбатуға оңтай тұратын пенделік пиғылдың ығын табуға бағышталған... қулық тұрған тәрізді.

Пенделік дегеннің тап пәдендей апшитын да ештеңесі болмас. Періште боп жаратылған жан иесін пенде қып шығаратын, шырқ айналып келгенде, мардымсыз тіршіліктің мазасыз қақсұғы шығар. Бес күн тірлігіңді неге ойлайсың деп жазғырудың да жөні болмас. Кейбіреудің сол бес күн тірліктің қамымен ғана кетіп, тірілей аты өшіп жатқаны да рас болар. Алайда, кейде сол адам пақырдың сол бес күн тірліктің қамымен жүріп-ақ, ұрттағы ұрпағы түгілі күллі жұртына ғасырлар бойы мерей бола алатындай ізгіліктер мен игіліктер жасап үлгеретінін де ешкім жоққа шығара қоймас. Ол қандай даусыз шындық болса, жарлы елде, жақыбай қоғамда, кім болса, соған иланып, не болса, соған елігетін елпекбай қауымда, талантты, есті боп туғандардың да тап айдарларынан жел есе бермейтіндігі де сондай даусыз шындық. Көппен көрген ұлы той деп, үйреншікті сүрлеумен жөңкіле берсе, табиғат берген талантының обалына қалады. Ал алабөтен қиқарланып, қара сумен теріс ақса, екі айналып келмейтін мына дүниедегі азғантай көрер жарығының обалына қалады. Сондай екі оттың ортасында жүріп-ақ, бұрысқа бұлтармай, ақиқатты айта алған әр сөз, әр сөйлемді маңдайымызға қанша тигізіп, қастерлесек те, артықтық етпес еді. Құдайға шүкір, ондай салауатты азамат, пәтуалы еңбек қазақ мәдениетінде қай көзде де табылған.

Әсіресе, күні кешегі көпшілігіміз төрде отырып шен тағу түгілі, есікте отырып нан табу үшін-ақ көмейдегі тіліміз бен төсектегі жұбымыздың өзіне сескене қарап, қуаланды боп қалған құландай өз қағымыздан өзіміз жеріне бастаған кезеңде аштан өліп, көштен қалса да, өз мәдениетін, өз енерін, өз тілін өзгелермен бірдей дамытуға өмірін сарп қылып, ұмыт тарихымызға үңіліп, тоналған мұраларымыздың тозығын іздеп, тереңге кемілген шерменде мұңдарымызды шертіп, нан тауып, ырзық айыруға дәті шыдау қандай ерлік десеңізші! Ол мына бүгінгі жаппай жариялылық заманында жұрттың бәрі жүрегіне жүн байлап алған тұста жиын тастамай «тілім», «елім», «жұртым» деп жыртыла айқайлаудан әлдеқайда қиын, әлдеқайда салихалы әлеуметтік белсенділіқ азаматтық ерлік болғандығы ешқандай дәлелдеуді қажет етпесе керек.

Ендеше, Ыдырыс Ноғайбаев та тап сондай ердің ері бола білген азамат. Ол да өз қауымымен әзі боп сырласып, өзі боп мұңдаса алатын халықшыл талант, халықшыл табиғат таныта алды. Сондықтанда ол арғы-бергі ағаларын былай қойғанда, бір жылдары туып, бір жылдары танылып, бір жылдары қатар көз жұмған рухани тетелестері: ақындар Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, актерлер Нұрмұқан Жантерин, Кененбай Қожабеков, Әнуар Молдабеков, композитор Сыдық Мұхамеджанов, ғалым Мұрат Айтхожинмен бірге халқымыздың көпғасырлық дидарнамасын жасай алатын алыптар шоғырының қатарынан орын иемденді.

Біз бұған неге масаттанбаймыз? Сыпыра мен Бұқардың, Абай мен Махамбеттің, Мағжан мен Жүсіпбектің, Ахмет пен Құдайбергеннің, Мұқтар мен Қаныштың, Қалыбек пен Шәкеннің санатына іліге алатындай саң-лақтардың біздің дәм-түздастарымыздың арасынан да шыға бастағанына қалай мақтанбаймыз!?

Иә, бәріміз де жұмыр басты пендеміз. Қай-қайсымыздың да көкірегімізге бір аяқ ас сияр. Оны жақсы білеміз. Кейде тіпті содан басқа ештеңе білмейміз бе деп қорқамын. Әйтпесе, мынау Адам ата, Хауа анадан бергі барша аруақты тітірентіп, арғы-бергі абырой-ұпайымыздың бәрін түгендеп, қайтадан ес кіріп, қайтадан етек жиып жатқан тұста әуелі Абай, Шәкәрім, Мағжанды, сосын Төлеген, Мұқағали, Жұмекенді, араларына жыр түсірмей, қатар оқысақ, немесе әуелі Құрманғазы мен Ақанды, сосын Мұқан мен Сыдықты, араларына саз түсірмей, қатар тыңдасақ, кейінгі көзде кейбіреулердің, баяғы алыптарымыздың соңы бақа-шаян болып кетті, кейінгі ғасырда халқымыздың құлағы құрғақ үгіттен сарсып, қайдағы-жайдағы қоқыр-соқырды ғана рухани талшық етті дейтін тұжырымның бәр-бәр ретте орынды бола бермейтінін аңғарар едік. Иә, дәуірдің зәруін өтейміз деп, етегімізге сүрініп, елден бұрын үн қосуға тырысып талай бос әуре болғанымыз да рас. Ол сол өзін тудырған көзеңнің шекарасынан шыға алмай, түлеген жыланның түгіндей көз келген Бұтаның басына ілініп қалғаны да рас. Бірақ, сан салалы өнеріміздегі сан сипатты суреткерлеріміздің бар еңбегі, бар ізденісі өз халқының бойына жұқпайтын рухани түсік боп, өтпелі уақытпен бірге біржола өрем қапты дейтін болсақ, түптеп келгенде, жекелеген кісілерге ғана емес, күллі жұртымызға өзіміз қиянат жасаған болып шығар едік. Өзге тараптағы басқаның басындағы бақ пен астындағы тақты сыпырып алу үшін кешегінің бәрін сыпыра жоққа шығаратын рухани барымташылықтан өнер атырабының аулақ тұра тұрғаны дұрыс. Жасырып-жаңғыру үшін өзінен бұрынғының ауызы-мұрынын қан қылу тіпті де шарт еместігін тарих талай рет дәлелдеп берген. Бабалар айтқандай, өлі риза болмай, тірі байымайтынын, ағаның назары жығылғаннан, інінің базары тасымайтындығын, алдыңғының ынсапсыздығы артқыны имансыз ететінін, үлкеннің жолын кескеннің көрінбей қаларын, кішінің жолын кескеннің көмілмей қаларын бір сәт те естен шығармайтын түс – қазіргідей өтпелі көзең, өлара көзең.

Олай болса, обал мен сауапты қазір ойламағанда қашан ойлаймыз?!

Кешегілердің еңбегін елемесеқ бүгінгілердің көңіліне қарамасақ, ертеңгілерді қайдан қарқ қыламыз?!

Осы реттен келгенде, бұл кеште айырықша назар тоқтатын бір мәселе бар. Егер кейінгі жетпіс жылда қазақ рухани дүниесінде ешқандай ілгерілеу болмаса, бүгінде әлденеше буын дұлділдері ұлттық мақтанышымызға айналып отырған қазақ театр өнерін қайда қоямыз?! Әлде ол біздің тума өнерімізге жатпай ма? Адамзат мәдениетінің арғы-бергісінен аз-кем хабары бар адам сахна өнерінің әуелден де, қай халықтың болмасын, тұрмыс-салт мәдениетімен аралас жүретінін жақсы біледі. Ондай нышандар қазақ тұрмысында да аз емес. Басқасын былай қойғанда, айтыс, отырмақ, билер жүгінісі, той, ас, жиын үрдістері, нағашылы-жиен, жезделі-балдызды, жеңгелі-қайнылы тәжікелерден сахна өнерінің сан жұрнағын тауып алуға болады. Бірақ, оның халықтың әр сипатты, әр мақсатты жымдастырып, біріктіріп, кіріктіріп жіберетін синкретті құйма өнерінің құрамынан бөлініп, өз алдына дербестеніп шығуы біреулерде мыңдаған жылдар, екінші біреулерде жүздеген жылдар, ал бізде, бар болғаны ондаған жылдар бұрын ғана жүзеге асты.

Мұндай шындықты мойындағаннан біз аласарып қалмаймыз. Мұндай хәл біз секілді талай халықтың басында бар.

Бір қызығы, қаз тұруы, қалыптасуы қоғамдағы идеялық басыбайлықтың, әлеуметтік етекбастылықтың, өнердегі рухани жәреукелік пен алыпсатарлықтың әбден асқынған көзіне тап келсе де, қазақ театр өнері төз дамып, төз арада тек қана бір ұлттың, бір республиканың ауқымымен шектелмейтін кеңінен танымал құбылысқа айналды.

Оның сыры неде?

Жаңа өнердің дені құнарлы топыраққа түсті. Талай ғасырдан бері сахна назарына ілікпей, тың жатқан ұлттық болмыс көрерменнің көзін баурап, көңілін тербейтіндей көптеген соны сипат, соны мазмұнға ие еді. Оның үстіне, заман қанша тараң болғанмен, тәжірибе қанша балаң болғанмен, қазақ театры күш атасын танымас дегізерліктей творчестволық әулетті әп дегеннен байқата келді. Өз басым ерен батырларға қазақ эпосы қандай бай болса, ерен таланттарға қазақ сахнасы сондай бай деп білемін. Арғыларын былай қойғанда, күні кеше арамыздан кеткен Әнуар, Кененбай, Нұрмұқан, Ыдырыстардың өздері неге тұрады?!

Қайсарлық пен жігерді, алғырлық пен тереңдікті бір бойына жиып ап, қайда барса да, абыройымызды асырып, атағымызды шығарған, Қазанды аларда, қамал Бұзып, алдымен кіріп, қазына бөлісерде, қалтарысқа ығысып, өзегін ел деп үзсе де, өгей, жанын жалпақ жұртым деп қинаса да, жат санала беріп, ел шетінде мерт болған Ер Тарғындай ортамызда жүріп-ақ, оқшаулықтан, оқшауланғаннан опат болған есіл Нұрмұқандар енді бүкіл ел болып, мойынымызға бұршақ салып тілесек те, екі айналып туа қоймас!..

Күлімсіреген көзінен далаға тән кеңдік пен мейірім түгел төгілгендей, күмбірлеген көмейінен Асанқайғы, Сыпыра жырау, жиренше мен Бұқар жарыса үн қатқандай, сөз саптасында ғана емес, көз тастасында кемел ақыл, терең парасат тұнып тұрған қайран Кененбайлар уақыттың жымысқы жетегінде көзден бір-бір ұшып бара жатқан уыз болмысымыздың енді оралмас тұтас бір дәуірі, тұтас бір дәурені шығар!..

Асфаһани қылыштай қайда шапсаң да, өтетін, жібек баулы ақ сұңқардай қай биікке сілтесең де, жететін, адам дүниесінің ол бейнелей алмас құрылуы, адам жанының ол бойлай алмас иірімі жоқтай, әмбебап, туа шандоз, туа хақ Әнуарлар тек қазақ театрының ойда жоқта ұшып кетіп жүрген бағы болмаса, нетсін...

Әр қайсысы бір-бір халықтың тұтас өнеріне алтын бола алатындай алып тұлғалар емес пе еді?!

Міне, Ыдырыс өнер майданына кімдермен бірге келіп, кімдермен бірге кетті.

Көздері арамыздан кеткендерімен, өздері қазақ сахнасының, қазақ рухының қақ төрінде төрт Гималай боп мәңгі орнап қалды.

Тарихтың өзімізге деген мұндай ағыл-тегіл сақилығын орынымен пайдалана алсақ, біздің маңдайымыз мұнша тайқы болар ма еді?!

Ал, маңдай ашылу үшін тәуекелшіл талап керек. Ал, тәуекел үшін көлденең көптің сұқты көзі мен суық сөзі емес, қошеметшіл пейілі керек. Әбубәкір Кердерінің: «Жігітке ерлік те оңай, билік те оңай, әгәрки қабырғалы болса халқы»,– дейтіні де сондықтан. Баяғыда халық малының, жанының молдығымен қабырғалы болса, қазір оң мен солының қапысыз айыратын ақылының саралығымен, ауызының түгелдігімен қабырғалы бола алады. Ондай халық маңдайына қанша талантты, қанша парасатты азамат бітсе де көпсінбейді. Бәрін де орынын тауып қызықтап, орынын тауып құрметтей біледі. Сорлатқанда, сол халықтың орынына кейбір көлденең көп ауыз пәтуа айтып, барды жалғыз, кепті аз қып керсетіп, бірінің жалын біріне тістетеді. Сорлатқанда біз қай заманда да азамат таба алмай емес, бар азаматтарымыздың бастарын қоса алмай, оларды орынымен жұмсап, орынымен қызықтай алмай, өз сыбағамыздан өзіміз қағылып, өз қолымызды өзіміз кесіп, өз жолымызды өзіміз байлап келеміз. Тап осы жолы ес кіріп, етек жиып жатқанымыз рас болса, ең алдымен, тап осыдан арылайық. Әйтпесе, бұдан асқан сор жоқ. Ел үшін де, ер үшін де. Тәуекелсіз қауым тәуелсіз, алауыз қауым азат бола алмайтындығы да сондықтан. Өнерде де тап солай. Өйткені, өнерді де жалқының тәуекелі мен жалпының ынтымағы еркендетеді.

Ендеше, ендігі жерде замана оңғарылсын, бағыт түзелсін, халық қатарға кірсін, қай істе де көшіміз көлікті болсын десек, әуелі барымызды бағалай білейік. Ағайынның көңілін сол арқылы тауып, халықтың басын сол арқылы қосайық. Ол үшін талант көп болған сайын құлпыра түсетін өнеріміздің қай саласында да, әсіресе, сахна өнерінде бір күркенің төрі өзіме тиді екен деп қалғандарды шөміштен қысуға, бір аттың тізгіні өзіме тиді екен деп, қалғандарды құр тақым қалдыруға құмар болмайық. Ел тілегі бір-бірімізге көзіміз дұрыс болғанда ғана түгенделеді. Жә, ол өз алдына мәселе.

Бұл арадағы айтпағым – Ыдырыс «бәрі менікі болсын»,– деп бәлсінбеген, «менің қасымда сен кімсің»– деп нөнсінбеген кісі. Өжеңдесіп, өлімін сатқан жерін көрген емеспін. Ол бұйырғанына ғана қанағат қылды.

Соның өзінде де, халқының көңілінен шығып, тарихының төріне ілігіп ұлгерді,

Ал, бұл Ыдырыс үшін оңай шаруа емес еді. Ол сахнаға шыққанда қазақ театрының негізін салғандар түгел тірі еді. Олар шетінен уақыттың өзі тудырған, заманалар саф алтындай саралап әкеп жеткізген саңлақ таланттар еді. Оның үстіне, жаңа дәуірде әлденеше жас буын кеп қосылып үлгерген-ді. Олардың ішінде де тізгін үзіп тұрғандар аз емес-тұғын.

Ыдырыс сондай еңкей самалалармен нұр таластыра жүріп, көзге ілікті.

Ыдырыс сондай асқар шыңдармен бой таластыра жүріп, көңілге ілікті. Оның сахнаға келгеннен бастап, кеткеніне дейін көмескі тартқан көзі болған емес. Әлгіндей әлуетті сахнадағы мұндай даусыз даралық тек жақсы мектеп көріп, қапысыз шыңдалған, табиғатынан кемел жаратылған бір туар таланттардың ғана қолынан келеді. Әйтпесе, қазір сахна мен экраннан қолы таңқы табиғаттың, алды жайдақ педагогтың, көзі шорқақ режиссердың домбалдауымен батыр боп ойнап жүрген пақырды, сұлу боп ойнап жүрген су мұрынды аз көздестірмейміз ғой. Ал, Ыдырысқа келгенде, құдайға шүкір, табиғат тарыла қоймапты. Бой десеңіз, бой қандай! Сой десеңіз, сой қандай! Әсіресе Ыдырыстың мінезінің байлығын айтсаңызшы. Содан да болар біздің сахнаның барлық еардары боп Ыдырыс ойнаған. Сахналық тіршілігінде оның бойынан қытыңқы ештеңе көрген емеспіз. Оның жүріс-тұрысында, қимыл-қозғалысында, аңқылдай сөйлеп, саңқылдай күлгенінде ағыл-тегіл адамшылық ақтарылып-төгіліп жатқандай еді... «Ой, түбің түскір»,– деп, сүйкене сөйлейтін Есен – актер Ыдырыс Ноғайбаев кейіпкерлерінің түп тамыр моделіндей. Аңғалдық, аңғарттық – актер Ыдырыс Ноғайбаев кейіпкерлерінің негізгі сипаты. Аңғалдық, аңғырттық – Ноғайбаев кейіпкерлері басындағы күлкілі, драмалық, тіпті трагедиялық ахуалдық негізгі өзегі. Өйткені, аңғалдық, аңғырттық – дүниеге, адамдарға деген қаяусыз сенімнің көрінісі. Ал, төңірегіне сенбейтін кісі – алдымен өзіне сенбейтін кісі. Өзіне сенбейтін кісі төңірегіндегілердің бойынан ешқандай жақсы сипат, жақсы қасиет кермейді. Себебі, олар төңірегінен дұшпаннан басқа ештеңе іздемейді. Сондықтанда оның қолынан адамшылық, аяушылық келмейді. Сондықтан да, адамшылығы жоқ кісіге біткен қара күш төңірегіне қандай сор болса, ондай кісіге біткен биліқ ақыл, өнер-қабілет те төңірегі үшін тап сондай сор. Оның бәрі өзінен асқанның бәрін Құздан құлатуға, немесе өзінен басқа ешкімді өрге бастырмай, матап-тұсап қоюға жұмсалады. Алабөтен өзімшілдіктің ар жағында тіпті де алабетен күншілік жатпайды, қайта жанға байқаттырғысы келмейтін ала бөтен әлсіздік жатады. Өлімін сатқан өзімшілдік өлмеші сорлылықтың белгісі. Өзіне сенетіндер бейқам келеді. Бейқамдық пен аңғалдық – аузы күйе қоймаған адамшылық. Әлемдік театр өзір адам жайындағы шындықты адамшылықтан бөле-жара қарастырып көрген жоқ. Сондықтан ол адамшылығы жоқ ақылдың ештеңеге тоқтауды білмейтін, тек қана теріс бұлтарудан тұратын қырық бұлтақ айласында, адамшылығы жоқ біліктің арам мен адалдық, обал мен сауаптың арасына айырма қойып жатпайтын өзімшіл есебіне, адамшылығы жоқ жігердің өліспей-беріспеуді, қандай жолмен болса да дегеніне жетуге тырысуды ғана білетін найсаптықтары мен арамзалықтарына құрылған шырғалаңдарына өз төрін ұсынып кәрген жоқ. Замана амалы сай келмей жатқан құлықтар дағдарысы, арманына заманы сай келмей жатқан рух күйзелісі немесе бәрібір айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізбей қоймайтын замана өктемдігінің тепкісіндегі қуыршақ пенделердің шерменде хәлі – міне, бүгінгі адамзат білетін театр дейсіз бе, абсурдтық театр дейсіз бе – бәрібір арғы түбі адамшылықтан тартатын тауқыметтерге саяды. Ондай тауқыметтердің екінші аты – тағдыр тәлкегі. Ал, тағдыр – пенденің туғанынан өлгеніне дейін бастан кешіргендерінің жайдақ тізбесі емес. Жарық дүниеге келген жан иесінің жақсылыққа жетем деп жүріп шегетін тауқыметтері. Өзін ойлап тартатын тауқыметтері... Елін ойлап тартатын тауқыметтері... Еврипид пен Шекспир, Чехов пен Ибсен, Әуезов пен Айтматов... Құлық құнарлылығын, мінез жүйелілігін, тағдыр тұрлаулығын талап ететін драматургия. Бұған дейін үстем болып келгенімен, бұдан былай да үстем бола бермеуі мүмкін драматургия. Өйткені, ол драматургия тіршілікте пенделермен қоса періштелердің де, өздерімен қоса ерлердің де, шалалар-мен қоса даналардың да болуын, қатар өмір сүріп, қана қоймай, бір-бірімен алысуын, алысқанда да, бірі еліп, бірі қалғанша, бірі жеңіліп, бірі жеңгенше, жеңгенде де ізгіліктің жеңуін, бұл жолы жеңбесе, ең болмаса, келесі жолы жеңетініне сендіруін талап ететін драматургия. Тұрағы бар дүниедегі ұяты бар адамдардың арасындағы жүйелі қарым-қатынастың заңдылығынан туындаған драматургия. Адамдық болмысты Лобачевский мен Эйнштейнге дейінгі математиканың тұрғысынан өлшеп-пішетін драматургия. Бөлшектердің емес, бүтіндердің не өршу, не өшу бағытындағы құбылуларын жинақтайтын тұтастық математикасы сынды тұрлаулы тұлғалардың ізгілікті мұраттар жолындағы табанды тайталастарының жүрісі ақылға қонатындай не сәтті, не сәтсіз нәтижелерін кескіндейтін драматургия. Ал бізді қоршаған рухани кеңістікте бүтіндерден гөрі бөлшектер, тұрлаулылардан гөрі тұрлаусыздар көбейіп кетсе ше... Ал олар өспей де, өшпей де, өршімей де, әлсіремей де, әйтеуір бар болу, әйтеуір жоғалып кетпеу жолында бүтіннен белшекке ұсақтап, бөлшектен қайтадан бүтін болам деп тірнектеп жиынтықталып, мігірсіз құбылып, мігірсіз тайталасса ше?.. Бүтін сыртқы дүмпуге шыдай алмай быт-шыт бөлшектенгенмен, быт-шыт бөлшектер сыртқы дүмпуден бәрібір қайта бүтінге айнала алмаса ше? Жиынтықтың бәрібір бүтін бола алмайтыны секілді барлық тайталас-тың нәтижесі жеңіспен бітпесе ше? Сондай жүйесіздіктің салдарынан бірде періште боп көрінген бірде пері боп, ал бірде пері боп көрінген бірде періште боп көрініп жатса ше? Бұл не? Өң бе, түс пе? Тағдыр ма, тәлкек пе? Соның бәріне шұқшия үңілетін сана ма, сандырақ па? Әлде ондай-ондай зерттеуге, зерделеуге жатпай ма? Ал бұндай дәнденай соқталаң бұрынғыдай некен саяқ жалқының емес, бастан аяқ жалпысының басындағы жағдай болса, қайтпекпіз?!

Бұл – әлі жазылмаған драма, жарыққа келмеген спектакль, бірақ өнерде болмағанмен, өмірде әлдеқашан орын теуіп болған ахуал. Құдайға шүкір, Ноғайбаев ондай драматургияға келмей, ондай театрды көрмей тұрып, арадан кетті.

Сондықтан да, ол жасаған бейнелер тұтастығымен, мақсаттылығымен, я сүйсіну арқылы я жиренту арқылы ұялатар ғибраттылығымен баурайтын.

Расын айтсақ, Ноғайбаев кейіпкерлері сүйсінтеді, ызаландырады, аятады, бірақ, жирентпейді. Өйткені, Ноғайбаев ойнаған оңбағанның өзінің обалы бардай көрінеді. Актердің өз бойындағы имандылық, аңғалдық, ақпейілділіқ бала аюдың қорбаңындай, қолапайсыз сүйкімділіқ ол ойнаған қай кейіпкерге де көрермен тарапынан жақсы ықлас, жанашырлық шақырмай қоймайды. Өйткені, оның қай кейіпкері де – аңғалдықтың құрбаны. Демек, адамшылығының жоқтығынан емес, адамшылығының молдығынан немесе сол мол адамшылығының қызығын өзі көре алмаудан бейнет шегіп жүрген адам. Оның Егор Булычевын мақсатсыз тағдыр, оның Отеллосын опасыз орта алдап кетсе, Есені мен Көтібарына өздерінің әңгүдіктігі опық жегізеді. Тіпті ол ойнаған Фархад пен Қобыланды да романтикалық трагедияларға лайық елден ерекше қасиеттерімен емес, өз баста-рындағы ахуалды жұрт түсінгеннен, жұрт қабылдағаннан басқарақ түсініп, басқарақ қабылдайтындықтарымен ерекшеленеді. Ешкімнің қолынан келмейтін ерекше іс тындырғандарымен емес, тығырыққа тірелген қайрансыз жұрт пен қаяусыз махаббат жолында қолынан келгеннің бәрін істемей тынбайтын кәдуілгі иі жұмсақ, жүрегі жұқа, қайырымды жанның үйреншікті кісілігі, үйреншікті адамгершілігімен баурап алады. Ноғайбаевтың қалыпқа симайтын адамдық, азаматтық болмаса қандай да драматургиялық модельді болмасын мінез-құлық жағынан айта қаларлықтай өзгертіп, рух жағынан айта қаларлықтай ірілендіріп, ізгілендіріп жібереді. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, екі қилы дүрбелең көшіп жүрген Қален мен Құрбанның бойынан қанша мұң, қанша қасірет, қанша өкініш тапқаныңызбен мысқылдай ыза таба алмайсыз. Ол жасаған күлкілі бейнелер де, қасіретті бейнелер де, қаһарман бейнелер де ешқандай әсірелеуге бой алдырмайды, адамдық қалыптың, нанымды мінез, нанымды құлық пен қылық ауқымынан алшақ кетпейді. Ноғайбаев жасаған бейнелер таусыла тебірентеді, сарқыла қайғырады, ақтарыла қуанады, бірақ біреуге зәр төге өшікпейді. Тағдырға болмаса, адамға налымайды. Бұл арада Ноғайбаевтың актерлық даралық сипатымен қоса аржағы ұлттық психологиядан өрбитін текстік құлқы да анық байқалады. Басқалардан келетін қысастық пен қауыпқа ағайын-тумасы, рулы елі, күллі қауымы болып тойтарыс беретін қазақ жұрты кейде кісіден келетін қиянатты да тәңірдің жазуындай, тағдырының салымындай қабылдайды. Ондай қиянаттың түп-төркінін келденең көздер көріп отырғанмен, өзі көрмейді. Сондықтанда, оны былайғы жұрттан гөрі басқаша қабылдап, басқаша түсінеді. Оның жендетінің өзі құрбандай, жексұрынының өзі мүсәпірдей, перісінің өзі періштедей көрінетіндігі де сондықтан.

Басқасы басқа, ол жасаған Қарабайды-ақ алыңызшы. Ыдырыстың Қарабайында кісі тіксінерліктей не бар? Сақилықтың да, сараңдықтың да жөніне шорқақ жетесіз шал. Баюдың жолы  қытыңқылық, алданбаудың жолы  қытымырлық деп аңғал түсініп, қаралай алданып, қаралай тоналып жүрген мүсәпір хәл. Көрермен оған емес, оны мұрындықсыз-ноқтасыз жетелеп алған Жан-тыққа, әлгіндей мүскін пақырды өз ауылының базарын, өз баласының бағын тәрік етуге дейін итермелейтін ит мінезді барлық пен байлыққа ызаланып отырады.

Ноғайбаев ойындағы қаралай жарқырап тұратын шуақ мейірім Шекспирдің Петруччио мен Бекингемти, Әуезовтың Абайын, Айтматовтың Данияры мен Сыбанқұлын, Чеховтың Астровын психологиялық жағынан дел кескінделген, философиялық жағынан терең жинақталған сом тұлғаларға айналдырды. Қашан да сахнаға күн көтеріп келе жатқандай жадырай кіретін Ноғайбаев жасаған бейнелердің ірі болмауы, ұнамды болмауы еш мүмкін еместей. Ол актердің кескін-келбетінің, тұлға-тұрпатының ірілігінен емес, жан дүниесінің ауқымынан, адамдық сүйкімінің молдығынан.

Бұл жағынан келгенде, Ыдырыс Ноғайбаев  әрі таза ұлттық құбылыс, әрі таза заманалық құбылыс.

Заманалық құбылыс болатыны, оның бойында ұлттық болмысымыздың жиырмасыншы ғасырға да жетіп, жаңа серпін, жаңа сипат алған көп қасиеті дендей көрінсе, ұлттық құбылыс болатыны сондай төл болмысымыздың жиырмасыншы ғасырмен бірге кетіп бара жатқан, біраздан кейін орынын сипалатып қалдыруы мүмкін ең бір ежелгі қасиеттері де дәл солай молынан ұшырасатындығы. Кейде, тіпті ол бұл жағынан сондай түс мінез, түс иісіміздің соңы сияқтанып көрінетін.

Ол  өктемдікке ұласпайтын ерлігі, дарақылыққа ұласпайтын дарқандығы, жайдақтыққа ұласпайтын жайдарылығы, ынжықтыққа ұласпайтын нысаптылығы, қарабайырлыққа ұласпайтын қарапайымдылығы. Қазақша айтқанда, тектілігі. Орынсыз бақырып-шақырам деп кердеріден кейіншектікке, орынсыз кәуілдеймін деп сырттандықтан көптікке ауысып кетпестей тектілік шекарасына бекемдігі. Тек бір ғана ашу жүрген жерде қайсарлық, тек бір ғана айла жүрген жерде ақыл, бір ғана өрекпу жүрген жерде ерлік бір ғана тымпиған тымырсықтық жүрген жерде тереңдік жүрмесі белгілі. Демек ондайларға тектілік те, ірілік те ірге жуытпайды. Ал, соңғы екеуі мықтап дарымаған актер ұлттық сахнамыздың белгілі бір мінез, белгілі бір қулықты бейнелейтін нысаналы кейіпкері бола алғанымен, жиынтық болмысымыздың қыр-сырын жан-жақты жайып сала алар орталық қаһарманы бола алмайды. Ендеше, ол ұлттық құлқымыздың тек бір сипатын аша алатын халықтық актер бола алғанымен, күллі заманалық ахуалын аша алатын ұлттық актер, заманалық тұлға бола алмайды.

Ал, Ноғайбаев қазақ сахнасынын уығын шашпай, шаңырағын шайқалтпай ұстап тұра алатындай ұлттық, заманалық сипаттардың бәріне де ие кіндік тұлға бола алды. Оны жоғарыда мен тізіп өткен сан сипатты бейнелерді табысты жасап шыққандығымен-ақ дәлел-деуге болады. Алайда, мен бір бейнені  Ыдырыс жасаған Қоспанды айырықша атағым келеді. Осы бір арқасына не артсаң да, мыңқ етпей, тарта беретін нар жігіт жиырмасыншы ғасырда қазақтың басына түскен қандай зор, қандай зобалаңнан да құр қалмапты. Бәріне де төтей біліпті, төзе біліпті. Оған қалай тап болғаны белгісіз кер заман да, қайдан шыққаны белгісіз кесір заң да, төтен шапқан озбыр жау да, төбеден түскен содыр бастық та зорлық-зомбылықты жасаудай-ақ жасап бағыпты. Білдіріп те, білдірмей де тонапты. Дос боп көрінген қас, бақ боп көрінген сор, қоштау боп көрінген мошқау, қолдау боп көрінген зорлау  міне, Қоспанның тағдыры. Соның бәріне шыдапты. Жетесіздіктен емес, жетеліліктен шыдапты. Жақсы атақ алам, биік абырой табам деп шыдамапты. Жаман атым шықпасын, аз абыройымнан айырылмайын деп шыдапты. Өзім жетпегенге балам жетер, өзім көрмегенді ұрпағым көрер деп шыдапты. Жау шапқанда, ұрпақ үшін өлімге бас тіксе, жау кеткенде, ұрпақ үшін бейнетке бас тігіпті. Санымен күш бермейтін молды, әлімен күш бермейтін зорды уақытпен одақтас боп қана жеңе аласың. Жалғыз бен малсыздың сабыр мен төзімнен басқа тіреуі жоқ. Сондықтан да, үндемей жүріп ұрандап, кіжінбей жүріп күресіпті. Түптің түбінде, уақыт төзімнің жағына, сана сабырдың жағына шығатынын біліпті.

Ыдырыс бейнелеген Қоспан тағдыры  бір халықтың бір ғасырлық тарихы. Ол әлеуметтік маңызы мен тарихы мәні жағынан бағзыдағы Қобыланды мен кешегі Абайдың қатарына қонақтап, өз халқының бүкіл бір заманалық тұлғатұрпатын мүсіндейді.

Дәл мұндай заманалық рухани кескіндемені Нұрмұқан рух қайсарлығымен, Кененбай пайым тереңдігімен, Әнуар алапат құштарлық қуатымен сомдаса, Ыдырыс кісі таңғаларлықтай сөзім тұрлауымен, пейіл жомарттығымен сомдайды.

Ноғайбаев тарих биігіне талант табиғатымен, дарын дарқандығымен, сол екеуіне масаттанып, омалып қалмайтын мазасыз ізденіспен самғай білді.

Ол топшысынан оқ тиіп, томп етіп жерге түскен жоқ. Халық махаббатының зеңгір көгіне биіктей-биіктей ғарыш жүйесіне бір жола көшкен зымыран кемедей жер бетінде жасап жатқан жұртына, өніп-өркендеп жатқан ұрпағына биіктен тілеулес боп, биіктен мейірлене қарап тұрғандай.

Көктөбенің басындағы жәдігерлік  халық рухының аспанына түбегейлі самғап ғайып боларында екшесі тиген ақырғы жұқанадай...

Көктөбе демекші, халайық... Сіздерге қалай екенін қайдам, кейде маған осы Алматы бөтен қала сияқтанып кетеді. Терегі таныс, желегі таныс, күнгейде келденең сұлап жатқан көк сеңгірі таныс. Бірақ, күнде-күнде көріп жүрген көз таныс көшелерден, көз таныс алаңдардан, көз таныс баулардан күні кеше ғана күнде-күнде көріп жүрген көз таныс азаматтарыңды көре алмайсың. Көбі қаздай тізілген Көктөбенің басына көшіп алған. Көшедегі көзіңе оттай басылар тұрғыластардан гөрі Көктөбенің басында көзіңе оттай басылар құлпытастар көбейіп барады.

Тәубе ететініміз, қала орынында, халық орынында.

Тәубе ететініміз, төріміз шырақсыз, еріміз тұяқсыз емес.

Тәубе ететініміз, кеше жалқының аузынан шығар құпия бүгін жалпының аузындағы пәтуаға айналып келеді.

Кешегі кетіп қалған Ыдырыстардың да, бүгінгі қалып қойған біздердің де талай жылғы тілегеніміз осы емес пе еді?! Ел тұлеп, тілек түгенделгені емес пе еді?!

Сол тілектердің әзір бірі орындалса, бірі орындала қойған жоқ.

Сол дәмелердің біреуінің соңына түсуге тәуекеліміз жетсе, біреуінің соңына түсуге тәуекеліміз жетпей жатыр.

Өйткені, күллі қоғамның өзі қатпаған теңіздің үстіндегідей қалтаң-құлтаң алмағайып хәл кешуде.

Өтпеліден арылып, өміршеңді орнықтыру үшін де ой мен сөзімнің мехнатты еңбегі, ыждаһатты ізденісі керек. Әсіресе, өткен өкініші, кеткен есесі өте-мөте көп мына біздерге өте-мөте керегірек.

Тек сонда ғана қай-қайсымыз да: «тоты құс түсті көбелек жаз сайларда гулемек; бәйшешек салмақ, күйремек; көбелек өлмек, сиремек; адамзатқа не керек; сүмек, сөзбек, кейімек, харекет қылмақ, жүгірмек; ақылмен ойлап сөйлемек; әркімді заман сүйремек; заманды қай жан билемек?, заманға жаман күйлемек; замана оны илемек», деп Абай айтқандай, заманға күйлеп кететін көбелек мінезден тезірек айығар едік.

Тек сонда ғана үлкенді-кішіміз қандай қиямет дағдарыстардан тұрса да, қандай дүрбелең сілкіністердің ешқайсысы да, түптеп келгенде, мәңгілік құбылыс емес, қыс пен кектемнің өларасындай өткінші құбылыс екенін аңғарып, жылт ете қалған келелі күн шуаққа алданып, өріске ерте шығып, отамалыға ұшырап, оталып қалмауға тырысар едік.

Табиғаттағы өлара ғарыштағы жылу-қуат алмасу заңдылығына тәуелді. Мерзімі жеткенде туады, мерзімі жеткенде тынады.

Қоғамдағы өлара  тарихи құбылыс. Адамдардың мінез-құлқындағы құбылмалы өзгерістерге байланысты. Олардың құбылуының пәтуалы, пәтуасыз, объективті, субъективті себептері мол. Қайсысының басым түсуіне байланысты не дер кезінде салихалы арнаға түседі, не бір іліктен соң бір ілік тауып, өрши, ушыға түседі.

Не де болса, дүниеге келетін сәбидің бойға бітер көздегі толғағы мен жарыққа шығар көздегі талғағы мейлінше келте болса, лазым. Әйтпесе, тым ұзақ талғақ пен толғақтың нәтижесінде қол-аяғы балғадай торсық шеке ұл сүюдін орынына, кейін қашып құтыла алмайтын қайдағы бір құбыжыққа тап болуымыз да мүмкін ғой.

Ендеше, қазіргідей өтпелі кезеңде, күрт бетбұрыстар тұсында әлгіндей-әлгіндей беті әрмен кесепаттарға жолықпауымыз үшін тәуекел мен парасаттың, жігер мен сабырдың, арман мен ақылдың қол ұстасып бірге жүргені жөн еді. Өйткені, көңіл сабасына түспей, өмір сабасына түспейді. Онсыз арман тәрқ адам ғарып болмақ... Сондықтан да бұл күндері театр сахнасынан гөрі өмір сахнасына Ыдырыс кейіпкерлерінің парасаты, Ыдырыс кейіпкерлерінің ыждаһаты, Ыдырыс кейіпкерлерінің төзімі мен сабыры керегірек сияқты.

Олай болатыны, арман арналанып үлгергенімен, заман арналанып үлгерген жоқ. Мұндайда байыбын тауып іс қылып, бағытын тауып, алға баспасақ, не тағы да қаралай сабағымыздан қуарып, не тағы да ыссылай сұғынамыз деп, маңдайымызды тасқа ұрып алуымыз ғажап емес. Жүрек пен бас, қол мен ақыл қатар қиналып, қатар қимылдайтын көзең келді. Сонда ғана еңбегіміз еш, қарекетіміз кеш болмайтын шығар.

Сонда ғана қай істе де еліміздің риза болып, тіріміздің мерейі тасатын күнге тезірек жетерміз.

Ләйім, аузымызды жақсылыққа жазғай!

1991 жылы сәуір айында

М. О. Әуезов атындағы академиялық театрда өткен 

мүшелтойда сөйленген сөз.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар