Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Әдебиеттегі Ана образының мәні...

15.05.2024 1659

Әдебиеттегі Ана образының мәні 12+

Әдебиеттегі Ана образының мәні - adebiportal.kz

Әлемдегі мақтаудың баршасы АНАҒА болсын! Күллі мақлұқаттың жаратушысы – АНА! Құрсағына салып шайқаған, ақ емшегін иіп емізген АНА ғана мейірімнің тағына  лайық дүр!

Біздің ана туралы мадағымыз осылай өріле берсе керек еді. Иә, ана біздің санамызда асқақ, киелі ұғым-тын. 

Уа, Алатаудай Ақшадан

Асып тудың, Бөгенбай!

Болмашыдай АНАДАН

Болат тудың, Бөгенбай!

Ананың абзалдығы туралы алғашқы алқау сөз осы Үмбетей жыраудың Бөгенбайды жоқтауында белең берсе керек.

Көшпелі тұрмыс пен тоқтаусыз соғыс еркекті қоғамдағы орнына жойдақсыз басымдық беріп, әйелді төмен етек санатына сырғыту сынды үрдісті қалыптастырды. Қала берді ислам дінінің қазақтар арасына 18-19 ғасырда кеңінен тарауы бұл басымдықты шекелеп, шегендеп бергендей болды.

Не керек, алғашқы қазақ романдары мен әңгімелері қазақ әйелінің, қазақ анасының түрлі ауыр халдегі бейнелері сомдалып, образдары жасалып жатты. Қазақ поэзиясы мен прозасының үлкен тақырыбына ана, әйел бейнесі еніп, анаға арнаған небір ғажайып дүниелер өмірге келе бастады.

Күлдей күңгірт шашы бар,

Тоқсан бесте жасы бар,

Көз дегенің – сұп-сұр көр.

Тасбиқ санап бүгіліп,

Жерге қарап үңіліп,

Көрше ауыр күрсінер,

Менің бір қарт анам бар,

Неге екенін білмеймін – 

Сол анамды сүйемін!

Бұл – Мағжанның анасы. Ақын көзімен көріп қабылдаған анасы. 

Төлеген Айбергенов – «Анасы»

Арманыңды ақтарам ба жүрегімде тербесем,

Айға сіңлі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен...

Мұқағали Мақатаев – «Шеше, сен бақыттысың» да былай деп жырлайды. 

Шеше,

Сен бақыттысың!

Жыламағын.

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның,

Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,

Тірімін ғой,

Қасыңдамын.

Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын!

я болмаса «Ақ кимешек көрінсе» де:

Әже, сен бірге жүрсің меніменен,

Өліге мен өзіңді телімегем.

Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,

Ақ кимешек астынан сені көрем...

Қадыр Мырза Әлі – «Ана»

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды.

Сен деп жаздым алғаш өлең дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды...

Айбергенов – «Ана» дейді, Мақатаев – «Шеше, сен бақыттысың», - дейді, және «Ақ кимешек көрінсе» деп әжесін аңсайды. Қадыр де хал-қадерінше «Ана» туралы жыр жазуды өзінің ақынды борышы санағандай. Анаға ән жазбаған композитор кем, өлең арнамаған, шығарма кейіпкері қылмаған жазушы жоқ. Жоғарыдағы ұлы ақындарымыз ғана емес, күллі қазақтың қолына қалам ұстаған ақыны ана туралы жыр жазып, өлең арнаған. 

М.Әуезовтың «Абай жолындағы» «- Бұлдыр-бұлдыр күн өткен, бұрынғыдан кім өткен» деп арғыдан әңгіме қозғайтын Абайдың Зере әжесі мен Ұлжан анасындай сом, мейірімді ана образы бар ма екен. «Ананың анасы» деп бір кітабын Ғабит Мүсірепов дерлік ана бейнесіне, әйел тағдырына арнайды. Оны аз десеңіз «Ұлпан» шығармасы да қазақ әйелінің, қазақ анасының өзіндік бір дара образы сынды суреттеледі. Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнекейдің жазығындағы» Күнекейдің шақар да, пысық анасы Шекер де өзіндік өзгеше аналардың бір типтік образы. Оралханның «Айпара анасы», «Мынау аппақ дүниесіндегі» неміс қызды үйіне жетектеп әкелетін Нұрланның анасы... Прозаның кейіпкеріне айналған қаншама аналар бейнесі бар.

Анаға арналған әннің де қисабы қаншама. Шәмшінің «Ана туралы жыры», Рүстем Қоразбаев «Жан анасы», Ж. Бұлжановтың «Оянғанда түнде жұбатып» деп басталатын «Анашым» әні. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймады» деп ән салған Марат Омаровтың «Анашым» деген әні ана туралы әндердің шоқтығы десек те болады. 

Ана тақырыбы не үшін сонша жоғары көтеріліп кетті? 20 ғасырдың әдебиеті шыны керек қазақ әйелін шыңға көтеріп, ұлттың басына тәж деңгейіне дейін орната алды. Ән, поэзия, проза ана бейнесін, ана салмағын қазақтың санасына қашап-ақ берді. Бұл не сонда? Анаға табыну ма? Әлде, Анаға құлдық ұру ма? Табыну демейік, құрмет дейік. Біз қашанда анаға аяулы, мейірімді, қамқор образды таңамыз да, ана туралы мақала, шығарма, кино түсірсек кіршіксіз пейілмен, жұп-жұмсақ құрметпен дүние арнау керек деген түсінікті саналы түрде ішкі жақтан қуаттап тұрамыз. Біз бейне әйелдің Аналық образын дәлелдей алмай жүрген адамдар секілдіміз. Қазаққа Ана әйел заты емес, қазаққа Ана басқа сакралды, рухани ұғымға көтерілген. Әдебиетшілердің қозғаған тақырыбына қарап отырсаңыз әйел, қыз басқа да, ана басқа тақырып секілді. Сол басқа тақырып ретінде қарай алатынымызды біз күнделікті өмірімізде қалай дәлелдеп жатқанымызды өзіміз де байқай бермейміз. Қазіргі қазақ санасында Анаға басқа құрмет де, әйелге, жарға, қызға ондай деңгейдегі құрметтің ілтипатын көрсетпейтініміз шындық. Бар болғаны олар қоғамда бірге жасасып жатқан әйел жынысты адамдар. Әйел, жар, қыз Ана деңгейіне көтеріліп сакралданғанша қоғам мен ортаның не бір құқайы мен қысымын көріп «құрметтің» құрбанына айналатындай.

Шығармада жоғары көтере алатын халық, нақты өмірде әйел-ананың қадірін түсінгіміз, қабылдағымыз, сыйлағымыз келмейді.

Баршамыз жарыса «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған» деп анамызды ғана көз алдымызға елестете ән саламыз. Бірақ, жарымызға, қызымызға сондай ана болатынына күмәнмен қарайтындай мүлде ескермейміз. Бұл шындығында екіжүзділік емес пе? Анаға табынамыз да, әйелді қорлаймыз. Ананың қадірі бар да, әйелдің қадірі жоқ. Ананың қадірі бар да, адамның қадірі жоқ. Бұл не парадокс сонда? Бұл комплекс – біздің қоғамның ерлерінде ғана емес, әйел затының, ана атанған, ене болып отырған әйелдердің бойында да бар комплекс. Бишімбаев синдромы біздің қоғамның өз жарын қазақ санасындағы киелі Ана ұғымына бойлата алмағанының дәлелі. Жарына күң ретінде қарау, қызына артық жаралып қалған перзент ретінде қарау, қызметкеріне әйел болғаны үшін төмендету, жынысның өзгешелігі үшін ғана. 

Қарама-қайшылықты бұл пайымның әр қазақ санасының түбінде өліп жатқанын біз несіне жасырайық. Ана ұғымын ақын-жазушылардың сонша көтергендегі негізгі айтпақ ұстыны - әйел затының қоғамда, отбасында төмендетуге қақың жоқ дегеннің шын ишарасы емес пе? 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар