Астана қаласы №72 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-шебер, ғылым магистрі, Астана қаласының Құрметті педагогі, ҚР ОАМ "Алтынсарин төсбелгісі" иегері Әділбекова Жанардан ұстазы Қанипа Бітібаева туралы аз-кем сұхбат алған едік. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырымыз.
Есенсіз бе? Ең бірінші сұхбаттасуға келісім берген көңіліңізге көп рақметімді айтамын. Сіз Қанипа апайдың шәкірті екеніңізді білеміз. Ол кісінің алдына қай кезде шәкірт болып келдіңіз? Алғашқы алған әсеріңізбен есте қалған ерекше естеліктер, сондай-ақ сабақ берудегі тәсілі қандай еді? Әңгіменің әлхиссасын міне, осыдан бастасам деймін.
- Иә, мен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның алдынан 1987-89 жылдары Өскемен қаласында орналасқан Жамбыл атындағы интертнатта, 1989-94 жылдары Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде студент болып жүргенде «Бес арыс» курсынан дәріс алып, Мағжан, Ахмет, Шәкәрім, Жүсіпбек, Міржақып сынды ұлылардың қазақ тарихы мен әдебиетінде сіңірген еңбектерімен алғаш рет танысып, нәрімен сусындаған едік. Тіпті апайдың жетекшілігімен «Мектепте М.Әуезов шығармаларын оқыту» тақырыбында диплом да жаздым. Ал 1994 жылдан 2014 жылға дейін Қ.Бітібаевамен сол Жамбыл интернатында мұғалімдік қызмет атқардым. Сондықтан Қ.Омарғалиқызы – мен үшін «Өмірлік ұстазым».
Жеке тұлғаны жетілдіру, ұлттық тәрбие, әдебиет арқылы ұлттың бозжусан болмысын сақтау секілді құндылықтар ол кісінің ғұмырлық мұраты болды десек еш жалған айтпаған болар едік. Маңдай терін тамшылатып жазған қырыққа жуық еңбегі де осы төңіректе болды. Ұлы ұстазыңыздың осы ұғымдарды қызғыштай қорғауының басты себебін қандай рухани өлшемде түсіндіріп берген болар едіңіз?
- Ұстаздың басты мақсатының, ғұмырлық мұратының өзі алдында отырған әр шәкіртінің бойына ұлттық құндылық пен ұлттық тәрбиенің оты шашылып тұратын тұлға тәрбиелеу ғой. Қ.О.Бітібаева – сондай ұстаздардың бірі де бірегейі. Оған дәлел ұстаз алдынан білім алған шәкірттері өздері таңдаған мамандықтарда адал да белсенді қызметтер атқарып жатыр. Осының өзі қазақтың «ұстаз алдын көрген» деген мағынасы терең сөзге дәлел шығар. Ең бастысы, ұстаздың шәкірттерінің басым көпшілігі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдап, бүгінде бірі филология, бірі педагогика ғылымдарында ізденіс жасап жатса, ал бірі –жазушылар одағының мүшелері. Өйткені Қ.О.Бітібаева ұлттық тәрбиені тіл мен әдебиет арқылы бала жанына құя білді. Апай: «Тілі мен әдебиетін құрметтеу – адамның басты қасиеті» дей келе, алдындағы оқушыны туған тілдің құдіретімен, қасиетімен тәрбиелеуді жөн көргендей. Жай сөзбен емес, сабақ беру тәсілімен тілге, әдебиетке баулыды. Оқушыларды, тіпті сабаққа қатысып отырған бізді де сабақ барысында сол әдебиет әлемені енгізіп жіберуші еді. Апайдың сабағында біз Абайдың, Мұхтардың, Аманжоловтардың шынайы бейнесін көретінбіз. Шығармаға барар жолда кейіпкерлерінің өмірі, шығарманың жазылу тарихы туралы керемет нәзік те қызық сырлар шертетін. Әдебиетке еніп кетуімізге апайдың автор мен кейіпкерлер туралы деректерді көп беруінен де болар. Әдебиет теңізінде шомып кеткен бір сәттімізде «Ал енді, ар жағын өздерің оқып талдаңдар» деп бізді бірден жинап алушы еді.
Қ.Бітібаеваның этнопедагогикаға қосқан жекелей жаңалығы мен мол тәжірибесіне тоқтала кетсеңіз?
- Әл-Фараби айтқандай: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы. Ол келешекте оның өміріне апат әкеледі» дегендей, ұстаз сабақтарында оқушыларды этнопедагогиканың басты мақсаты болып табылатын имандылық, қарапайымдылық, адамгершілік, әдептілік, кішіпейілдік сияқты ұлттық қасиеттерге баулыды. “Ұстаздың әрбір сабағы жаңалық болды десем” артық айтпаған болар едім. Ұстаз тәрбие көзі деп Абай шығармаларын арқау етті. Соның ішінде “Толық адам”идеясы, “Адамзаттың бәрін сүю” ұрпақ тәрбиелеудің басты ұстанымы болу керектігін үнемі тілге тиек етіп отыратын. Оған дәлел автордың “Абай шығармаларын оқыту” еңбектері.
Ұстазыңыздың абайтану мен әуезовтанудағы рөлі. Жалпы Қ.Бітібаеваның бұл екі тұлға шығармашылығына тереңдей үңілуінің себебі не?
- Қ.О.Бітібаеваның абайтануда, мұхтартануда атқарған рөлі ерекше деп сеніммен айта аламын. Ғалымдардың өзі: “Қанеке, сіздің көркем шығарманы оқытуда алатын орныңыз ерекше, себебі біз – зертетушілерміз, ал сіз – сол шығармалар мен зерттеулерді оқушылар жүрегіне жеткізушісіз. Біздің танымал болуымыз – сіздердей ұстаздардың еңбегі” дегендей, апайдың ұлылығы – оқушылар жүрегіне жеткізе білуінде. Әр оқушының шығарма мазмұнын біліп қана қоймай, тереңінен түсініп, әр сөзі, әр жолына мән беріп, толық поэтикалық, композициялық, теориялық талдау жасатқан жұмыстарды көрдік. Әсіресе, ұлттық, адами құндылықтарға бас назар аударуы, оқушылардың өзіндік пікірі, алған әсерлерін, сыни көзқарастары – шығарма мәнін түсінуде басты орында болды. Абай мен Мұқтар шығармаларын оқытуда, Абай жолы – халықтың жүріп өткен жолы екенін түсіндіру мақсатында қаншама мақалалар мен зерттеу-әдістемелік еңбектері жазылып, көзінің тірісінде өз тәжірибесімен бөлісу мақсатында жылына бірнеше қайтара әдістемелік курстар өткізуші еді.
«Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» секілді еңбектері бүгінде қаншалықты маңызды? Бұл еңбектердің мәні мен мағынасын ұстаздың жолын жалғастырған шәкірті ретінде түсіндіріп бере кетсеңіз?
- «Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» секілді еңбектері бүгінде маңыздылығын жойған жоқ, жоймайтынына толық сенімдемін. Өйткені әдебиетті, тілді оқытуда Қ.О.Бітібаева салып кеткен әдебиетті ой салу, ойланту арқылы, сыни көзқараста оқыту әдісінің орны, мәні ерекше. Өнімсіз еңбектен шығармашылық өнімді еңбекке дейін оқушыны жеткізу барысында алдын ала іздену, зерттеу жұмыстарын беріп, оқушыларға сенім артуы, ғылыми жұмысқа баулу көрсетуідегі ұстаздың тиімді оқыту жолдарының әлі де маңызды болып тұрғаны ұстаздар қауымының бұл еңбектерді іздеп, Қ.О.Бітібаеваға арналған семинарлар мен курстарға сұраныстардың көптігінен байқауға болады.
Бүгінде ұстаздық жолдасыз. Қазіргі мектептегі әдебиет бағдарламасы мен әдебиет оқулығында әттегенайлар мен кемшіліктер бар ма? Бар болса жіліктеп тұрып айтып берсеңіз?
- Менің ойымша, бүгінде және ертең де мектептегі әдебиет бағдарламасы мен әдебиет оқулығында әттегенайлар мен кемшіліктер болады, өйткені заман, қоғам, адам өзгерген сайын, әдебиетке деген сұраныс та өзгере, арта беретіні – заңдылық. Дегенмен де Қ.О.Бітібаева: «Қазір білім парадигмасы өзгерді. Әлемдік білім беру кеңісітігіне ену, әлемдік іс тәжірибеге үңілу мәселесі алда тұр» дегеніндей, әдебиетті жаңаша көзқараспен оқыту – кезек күттірмейтін дүниелер. Ол үшін, біріншіден, қазақ әдебиетін оқыту сағаттарын көбейту керек деп ойлаймын. Жоғарыда айтқандай, әдебиет шығарма мазмұнын ғана меңгеріп қоятын сабақ емес, әдебиет – ізденіс, ойтолғау, пікірталас, өзіндік сыни көзқарастар мен теориялық білімдерді, дағдылар мен іс-әрекеттер жиынтығы.
Екіншіден, қазақ әдебиетін пән ретінде қарап қоймай, ұлтжандылық, жалпы адамзаттық, ұлттық, материалды мен отбасылық құндылықтарды үйрететін құрал ретінде қарауымыз керек. Әдебиетті оқыту тоқтаған кезде айтып отырған құндылықтардан да айырыламыз. «Ел болам десең бесігіңді түзе» дегендей, бесікті түзу болуы отбасынан, мектептен, яғни әдебиеттен бастау алатыны сөзсіз. Әдебиетті жаңаша оқыту көп ізденістер мен еңбектерді талап етеді. Ол енді ұстаздардың еншісінде
Соңғы сауалым. Ұлттың сапасын ұстаздың рухани әлеуеті анықтайды десек, бүгінде сізді ұлағатты ұстаз ретінде не сүйіндіреді, не күйіндіреді? Ойыңызды бүкпей бәрін жайып салсаңыз жөн болар еді?
- «Ұлттың сапасын ұстаздың рухани әлеуеті анықтайды» деген көзқарасыңызға келісемін. Бүгінде оқышыға жаңаша білім беруде ұстаздың атқаратын рөлі де жоғары. Соның бірі – мұғалімнің терең білімі болса, екінші – ізденісі, үшіншісі – оқушы жүрегін жол тарту. Дәл осылай жұмыс жасап жатқан ұстаздар қауымы да аз емес. Мен өз басым ұстаз болғандықтан, жанталасып, ерен еңбек етіп жүрген қауымды көріп те жүрмін. Бірақ «Сол ұстаздың ары қарай ізденуіне, толық, тек оқушы үшін жұмыс жасауына мүмкіншілік жаап жатырмыз ба?» деген сауал туындайды. Менің түсінігімде, мұғалім тек балаға білім беру жолын ойлауы керек. Ал қазірде қараңызшы, мұғалімге артылған жауапкершілік пен жүктемені (күнделік толтырудан бастап, сыныптан тыс жұмыстардың көпшілігі) айтатын болсам, сабақ емес, мұғалім артық ескертулер естімес үшін сол жұмыстарға басымдық беріп кетеді. Тек бекітілген №130 бұйрықпен ғана жұмыс жасасақ, мұғалім жұмысында нәтиже болары анық.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.