Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі...

13.11.2024 1574

Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі 12+

Екеудің Эмиль Чоран жайлы әңгімесі - adebiportal.kz

Француз философы Эмиль Мишель Чоран (1911-1995) батыс философиясының тарихында ерекше орын алады. Оның әдеби дебюті «Үмітсіздіктің шыңдарында» (1934) атты кітабы болды. 1937 жылдан бастап Францияда өмір сүрді. Чоран – көптеген тілдерге аударылған «Ыдырау сабақтары», «Ащы силлогизмдер», «Тарих пен утопия», «Туған кездегі бақытсыздық» және басқа да эссе мен афоризмдер жинақтарының авторы.

Біз бүгін көпбағытты тақырыптардан тысқары кете отырып, бір ғана концептуалды бағытқа зейін қоймақпыз. Әңгімелесуші – ақын Еділбек Дүйсен.

– Чоран православ дін қызметкерінің отбасында дүниеге келген және тағдырдың ирониясы болар, өзінің шығармаларында дінмен күрескен. Неміс мектебін, кейін Бухарест университетінің филология және философия факультетін тәмамдады. Сонда ол М.Элиаде және Э.Ионескомен танысты. Э.Чоран мен М.Элиаденің зерделеген тақырыптары ұқсас па? 

–  Чоранның ішкі діни қайшылықтарын «тағдырдың ирониясы» деп қабылдамас едім. Чоранның өзі де «Решинариде, православ дін қызметкерінің отбасында туудың өзі барып тұрған «кемел» нигилист болуға әбден жеткілікті» дейді ғой. Оның үстіне, ол дүниеге келген, балалық шағы өткен үйдің – қорымның жанында тұрғаны да Чоранға бала кезден әсер еткен сияқты. Өлімге деген қызығушылық оны көз ашқалы бері өкшелеп келген деуге болады.

Чоранның Бухарестідегі өмірі – (Элиадемен, Ионескомен рухани серіктігі) оның өміріндегі ең елеулі кезеңдердің бірі. Дінтанушы Мирча Элиаде, драматург Эжен Ионеско, эссеист Эмиль Чоран – 1945 жылдан кейінгі батыстың мәдени әлеміне зор ықпал еткен румын текті ұлы үштік екені даусыз. Жастарында да көп алшақтық жоқ үшеуін алдымен Румынияда екі дүниежүзілік соғыстың аралығында «өмір сүрген» клерофашистік қоғамдық-саяси қозғалыс «Темір гвардия» тоқайластырған. Үшеуі де 1945 жылы Румынияда коммунистік режим орнағанда эмиграцияға кетті. Үшеуі де румын философы Нае Ионескудің идеяларының соңынан жүріп, «Критерион» үйірмесінде жиі бас қосып тұрды. Үш қаламгердің ортақ тұстарын да, айырмашылықтарын да тізбелеп айта беруге болады. 

Чоран мен Элиадеде солай. Екі философ бір-бірінің шығармашылығына ықпал етіп отырған. Пікір алмасу, бірін-бірі оқу барысындағы идеялары бірін-бірі толықтырып, бір-біріне ауысып отырған. Мұны екі қаламгердің естеліктері мен әдеби портреттерінен де, жалпы шығармашылығынан да көруге болады. Чоранның «Мирча Элиаде» деп аталатын эссесінде ол Мирчамен 1932 жылы философия курсынан өтіп жүргенде танысқанын айта келіп, оның сол тұста жаңа буынның кумирі болып тұрғанын айтады. «Біз оның магиялық формуласын мақтанышпен айтып жүрдік. Жасы отыздан асып бара жатқанның бәрін «кәрі-құртаң», «шал» деп жаратпадық. Біздің рухани ұстазымыз (Элиадені айтып отыр – Е.Д) оларға қарсы нағыз майдан ашқан еді, олардың бірінен соң бірінің көзін жойып, көздегеніне түгелге жуық дөп тигізіп жатқан еді» деп жалғастырады сөзін. Дәл осы эсседен Чоранның Элиаде шығармашылығына деген көзқарасын, оған келісетін де, келіспейтін де жерлерін аңғаруға болады. 

Қайбір кездері арадағы болған мәселелерге қарамастан, екеуі де бір-біріне үлкен құрмет көрсетіп өтті. Элиаденің өмірінің соңғы күндеріндегі мына бір оқиға еске түседі. Чикагодағы үйінің жазу бөлмесіндегі ылғи да кітап оқу үшін отыратын сүйікті орындығына жайғасқан Элиаде Кристинелден Чоранның жуырда ғана жарық көрген кітабын әкеліп беруді сұрайды. Мирча жоғарыда ғана біз үзінді келтірген өзі туралы эссені рахаттанып оқып отырып, есінен танып қалады. Екі күн ес-түссіз ауруханада жатып, сол күйі арғы дүниеге аттанып кете барады. Екі қаламгердің достығының осы дүниедегі соңғы сәті бұл.

Э.Чоранның зерттеулері мен шығармалары 1932 жылдан бастап баспасөз беттерінде жариялана бастады, ал 1937 жылдан бастап оның алғашқы пессимистік философиялық проза жинақтары жарық көрді. Сіздің ойыңызша, Чоран неге пессимистік философиялық проза жазуға оқталды? Оған біз білмейтін қандай да бір себеп бар ма?

– Өз басым Чоранның философиялық пессимизмге баруына себеп болған екі жайт деп ойлаймын. Алғашқысы және ең негізгісі – оның денсаулығының нашарлауы. Ұйқысыздық ауруына шалдыққан ол кейінірек адамдарды түнде ұйықтайтын және ұйықтамайтын деп екіге бөліп алды ғой. Осы қолайсыздық оның санасына үлкен әсер етті деп есептеймін. Чоран өз сөзінде де былай дейді: «Бізге қолайсыздық әкелетін кез келген нәрсе өзімізді тануға итермелейді. Кінәрат жоқ жерде, тұлға жоқ. Зердемен ерекшеленген адам тәнінің бақыты да, бақытсыздығы да осында».

Екінші себеп – оның 1936 жылы Брашов қаласындағы әлдебір лицейде сабақ беріп жүргенде Бодлерді, Ницшені, Прустты, Достоевский мен испан мистиктерін жата-жастана оқуы. 1937 жылдан бастап жарық көрген философиялық пессимизм бағытындағы кітаптарында жоғарыда аты аталған авторлардың ықпалы анық байқалады. 

– Чоран Франция институтының стипендиясына ие болып, осылайша Парижге қоныс аударады. Сол жерде ол философияны зерттеп, өмірінің соңына дейін сонда қалады. Жалпы, Париж – ақындардың қаласы, поэтикалық мекен. Париж – кеңістік ретінде Чоранға ыңғайлы болды ма, әлде оның қалаға деген эмпатиясы жоғары болды ма? Өмір бойы сол қалада қалуының сыры неде?

– «Мұның сыры мынадай ғой» деп әңгімені күрделендіріп, оны әрі қарай сала құлаш қылып тарқатып отыруға да болады ғой. Меніңше, Чоранның мына сөзі де жеткілікті сияқты: 

«Менен Отаныма оралмауымның себебін сұрап жатады. Менің ол жақтағы таныс-білістерімнің бәрі әлдеқашан о дүниелік болды. Ал, басқалары олардан да сорақы».

Оның мәтіндерін басқа философтардың шығармаларымен шатастыру қиын. Шегіне жеткен пессимизм, ерекше скептицизм мен цинизмнің тоғысқан тұсын басқа жерде кездестіру мүмкін емес. Бұл – Чоранның өмірге протесті ме?

– Чоран, өз сөзімен айтқанда, стильдің Удың тазалығына дейін жеткенін жақсы көрген қаламгер. Ешқашан ешкімнің қызығушылығын тудырмайтындай дүние жасауды армандады. Онысы қолынан келді де. Оны өзге қаламгерлерден ерекшелеп тұратын дүние – өзі жазған дүниелерді толыққанды бастан кешіп, оны толықтай сезіне алғандығы. Оның «Бақытсыздықты суреттеп жазу – оны бастан кешіру секілді тым қарапайым болса ғой» дейтіні де содан. 

Мен Чоранның пессимистік мәндегі көп мәтіндерінен оптимистік дүниелер табамын. Бұл мәтіндер көп оптимист қаламгердің басына кіріп те шықпаған. Ол өзі қаламгерлердің арасынан тек «сырқаты» күштілерді ғана, жазған әр беті, әр жолы ауырсынумен сәулеленгендерді ғана оқыды. Чоранның өзін де «сырқаты» күшті оқырмандар ғана түсініп оқи алмақ.

– Чоран өзін философпын деп санаған жоқ. Тіпті, «жазушы» деген шартты аттан бас тартты. Сонда ол кім? Өзін іздеген адам ба, әлде адамды іздеген идея ма?

– Апатридтер деген ұғым бар. Кейде оларды аполидтер деп те атап жатады. «Аpatris» грекше – «отансыз» деген сөз. Яғни, бұлар – әлемнің ешбір елінде азаматтығы жоқ адамдар. Әйгілі апатридтер қатарына А.Эйнштейн, А.Франк, И.Бунин, Ф.Ницше, Э.Чорандарды жатқызады. Осы тұрғыдан келгенде «Ол кім? Философ па, эссеист пе?» деген сұрақтан бұрын, «Ол қай ұлттың өкілі? Қай мемлекеттің азаматы? Румын ба, француз ба?» деген сұраққа жауап іздеген жөн сияқты.

Жалпы, өзің айтқандай, Чоран өзін өзгелердің «жазушы» деп атағанын су қаны сүймеген адам. Оның жазушылық туралы түсінігі де қызық. Оның уәжіне келіспеске де лажыңыз қалмайды. «Бұрын-соңды болмаған ғажайыптарды елестету, оларды осы дүниеге шақыра алу қабілетін меңгеру, көз суарарлық сиқыршылықты игеру... Осының бәрін жасай отырып, бар-жоғы жазушы атану. Не деген сорлылық!». Рас қой. Еріксіз езуіңе күлкі үйіретін, ойландыратын, осыған дейін осы тұрғыда ойланбағаныңа таңдандыратын сөйлем. Ол тағы бір жерде «Жазу – ойлау емес, керісінше, ойды көшіру, тіпті, ойды келеке ету» дейді. Жазу атаулыны ауа жайылу деп қана түсінген оның ойлары Абайдың «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашадысымен» үндесіп жатады. Дегенмен, мен оны «Эссеист» деп атаған жөн ғой деп ойлаймын.

Ол барынша қысқа жазуға ұмтылды. Күрделі ойды қарапайым беруге тырысып бақты. Чеховтың жазуын қатты құрмет тұтты. Кей жерлерде қысқа жазуға деген құмарлығы мүлдем жазуға кедергі келтіріп отырды. 

Мүмкін қисынды, мүмкін қисынсыз, әйтеуір, оның өмір сүру салты маған Шәкерімнің «Мұтылған» философиясын еске салады. 

Калероның философтар туралы кітабы бар. Сонда Саватердің «Чоран туралы эссесіндегі» мына бір оқиға беріледі. Саватер әу баста Афинада өмір сүрген, Гераклиттің шәкірті болған өз ойынан шығарған әлдебір философ туралы диссертация қорғамақ болады. Кейін ол ойынан айнып қалып, диссертациясын Чоран туралы жаза бастайды. Ол тұста Испанияда румындық философ Чоран туралы білетіндер саусақпен санарлықтай. Университеттегілердің бәрі Саватер Гераклиттің шәкіртін ойдан шығарғандай, Чоран деген адамды да ойдан шығарған деп ойлап, әңгіме желдей гулеп кетеді. Сонда Саватер Чоранға «Сіздің өмірде бар адам екеніңізге мында ешкім сенбей жатыр» деп хат жазады. Адамның өмір сүруінен ешқандай мән таппаған, тіпті, адамның жаратылғанының өзін қателік деп санаған Чоран: «Ойбай, аяғыңызға жығылайын, оларды мендей адамның болғанына сендіре көрмеңіз» деп жазып жіберген.

1987 жылы шыққан «Құпиялар мен қарғыстар» кітабы жарық көргеннен кейін Чоран әдебиеттен қол үзді. Неге?

– Чоран әйгілі «Құрмет һәм қарғыстан» кейін әдебиеттен қол үзген жоқ. Меніңше, керісінше, осы кітаптан кейін әдеби әлемнен өз орнын біржола нақтылап алды. Осы кітаптан кейін әдебиеттегі даңқтың дәмін татты. Осы кітаптан кейін Францияның жас интеллектуалдары оны іздеп, қасына топтаса бастады, соңынан ере бастады. Осы кітаптан кейін афоризм типтес қаншама кітаби жазбаларын жазды. Оның өмірінің соңына дейін жазған кітапқа бергісіз күнделіктерінің жарияланбаған тұстары өте көп. 

– Философтың мәтіндері болған оқиғаларды түсінуге, заттардың мәнін рефлексия арқылы ашуға тырысатын адамның жеке күнделігі іспеттес. Чоранды афоризм жанрының атасы деуге келе ме? 

– Әлбетте, Чоранның сөзі – Құранның сөзі емес. Менің онымен келіспейтін жерлерім де көп. Тіпті, шынтуайтына келгенде, кейбір афоризмдерімен Чоранның өзі де келіспеуі бек мүмкін. 

Ертеректегі Хайямдар, Ларошфуко мен Паскаль, кейінгі Твен, Шоулар, Чоранмен тұстас Станислав Ежи Лец және қаншама жүздеген, мыңдаған қаламгерлер мен ойшылдар, философтар мен ұлы адамдар афоризмдер жазумен шұғылданды. Сондықтан, Чоранды афоризм жанрының атасы деп атай алмас едім.

– Сіз Чоранның қанша афоризмін қазақша сөйлеттіңіз?

– Шамамен, Чоранның 1000-ға жуық афоризмін қазақшаға аудардым. Яғни «Болмыстың бір жақ бетінде», «Күйреулер», «Тылсым түңіліс», «Сәтпен бетпе-бет», «Шиеленіс», «Бұл зарарлы сәуегейлік» дейтін алты бөлімнен тұратын «Құрмет һәм қарғысы» біршама тәржімаланды деуге болады. Бұған қоса, Чоранның Гоголь, Целан, Беккет, Элиаде туралы әдеби портреттерін де аударып қойдық. Жоғарыда айтқандарымның кейбіреулері бірді-екілі сайт мен газеттерде жарияланып үлгерді де. Қорыта айтқанда, Чоранның қазақ тіліндегі бір кітабы басылуын ғана күтіп жатыр.

Бәрекелді. Кітабыңызды оқуға асықпыз. Чоран замандастарын «тыныш өмір сүр» қағидасын қатаң ұстануымен таңғалдырды: ол шулы оқиғаларға, қоғамдық жанжалдарға, саяси қозғалыстарға, философиялық дауларға қатысқан жоқ. Яғни, тек өзі үшін өмір сүріп, оңашалықты ұнатты. Бір тұлға – тұлғаларға, тұлғалар – қоғамға әсер етері сөзсіз. Біз ұлт болып пафостың нөлдік деңгейіне қашан жетеміз?

– Пессимистік болжам бойынша дәл осы бағытпен ол күн бізге алыс секілді. Біздің әлі ұлт болып, халық болып төбемізге тұтып, алақанымызға аялап ұстап отырған түкке тұрмайтын дүниелеріміз бар. Мен олардың атын атап айтқым келмейді. Біз оны қабылдауға әлі дайын емеспіз. Сол «құндылық» деп атап жүрген дүниелердің күл паршасы шықпай, ығыспай, шын құндылыққа орын босатпай, осы жүргеніміз жүрген. Тағы бір нәрсе: үн-түнсіз, ың-шыңсыз бір институттың жұмысын бір өзі атқарып кеткен жекелеген адамдар бар. Жоғарыда Элиадені айттық қой. Сол секілді Серікбол Қондыбай. Қондыбайдың Маңғыстау ғана емес, бүкіл қазақ шын бағасына жететін күн келуі керек. Тірілердің арасында да осындай адамдар бар. Елеусіз, атақ-даңсыз, ескерусіз өмір сүріп жатыр. Олардың да ұрандар мен жиындарда шаруасы жоқ, қаннен қаперсіз өз ісін жасап жатыр. Осындай адамдарды ескергенде, осындай адамдардан үйренгенде ғана сен аңсаған күнге жетуіміз мүмкін. 

– Чоранның шығармашылығы сіздің жаңа туындыларыңызға әсер етті ме? Әсер етсе, қаншалықты деңгейде?

– Чоранмен өте кездейсоқ жолықтым. Осы кездейсоқтық менің өмірімді өзгерткен өте бақытты кездейсоқтық десем болады. Чоранның ойлары мені айран-асыр етті. Көп сұрағыма жауап алдым, аяқ баспаған жаңа ойлар әлемін кезіп көрдім. Күмәнімнің өзіне күмәнмен қарауды үйрендім. 

Әңгіменің басында Чоранға Ницшенің қалай ықпал еткенін оның кейінгі шығармаларынан байқауға болатыны туралы айттық қой. Сол секілді, Чоранның маған ықпал еткен тұстары мүмкін ендігі жарық көрген дүниелерімде көрініп те қалар.

Э.Чоран туралы пікір алмасқаныңызға рақмет. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар