Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Айнаш Қасым. Иранның екі ғасыр бойына ұлттық тәуел...

27.03.2024 1473

Айнаш Қасым. Иранның екі ғасыр бойына ұлттық тәуелсіздігінен ажырап қалған кезі болды... 14+

Айнаш Қасым. Иранның екі ғасыр бойына ұлттық тәуелсіздігінен ажырап қалған кезі болды... - adebiportal.kz

Абайтанушы, шығыстанушы, парсы тілі мен әдебиетінің маманы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Қасымның «Абай және парсы әдебиеті» монографиясын профессор Мекемтас Мырзахметұлы аса жоғары бағалайды. Оны аталмыш еңбекке жазған шағын алғы сөзінен аңдаймыз. Мекемтас Мырзахметұлы былай дейді: «Айнаш Қасымның жұртшылық назарына ұсынып отырған «Абай және парсы әдебиеті» деп аталатын монографиясы оқырмандардың назарын бірден өзіне аударатын бірегей ғылыми еңбек болып қабылданады деп санаймын. Өйткені, абайтанушы ғалымдар осы уақытқа дейін Абайдың Шығысқа қарым-қатынасы жайлы арнайы зерттеу жұмыстарын тереңнен толғап, жүйеге түсіріп, нақтылы еңбек түрінде бере алмады. Олар Абайдың Шығыс әлеміне арнайы түрде назар аударып, Абай мұрасының парсы әдебиеті мен рухани әлеміне тікелей бара алмай келді. Ол зерттеушілер парсы тілін білмегендіктен парсының рухани әлемі мен дүние мойындаған классикалық парсы әдебиетінің тереңіне бойлап, сол әдебиеттің көркемдік құдіретін сезе алмады. Айнаш Қасым зерттеу еңбегінің тақырыбы мен композициялық құрылысын өзі зерттеп, танып, біліп отырған материалдарының табиғатына орай өте үйлесімді түрде шығара алған».

Шын мәнінде абайтану ғылымы аясында көптеген зерттеулер жасалды деске те, Абайдың шығыс әлемі толыққанды зерделенбей келеді. Ғалым Айнаш Қасымның бұл еңбегі осы олқылықты барынша толтыра түсті. Абай мен классикалық парсы әдебиеті ақындарының шығармалары, тақырып үндестіктері, идея, композиция, сюжет, бейнелік ерекшеліктері тұрғысынан зерттелген еңбекті оқып шығып, ғалымға бірнеше сауалдар жолдаған едік. Назарларыңызға ұсынып отырған сұхбат Айнаш Қасымның «Абай және парсы әдебиеті» ғылыми еңбегі негізінде жүргізіліп отыр. 

- Сіздің бұл ғылыми еңбегіңіз, қазақ әдебиеттану ғылымында Абай шығармашылығының парсы әдебиетімен байланысы жеке тақырып ретінде түпнұсқа деректерді алғаш рет зерттеу нысаны ретінде алып отыр десек артық кеткендік болмас еді. Әңгімені осыдан өрбітсек...

-  Әлемдегі барлық құбылыстың салыстыру арқылы танылатыны ежелден белгілі. Салыстыру барысында бір құбылыстың басқа бір құбылыстан ерекшелігі, артықшылығы, кемшін тұстары немесе екеуіне де ортақ, ұқсас қырлары анықталып, әлгі құбылыс жайлы жаңа тұжырым, көзқарас қалыптасады. Осындай құбылыстардың ішінен әдеби құбылысты да сырт айналып өте алмаймыз. Әдеби құбылыс деп көркем шығарманы, ақын-жазушылардың әдеби мұрасын, әдеби мектептер мен әдеби жанрларды, әртүрлі әдеби стильдерді, әдеби ағымдарды атаймыз.

XIX ғасырдың басында неміс ақыны Гете (1827-183 ж.ж) философ, әрі әдебиетші ұстазы Гердердің бастамасын ары қарай жалғастырып, “Weltilitratur” – “әлем әдебиеті”  атты формуланы дүниеге әкелді. Осыдан бастап әртүрлі халықтар мен әртүрлі дәуірдегі әдебиетті, жеке бір жазушының шығармашылығын басқа бір елдің жазушысының әдеби мұрасы тұрғысынан салыстыра зерттеп,  олардың арасындағы тарихи-типологиялық, генетикалық ұқсастықтарды, әдеби құбылысқа тән ішкі заңдылықтарды, бір сөзбен айтқанда, әдеби байланыстарды анықтайтын компаративистикалық әдіс кеңінен қолданыла бастады.

Әдеби байланыстар – бір ел әдебиетінің басқа бір елдің әдеби әлеміне түпнұсқа күйде немесе дәнекер тілдің көмегімен аударма күйінде еніп, сол елдің әдебиетіне тигізген әсері, қалдырған қолтаңбасы немесе бір жазушының бөтен бір елдің әдебиетіндегі шығармадан шабыттанып, әсер алуының арқасында қолтума туындыны дүниеге әкелуі немесе сол шығармадағы сюжеттер мен сарындарды ақындық, жазушылық көрігінен өткізіп, пайдалануы.

Компаративистикалық әдістің негізгі зерттеу нысанасы – әлемдік әдеби байланыстар. 

Бір елдің жазушысы немесе ақынының шығармашылығын басқа бір елдің деңгейлес ақыны немесе жазушысының шығармасымен салыстыра зерттеп, екеуінің арасындағы ұқсастықтар мен ерекшеліктерді тауып, олардың ара-жігін ажырату бүгінгі әдебиеттану ғылымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып табылады. 

Жазушы шығармашылығының нәр алған қайнар көзі неғұрлым мол болса, оның шығармашылығы мазмұн мен мағына жағынан соғұрлым шұрайлы, шүйгінді болмақ. 

  

- Осы ойлардың негізінде Абайдың Шығыс әлеміне қадам бастыңыз ғой?

- Қазақ әдебиетінің классигі – Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасының рухани нәр алған үш қайнар көзінің бірі – Шығыс  мәдениеті, Шығыс әдебиеті екені ақынның шығармашылық мұрасы мен ақындық кітапханасынан анық аңғарылады. 

М.Әуезов «Абай Құнанбаев творчествосын зерттеудің маңызды мәселелері» аты мақаласында: «Абай творчествосының Шығысқа қатынасы жайындағы проблемамен де тереңірек, сын көзімен қараңқырай шұғылдану керек; мұның өзі өте аз зерттелген мәселелердің бірі. Бұрынғы зерттеулерде Абайдың иран мәдениетімен байланысы деп ағат айтып жүргеніміз шынында тәжік, өзбек, азербайжан классиктерімен байланысы, былайша айтқанда, бүкіл совет елі таныған жазушылармен, советтік Шығыс әдебиетінің қарт классиктерімен байланысы еді», - деген еді. Осы жерде М.Әуезов заманның ыңғайына жығылып, Абайды иран әдебиеті классиктерінен, атап айтқанда Фирдоусиден, Сағдиден, Хафизден бөліп айтқысы келгенімен тәжік, азербайжан, өзбек классиктерімен байланысы дегенде айналып келіп, қайтадан шығармаларын парсы тілінде жазған Рудаки, Низами және парсы ақыны Жәмиді ұстаз тұтқан, шығармаларын өзбекше, парсыша жазған Науаиға келіп тіреледі. 

С.Мұқанов Шығыс ақындарының, оның ішінде, әсіресе парсы ақындарының Орта Азия әдебиетіне тигізген ерекше әсері жайын айта келіп: «Қазақ ақындары түсуге қолайлы  да, біразы түсіп көрген  де бірталай жолдары бар:

бірінші, Әбілқасым Фирдаусидің жолы. Бұл жол – Отан қорғау ісінде еңбегі зор адамдардың жорықтарын дәріптеп жазған ұзақ сюжетті эпос жасау жолы. Мұндай жолды қуған Абай замандастарынан ешкім болған жоқ. Ол өзі түспеуімен қоймай:

                             Батырды айтсам ел шауып алған талап,

                            Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,

                          Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,

                       Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап –  деп өзге қазақ ақындарын да ондай эпос жазудан бездіруге тырысады.

Екінші, шайхы Сағдидің жолы. Бұл қысқа түрде хикаялы өлеңдер жазатын және өлеңдерінің көбі нақылға, насихатқа құрылған, адамның мінез-құлқын түзеуге тырысатын дидактикалық поэзияның жолы. Түр және мазмұн жағынан Сағдидің хикаяларына дәл келетін Абайдың жалғыз ғана шығармасы бар, ол – «Бір сұлу қыз тұрыпты хан қолында» деген өлеңі.

Үшінші, қожа Хафиз бен Омар Һаямның жолы; төртінші сопы ақындардың жолы», - деп санамалап шығады. 

Әйтсе де, Абай мұрасының парсы әдебиетімен байланысына қатысты С.Мұқановтың да бұл сөзінің белгілі бір кезеңдегі саясаттың ықпалымен айтылғанын аңғару қиын емес. Ал Сағдидің хикаяларына дәл келеді деген өлеңінен мазмұн жағынан да, пішін жағынан да еш ұқсастық таппаймыз. Керісінше, Сағдидің дидактикалық шығармаларындағы тақырып, ой ортақтастығы Абай өлеңдерінің өн бойынан өріліп жатқанын зерделі зерттеушінің бірден аңғарары анық. 

- Қалай болмасын Кеңес Одағы кезінде Абай әлемінің Шығыс қанатын барынша тұншықтыруға тырысқаны тарихтан аян ғой...

- Кеңес Одағы тараған соң, сол кездегі үстемдік еткен идеологияның да тамырына балта шабылды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезде әдебиетіміздегі көптеген шешуін күткен келелі мәселелерді, соның ішінде Абайдың әдеби мұрасының Шығысқа қатынасын жаңа талап-мүдде тұрғысынан қайта қарап, зерттеп, саралайтын жаңа кезең туды.

Академик С.Қирабаев «Абайтанудың кезектегі міндеттері туралы» деген мақаласында: «Ендігі бір үлкен мәселе – Абай шығармашылығын зерттеудің мазмұны, әдістемелік принциптері туралы. Осы күнге дейін Абай туралы зерттеулерде оның орыс әдебиетімен байланысты жағы ғана толығырақ ашылып, қалған жағы көмескі қалып келді. Мұның да дәуірдің идеологиясынан туғаны жұртқа мәлім.

М.Әуезов кезінде Абай шығармашылығының үш бұлағын атап, оларға халық әдебиетін, Шығыс әдебиетін және орыс, батыс әдебиеттерін қосқан. Ақын шығармашылығы нәр алған екі бұлағы жете зерттелген жоқ. Зерттеу орнына кезінде қазақтың ұлттық әдебиеті мен Шығыс әдебиетінің Абайға жасаған әсерін әлсіретіп көрсетуге ұмтылушылық орын алды. Ал, Шығыс әдебиеті әсері Абайда алғашқы бір-екі өлеңі тұсында болмаса, байқалмайды деп, Шығыс классикасынан ақынды бөліп алу ниеті де болмай қалған жоқ. Осы мәселелерге ғылыми тұжырым жасау үшін Абай ақындығының үш бұлағын тең қойып зерттеу қажеттігі туады», - деген орынды пікірінің жүзеге асатын мезгілі жетті. Тіпті кештеу болып бара жатқаны да ақиқат. 

Абай Шығыс ақындарының шығармаларын өзінің ақындық ой-көрігінен өткізіп, ағартушылық, демократтық ой-пікірлерімен ұштастырды. Сондықтан олар бастапқы түпнұсқасын өзгертіп, қазақы реңк алып кеткен. Абай ақындық кемеліне келіп, таланты әбден толысқан кезде Шығыстың классикалық  поэзиясы үлгісінде бірнеше өлеңі  мен «Ескендір» поэмасын,  «Мың бір түн» желісі негізінде «Әзім әңгімесі» мен «Масғұтты» жазды. 

       Шын мәнінде, Абай Шығыс ақындарынан тікелей аударма жасамаған. Парсы ақындарына келгенде  оларға тура еліктемей,  жеке ақындық бет-бейнесін сақтап, өзінше жырлаған. Абайда  еліктеу жоқтың қасы, тек ақын мұрасынан парсы ақындарының шығармаларымен үндестік сарыны менмұндалап тұрғаны анық.

       Абай Шығыс әдебиеті классиктерінің шығармаларымен Ахмет Риза медресесінде танысады. 13-14 жасар бала ақын Шығыс шайырларының рухына табынып, өзі құрмет еткен шайырлардың есімдерін санамалап өтіп, солардан медет тілейді:

                             Фзули, Шәмси, Сәйхали,

                            Науаи, Сағди, Фирдауси,

                            Хожа Хафиз – бу һәммәси

                           Мәдәт бер я шағири фәрияд.

Абай тілге тиек етіп отырған ақындардың  ішіндегі Сағди, Фирдоуси, қожа Хафиз парсы әдебиетінің классик ақындары деп танылған. Сонымен қатар есімі екінші болып аталатын Шәмсидің кім екені жайлы біраз түсінік бере кеткен жөн.

- Шынымен де Шәмсидің қандай шайыр болғанын әдеби ортаның өзі көп біле бермейді?

- Шәмси Қазіргі Ауғанстанның Балх деген жерінде һижри жыл санағы бойынша 604 жылы дүниеге келген. Шәмси моңғол шапқыншылығы кезінде әкесімен бас сауғалап, Түркияның Конья қаласында тұрақ тепкен, сопылық поэзияда Моуләна, Моуләви, Моуләвие Руми, Моуләнойе Рум, Моуләвие Румие Балхи деген есімдермен танымал парсының сопы ақыны, философ, кәміл адам Джалал ад-дин Румидің (һижри жыл санағы бойынша 604-672 ж.ж.; милади жыл санағы бойынша 1207-1273 ж.ж.) бір шығармасы «Диване Шамсе Табризи» яғни «Табриздік Шамстың жыр жинағы» деп аталады. Ағылшын аудармашысы Ринальдо Никольсон Моуләвидің «Диване Шамсе Табризи» еңбегін «таңғажайып әдеби құбылыс» деп атап, оны «сан ғасырлардағы ең ұлы сопы ақын» деп таныған. Шығарма атауының себебі мынадай:

Дәруіштік ұйымның шейхі – Моуләна, ұстаз немесе сопылық ұғым бойынша мүршид, Шамс ад-дин Табризи деген бір жас дәруішпен танысып, оны кәміл адам деп есептеп, өзін соның мүриді (шәкірті) санап, оны «Шамс» деп атап, жарық күнге балайды. Шамс уд-дин – (толық аты-жөні Шамс уд-дин Мохаммад ибн Али Бен Малек Дад) сол замандағы шейхтердің дарасы болатын. Моуләнаның мүридтері мүршидтерінің Шамс уд-дин Табризимен жақын араласып, рухани ұстаз тұтатынын қызғанады. Содан Шамс уд-дин Табризи Коньядан Дамаскке кетуге мәжбүр болады. Моуләна досын сағынып, кері қайтуын өтініп, ғазал арнайды:

                             Ғажап, сол сұлу дос қайда кетті?

                            Ғажап, сол сымбатты шынар қайда кетті?

                            Біздің ортамызға шамдай нұр беріп еді.

                            Қайда кетті, о, ғажап! Бізсіз қайда кетті?

                             Жолға шық та, өткіншілерден сұра,

                            Сол бір елік бұл қырдың қай жерінде екен?

                            Екі көзім жылаудан Жейһунға айналды,

                            Сол жауһар бұл теңіздің қай жерінде екен?

(Осы және кейінгі жолма-жол аудармалар – автордікі – А. Қ.)

Аджаб ан делбаре зиба коджа шод? عجب آن دلبر زیبا کجا شد؟                   

Аджаб ан сарве хушбала коджа шод?عجب آن سرو خوش بالا کجا شد؟               

Миане ма чу шам’и нур мидад,میان ما چو شمعی نور می داد                           

Коджа шод, ей аджаб! Би ма коджа шод?کجا شد، ای عجب! بی ما کجا شد؟     

Бороу бе раһ, бепорс аз раһгозоран,برو به ره بپرس از رهگزران،              

Кеан аһу дар ин саһра коджа шод?که آن آهو در این صحرا کجا شد؟               

До чешме ман чу джейһун шод зе гериа,دو جشم من چو جیخون شد ز گریا         

Кеан гоһар дар ин дариа коджа шод? که آن گوهر در این دریا کجا شد؟           

Қайғыдан қапа болған Руми өзінің ғазалдар топтамасын Шамстың құрметіне орай «Диване Шамс-е Табризи» деп атайды. Румидің поэзия жанрында жазылған бұдан басқа алты дәптерден, 26 000 бәйіттен тұратын «Мәснәвие мәнәви» атты шығармасы бар. Бұл шығармада Құран Кәрімнің 745 хадисіне тәпсір жасалып, 528 аяты тура және тұспалмен келетіндіктен «Әжәмдық Құран» деген атауға ие болған. Ал проза жанрында «Фикһ ма фикһ», «Маджалесе сабе», «Мактубат» атты туындыларын қалдырған. 

Сондықтан Абай медет сұраған парсы әдебиетінің классик ақындарының саны үшеу емес, төртеу деп есептеген дұрыс.

- Абай аты аталған ирандық ақындардың еңбектерімен түпнұсқа арқылы да таныс болуы әбден мүмкін бе?

- Әрине, бұл пікірді М.Әуезовтің: «Оқуға қиын арап тілін жете білмесе де, фарсышаны жақсы түсінетін болады. Мұның белгісі сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.

Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз арап, парсы деп біліп, Абай да алғашқы өлеңдеріне арап, парсы сөздерін қоспалап айтады», - деген пікірі де растай түседі. Абайдың  Шығыс ақындарына еліктеп жазған «Иүзі раушан, көзі гәуһар», «Әлифби» өлеңдері М.Әуезовтың пікіріне дәлел бола алады. 

Абайдың парсы тілін бір кісідей жақсы білгеніне өзінің шығармаларында көптеп кездесетін парсы сөздері, парсы тілдес ақындар шығармаларымен ой үндестігі, тақырып, идея ұқсастықтары  айғақ бола алады. Оның үстіне шет тілін меңгеру зерек те алғыр Абай үшін көп қиындық тудырмаса керек-ті.

Мәселен «Әлифби» өлеңіндегі қолданылған кірме сөздер қазіргі парсы тілінде өз мәнін жоймаған:

                             Әлиф дек ай йүзіңе ғибрат еттім,

                             Би, бәләи дәртіңа нисбәт еттім.

                             Ти, тілімнән шығарып түрлі әбиат,

                             Си, сәнаи мәдхия хүрмәт еттім.

Парсы тілінен бұл сөздер төмендегідей аударылады: “ебрат” – үлгі; “дард” – дерт, ауру, сырқат; “несбат” – қатысты, қатынас, “абиат” – “бейт” сөзінің көпше түрі, “бейт” – екі мысрадан тұратын өлең өлшемі; “сана” – мадақ; “хормат” – құрмет. Келесі шумақтарда “ентезар” – күту, тосу; “дариға” – қап, әттең-ай, өкінішті; “лаб” – ерін; “йар” – дос, жар, тілектес; “руз” – күн; “заһр” – у сияқты басқа да парсы сөздері кездеседі. Ал осы сөздердің кейбіреуінің парсы тіліне араб тілінен енгенін ескермеске тағы болмайды.

Кәкітай Ысқақұлының 1909 жылы Санкт-Петербург қаласында бастырған Абайдың кітабындағы сөздері де ойымызды нақтылай түседі: «...Жаңа заманның ретімен Абай арапша, парсыша, түрікше кітаптарды көп оқып, олардың ішіндегі ғылымнан үлкен хабардар болды. Сол талаппен қырда арапша, парсыша Абайдан артық білетін ешкім болмады».

 Парсы және тәжік әдебиеті тарихында «Ислам діні енуінің салдарларының бірі араб әліпбиінің біртіндеп енгізілуі болды» - деп жазылған. Ақындардың араб әліпбиі (VII ғасырдың ортасынан Иран аумағына ислам дінінің енуімен парсылар араб әліпбиін пайдаланады. Парсының жазба графикасында тек төрт әріп ерекшелігі бар) ретімен қыздың сұлулығын суреттеуі де ортағасырдың классик ақындары шығармашылығына тән типологиялық қызық құбылыс болған. Ойымызды татар зерттеушісі Х.Ю.Миннегуловтің: «Араб қаріптері троп сынды әсіресе көркем әдебиетте, соның ішінде орта ғасырлық мұсылмандық Шығыс халықтарының поэзиясында белсенді түрде қолданылды» - деген сөзі дәйектей түседі. Зерттеуші тақырып аясында өзінің пікірін қазіргі заманғы америкалық шығыстанушы Ф.Роузенталдың мынадай тұжырымымен бекітеді: «...махаббат лирикасында тән сұлулығын қаріптермен салыстыру поэтикалық бейнеліктің қалыпты бөлшегіне айналды. Мәселен, ғашықтың желкесіндегі бұрымы “каф” қарпінің сөздің соңында жазылатын түрімен немесе “ре” қарпінің әсем өрнегімен салыстырылды...» 

Демек, Абайдың балаң кезінде Шығыс ақындарына еліктеп жазған өлеңінде арудың жамалын араб әріптерін шеберлікпен пайдалана отырып суреттеуі – орта ғасырдағы классик ақындардың дәстүрінен нәр алғанының алғашқы бір нышаны.

- «Абай және парсы әдебиеті» еңбегіңізде «Абайдың парсы әдебиетімен шығармашылық байланысын қарастырмас бұрын алдымен аталмыш әдебиет жайлы біраз түсінік берген дұрыс», - деп жазыпсыз. Тарқатып айтып өтсеңіз?

- Парсы әдебиеті қалыптасу кезеңінен классикалық деңгейге жету жолында көптеген тарихи, саяси, экономикалық жағдайларды бастан өткерді. VII ғасырда арабтар парсы жұртына ислам дінін енгізді.

Арабтар Иранды жаулап алған соң, олар ислам дінімен қатар мемлекеттік іс-қағаз жүргізуде, ел басқаруда, қоғамдық қатынастарда, білім-ғылым саласында араб тілін жаппай қолданысқа енгізді. Сондай-ақ, араб тілі әдебиет саласында да өз үстемдігін жүргізе бастады. Парсы елінің зиялы қауым өкілдері Ислам әлемінде кеңірек танымал болу үшін және қасиетті Құран тілі болғандықтан, араб тілін үйреніп, шығармаларын сол тілде жазуға тырысты. Осы кезеңде парсы тіліндегі әдебиет құрдымға кеткендей болды.

Сол кездегі жылнамашылардың деректерінен белгілі болғандай, Иранның озық ойлы адамдары үшін «тыныштық кезеңі» орнаған еді. Ертеректе жазылған парсы тіліндегі шығармалар “Аллаға қарсы” деген желеумен өртелсе, жаңадан жазылған шығарма жоқтың қасы болды. Иран екі ғасыр шамасында ұлттық рухани-мәдени тәуелсіздіктен мақұрым қалды.

Бұл жағдай шамамен IX ғасырға дейін созылды. Осы кезден бастап ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайтадан жаңғырту жолында іс-әрекет жасалып, Орта Азия мен Хорасанда халифат билігіне қарсы әлеуметтік-экономикалық, саяси қозғалыстар етек ала бастады. Әртүрлі толқулар мен қозғалыстардың нәтижесінде билік басына алдымен Таһир әулеті (821-873), олардың соңынан Саффар әулеті (873-903) келді. Кейін Бұхарада әдеби, ғылыми қолданыстан шығып, саяси салада мәртебесін жоғалтып бара жатқан парсы тілін қайта жандандырып, жаңғыртуға көп үлес қосқан, парсытілдес ақын-жазушылардың шығармашылықтарын қолдап, оларға қамқорлық жасаған әйгілі Саман әулетінің (874-999) билігі орнады.

Саман әулетінің келуімен парсы тілінің дәрежесі қайта көтеріліп, ұлттық дәстүр, мәдени құндылықтар, әдебиет қайтадан жаңғырып, жандана бастады. IX ғасырдан бастау алып, XV ғасырларға дейін жалғасын тапқан Иран әдебиетінің «алтын ғасыры» бүкіл әлем мойындаған ұлы ақындарымен ерекшеленеді. Бұл кезеңдегі әдебиетті «классикалық әдебиет» деп атау үрдіске айналған.

Классикалық парсы әдебиеті әлем мойындаған парсытілдес шайырлардың негізі ислам діні аясында қалыптасқан, шығармалары кейінгі ақындарға сара жол көрсетіп, үлгі-өнеге болған, тіпті күні бүгінге дейін құнын жоймаған, нығайған шығармашылық дәстүр. 

Иран әдебиетін, соның ішінде поэзиясын адамгершілік, ізгілік рухтағы туындылары арқылы әлемдік әдебиет деңгейіне көтерген ақындар – Рудаки (860-941), Фирдоуси (941-1020), Низами (1141-1203), Руми (1207-1273), Сағди (1210-1292), Хафиз (1325-1389), Жәми (1414-1492) жырлары қаншама ғасырлар өтсе де өз мән-мағынасын жоймай, өміршең қалыптарынан танбауда. Осы тұрғысында хакім Әбілқасым Фирдоуси ежелгі Иран халықтары туралы тарихи тақырыпты қамтитын “Шаһнама” дастанында былай дейді:

                             Жел мен жаңбырдан мүжілмейтін,

                             Өлеңнен биік сарай салдым.

                             Осы отыз жылда көп мехнат шектім.

                            Парсы тілі арқылы “әжәмды” тірілттім.

                            Өлмеймін, бұдан былай мен тірімін.

                            Өлең сөздің тұқымын септім,

                            Ақылды, діні дұрыс жанның бәрі

                             Мен өлген соң маған мадақ жаудырады.

Пей афкандам аз назм кахи боланд,پی افکندم از نظم کاخی بلند                                   

Каз бад о баран найабад газанд, کز باد و باران نیابد گزند                                         

Баси рандж бордам дар ин сал сиبسی رنج بردم در این سال سی                                     

Аджам зенде кардам бедин парси. عجم زنده کردم بدین پارسی                                       

Немирам аз ин пас ке ман зенде-ам                                  نمیرم از این پس که من زنده ام 

Ке тохм-е сохан ра параканде-ам.                                       که تخم سخن را پرا کنده ام                                         

Һар ан кас ке дарад хуш ағл о дин                              دین   هر آن کس که دارد خوش عقل و  

Пас аз марг бар ман конад афарин.                              پس از مرگ بر من کند آفرین.               

Шығыстанушы ғалым Е.Э.Бертельс «парсы әдебиеті» деген терминге мынадай анықтама береді: «Бұдан былай “парсы әдебиеті» деп олардың авторларының шыққан тектері мен сол шығармалар туындаған жағырапиялық мекенге қарамастан жаңа парсы тілінде жазылған барлық әдеби шығармаларды атайтын боламыз. ...«Парсы әдебиеті» деп Жерорта теңізі жағалауларынан Үндістанға дейінгі жерлерді мекендейтін көптеген халықтардың талпыныстарының арқасында жаңа парсы тілінде жазылған әдебиет аталады». Ғалымның «парсы әдебиеті» деген терминге мұндай анықтама беріп, атын атап, түсін түстеп, нақтылап жатуының себебі шығармаларын парсы тілінде жазған ақындардың ұлттық шығу тегі мен мекен еткен аумақтарының әртүрлі болуына байланысты. Мәселен,парсы өлеңінің негізін қалаушы Рудаки қазіргі Тәжікстан Республикасындағы Панджакент деген жерден болса, парсы тілінде «Бестік – Хамса» жазу үрдісін қалыптастырған Низами қазіргі Әзірбайжан Республикасының Ганже деген қаласында ғұмыр кешкен. Шығармаларын парсы әдебиетінің “үнділік” стилінде жазған Әмір Хосрау Деһлеви шығармашылығы Үндістан топырағында өрістеген. 

- Сол арқылы парсының классикалық поэзиясы тұтас әлем әдебиетінің өркендеуіне өз ықпалын тигізді ғой?

- Әлем әдебиетіндегі ұлы тұлғалар да парсы ақындарының даналықтарына бас иген. Н.Г.Чернышевский «Шаһнаманың» мәңгіліктігінің сырына үңілгенде, оның негізгі себебі Фирдоуси поэзиясының қайнар көзі халық шығармашылығынан бастау алғанында деп тұжырым жасайды. Омар Хайям рубаяттарын Фицжеральд ағылшын тіліне аударып, Еуропа халқына  таныстырды. XVIII ғасырда неміс шығыстанушысы фон Хаммер парсы поэзиясының жеті ақынын әлемдік дәрежедегі ақындар ретінде мойындап, Фирдоуси, Низами, Анвари, Руми, Сағди, Хафиз, Жәми өлеңдерін неміс тіліне аударады.

Классикалық дәуірдегі (IX-XV) парсы поэзиясының әлемдік деңгейге көтерілуі тек жоғарыда аты аталған ақындардың ғана емес, сонымен қатар оларға дейінгі, олардан кейінгі Шаһид Балхи, Касайи Марвази, Дақиқи, Асади, Фаррухи, Онсори, Манучехри, Насер Хосроу, Бихақи, Санайи, Баба Таһир,  Хақани, Аттар, Омар Хаям сынды және тағы да басқа парсы тілінде жыр жазып, әдебиеттің дамуына өзіндік үлестерін қосқан ақындардың да еңбектерінің жемісі деп білу керек. Соңғы ақындардың есімдерін атамай кету парсы әдебиеті тарихын мансұқ ету болар еді. 

Абай «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінің соңында Ғұламаһи Дауанидың есімін атайды:

Мұны жазған білген құл – 

Ғұламаһи Дауани,

Солай депті ол шыншыл.

Сөзін оқы және ойла,

Тез үйреніп, тез жойма,

Жас уақытта көңіл гүл.

Абай өлеңіне есімін қатыстырып, «сөзін оқып, ойлануға» шақырған адам –  Иранның Шираз қаласының жанындағы Даван деген қышлақта һижри жыл санағы бойынша шамамен  830 жылы  дүниеге келіп, 908 жылы қайтыс болған,  ірі ойшыл, хакім, қара сөздің хас шебері, «Давани» және «Мохаққеқ» деген лақап есімдермен танымал Джалал ад-дин Мұхаммед ибн Асад Казеруни Сиддиқи мен Абай арасындағы әдеби-шығармашылық байланыс жайлы абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлы алғашқылардың бірі болып атап, кейінгі жас ғалымдарға ойтүрткі тастаған болатын.

Абайдың құнды ой-пікірлерінің Дауани көзқарасымен ұштасатыны жайлы тәжік ғалымы А.Нуралиев зерттеулерінде де қарастырылған. 

Парсы тілінде жазылған Мұхаммед Моиннің түсіндірме сөздігінде Давани туралы мынадай мәлімет берілген: «Толық есімі Джалал ад-дин Мұхаммед ибн Сад (Сад ад-дин) Асад Казеруни (1427-15074). Казерун қаласынан он екі шақырым қашықтықта орналасқан «Даван» ауылынан шыққан. Әкесі Казеруннің қазысы болған. Давани өмірінің алғашқы жартысын туған жерінде өткізді. «Дар ал-айтам» медресесінде  тәлім-тәрбие алып, этика ғылымдарымен айналысқан. Артында көптеген әдеби мұра қалдырған. Соның ішінде «Ахлақе Джалали» (Джалали этикасы) атты еңбегімен даңқы шыққан».

Ақындық кітапханасынан кездесіп отырған дереккөздері Абайдың парсы тілінде жазылған еңбектерді оқып, зерделеп, қажетінше өз шығармашылығына арқау еткенін дәлелдей түседі.

Абай Шығыс ақындары есімдерін санамалап өтетін өлеңінде парсы поэзиясының негізін қалаушы Рудакидің есімін атамаса да, екі ақынның табиғат тақырыбын жырлаудағы өлеңдерінің сарындас, мазмұндас екенін байқаймыз.

Осы ретте әдебиеттану ғылымында жеке авторлардың сырттай бір-бірінің шығармашылығына еш қатысы жоқ болып көрінгенімен, іштей өзара мазмұндас, сарындас, типологиялық ортақ тақырып негізінде үндесетіні жайлы айтқан әдебиет мамандарының, оның ішінде М.Бахтиннің: «Бір-бірі туралы ештеңе білмейтін екі адамның сөзін салыстырғанда, егер олар тіпті сәл де болса бір тақырыпты (ойды) қозғайтын болса олар ырықсыз түрде бір-бірімен диалогтық байланысқа түсіп, бір-бірімен ортақ тақырып, ортақ ой аумағында түйісетін болады» - деген тұжырымының біздің зерттеуіміз үшін мәні зор. 

- Олай болса бұл әңгімені келесі сұхбатымызда жалғастырсақ. 

Жалғасы бар


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар