Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Айнаш Қасым. Хафиз ғазалдары қарама-қарсы ұғымдарғ...

29.03.2024 1056

Айнаш Қасым. Хафиз ғазалдары қарама-қарсы ұғымдарға толы 14+

Айнаш Қасым. Хафиз ғазалдары қарама-қарсы ұғымдарға толы - adebiportal.kz

Назарларыңызға абайтанушы, шығыстанушы, парсы тілі мен әдебиетінің маманы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Қасым мен болған сұхбатымыздың жалғасын ұсынамыз.

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ:

- Сіз «Абай және парсы әдебиеті» еңбегіңіздің бір тарауын тұтастай Абай мен Хафиз шығармашылығының үндестігіне арнайсыз. Жай ғана үндестік емес, екі ақынның жүрек ілімі хақынды толғанасыз?

- «Кәміл инсан» (انسان کامل) – «толық адам» түсінігі Абай шығармашылығында әр қырынан жан-жақты қарастырылады. Ақын:

              Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

              Сонда толық боласың елден ерек. 

 

              Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

              Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, - деп кемелділікке ақыл, қайрат, жүректі тең ұстағанда ғана жетуге болатынын айтады. Осы үшеуінің бірлікте болғанын қалаған ақын он жетінші қара сөзінде: «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет» - деп жүректі басты орынға қояды. Ал он төртінші қара сөзінде Абай оқушысына: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма?» деген сауал қойып, он жетінші сөзінде жүректің атынан оның адам денесінің патшасы, жанның тұрақ еткен мекені, тіршіліктің көзі екенін айтады. Жүрек өзінің соғуын тоқтатып, қызуынан айрылса, дененің басқа мүшелерінің қауқарсыз күйге түсетінін ақын былай жеткізеді:

              Жүректен қызу, қызба кете қалса,

              Өзге тәннен еш қызық іс табылмас 

Лүп-лүп соққан жүрек тіршілік иесі ғұмырының жалғасын тауып, әлі дәм-тұзы таусылмағанының белгісі. Жүрек – адам ағзасында ең басты қызмет атқаруымен қатар, ауыспалы мағынасында адам баласының ішкі жан дүниесінің, рухани сезімінің айнасы. Абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұлов: «Адам көкірегі – сезімнің ұясы. Оны бірінен соң бірін туындатып, бірімен-бірін шарпыстырып, бірін тұтандырып, бірін тұншықтырып жататын майдан алаңы – жүрек» - деп жүректің анатомиялық мағынасынан гөрі екінші ауыспалы мағынасының қызметіне көбірек мән береді. Рухани сезім айнасы арқылы адам ақиқатты танып, болмысты түсінетін мүмкіндікке ие болады. Абайдың өзі: «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деп жырлағандай, мейірім, адамгершілік, махаббат сияқты биік сезімдердің жүрек көзі арқылы ақиқатқа жол ашатыны сөзсіз.

Әлем мойындаған парсы әдебиетінің Рудаки, Фирдоуси дәуірінің ақындары ақылды дәріптесе, Низами, Хафиз, Руми, Жәми сынды ақындар жүректі шешуші орынға қойып, оның қадір-қасиетін асқақтатып, мәртебесін жоғары көтеріп, жеріне жеткізе жырлаған. Қазақтың біртуар ақыны Абай да шығармашылығында жүрекке екпін түсіріп, оны әр қырынан сипаттап, өрнектеген.

С.Дәуітов Абайдың 1892 жылы жазылған «Жүрегім, ойбай, соқпа енді!» өлеңін талдай келе мынадай пікір айтады: «Абайдың бұл туындысынан жүректі Шығыс классиктерімен тең дәрежеде жырлай алғандығын, тіпті кейбір тұстарда асып кеткендігін көруге болады».

Қазақ ақыны адамның сол жақ кеудесінде орналасып, басқа дене мүшелеріне қан тасымалдау қызметін атқаратын, көлемі жұдырықтай жүректің анатомиялық қасиетін ғашықтық жырларына арқау етпегені белгілі. Сондықтан Ұстаз Абай шығармаларындағы жүрек сөзінің мағынасының қандай екенін, ақынның оны қай қырынан, қандай қасиеті жағынан қарастырғанын зерделеп көрейік.

Абай шығармашылығын қарастыру барысында ақынның жүрек тақырыбын адамгершілік, махаббат сияқты адам баласына Жаратушы тарапынан сыйға берілген биік сезімдер тұрғысынан жырлағанын байқаймыз. Осы тұрғыда Абайдың Шығыс әдебиеті, мәдениетімен байланысын көп зерттеген абайтанушы ғалым М.Мырзахметұлының пікірі көңіл аударарлық: «Қазақ әдебиетінің сан ғасырларға созылған тарихында бірде-бір қазақ ақыны жүректің адам өмірінен алатын орны мен атқарар қызметін соншалықты жан-жақты терең мағынада, философиялық, гуманистік астар беріп, оны ақындық тіл өнерінде құлпырта ойнатып, Абайша толғай алған емес. Абайдың жүрек жайындағы танымдары арнайы зерттеуді қажет етеді». 

Абай өлеңдерінде жүректің әр қырын, сезімнің сан қатпарын ашып көрсету үшін алуан түрлі эпитет пен метафораны қолданып, қазақ поэзиясының тілін өрістетіп, оны шеберліктің шыңына шығарды. Абайдың жүрекке қатысты қолданған теңдессіз теңеулері қазақ поэзиясында даралығымен, жаңалығымен ерекшеленеді.

Эпитеттің сөз өнеріндегі ролін А.Шалыгин анықтамасы нақты айқындайды: «Сөздің бейнелігі мен әсерін күшейтетін өте ықпалды тәсілдердің бірі – эпитет. Эпитет деп заттың, яки құбылыстың мәнерлілігін арттырып, дәл сол жағдайда оның белгілерінің бірін бірінші орынға шығарып, оқырманның ерекше назарына ұсынатын заттың қарапайым атауына үстелетін сөз немесе сөздер аталады».

- Абай шығармашылығындағы «жүрек культі» киелі ұғымдармен астасқан күрделі нысан екені анық. Сіз оны жүректің әспеттелуі деп тамаша пайымдапсыз?

- Кейде ақынның жүрек деп толғаған бейнесі адамның дене мүшесі емес, жеке бір тұлғаның өзі сияқты. Жеке тұлға дегенде де жай адам емес, ақын Абайдың өзінің басынан кешкен ғұмырнамасы осы жүрек бейнесі арқылы көрініс тапқандай. Жастық ғұмырдың жалын атқан ыстығы мен жасы ұлғайған кездегі суығынан бастап, өмірдің ащы-тұщысын молынан татып, қоғамдағы келеңсіздіктерге, өз халқының надандығы мен артта қалғандығына жаны күйзелген ақынның жан тебіренісін сипаттайтын ақынның жүрегі ақынның өзінің лирикалық бейнесіне келеді. Ақынның қамығып:

              Жүрегім менің қырық жамау,

              Қиянатшыл дүниеден.

              Қайтып аман қалсын сау,

              Қайтқаннан соң әрнеден! - деп айтқан ішкі күрсінісі мен күңіренісі осы ойымызды нақтылай түседі. 

Біздің ойымыз абайтанушы ғалым З.Ахметовтің пікірімен дәйектеле түседі: «Абай шығармаларында алдымен мейлінше мол, әр қырынан көрінетін, әрине, ақынның өз бейнесі, өз тұлғасы. Лирик ақын қоғам өмірінің шындығын өз көңіл күйін білдіру арқылы танытады. Ақынның өз тұлға бейнесі оны тебіренткен ой-сезімдерден, айтылып, баяндалып отырған өмірдегі алуан түрлі жағдайларға, қоғамдық мәселелерге, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттеріне оның қатынасынан, берген бағасынан айқындала түсіп, жан-жақты толық көрініс табады».

Зерттеуші Т.Шапаев Абайдың қажырлы шығармашылығының арқасында қазақ лирикасының жаңа болмыс, кемел бітімге ие болғанын, қазақ поэзиясына шын мағынасындағы лирикалық тұлғаның келгенін былай байыптайды: «...Қоғамдық тарихи жағдаяттар, әлеуметтік мәні бар оқиғалар ел мұңы, халық тағдыры сияқты үлкен мәселелер ақынның өз тағдырының, өз ғұмырбаянының фактісіне айналған. Қандай келелі мәселені де ақын, сондықтан, өз ойының сарабына салып, өз сезімінің сәулесіне бөлеп, өз көңіл-күйінің ыстық-суық әсеріне өткізіп барып бейнелейді. Сол сарап, сол сәуле, әсер өлеңннің өз мазмұны болып табылуы – хас лириканың ең басты сипаты десек, Абай лирикасының тұлғасы сол лирикалық мазмұнның сом тұтқасы болып тұрпат түзеді». 

Шығыс ақындарының ішінде Хафиз, Руми, Жәми сияқты парсы ақындары жүрек бейнесін биік көтеріп жырлағаны мәлім. Әсіресе, парсы ақындарының ішінде әлем әдебиетінде өзіндік орны бар, неміс ақыны Гетені табындырған «Лесан ал-ғейб» – «Ғайыптың тілі» деген лақап атпен танымал шираздық Шамс уд-дин Мұхаммад ибн Мұхаммед қожа Хафиз – ғашықтықты, махаббатты, сүюді жырлаған ақын. 

- Осы жерде сәл шегініс жасап, шығыстың ұлы шайыры Хафиздің өмір жолынан оқырманға мәлімет бере кетсеңіз?

- Шамс уд-дин Мұхаммад ибн Мұхаммад қожа Хафиз  һижри жыл санағы бойынша VIII ғасырдың алғашқы жартысында (милади жыл санағы бойынша 1317-1390 ж.ж.) әл-Инджу мен әл-Мозаффардың билік еткен тұсында Ширазда дүниеге келді. Хафиз жинағының алғашқы құрастырушысы, сабақтас досы – Мұхаммад Гуландам оның толық аты-жөнін төмендегідей етіп береді: Моулана ул-Азам, Ал-мархум Аш-шахид, Мафхар-ул-Олама, Остад-Нахарир-ул-Удаба, Шамсуллах Валеддин Мохаммад ул-Хафиз аш-Ширази.

Көптеген деректерде әкесінің аты Баһа уд-Дин деп жазылған. Әкесі Баһа уд-Дин қайтыс болған соң оның ұлдары жан-жаққа тарап кетеді. Кішкентай Шамс уд-Дин анасымен Ширазда қалады. Олардың ендігі өмірі тапшылық пен таршылықта өтеді. Сол себепті Хафиз ақ пен қараны ажырататын жасқа жеткеннен кейін-ақ наубайханаға жұмысқа орналасып, еңбек ете бастайды. Білім-ғылымға, өзін-өзі рухани жетілдіруге деген құштарлық Хафизді білім ордасы – медресеге жетелейді. «Мейхане» антологиясында (Тазкарейе мейхане) жазылғандай, Хафиз күнделікті нанын тауып жеумен қатар өзінің сауатын ашып, білімін жетілдіруге көп көңіл бөледі.

Осыдан кейін Хафиздің өмірі күрт өзгереді. Ол енді ғылыми, әдеби орталарда жиі көріне бастайды. Шираздағы сол дәуірдегі ғалымдар мен әдебиетшілердің дәрістерін бойына сіңіріп, білім нәрімен сусындауды басты мақсат етіп ұстанады. Сонымен қатар әдебиет пен шариғат ғылымдарының негізгі еңбектерін, соның ішінде аз-Замахшаридің «Кашшаф» еңбегін зерттеп, зерделеуге кіріседі.

Ұстазы Ғавамуддин Абул Бағо Құранды мақамдап оқудың жеті түрін білген, ал алғыр шәкірт Шамс уд-Дин Құранды жатқа айтудың он төрт түріне машықтана бастайды. Өзінің ғазалдарында Құранды жаттап жүргендігі жайлы үнемі тілге тиек етіп, Алла сөзін жиі қолданады. «Хафиз» деген «тахаллоспен» – әдеби бүркеншік есіммен танылуының негізгі себебі де Құранды жатқа айтқандығымен тығыз байланысты.   

Хафиз Моуләви, Кемал, Сағди, Оуһади, Хаджу сынды ақындардың тамаша ғазалдарынан үлгі-өнеге алып, өзінің теңдессіз туындыларын дүниеге әкелді. Әсіресе, Хаджу жинағының екінші бөліміндегі ғазалдарының әсері Хафиз шығармашылығынан қатты сезіледі. Қожа Хафиз жерлесі Сағдидің ұлылығын мадақтап, бірақ өзінің Хаджудің ізбасары екенін былай жеткізеді:

          Жұртқа мәлім, сөздің ұстазы – Сағди,

Бірақ,  Хафиз Хаджудің әдісін ұстанады.

Остаде сохан Саадист назде һаме кас, аммо,استاد سخن سعدی ست نزد همه کس اما       Дарад сохане Хафез тарзе сохане Хаджу.                دارد سخن حافظ طرز سخن خواجو.     

Хафиз шығармашылығына, әсіресе ғазалдарына Хаджуден кейін әсер етіп, ықпалын тигізген келесі ақын – Салман Савужди. Салман Савуджи де Хаджу сияқты Хафиздің танымал замандастарының бірі болған.   

Қазақ ғалымы Р.Бердібаевтың Хафиз ғазалдарының тақырыбы – махаббат жайлы айтқан ойлары дәлдігімен ерекшеленеді: «Өзінен бұрын сан шайыр шабыттана жырлаған махаббат тақырыбын Хафиз дәстүрлі сөз кестелері ауқымында отырып-ақ құлпырта толғаған, ғашықтық ғазалының қол жетпестей мұғал мұнарасын орнатқан. Өлең кестесінің жалт-жұлт ойнауы, қарапайым тіркестермен ұлы ақиқаттарды айта алуы шайыр шығармаларының өзгеше бітімін, кереметін көрсетеді».

Қазақ оқырманын Хафиздың сыршыл ғазалдарымен таныстырған –  Әбіраш Жәмішев. 

- Сол замандағы Шығыс шайырларының стильдік ерекшеліктеріне тоқтала кетсеңіз?

- Иранның орталық қалаларынан бастау алып, Хорасан аумағынан шеткері дамыған, һижри жыл санағы бойынша жетінші ғасырда басталып, сегізінші, тоғызыншы ғасырларда жалғасқан парсы әдебиетінің екінші стилі «Арақи» деп аталады. Бұл стильдің көрнекті өкілдері – Сағди, Моуләви, Хаджу, Хафиз және тағы да басқа осы кезеңде ғұмыр кешкен парсытілдес ақындар.

Бұл стильде жыр толғаған ақындардың шығармаларында араб сөздері молынан ұшырасады. Ақындар тұспал, емеурін, жұмбақтап айтуға бой ұрған. Олардың өлеңдерінде сыртқы мағынаға емес, ішкі мағынаға көбірек мән беру басым болды. «Хорасан» стилімен салыстырғанда уәзін өлшемінің мейлінше ырғақты түрін пайдалануға көңіл бөлінді, яғни сөздер бірінен соң бірі тізбектеліп, жеңіл, жұмсақ айтылды. Өлеңнің негізгі жанры – ғазал. Тақырыбы – сопылық, ғашықтық, философиялық, мінез-құлық қағидалары.

Осы стильдің белді мүшесі Хафиздің махаббат, ғашықтық тақырыбына жазған ғазалдарының деңгейі басқа ақындардың туындыларының бәрінен жоғары. Оның ғазалдары парсы тілінде жазылған ғазалдардың ішіндегі ең кемел ғазал саналады. Хафиз сөзінің ерекшелігінің бірі ол – мистикалық, философиялық мағынаны нақты жеткізуінде, өзінің әдемі қиял-арманының жемісін, ойларын түсінікті, дұрыс тіркестермен өрнектеуінде. Әр бәйітте, тіпті кейбір кездерде әрбір мысрада нақты ой бар. Әрине мұндай ақындық шеберлік парсы поэзиясында соны әдіс болмаған, бірақ Хафиз бұл тамаша тәсіл мен түрге жаңаша реңк беріп, әрі қарай жетілдіре түскен.

Хафиз ғұмырының соңғы бөлігі Ақсақ Темірдің парсы жұртын жаулап алу кезеңіне дөп келген. Ақсақ Темір Фарсты басып алып, Мансұр шаһты өлтіргеннен кейін шираздық қожа Хафизді шақыртыпты-мыс. Хафиздің кескін-келбетінен жоқшылықтың табы менмұндалап тұрады. Ақсақ Темір: «Ей, Хафиз! Мен Самарқанд пен Бұхараны гүлдендіремін деп семсердің ұшымен жер бетінің күл-талқанын шығардым. Ал сен болсаң соларды үнділік қалы үшін ғана түріктің бір сұлуына сыйға тартпақ болып: 

       Егер шираздық түрік аруы менің сезіміме жауап берсе,

       Үнділік қалы үшін Самарқанд пен Бұхараны сыйлар едім.

 

Агар ан торке ширази бе даст арад деле ма ра   اگر آن ترک شیرازی به دست آرد دل ما را

Бе хале һендуйаш бахшам Самарқанд о Бохара ра به حال هندویش بخشم سمرقند و بحارا را 

- дейсің. Бұл не дегенің?», - деп қаһарланғанда, Хафиз: «Сол сыйға тарта беретіндігіміздің салдарынан осындай халге жеттік қой», - деп жауап беріпті.

Хафиздің бақи дүниеге өткен уақыты һижри жыл санағы бойынша 792 жыл деп есептелінеді.   

- Біз әдетте Шығыс поэзиясына тән ғазал жанрын көп тілге тиек етіп жатамыз, осы өлең үлгісінің табиғаты қандай?

- Ғазал – VII ғасырда араб әдебиетінде пайда болған, төрт немесе он төрт бәйіттен тұратын, бір уәзінге құрылатын, махаббат тақырыбына жазылатын лирикалық өлең түрі. XI ғасырдан бастап, соңғы бәйітте ақынның «тахаллос» – бүркеншік атын жазу үрдіске айналды. 

Хафиз ғазалдарының негізгі тақырыбы – махаббат жайлы ирандық белгілі ғалым Абдулхосейн Зарринкуб өзінің «Махаббат, қай махаббат?» атты ғылыми мақаласында нақты көзқарасын білдіреді: «Еш күмәнсіз, Хафиздің лирикалық ғазалдарындағы ақын ойларының анық көзге түсер қыры – махаббат тақырыбы. Оның басқа ой-толғамдарының бәрі де осы тақырыппен тығыз байланысты». 

Келесі ирандық ғалым Кавус Хасанли Хафиз ғазалдарының ғашықтық тақырыбына қатысты ойын былай пайымдайды: «Хафиз махаббат сезімін мейірімді Алланың адамға аспаннан тарту еткен сыйы деп түсінеді. Ақын түсінігінде адамның тұғыры ғашықтық сезімін түйсіне алуының арқасында Алланың жаратылыстарының бәрінен, тіпті періштеден де жоғары»:

      Ей, шарапшы, періште махаббаттың не екенін білмейді,

      Саптыаяқ алып, алқызыл суды Адамның топырағына құй.     

      Фереште ешқ на данад ке чист, ей сақи                       فرشته عشق نداند که چیست Хаһджам о голоби бе хаке Адам бе риз.          خواه جام و گلابی به خاک آدم بریز.                                                              

Хафиз ғазалдары адамдарға бақыт сыйлайды. Ғашық жан – бақытты жан. Ғашықтықты сезінбеген, түйсінбеген, басынан өткермеген адамның махаббат жайлы жыр жаза алмасы белгілі. Парсы ақыны Хафиз өзінің ғазалдарында ғашық. Оның ғашық екендігінен тіпті «қарауыл да, Сүлейменнің уәзірі Асаф та хабардар»:

              Хафиздің ғашық екенін, қарауыл біледі,

              Сүлейменнің уәзірі Асаф та хабардар.

 

Мохтасеб миданад ке Хафез ашеқ аст, می داند که حافظ عاشق است                    محتسب 

Ва Асаф малеке Сүлейман низ һам.                            و آصف مالک سلیمان نیز هم.                       

Хафиз ғазалдарының сөздігін зерттеушілердің пікірі бойынша, «мохтасеб», «қарауыл» – Мұхаммед Мобарез ад-дин әмірдің лақап аты екен. Ол он үш жыл көлемінде Ширазда билік етіп, елдің тыныштығы мен азаттығының кепілі болған Джамал ад-дин Әбу Ысқақ (758 һижри жылы қайтыс болған) шейхті қаланың дарбазасындағы дарға асып, елдің берекесін кетірген. Асаф – Сүлеймен патшаның ақылдылығымен даңқы шыққан уәзірі. 

Енді бірде Хафиз, керісінше, өз сырының, сезімінің ашылатына қауіп білдіріп, қынжылыс танытқандай болады:

              Жүрек тулап, ырыққа көнбей барады,

              Әттең, құпия сырым әшкере болады-ау... 

Дел миравад зе дастам, саһебделан хода ра, دل می رود ز دستم صاحب دلان  خدا را        Дарда ке разе пенһан хаһад шод ашкара.                 دردا که راز پنهان خواهد شد آشکارا.         

- Парсы ақынының шығармашылығындағы мұндай екі жақты ұстанымының сыры неде деген сұрақ туып тұр?

- Бұл сұраққа жауап іздегенде, ирандық ғалым Мансур Паймард Азза ид-Дин Насафидің (1300 жылы дүниеден өткен) «Инсан ал-камел» (انسان الکامل)  – «Толық адам» шығармасындағы адам баласы ғашықтық сезімін басынан өткеру керектігін, бірақ оны сыртқа шығармай, ішінде сақтау қажеттігі жайлы айтқан мына бір пікірін дәлел ретінде алдыға тартады:

«Әй, дәруіш! Ғашық болып көрмеген адам пәк болмайды, ешқашан пәктікке жетпейді. Егер ғашық адам өз сезімін әшкере етсе, былғанышқа айналып, пәктігін жоғалтады. Өйткені, ол көз арқылы жүрегіне жеткен отты тілі арқылы сыртқа шығарып, күйген жүректі орта жолда қалдырады. Бұдан кейін әлгі жүрек не бұ дүниеде, не о дүниеде ештеңеге жарамайды». 

«Бұл өмірдің қызығы махаббатпен», «Махаббат – өмір көркі, рас», «Махаббатсыз дүние – бос» деп жырлаған қазақтың бас ақыны Абай шығармашылығын қарастыра келе, оның да Хафиз сынды Адам баласының бойына сыйға берілген ең қасиетті сезім – ғашықтықты жүрегімен терең түйсініп, жүрекпен байланыстыра, кең көлемде жазғанын көреміз. Басқаша жазу мүмкін емес. Өйткені, махаббат – тікелей жүректің ісі:

              Кейде есер көңіл құрғырың

              Махаббат іздеп талпынар.

              Ішем деп бейнет сусынын,

              Асау жүрек алқынар.

 

              Ет жүрек өртенді,

              От боп жанып,

              Жалын шалып,

              Ішіме.

              Иттей қормын,

              Зармын,

              Сен үздің ғой бұл желкемді.

 

              Біздердей ғашық көп,

              Қайсысы саған дөп?

              Жөндеп те айтпадым,

              Жүрегім лүпілдеп.

Абайға дейін өзіміздің төл әдебиетімізде ғашықтық тақырыбына арналған көлемі шағын өлеңдер сирек еді. Бұл тақырып белгілі бір ақынның жеке-дара шығармашылық жазу нысанасына ілінбеген болатын. Оның да өзіндік себептері бар. Ең алдымен қазақтың ұлттық табиғи мінез-құлқы мен әдет-ғұрпында жатыр. «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін қазақ қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік, махаббат сезімдерін өлеңге қоспақ түгілі, ашып айтпайтын да еді. Ақынның өлеңдері тыңдаушыға арналып шығарылатындықтан, олар ел арасына тез тарап кететін болған. Өз қызына біреудің ғашық болып өлең шығарғанын естіген ата-ана ыңғайсыз күйге душар болмақ. Жастардың өз сезімін жалпақ жұртқа жарияламау себептерінің бірі осында. Бұрынғы заманның жастары сүйіспеншілікті ауызша ашық айтуға ұялып, өз сезімдерін тұмшалап, сүйген адамдарына тұспалдап жеткізетін. Сүйген жастардың бір-біріне қосылып, бақытты болуы да некен-саяқ жағдай еді. Жаңашыл ақын Абайдың өзі «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінде: 

              Өлең шіркін  өсекші, жұртқа жаяр,

              Сырымды тоқтатайын, айта бермей.

деп көп ашыла бергісі келмей, сырғақсып, сыр сақтаған сыңай білдіреді. Бірақ ақын адами махаббат, ғашықтық тақырыбын сөз еткенде өзінің ішкі сыры мен жан дүниесіндегі құпиясы жайында оқушысымен ой бөлісуден қысылмайды, керісінше, ақтарыла, ағынан жарыла жырлайды: 

              Шын ғашық мен саған,

              Кейіп жүрсем,

              Сені көрсем,

              Ләм-мим деп

              Бір сөз айтар

              Хал жоқ,

              Еріп кетер бой сол заман.

Осындай жағдайларды назарға алсақ, қазақтың жазба әдебиетінің негізін салушы Абай шығармашылығындағы ғашықтық, махаббат лирикасы сонылығымен, жаңалығымен ерекшеленеді. Абайдың махаббат лирикасы – кез-келген алдыңғы қатарлы елдің әдебиетімен бәсекелесіп, сынға түсе алатын, классикалық деңгейге көтеріле жырланған бірегей, қолтума туындылар. Ақынның ғашықтық лирикасына жазған өз шығармаларының ішіндегі кейбір өлеңдеріне ән шығарып, қазақтың байтақ даласын пәк сезім –махаббатпен тербетіп, ән сүйер қауымның жүрегін баурауы да сол заман үшін жаңалық еді.

- Осы ретте бұрын-соңды ешбір қазақ ақынынан кезікпеген махаббат лирикаларының, Абай поэзиясынан жеке тақырып болып бой түзеуінің бір мәні Шығыстың ғашықтық ғазалдарында жатқанын аңдаймыз?

- Абай балаң кезінде Шығыс ақындарына еліктеп, сұлу қыздың жамалын «Иузі – рәушан, көзі – гәуһар» өлеңінде суреттеп бастап, «Әлиф дек ай иүзіңе ғибрат еттім» өлеңінде араб әліппесінің әріптік ретімен жалғастырып, кейін есейген кезінде ғашықтық, іңкәрлік тақырыбын «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Айттым сәлем, қалам қас» өлеңдерімен қорытындылайды. Ақын «Иүзі – рәушан, көзі – гәуһар» өлеңінде араб-парсы өлең өлшемі – ғарузды пайдаланып, жас сұлудың ай жүзін араб-парсы сөздерін қосып, парсы әдебиетінде жиі кездесетін «маһ сурат», «роушан рохсар», «чешман-е гоһар» сияқты теңеулерге ұқсас сипаттайды:

              Иүзі – рәушан, көзі – гәуһар,

              Ләғилдек бет үші әхмар.

                Тамағы қардан әм биһтар,

                Қашың құдірет, қоли шигә.

«Рәушан» – жарық; «гәуһар» – бағалы тас; «биһтар» – артық; «раһбар» – көсем, жол нұсқаушы.

Осы өлеңде кездесетін «шигә» сөзіне парсының «шик» әдемі, сұлу деген мағынасын білдіреді деген жаңсақ түсініктеме берілген. Шынтуайтында, «салтанатты, сәулетті» деген мағынаға ие, түбірі француз тілінен алынған «шик» сөзінің өзі парсы тіліне бертін енген кірме сөз. Сондықтан Абайдың өлеңінде кездесетін бұл сөздің түбірін парсыдан алған деуге негіз жоқ.

Сонымен қатар осы өлеңде Абайдың парсы әдебиетімен жақсы таныс болғанын растайтын Сүлеймен, Жәмшид, Ескендір сияқты әдеби кейіпкерлер есімдері де кездеседі:

              Сүләйман, Ямшид, Искандәр,

              Ала алмас барша мүлкигә.

Сүлеймен тегі исраилдық, мықты патша болған. Ол Алла тарапынан пайғамбарлыққа таңдалған. Жәмшид – Иранның ұлттық дастандарындағы Пишдадиан әулетінің төртінші патшасы. Ол ирандықтар үшін көптеген әдет-ғұрыптың негізін қалаушы деп есептелінеді. Ескендір – қасиетті Құранда есімі аталатын Ескендір Зұлқарнайын. Ескендір – Фирдоуси, Низами, Деһлеви, Жәми шығармаларының кейіпкері. 

Абай жас сұлуға есімдері аталған патшалардың қанша мықты, орасан байлық, мал-мүлік иелері болғандарына қарамастан, олар «сені ала алмас» дейді.   

- Хафиздың ғашықтық ғазалдарының мәні мен мазмұны, түп мағынасы неде деп ойлайсыз?

- Парсы ақыны Хафиз ғашықтық тақырыбындағы жасампаз ғазалдары арқылы сүйе білуді, сүйікті болуды үйретеді, өмірден түңілген жандардың үміт отын жалғап, жүректеріне сенім ұялатады, адасқандарға шырақ жағып, жол көрсетеді. Ал махаббат, сүйіспеншілік, мейірім, адамгершілік сияқты Адам баласының бойына тән ұлы қасиеттердің сезім ошағы – жүрек. Хафиздің сөздік қорын қарастыру барысында көзіміздің жеткені, ақын махаббат, ғашықтықты жырға қосқанда сүйіспеншілікке қатысты мей – шарап; йар – жар, дос; ешқ – махаббат; чешм – көз; золф – бұрым сияқты сөздерді жиі пайдаланған. Сайып келгенде осы сөздердің ешқайсысын жеке-дара, сезімнің айнасы – жүрексіз көз алдыңызға елестету, тіпті елестетпек тұрмақ, олар жайлы ойлау мүмкін емес. Сондықтан Хафиз өз ғазалдарында махаббатты, ғашықтықты жырлағанда осы сөздерге тірек етіп «жүрек» сөзін жиі қолданады. Парсыша «дел» деген «жүрек» сөзі Хафиздің бес жүзге жуық, нақтырақ айтсақ, 495 ғазалының өзегі, негізі десе болғандай.

Ирандық ғалым Мансұр Паймард «Жүрек – Хафиз өлеңдерінің мағыналық негізі» атты мақаласында Хафиздың диванында «дел»­ – жүрек сөзі және жүрекпен келетін сөз тіркесі 607 рет, осы сөздің араб тілінен енген синонимі «ғалб» 15 рет қолданылған деп есептейді. Әрине, ақын шығармасында «ғалб» сөзі аллегориялық астармен құбылтылған түрде  басқа  жерлерде де көптеп кездеседі. 

Хафиз ғазалдарында да  жүрек алуан түрлі эпитеттер арқылы берілген: «дел-е азарде – қиналған жүрек», «дел-е сангин – тас жүрек», «дел-е ғамзаде – қапалы жүрек», «дел-е саргаште – сергелдең жүрек», «дел-е мескин – міскін жүрек», «дел-е сауда заде» – ғашық жүрек»,  «дел-е маджруһ – жаралы жүрек»,  «дел-е заиф – әлсіз жүрек»  және т.б. 

Сөйтіп, Хафиз да ғазалдарында Абай сияқты жүрекпен тілдеседі, сырласады: 

Ей, жүрек, жастық дәурен өтті, қызықтан пайда таппадың.

Есіңде болсын, қартайғанда жас кездегі қызық ұят пен жаманатқа қалдырады. 

 

Ей, дел шабаб рафт о начиди голи зе ейш, ای دل شباب رفت و نچیدی گلی ز عیش           Пиране сар бекон һонари нанг-о нам ра. پیرانه سر بکن هنری ننگ و نام را.         

Сүйгенім үшін жүрегім мен дінімді де жоғалттым,

«Аулақ жүр» деді ол маған, сен есіңді жоғалттың.

 

Дел о динам шод о делбар бе маламат бархаст,    دل و دینم شد و دلبربه ملامت بر خواست 

Гофт ба ма манешин каз то саламат бархаст.      . گفت با ما منشین کز تو سلامت بر خواست

- Хафиздың «Сүйгенім үшін жүрегім мен дінімді де жоғалттым» деген жолдардың салмағы мен астары сан қатпарлы ойға қалдыратындай?     

- Хафиз ғазалдары бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар мен түсініктерге толы, сондықтан ақын ойы оқырман үшін одан әрі күрделене түседі. Мәселен, ақын «Сүйгенім үшін жүрегім мен дінімді де жоғалттым» деп, сүйіктісінің сұлулығына тәнті болып, жүрек тізгінінен айырылып, ғашықтық жолында дінін де жоғалтады. Құлай сүйгеніне қарамастан, сүйіктісінен сөгіс те естиді. Сүйіктісі жүрегінен, дінінен ажыраған жанды  ессіз адамға  балайды. Одан бойын аулақ сала бастайды. Демек, жүрек пен дін – адамзаттың адами амандығының екі тірегі. Жүрек пен діннен безгендер ғашықтыққа да жарамайды.

Хафиз ғазалдарындағы жүрек тақырыбының қазақ ақыны Абай шығармашылығындағы жүректі әспеттеу, мадақтауымен астарлас, өзектес екендігі – әдеби сабақтастықтың тағы да бір көрінісі.  Парсы ақыны өзінің ғазалдары арқылы жер бетіндегі жұмыр басты пенде мен Жаратушы арасындағы дәнекер, көпір бола білді.

Сопылардың ұғымында ғашықтық – Алла мен адам арасын байланыстырушы сезім. Ғашықтық сезімнің арқасында Алла мен адам арасындағы алшақтық жойылады.

Хафиздің жаны көбінесе, өзінің қиял-арманына ерік беретін оңашалықты қалаған. Жаны сопыларға жақын болғанымен ол дәруіштердің мекені – «ханагаһты» қоныс етпеген. Ұзақ сапарға шығуды, саяхаттап ел кезуді мүлде жақтырмаған. Ол шариғат ғылымдары саласының білгірі болған. 

Ғұламалардың түсінігі бойынша махаббаттың екі түрі болады екен: адамның Аллаға деген илаһи махаббаты және жігіт пен қыз, ер мен әйел арасындағы қарапайым адами, табиғи махаббат. Хафиз махаббаттың екі түрін де терең жырлаған. Оның ғазалдарында илаһи махаббаттың адами махаббатпен араласып кеткендігі соншама, олардың ара-жігін ашып, ажырату өте қиын. Әйтсе де хафизтанушы ғалымдар Хафиз ғазалдарын мазмұны жағынан бірнеше топқа бөліп қарастырады: 1. сопылық; 2. сопылық емес.

- Енді Хафиз әлемінің осы екі қанатын тарқатып айтып кетсеңіз?

- Сопылардың түсінігінде Алланың жамалы, Алланың дидары бәрінен артық. Сұлулық жағынан Аллаға тең келер ешкім жоқ. Сондықтан Хафиз сопылық ғазалдарында оқушысын әр нәрседен хабардар болып, бақытты өмір сүргісі келсе, «сұлулық сұлтанына» яғни Аллаға ғашық болуға, оған жетуге жол табуға үндейді.

Шығыстанушы ғалым И.Жеменей Хафиз шығармашылығындағы илаһи махаббат жайлы: «Хафиз Аллаға ынтызар, сол мағшұққа жетуге құмар. Ол  күндіз-түні шарқ ұрып, тынбайды, тіпті жүрегін де аямайды. Сопылық дәстүрмен Хафиз ғашық жүрегін көбелек пен шамға теңейді. Көбелекте көз жоқ. Ол өзі келіп шамға ұрынып, күйіп өледі. Ақын сондай көзсіз ғашықтықтан күйіп өлуге де даяр», - дейді.

Сопылық емес ғазалдарында Шығыс шайыры жер бетіндегі әйел мен ер адам арасындағы адами, табиғи сүйіспеншілікті жырлайды.

- Абайдың ғашықтық жырларында бұл екі ғазалдың қайсысы басым түсіп жатады?

- Абайдың шығармашылығын парсы әдебиетімен салғастыра зерттеу барысында аңдағанымыз, ол – ақынның махаббат лирикасының Шығыс әдебиетіндегі ғашықтық тақырыбымен үндестікте, сабақтастықта  жырланатындығы. Әйтсе де, қазақ ақынының өлеңдерінде махаббаттың адами махаббат үлгісі басымырақ түсіп жатады. Абай табиғи сезім – махаббат, ғашықтықты Шығыс ақындары, әсіресе Хафиз шығармаларындағыдай тұспалдамай, жұмбақтамай, емеурінсіз, анық, ашық, шынайы күйінде жырлайды. Мәселен, төмендегі өлеңінен ақын сөзінің ет пен сүйектен жаратылған нақты әйел затына қарата айтылғаны анық көрінеді:

              Сағындым сені,

              Көрмедім деп көп заман.

              Адам деп мені,

              Салмадың сен хат маған.

             Жай таба алмай жүрек,

              Жасыған соң сүйек.

Абай илаһи махаббат түрі анық көрініс беретін “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” өлеңінде:

              Махаббатпен жаратқан адамзатты,

              Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.

 

              Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,

              Өзіне құмар қылған оның әмірі.

деп оқырманын Жаратушыны өзінің жанынан да артық жақсы көруге, сүюге шақырады. 

Ақын «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде Алланы жүрекпен жақсы көруге үндейді:

              Алла деген сөз жеңіл,

              Аллаға ауыз жол емес.

              Ынталы жүрек, шын көңіл,

              Өзгесі Хаққа қол емес.

 

              Дененің барша қуаты,

              Өнерге салар бар күшін.

              Жүректің ақыл суаты,

              Махаббат қылса Тәңірі үшін.                             

Абай адами махаббат пен илаһи махаббатты біріктіріп:

              Адамды сүй, Алланың хикметін сүй,

              Не қызық бар өмірде онан басқа.

деп өмірдің махаббатсыз қызық емес екендігіне баса назар аударып, «Махаббатсыз дүние – бос» деген ойын қайталайды.

Абай оқушысын нағыз  ғашықтық сезіммен, оның сипаттарымен таныстырып:

              Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып,

              Жүдетер безгек ауру сықылданып,

              Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе,

              Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.

деп пәк сезім ғашықтықтың дертпен тең екендігін баса айтады. Абай бұл өлеңде бірінші жақтан, өзінің атынан сөйлейді:

              «Сенен артық жан жоқ», - деп ғашық болдым,

              Мен не болсам, болайын, сен аман бол!

Сопылар адамның ішкі әлемін жеті бөлікке бөледі: мінез, нәпсі, жүрек, рух, сыр, жан, ішкі ғайып дүние.  Жүрек­  нәпсі мен рухтың ортасында орналасқан. Жүрек нәпсімен неғұрлым жақынырақ байланысып, екеуінің байланысы соғұрлым нығайған кезде адамның рухани күші әлсірей бастайды, сөйтіп ол нәпсінің құлына айналады. Нәпсі дегеніміз – ұйқы, күлкі, құмарлық, байлық, атақ-даңққа ұмтылу және т.б. Сопы өзінің болмысындағы мұндай құбылыстармен дайым күресумен болады. Ақыр-соңында, сопы үлкен шыдамдылықпен өзін-өзі тәрбиелеу арқылы және Алланың жәрдемімен нәпсінің бұғауын үзіп, рухпен табысып, кемелдікке жетеді. 

              Ғашықтық, құмарлық пен ол екі жол,

              Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол. 

деп Абай нағыз ғашықтықтық пен шынайы махаббаттың өткінші сезім құмарлықтан айырмасын ашып көрсетеді. Ақын тағы бірде:

              Ысытқан, суытқан,

              Бойыңды бір көңіл.

              Дүниені ұмытқан

              Құмарың тозар, біл.

деп нәпсі үшін болатын құмарлықтың уақыт өте келе басылатынын да айтып кетеді. Ақын «есті адам болсаң, әйел затын сыртқы сұлулығына бола жақсы көрме, нәпсінің құлына айналма» деген ой айтады: 

              Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

              Лапылдақ, көрсе қызар нәпсіге ерме.

Абайдың нәпсіні тыю, құмарлыққа салынбау, сезімді шектен шығармай жүгендеп ұстау жайлы ойлары «Сап, сап, көңілім, сап көңілім» өлеңінде анық көрініс тапқан. Зерттеушілердің соңғы еңбектерінен мәлім болғандай, бұл өлеңді Абай жас кезінде Сүйіндік қызы Тоғжанға арнап жазған көрінеді. Ақын «әл-қуаты құрып, ауру да емес сау да емес бір күйге», яғни нәпсінің азғыруына түссе де сол заманның жастарындай түн қатып, қызды ауылды аңдымай, сезімін ырықтап тілхатқа жүгінеді: «Көңіл аулап, сөз айтар, арадағы тілхатым» Осы жолдардың өзінен-ақ ақынның ерік-жігері мықты адам екені байқалады.   

Енді бірде ақын жасының ұлғайып, қызық, думанның келмеске кеткеніне өкініш білдіріп, таусылады:

              Құдай-ау, қайда сол жылдар, 

                Махаббат, қызық, мол жылдар.

                Ақырын-ақырын жылыстап,

                Алыстап кетті-ау құрғырлар.

Қорыта айтқанда, адамдардың жан дүние әлеміндегі сан алуан сезім құбылыстарын лирикалық-психологиялық сарынмен жырлаған классикалық поэзия жырлары өнердің эстетикалық ықпалдылығын таныта түседі. Осы ретте А.Бушминнің “Тарихи-әдеби сабақтастықты зерттегенде ұқсастықтың жеке элементтерін ғана емес, сондай-ақ, шығармашылық ойлары ортақтастығының, идеялық-эстетикалық бірлігі мен жақындығының қаншалықты деңгейде екендігін де табу маңызды” деген ойы дәлелдене түскендей.

- Сонымен әңгімемізді қортындыласақ?

- Ешбір елдің әдебиеті өз алдына дербес, жеке-дара, томаға-тұйық күйде дами алмайды. Бір елдің әдебиеті басқа бір елдің әдебиетімен байланыста болып, қарым-қатынасқа түсіп, идея, ой, тақырып, мотивтердің алмасуының арқасында толығып, байып, өрісін кеңейтіп, арнасын молайтпақ. Әлемдік әдебиетте кең тараған бір әдеби сарын немесе мотивті алып, өз халқының көркемдік-идеялық талабына лайықтап шығарма жазу дүние жүзі әдебиетінде ықылым заманнан қалыптасқан әдеби үрдіс. Сондықтан да қазақтың классик ақынының шығармашылық мұрасынан парсы әдебиетінің  бір орта қол ақыны емес, бүкіл әлем мойындаған, классикалық ақындары өлеңдерімен сарындастық, үндестік мәселесінің бой көрсетуі – заңды әдеби құбылыс.

Абай Шығыс шайырларының шығармаларымен сусындағанда ұлы ақындарының үлгілі туындыларымен танысқан. Соның ішінде парсының классикалық әдебиетінен нәр алып, бәрін емес, өзіне ғана тән ақындық ақсүйектік түйсікпен саф бұлақтың тұнығын ішіп, тұнбасынан бас тартқаны да Абайдың табиғатына лайық. Оның әсері ақын шығармаларынан анық көрінеді. 

Соңғы кездері әдебиеттанушы ғалымдардың арасында Абайды әр елдің ұлы ақынына шәкірт етіп телуді қою керек деген наразылық пікірлер жиі естіліп жүр. Ғалымдардың бұл әрекетін әдебиет жанашырларының жанайқайы, қазақтың бір туар ақыны, кемеңгер Абайдың азаматтық шоқтығын аласартпай, ақындық деңгейін асқақтатып, ұлы ақынның мерейінің үстем болуына тырысқан азаматтық борыштары деп түсіну керек. Осы ретте М.Әуезов: «Абайдың орыс классик поэзиясынан алған үлгісін мол бағаламақ болған дұрыс ниетті кейбір тексерушілер «Абайда Шығыс поэзиясының әсері де болған» деген пікірлерге қытықтанып, шамданып қарайтыны бар. Ол дұрыс емес» деген болатын.

Сонымен қатар З.Ахметовтың пікіріне де құлақ асқан жөн: «Әрбір ұлы ақын тәрізді Абайдың ұлылығы сол – ол қай әдебиеттен үйренсе де жалаң шәкірт болып қалмай, данышпан ұлттық ақын болды». 

Абайдың үйретуші дәрежесіндегі ролі жайлы, әсіресе, түркітілдес халықтар арасында әр түрлі буынды өлеңдердің таралуы, ол әдістің алғаш жаңашыл қазақ ақыны Абай Құнанбаев шығармашылығынан көрініс тауып, кейін бауырлас халықтар әдебиетіне де оң әсерін тигізгені жайлы ғалым М.Хамраевтың тұжырымы төмендегідей: «...Түркітілдес поэзиядағы көп буынды өлеңнің нағыз атасы – қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев. Шамамен жүз жыл бұрын қазақ поэзиясына енгізілген оның алты буынды, сегіз буынды өлеңдерінің жаңалығы аталмыш әдебиетте ғана кең таралып қоймай, қазақтардың ұлттық игілігі ғана болып қалмай, бауырлас халықтардың әдебиетіне де белгілі бір мөлшерде ықпал етті. Бұған көз жеткізу үшін өзбек ақыны Миртемирдің «Кирк бир» өлеңін немесе ұйғыр ақыны Илия Бахтиннің өлеңін Абайдың алты буынды өлеңімен салыстырса жеткілікті».

Абай  дара. Абай – дана. Оған ешкімнің таласы жоқ. Абай қазақтың әдебиет тарихында өзіндік азаматтық үні мен ақындық қолтаңбасын қалдырған ұлы ақын. Абайдың өзі қалыптастырған әдеби шығармашылық дәстүрі кейінгі ақындарға сара жол көрсеткен үлгілі нұсқаға айналып, өз әдебиетіміздің арнасынан асып, көршілес елдердің, тіпті әлемдік әдебиетке әсер етіп жатқаны да табиғи әрі заңды құбылыс.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар