Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Айтман поэзиясындағы этномәдени суреттер...

28.07.2024 978

Айтман поэзиясындағы этномәдени суреттер 14+

Айтман поэзиясындағы этномәдени суреттер - adebiportal.kz

Қазақ халқы – ежелден ұлт тарихы мен әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, тәрбие мен өнегеге толы жыр-толғауларын ауыздан ауызға айтып, жан дүниесін байытқан жұрт. Ел басына түскен ауыр қайғы, ашаршылық, соғыс жылдарында да қазақ ұлты фольклорлық мұраларын ұмытпай, болашақ ұрпаққа аманат ретінде табыстап отырды. Осы орайда академик С.Қирабаев былай дейді: «Халық өз өмірінің жарқын не қайғылы кезеңдерін аңызға қосып, жырға айналдырып, ел жадында сақтаған және оларды өмірде болғаннан гөрі әдемілеп, сырлап, шындыққа сиымды қоспалармен әрлеп, қиялмен толықтырып, жаңа «таныс-бейтаныс» бейнеге айналдырған. Сондықтан тарихи оқиғалар болған қалпындағы әңгімеден гөрі халық жырларында молырақ сақталып, ауыздан ауызға тараған... Олардың ертегілік мұрасы, эпостық (батырлар жырлары, лиро-эпос, тарихи дастандар) шығармалары, тұрмыс-салт жырлары, шешендік, тапқырлыққа құрылған көркем сөз үлгілері (шешендік сөздер, айтыстар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, т.б.) өзі қатарлы халықтардың ешқайсысынан кем емес, қайта мазмұны мен атқаратын көркемдік, қоғамдық өнегелерімен биік тұр».  Сондықтан да қазақ ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің қалыптасуында ұлттық дүниетанымның орны ерекше.

Ақтамберді Сарыұлы, Қазтуған Сүйіншіұлы, Шалкиіз Тіленшіұлы, Доспамбет жырау, Үмбетей Тілеуұлы секілді жыраулардың поэзиясындағы сарынды, жауынгерлік рухты, азаттық мұраттарды қазіргі қазақ ақындарының шығармаларынан байқауға болады. Солардың бірі – ақын, «Аруана» (1993), «Таң қауызын жарғанда» (2002 ж., 3 томдық жыр-дастандар), «Ай таранған түн» (2008 ж., жыр-дастандар), «Әулиелер әуезі» (2009 ж., тәржіма), «Таңның лағыл жұлдызы» (2015 ж., жыр-дастандар), «Көкірегім – көне кітап» және т.б. жыр жинақтарының авторы Светқали Нұржан. Оның шығармашылығы – қазіргі қазақ поэзиясының жарқын үлгілерінің бірі. Ақын жырлаған тақырыптардың көбісі жер мен елдің киесі, тарихтың ақтаңдақ беттері, жаһандану заманында жалпыадамзаттық даму үдерісінде өзіндік орын алатын қазақ ұлтының болмыс-бітімі, ұлттық тәрбие мен өнегеге арналған. Оның эпикалық сарындағы толғау-дастандарынан этнографиялық мұраларды, ұлттық болмыстың айшықты нышандарын байқаймыз. Этнограф ғалым М.У.Шәлекенов және У.Х.Шәлекеновтің пайымы бойынша этнографияның негізгі элементтеріне мәдени құндылықтар жатады. Олар «Әлем халықтарының этнологиясы» кітабында былай дейді: «Этнографияның зерттейтін проблемаларының біреуі – мәдениет. Мәдениет – «егу, өңдеу, баптау» деген латын сөзінен шыққан анықтама. Мәдениет деген түсінік кең және тар мағынада қолданылады. Мысалы, ауыл шаруашылығында егілетін әр түрлі дақылды өсімдік түрлерін де мәдени дақылдар деп атайды. Бұл мәдениет сөзін тар мағынада қолдану. Ал күнделікті тұрмысымызда мәдениет сөзін білім беретін оқу орындарына, әр түрлі мәдени-ағарту мекемелеріне байланысты айтады». Басқаша айтқанда, этномәдениет – адам баласының жігерлі еңбегінің нәтижесінде пайда болған материалдық және рухани байлықтардың жиынтығы.

Біз сөз етіп отырған этномәдени құндылықтарды нақты әрі дәлелді түрде ұғыну үшін бұл саланың екі бағытын жан-жақты зерделеуіміз керек. Біріншісі – мәдениеттің заттай бұйымдары, яғни әр түрлі еңбек құралдары (алғашқы тас құралдан бастап, осы күнгі техникаға дейін) және екіншісі – мәдениеттің рухани құндылықтары. Олардың қатарына: дін, әдебиет, музыка, филофосия, тіл, тарих және тағы басқалар топтасады. Осы салаларға назар аудара отырып, ұлттың жекелеген эстетикалық көзқарастарын, дүниетанымын, бағыт-бағдарын айқындауға болады. С.Нұржан поэзиясында осы құндылықтар былайша жырланады:

Содан соң... қанаты бар көп күлікті Ер –

Алапат даусы шығад көкті бүктер.

Соңында көк бөрінің дүркіреген,

Жөнелед күркіреген көк түріктер.

Тарихқа көз жүгіртсек, Түркі әлемінің ежелгі темірқазығы – Орталық Азияда этномәдени құндылықтар заттай да, рухани тұрғыдан да жоғары дәрежеде қарастырылып келді. Дегенмен, әр түрлі дәуірлердегі әлеуметтік-экономикалық қақтығыстардың нәтижесінде кейбір көне мазарлар мен ғибадатханалар, жәдігерлер, тарихи орындарға залал келтірілгені мәлім. Осы мәселе бойынша белгілі шығыстанушы ғалым Л.Н.Гумилев былай дейді: «Хош, сонымен, көне түріктердің адамзат тарихындағы маңызы орасан зор, бірақ бұл халықтың тарихы әлі күнге дейін жазылмаған. Ол жол-жөнекей, үстірт баяндалып келген, бұл бастаутану, ономастикалық, этнонимдік, топонимикалық сипаттағы қиындықтарды айналып өтуге жағдай жасады». Ғұламаның бұл пікірі орынды деп білеміз. Өйткені осы күнге дейін түріктердің тарихы туралы кездесетін ғылыми еңбектер көбі бұрмаланып жазылған. Тиісінше, бұл мәселе түркі әлемінің, оның ішінде қазақ ұлтының тарихын зерттеуге жаңа ізденіспен кірісу керектігін білдіреді. С.Нұржан сол Түркілердің ұлы рухын тірілткісі келіп, «дүркіреген» һәм «күркіреген» дәуірлерді жырына арқау етіп отыр.

Жалпы, қазақ мәдениетінде этнографияны көбінесе эстетикалық құндылық ретінде қарастырады. Мұның себебін байырғы фольклорлық мұраға халықтың жақын болуымен байланыстырамыз. Осы орайда, поэзиялық шығармалардың да салмағы артып, ұлттың этногендік ерекшеліктерін байқатады. Яғни, шыр етіп жарық дүниеге келген сәбидің ең бірінші еститін сөзі – ананың әлдиі. Ал хәкім Абай мұндайда: «Туғанда дүние есігін ашады өлең,  Өлеңмен жер қойнына кірер денең», деп поэтикалық сарынның қазақ өмірі мен салтындағы қажеттілігін жырға қосты. Осылайша, ұрпақтан ұрпаққа ұлттық мәдениет пен ұлттық тәрбиенің негізгі рухани мұралары дарыды.

С.Нұржанның поэзиясындағы табиғат құбылыстарын, ұлттық дүниетанымның сипатын зерделей отырып ф.ғ.д., профессор Ж.Аймұхамбет былай дейді: «С.Нұржанның Хантәңірі туралы өлеңдері түгелімен ғарыштық сарында. Оның мазмұнына аспан мен жер, күллі жаратылыс сыйып кеткен. Осы жаратылыстағы қарама-қайшылық қарама-қарсы мәндегі ұғымдармен (аласа-биік) көрсетілген. Өлеңнің өн бойына сіңірілген кең, кеңістік ұғымына «тар» («Солқылдайды шекемнің Тар тамыры») сөзі қарсы мәнде алынған. Хантәңірідей аты аңызға айналған биік шыңның тірі, адамдандырылған рухани бейнесі адам мен табиғат тепе-теңдігінен бастау алатын поэтикалық бейнеулер екенін тағы бір еске салып кеткен жөн». Біздің ұлттық дүниетанымымызда табиғат пен туған жер бір-бірімен біте қайнасып, өмірлік мұраттарды жүзеге асыруға итермелейтін арынды күш-қуат ретінде қарастырылады. Ақын жырынан мысал келтірейік:

Тек Биіктік – Мәңгіліктің Отаны,

Мәңгілік қар күнге таман жатады.

Күндіз-түні шақырады өзіне,

Аласармас асқарлардың атағы.

Бұл шумақта ұрпақтар сабақтастығы мен өткен кезеңдерді аңсау, соның ішінде қазақ мәдениетінде қолтаңбасын қалдырған тұлғаларды тебірене еске алу бар. Автор позициясы осы екі бағытта құралып, «биіктік» ұғымын поэтикалық тілмен оқырманға ұсынып отыр. Тағы бір жұмбақ екінші жолдағы «мәңгілік қар» мен «күн» метафорасына байланысты болмақ. Егер екі метафораның түпкі мәнін ашатын болсақ, онда «мәңгілік қар» – қоғамда орны бар, сөзі мен ісі үйлескен адам бейнесі, ал «күн» – жақсылықтың, жылылықтың нышаны. Яғни, артына өлмейтін мұра қалдырған тұлға жақсылықпен, жылылықпен мәңгі үйлеседі деген философиялық түсінік қалыптасады. Кейінгі жолдарда автордың алдыңғы буынға құрметі мен ыстық ықыласы, сағынышы байқалады. Осы орайда ақын Т.Айбергенов пен М.Шахановтың ағалы-інілі, бауырмалдық қарым-қатынасынан туған «Сағыныш» өлеңі еске түседі:

Сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, 

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап…

Немесе

Биікте тұрған таулар да мынау нұрына таңның боялған, 

Сені мен менің ғасырлап күткен сағынышымнан оянған.

Адамның табиғи мінезінен туған өлең де – шынайы болары сөзсіз. Бұл – қазақы дүниетанымнан қалыптасқан эстетикалық көзқарас, дәстүрлі бағыт. Салт пен ғұрыптың, мәдениет пен әдебиеттің, аға буын мен жас буынның ажырамас үлгісі осы поэтикалық туындыларда айшықты орын алып отыр. С.Нұржан да осы ата дәстүрдің жалғасқанын қалап, ұлттық ерекшеліктерді басты назарда ұстайды. Ақынның азаматтық ұшқыр ойының ауқымы кең, басқан қадамы жіті, сергек. Өлең жолдарында басы артық сөз, басы артық ырғақ кездеспейді. Оқырманның үдесінен шығуға тырысып, өлеңнің көркемдік баяуын мейілінше қанық сипаттайды. XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында С.Нұржан шығармашылығының «алтын кезеңі» осылайша тың идеялармен, тосын теңеулермен, ұлттық дүниетаныммен дараланып тұрғанын аңғарамыз.

Ақын шығармашылығында бейнеленетін этномәдени құндылықтардың қатарына түркі халқының, оның ішінде қазақтың ұлттық аспабы қобызды айтуға болады. Қобыз – қазақ музыка өнерінің қайнар бастауы. Сондықтан автор сол көне аспапты қайта жаңғыртып, оқырманға тарихтан сыр шерткісі келеді. 

Қобыз аспабына ғылыми талдау жасаған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Ж.Сұрағанқызы пікірінше қобыздың ұлттық мәдениетіміздің бір бөлшегі ретінде зерттелуі тиіс. Ол «Дәстүрлі қобыз аспабының өткені мен бүгіні» мақаласында: «Дәстүрлі музыкалық аспаптардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері мен өмірдегі қолданылуы – халықтың көшпенді тұрмыс-салт дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлттық ділімен (менталитет) байланысты. Қай халықта болмасын өзінің атадан балаға жеткен, қадірлеп, көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық музыкалық өнері болады. Сан ғасырлар халқымызбен бірге жасасып келе жатқан рухани төл өнерімізде қобыз аспабының орны ерекше», - дейді. Бұл толымды пікірді С.Нұржанның «Хассақ ұзанының оғыз қызына озалы» жырымен сабақтастырып көрейік:

Пәнері жұлдыз Ақ ханша – оғыздың қызы,

Сен десем, үн боп тамады қобыздың мұзы.

Қобыздың мұзы тамғанда –

сыбырлап сырын

Албырап қоя береді теңіздің жүзі.

Немесе

Талпынып Тылсым жұлдызға – киеліме мен,

Жазғанмын қобыз-көңілдің жиегіне өлең –

Уызыңа ерін жетпесе, 

Нұрыңа – қолым,

Ақ мәрмәр сүйектеріңе сүйеніп өлем.

Өлеңде ұлттар арасындағы жарасымдылық түркі халықтарына ортақ «қобызбен» астарлы мағынада байланысып тұр. Бұл – екі ұлттың арасын жалғайтын этномәдени фактор екені анық. Бір жағынан, ыстық сезімнің де символы. Сол арқылы С.Нұржан кейіпкердің жан әлемін ашып, көркем де, жылы көзқарасты аңғартады. Қобыз туралы сөз қозғағанда санамызға Қорқыт бабамыз еске түседі. Бұл кейіпкер – көне көшпенділердің мифологиялық-фольклорлық тұлғасы ретінде ойымызда орныққан. Өмір мен өлім философиясын қатар қозғайтын Қорқыт аңыздары – ел ішіне кеңінен тарап, әлі күнге дейін қызығушылық тудыруда. Аталмыш дүниетанымның, жоғары эстетиканың бір ғана негізі бар. Ол – өнер. Яғни, адам баласы өнері бар кезде тірі, өнері бар кезде есімі жаңғыра береді. Аңызда қапияда «көз іліп», қалғып кеткен Қорқытты жылан уытымен өлтіреді. Себебі Қорқыт бірер сәтке ғана қобызын ойнамаған еді. Міне, өнерге ден қою аяқталған кезде, дүниенің мәні де төмендей түседі. Ал өнер – авторды өмір сүруге құштар етіп тұрған басты фактор. С.Нұржанның «Көкірегім – көне кітап» өлеңіндегі: «Мұны өйткені, Ел оқиды – әуелі,  Елден алып Жел оқиды – өлген соң...», – деген жолдарында да «өлмейтін өнер» философиясы менмұндалайды.

Ескілікке ұмтылу – естілікке ұмтылу болып көрінеді кейде.. Жылтыраған жаңа нәрседен мән іздегеннен гөрі, бұрынғының сазы мен назы, өкініші мен қуанышы «жұққан» ескі жұрттан мағына іздеген әлдеқайда пайдалырақ. Айтманша айтсақ: «Сынған ауыт... Көшкі-жұрт... Ескі тырма... Жад жырақта қаңғып жүр, ес – зытымда». Қазақ – әлденесін ұмытқан, әлденесін жоғалтқан халықтың бірі. Түн ұйқысын төрт бөлгізетін де сол «әлденесі». Соның түйінін шешіп, соны тапқан күні қазақтың есі де, жүрегі де жаңғырады, тарихы түгенделеді.

С.Нұржан – жүректің катарсисін басты орынға қоя отырып, ескі мен жаңаның, ес пен жүректің, Құдай мен адамның арасындағы рухани байланысты сезіне алған ақын. Яссауи философиясына дендеп еніп қана қоймай, оның жазу мәнерінде де қалам тербеп көрді. Ол ұқсастық былайша суреттеледі:

Бір тамшы зәрре едім мен түнектегі, 

Қапыңды аш, дүниежарық, келіп қалдым. 

Кенеттен... дүние толқып, дір-р еткені, 

Қапыңды аш, дүниежарық, келіп қалдым. 

Хикмет ізімен жазылған туындының негізгі бағыты, айтар ойы бірден Яссауи құндылығымен бір толқында екені сезіледі. Екі шайыр да жүректің қылуетін бәрінен жоғары қойған. Қожа Ахмет Яссауидің трактаттарында адамның өнер мен білімге құштар болу үрдісі кеңінен бейнеленген. Өнер мен білімге толықтай ену үшін «жүректің қылуеті» қажет. Бұл жерде мәселе шын қылуытте емес, білім алу, білім қорытудағы философиялық қылует. Шын мәнінде, дінді ұстану бөлек те, шын иланып, бар күш-қайратпен Құдайға берілу бөлек нәрсе.  Яссауи трактаттарында (хикмет) құндылық және рухани трансформация, жүректің қылуеті философиясы былайша суреттелген:

Сүндеттерін бекем ұстап үмбет болдым,
Жер астына жалғыз кіріп нұрға толдым.
Сопылардың мақамына жақын болдым,
Нәпсіні көңіл найзасымен шаныштым, міне.

Шын мәнінде, ғылымға берілу нұрға малынумен бірдей. Сол Нұр көңілге, тәнге, жүрекке Жарық болып түскенде ғана өмір де ғазалданары хақ. Яссауидің «Жүректің қылуеті» философиясын еске түсіріп көрсек: Қожа Ахмет Яссауи бірде мүридтермен хақ сыпырасында отырды. Сөз арасында:

- Қылуеттің ішінде де бір қылует бар. Оны жүрек қылуеті дейді. Жүрек те оңашада алаңсыз ойланбаса, іштегі кірінен тазармайды, - деді. Шәкірттердің бірі таңғалып:

- Тақсыр, мұның хикметі қалай? Жүректің де қылуеті бола ма? – деп сұрады.

- Әлбетте болады. Жүрек қылуетке түспесе, тақуалықтан пайда жоқ. Пақырлығы кесірлі кедейшілікке ұласады. Өзін қинаған сайын рухани өсудің орнына кері кетеді. Себебі барлық қиындық, мехнаттың хикметін жүрек оңашада ойланып табуы тиіс. Жүректің назары Хақтың дидары болғанда дүниенің қызыл-жасылы, баянсыз қызықтары адамды бұрынғыдай алдамайды. Оңашада Хақпен сырласатын момынның таза жүрегі оны әулие дәрежесіне көтереді. Қылуетке түскен дәуруіш бірінші жүрегін тәрбиелейді. Жүрек Хақтың хикметін қызықтайтын қасиетті орын. Ол жерге дүниенің арман-арзуын кіргізбеңдер. Жүрек қылуетте тереңнен толғанбаса қырық күндік құлшылығы зая кетеді, - деді ұстаз. Аңыз арқылы адамшылық негізі, діннің діңгегі анықталатындай. Мұның сыры – қоршаған әлемді толық ұмытып, адамның өзіне, өзінің ішкі әлеміне жол ашуы секілді күрделі мәселелерде жатыр. Рухани құндылық пен материалдық құндылық бір-бірімен тығыз байланысты. Соның бір мысалы ретінде қазақ дәстүрінде ежелден келе жатқан этнографиялық мұралардың бірі – «қару-жарақ» концептісін алуға болады. Бұл концептіні жасауға қатысатын сандық ұғымдар арқылы жасалған күрделі атаулардан бес қару, бес сарбаз сияқтыларды келтіруге болады. «Бес қаруы сай», «бес сарбаз» деген тіркестер өз алдына мұқтажсыздық, сайланғандық (қамсыздық) жүйесін құрайды. Қазақта «Ер қаруы – бес қару» деген мақал бар. Сондай-ақ, бес қару атауы ертедегі жырларда да жиі кездеседі:

Берік сауыт кигізді

Садағын сала байланып.

Ер қаруы – бес қару,

Бесеуін тамам ілгізді. («Құбығұл») 

«Бес қару» деп кез келген қаруды атамаған. Мұнда ең алдымен қызметінің ерекшелігіне қарай соғысқа қажетті түрлерін ғана алған. Бес қару деп тартыспақ (садақ), атыспақ (мылтық), шанышпақ (найза, сүңгі), шабыспақ (қылыш, алдаспан, селебе), салыспақ (шоқпар, айбалта) сайыстарында, жекпе-жекте жұмсалатын қаруларды атаған. С.Нұржан ұмыт бола бастаған осы этнографиялық құндылықтарды жас ұрпаққа дәріптеп, қайта жаңғыртқысы келеді. Мысалы, «Бес қаруды іздеу» өлеңінде ақын былайша толғайды:

Бес Қаруын тауып ілер беліне,
Өзі отырып төріне,
Ақырып кеп теңдік сұрар еліне.
Кекілін күн жалаған,
Кемел ұлдар туады деп жаңадан.
Айдарын ай тараған,
Өрен ұлдар шығады деп арадан.
Тұлымын түн талаған,
Терең ұлдар тұнады деп сағадан.

Келеді олар бір күні,
Асыл сойдың ұрғыны.

Ақын көтеріп отырған мәселе – бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Бұл этнографиялық құндылық – заттай болып көрінгенімен, астарында өткенге ізет, тарихқа зер салу, бабалар жолына үңілу секілді бірқатар маңызды идеялар жатыр. С.Нұржан «Бес қаруды тауып», беліне ілетін, әділдік пен арды бәрінен жоғары қоятын ұрпақ келетініне сенеді және жастарды сол ұлттық мүдде үшін күреске шақырады.  Сөзімізді түйіндейтін болсақ, жаһандану заманында ұлтты ұлт ретінде сақтап қалатын негізгі құндылықтар болады. Тиісінше, рухани дамуы кенжелеп, тарихы мен әдебиеті зерттелмей, зерделенбей қалған ұлттың болашағы жарқын деуге келмейді. Осы орайда, С.Нұржан ұлттың бірлігін, этнографиясын, тарихын жырға қосу арқылы қазақ халқының ерекшелігін танытып келеді.  Оның «көкірегі – көне кітап». Сол кітаптың ішінде әлі де ашылмаған талай сыр, талай жұмбақ жатыр. Кітап – көнелігімен құнды. Яғни, ол жылдар жылжытпай, уақыт итермей, сан оқылып, ойда сан тоқылып, бүгінге дейін жетті. Келешекке де сондай хәлде жетеді деген үміт басым.

 

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар