Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕБЕРХАНА
Максималар мен қоғамдық ойлар......

19.04.2025 1007

Максималар мен қоғамдық ойлар... 14+

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды еш ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді.  Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Қазіргі қазақ өлеңі дегенде есіме эссеист Мақсат Тәж-Мұраттың мына бір пікірі түседі. «Дүниежүзілік инновациялар қазақ қоғамына қашанда бір ғасыр кешігіп жетеді, осы тұрғыда тұрып пайымдасақ, кейінгі қазақ өлеңі соңғы прагматтық және осы замандық утилитарлық өлеңінің арасында – поэзияның «қола дәуірінде», бұрынғы кеңқолтық қазақы шапанын, жазда тастамай келген телпегін қимай, жаңаны да толық қабылдай алмай, жолайрықта шөре-шөре болып тұрған жолаушының ара-дара кейпін елестетеді», – дейді. 

Ал Омарғазы Айтан: «Ескі өлең ұйқастарына жаңа өлең сыймайды» депті. Кейде біз бүгінгі шығармаларда өзгеше форма мен стиль жоқтың қасы деп шу көтеріп жатамыз. Мұның бәрі бос байбалам деп есептеймін. 

Омарғазының бұл жердегі  «жаңа өлең»  деп отырғаны тың түсініктің өзі? 

Рас, ескінің қалыбына жаңаның сыймайтыны анық. Енді әлгі ойдың шынымен-ақ су жаңа екені рас болса,  форма мен стильді сол жаңа түсініктің өзі жаратады емес пе?  

Ақын «ескі өлең ұйқасы» деп нені ишаралап отыр? 

Айтыңызшы, форма мен стиль мазмұннан биік болған ба еді?

 

***

Не нәрсені болсын салыстырып қарағанда ғана сол ұғымның шын нарқына жетуге болады. Кәнеки, Будда мен Ислам Құдайының қайсысы тәуір? 

Міне, бұл тұрғыдан келсек өзге дүниені сөз етпегенде, қажет десеңіз, Құдайға да «Салыстырмалы теориямен» қарау керек екенін ұғасыз.

 

***

Мифке ме, жоқ әлде медицинаға сенеміз бе?

 

***

Талантсыз жанның, сондай-ақ  көк наданның қолына түскен қалам атаулы автократтың  аса қатерлі билігі секілді. Азабын ақ қағаздан гөрі талғамсыз қауым шындап тартады.

 

***

Жүсіпбек Елебеков – жүрегінің нәзік діріліне  жанының шырылын қосып айтатын нағыз кемеңгер әнші.

 

***

Біреулер «Кітап кемірген оқымысты» деп  баз біреулерді әсіре көтермелеп жатады. Басты мәселе ішкі мазмұнда ғой. 

Жоғарыдағы, сірә, сөз бе екен, тәйірі...

Құдайым-ау, кітапты тышқан да кеміреді емес пе?

 

***

Билікке деген ессіз  ләззаттың дозасын Эйнштейннің өзі есептеп шығарып бере алмас еді.

 

***

Мүшайра десе болғаны, күрең шүберекке көздері тұнған Мадрид бұқалары есіме оралады да  тұрады.

 

***

Бір күн кітап оқымасаң намазын қаза қылған тақуадай мазасыз күйге түсесің. Ал өмір бақи бір кітаптың бетін ашпаған пендеден артық қандай қатерлі жан болуы мүмкін.   

 

 ***

«МЕН ЖӘНЕ БІЗ». Мұхтар Мағауиннің «Мен» роман-эссесінің (2002 жыл) қысқаша мазмұны төбедегі тақырыпқа саяды. Шығарма, сөз жоқ, индивидуализм мен коллективизмнің жансебіл шайқасы. 

«Мен» «бізге» айналып кетпеуі үшін не істеуге болады? «Біздің» жалпы  көздегені не? Міне, кітаптың басты идеясы осы. Роман – қайтпас қайраткерлік, сосын мұқалмас мінез жайында жазылған ғажайып еңбек. Әрине, мұқым қазақтың емес, Әлиханның, қала берді хан Кенесарының  мінезі. Енді сол мінезді қалам сиясына дарытып, өзіне серт ете отырып алған бағытынан таймаған тұлғаны көреміз. 

Ол өзіне былай деп ант қабылдап мұрат түзеді. 

«...Мен дегенім – Өзім... Осылай деп сендім. Қазақ деген – мына Мен дедім. Сол сенімнің күшімен бар шырғалаңнан өтіп, бүгінгі күнге жеттім. Қазір бұл сөзді бұрынғыдан кеңірек мағынада ұғамын. Мен – ұлттық мұрат. Мен – алаштың жолы…» дейді. («Мен» Роман-эссе, 170-бет)

«МЕН ЖӘНЕ МЕНМЕНДІК». Мұхтар Мағауиннің «Мен» романы адамның мейманасы мен мақтаншақтығы туралы емес, шеккен бейнет, төккен тер, жетілген  рухы жайлы ғұмырбаяндық хамса. Қайталап айтайын, «Меннің» менмендікке тіпті де қатысы жоқ. Керісінше, жетілген менге менмендік жасап, алдына ор қазып, опасыздық жасап жүргендер – әлгі «біз» ұғымына бірауыздан бәтуаласқан қатерлі топтар. Олардың ойға алған іс-әрекетінің түп нәтижесін, ал өзінің кім екендігін автор ашалай келе  былай деп түсіндіреді. «...Мен тойып біткем. Асқа емес, азапқа. Қорлық пен мазаққа... Атамның аруағын қорлағанға.  Арыстан басымды нәжіс толы астауға батырмақ болды. Тірідей көрге тықпақ болды. Неше мәрте. Үнемі...». («Мен» Роман-эссе, 306-бет)

Бір қызығы, бұл шығарманы 1923 жылы жарыққа шыққан Зигмунд Фрейдтің «Мен және Ол» (The Ego and the Id) кітабымен параллель салыстырулар жүргізе отырып талдауға да болар еді. Тек бір ғана кілтипан бар. Фрейдтікі сана қайшылықтарын сараптаған таза ғылыми еңбек болса, Мағауиндікі көркем әдебиет. Жазушы ғұмыр жолында жетілген менді турап тастамақ болған құлдық қиянат жайында жазады. Әрине, айырмашылығы зор. 

«Біз құл бола алмадық. Қазір ойлаймын, сол кездері ыза мен өшпенділіктен қалай жарылып өлмедім деп... Ақырғы жаза – біреу. Сабайды, сүйретеді, сындырады тапайды –  жүйкең жұқа болса есіңнен алжасасың, жүрегің әлсіз болса дертке шалдығасың... өзіңді сақтау деген табиғи түйсік – момын, көнбіс иісалмас жұрттың қатарына түсіреді, ал егер... күш тауып қайта көтерілсең... сені көр де түзете алмайды, өйткені... жер қойнына өлі денең ғана кіреді, жаның рухың жасаған ісің жарықта қала бермек, бұл істі сенен соң жалғастыратын тағы біреу дүниеге келмек... Өстіп, елің еркіндікке жеткенге дейін жалғаса бермек...». («Мен» Роман-эссе, 564-бет)

Бала белден емес, рухани халден жаратылады десек, атасы Мағауия ақсақал Абайдың алтын жүзін көрген, ал алаш арыстары  ата  шаңырағынан дәм татқан мұндай ұлт рухының сары уызына әбден жарып өскен төлдің құлдықты бойына бір  тоғытпай өтуі  заңды да дүние-тұғын... 

«МЕН ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ МЕН». Адамға жас кезінде ақыл мен ынсап екі есе керек болса, қартайғанда бұл шіркін бес есе керек екен деген ойға бекідім. Замана өтіп жас ұлғайған  сайын адам қайраты қайтып, асыл зердең де өзегі өртенген балауыз шамдай кеміктеле түспек. Енді бұл – өмірдің өз бұлжымас қағидасы. Ыстығы басылмаған жастық шақтың аусар мезеті емес, қария кісінің арамза туып, сүтке тоймаған қозыдай түртіншектеген жағымсыз қылығы кімге болсын абырой әпере қоймас. Бұрынғылардың қазыналы қария болу мен шал болудың парқы екі бөлек деп отыратыны да осыдан болса керек-ті. 

Өмір нені мұрат еткен асыл ниетіңнің, ал ажал сол сүрген ғұмырыңның шын қорытындысы емес пе? Абыройсыз ажал да артыңды ашатын хас дұшпан секілді. Хакім Абай «Жігіттер, ойын  арзан, күлкі қымбат» деп бір ауыз сөз қалдырыпты.  Мен осы орайда соңғы сөзді «Жігіттер, қаза қымбат» деп сәл бұрмалап айтсам ба деймін. Қайыра айтайын, адам қазасы – ғұмырлық тәу еткен тілегінің шын қорытындысы. Айналып келгенде, Мағауиннің  Мені өзінің өр мінезі мен айнымас ұстанымы екен. Сол МЕНІ адамдық аттан ауып, абыройдан мақұрым қалудан асыл басын аман-сау сақтап қалды. Міне, қаракөктің сойы... кесек ақыл мен зор зерденің пайдасы деген... Сөйтіп, ұлт қаламгерінен рухани император, дұрысы, ЖОҒАРЫ МЕН биігіне дейін көтерілді. 

Жан баласына сүйкімін кетірмеді, сүйегін қорлатпады. Хан басын имей, ғазиз тізезін бүкпей фәниден озды. Әлгі аталарымыз айтатын ақ өлім... зор абырой дегеніміз, сірә, осы болса керек. 

Міне, біздің мыңымыздың жиналып бір Мағауин бола алмайтынымыздың, жүз жерден шен мен шекпенге шомылсақ та, соның бәрі айналып келгенде бір Мағауин деген есімнен ешқашан биік бола алмайтынының құпиясы да  осында жатыр. 

Ал төмендегі сөз сүрген өмірінің марсельезасы мен манифесі секілді.

«...Маған дұшпандар көп болуы мүмкін. Ол – басқа әңгіме. Ал сен... жау іздеуге, дұшпан түгендеуге мұршаң келмейді. Үлкен мұратың бар. Өзіңе сенесің. Шалкиіз бабаң айтқан кендір баулы ақ желкеннің көк теңіздің жал толқынын жарып өтеріне күмәнің жоқ, өзің өлсең де, рухың – елес емес, қаншама шығармада қапысыз көрініс тапқан асқақ аруағың жасай бермек. 

Ел – сенікі, халық – өзің, ұрпақ – қайта тірілген жаңа бір кейпің. Сен неден қорқасың, неден қамығасың. Құдай барда Қазақ бар.  Қазақ барда Сен барсың» («Мен» Роман-эссе, 496-бет).

Қан жүрегі тоқтағанша қазаққа қапысыз  қызмет еткен  ЖОҒАРЫ  МЕН. 

Иә,  «Қазақ барда Сен де барсың». 

Енді біз пақырға сенің асқақ абыройыңды берсін. 

 

 *** 

 

«...Көз алдымнан кетпейді

Арба сүйреп баратып

Арса-арса көкмойын

Оқыранып қараған...». 

Бұл «Көкмойнақтың үйірі» жырының бір шумақ үзіндісі еді.

Мұны не үшін мысалға алып отыр дейсіз ғой?  Бірде  «Шалқар» радиосын қосып қалсам, ғажайып әнші Мақпал Жүнісова: «...Құтты болсын, құтты болсын, туған күн, Шаттықта өткен, бүгін сендік думан күн» деп,  сосын бұл әннің солығы басылмай жатып тағы бір әуен созып «...Билеші биле, биле биле биле, Мұңайып ешбір қабағыңды түйме» деп жіберіп-тартып жатыр екен. Қайран ғана, Мақпал... Бұл сен айтатын, сен ауыз бұлғайтын «ән» бе еді дедім, көкірегім удай ашып. Той мен тобырдың талапайына түскен қайран дауыс... Бұл да арғымақтың арбаға жегілгенімен бірдей ахуал ғой.

Көзге шүмектеп жас құйылды. Бүйтіп ұлы дарынды той жағалатып тоздырып қойған... Ой, шіркін, обалың мен көз жасың Отаныңа, оны басқарған томарбас шенеунігіне болсын.

Бұл мемлекетшілдігіміздің мертігіп, мәдени түсінігіміздің тым төмендеп кеткендігінің шын көрінісі ғой. Мақпал – мына өмірге екі келмейтін әнші.

Білем, сен де замана желіне жүз шайқалып  сая таппай-ақ қойдың... 

Қайран «Көкмойнақ» дедім, көкірегіме бір  ащы запыран келіп....

 

 ***

 

Ғашықтық келсе жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,
Дәмеленсе өртенер, күйіп жанып (Абай). 

Алған деміңді жиілетіп жүрегіңнің ырғағын бұзған мұндай құдіретке қалайша тәу етіп, ғазиз басыңды имейсің енді. 

Кейде көкірегіңе мынадай бір ой келеді. Осы, қатыбас, қаныпезер жандар бір ғұмырында бір адамды ессіз жақсы көріп,  оны өліп-өшіп сүйе алды ма екен деген.  Әй, қайдам.  Дәл осыған зор күмән бар. 

Гүлді саусағымен сыйпап шын  аялаған адамның алақанында сол гүлдің исі қалатыны секілді жақсы көрудің жұқанасы өз бойында болмаған жан  исі адамзат нәсілін қалайша жақсы көріп,  елжірей сүюі мүмкін?!

Ет жүрегі бір шым етіп ауырмастан дәл өзіндей ет пен сүйектен жаралған пенде баласына зор қиянат жасап, оны еш ойланбастан қанға бояуының астарында, айналып келгенде, бір түйір жан баласын жақсы көре алмауының сырқаты жатыр ма деймін...

Сөз авторын ұмыттым. Түпкі мағынасы мынаған саяды. «Сапарға кеткен жалғыз сен. Ал өзіңсіз күллі шаһар қаңырап бос қалғандай...».

Бұл құлазуды тек ғашық адам ғана жан-тәнімен етене түсіне алады емес пе? Рас, жақсы көрген адамың жаныңнан бір мезет ұзағанда көңілің күзгі ел еңкейген жайлаудай ерекше құлазиды. Ал жаныңда жарқырап жүрер болса ше? Енді бұл ахуалды поэзия тіліне көшіріп көрсек: «…Біреуді жақсы көрген қандай жақсы  нұрланып кетеді екен бар айналаң» (Фариза Оңғарсынова). Қандай ғажайып таным. Шынымен-ақ, щедевр өлең. 

Осы бір  нұрланудың ішінде адам тілі айтып бере алмас мың сезімнің сырлы ағысы жатыр. Өміріңе ерекше мағына дарытқан сол  мезеттердегі жұтқан ауа да, шығарған дем де бөлек. Шынымен-ақ, сол мезеттер – нағыз жүрек сыбдырының тілі... Бұл ғажайып халді тек өз өн бойынан өткізген, көңілінде бір мысқалдай да  мейманасы жоқ парасатты адам ғана түсінеді. 

Неге парасатты адам ғана түсінеді? 

Себебі ғашықтық нәпсіге маталған либидолық тән құмарлығы емес. Ол – біз ойлағаннан әлдеқайда биік, әлдеқайда құдіретті ұғым. 

Ал осы бір  ойдың  түйіні іспетті төмендегі мына бір шумақ өмірді нұрландыруды, өшпенділікті тоқтатуды шын жүрекпен уағдаласқан  ұлы декларациясы секілді.

 

Жақсы көру, жақсы көру,

не деген керемет ең!

Өмірді сезінуге,

қуанып қөз ілуге

адамға жақсы көру керек екен...

Енді бұдан кейін бір түйір сөз айтудың өзі тым әбестік болар. Тәмам... тәмам.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар