Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
«Алаш» әдебиетіндегі ұлттық идея...

31.01.2024 1781

«Алаш» әдебиетіндегі ұлттық идея 14+

«Алаш» әдебиетіндегі ұлттық идея - adebiportal.kz

Алаш азаматтарының өлеңдерінде тар замандағы қазақ тұрмысының бейқам күйі, білімге, оқуға ұмтылудың аздығы – елді басқан ұйқының қалың тұман бейнесі арқылы беріледі. Көптеген өлеңдерде осы бір образ алдыға шығып, енжарлық пен бейқам тірліктің символикалық көрінісіне айналды. 

Мысалы, А.Байтұрсынұлы өзінің «Жиған-терген» өлеңінде халқының бейқам ұйқышылдығын:

Қазағым - елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып – деп бейнелесе, «Маса» өлеңінде:

Мысалы, қазақ малшы ұйықтап жатқан,

Жыланды бәле делік аңдып баққан.

Бәленің түрін көрген мен – сары маса,

Қазақты оянсын деп сөзбен шаққан  – деп ызыңдап, жұртын қалың ұйқыдан оята алмай жүрген масаның бейнесін көз алдымызға келтіреді. «Маса» өлеңдер жинағының өн-бойы осы сарынмен жалғасады. «Масаның» идеясы туралы Ш.Сәтбаева: «Масаның» негізгі идеялық қазығы – жұртшылықты өнер-білімге шақыру, адамгершілікті, мәдениетті уағыздау, еңбек етуге үндеу» - дейді.

Тағы бір қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің манифесіндей есте қалған жинақ – М.Дулатұлының «Оян, қазақ!» жинағы. Автордың алдына қойған мақсаты мен айтайын деген ойы төрт жолдық беташарына түгел сыйып тұр:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты .

«Оян, қазақтың!» жарық көруі баспа ісі жөніндегі Бас басқарманы қатты абыржытты. Ақыры оның бірінші басылымын да, екінші басылымын да шектеп, Міржақыптың өзін тұтқынға алды. Кейіннен 1917 жылы «Қазақ» газетінің екінші маусымдағы санында Дулатов: «Оқушыларға мағлұм «Оян, қазақ!» өлең кітабымды ескі өкімет шам көріп, «қазақ оянып кетеді»деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» халық арасына тарамасын деп, үкімет үкім салды» - деп шындықты бүкпестен жазған болатын. Жоғарыда аталған екі жинақ қазақ даласын дүр сілкіндірген жаңалық болды.

Осындай жырларын іс жүзінде дәлелдеген Алаш арыстарының шығармашылығын қайраткерлігінен тыс қарау мүмкін емес. Мағжан Жұмабайұлы поэзиясынан ұлтшылдық сарын аңғарылады.

Жұрттың қамын көп ойла,

Уайым-қайғы жеп ойла.

Артта қалған сорлы жұрт

Алға бассын деп ойла, - дейді. Міржақыптағы «оян» ұраны Мағжанда «қозғал» болып дамытылады:

Қозғал, қазақ, білімге жүгір, кез келді,

Қылыш алып «надандық» саған кезенді.

Шетке лақтыр, тымақтай алып, тұра кеп,

Ертеңді-кеш басыңа мініп езгенді.

Ақынның енді бір өлеңінде («Қазағым») ұшырасатын «жатпа!» ұраны сол «қозғалмен» мағыналас:

Жетті енді қам жер мезгіл, жатпа бекер!

Ойламау келешекті түпке жетер.

Надандық қоршап алған тұс-тұс жақтан,

Жан қорқып, дене тітіреп есің кетер.

Осындай «Алаш туын қолға алған, Қараңғыда жол салған арыстандардың» соңынан ілесе шыққан азаматтардың бірі – Сұлтанмахмұт Торайғырұлы.

Сұлтанмахмұт та халқының дімкәс халін өлеңімен айырмақ болды. Шәкірт күнінде жазған «Талиптарға» атты өлеңінде ол:

Милләттің кел майданға талиптары,

Дерті бар, дәрмені жоқ ғарыптары.

Оқыған жастарының арқасында,

Көз ашты көрші жұрттың халықтары.

Көрдің бе, милләтіңді ұйқы басқан?

Тебіренбей жер қозғалып, жарылса аспан.

Ойлайық бәріміз де, милләт қамын,

Бірігіп, ынтамақтан еш қалмастан – деп жазды. Ақын өзін тұтас ұлттық бір бөлшегі санады. Егер бұл бөлік әрекетсіз жатса, милләтке жасалған опасыздық болмақ. Ендеше ұлтын қадірлеген адам жан-жақты оқып, жүйелі һәм жоспарлы іс-әрекет жасауы қажет. 

Сұлтанмахмұт «Оқудағы мақсат не?» өлеңінде ұлтын оянуға, басқа елдермен теңелуге, заманға сай ілгерілеуге шақырады. Халқына ұлттық жаңаруға, рухани жаңғыруға ой салады. 

Ал «Шәкірт ойы» өлеңінде:

Қараңғы қазақ көгіне,

Өрмелеп шығып, күн болам!

Қараңғылықтың кегіне

Күн болмағанда, кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін

Жылытуға мен кіремін – дейді.. 

Жоғарыда айтылғандай, Абай: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі түрлі нәрсе керек… Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек… Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек» - деген еді. Осы сөзді іс жүзінде жүзеге асырған да Алаш зиялылары болды.

Дәл осы кезеңде Алаш зиялылары қазақтың ауқатты азаматтарына елдік істерге ұйытқы болуға ой салды. Өркениетті елдердегі дәулетті азаматтардың игілікті істерін өнеге қылды. Сөйтіп, қазақ топырағында меценаттықтың іргесі қаланды. Меценаттықтың ұлттың рухани жаңғыруы мен жаңаруындағы алар орны ерек екені шүбәсіз. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ жеріндегі меценаттықтың халық руханиятының өркендеуіне қалай әсер еткенін тілге тиек етеміз.

Кез-келген меценат еліне, халқына жаны ашып, «сол елдің өнері мен мәдениетінің гүлденіп, көркеюіне үлес қоссам», - деген ниетте болатыны сөзсіз. Қазақ халқының рухани жаңғыруы мен жаңаруында меценаттар ең алдымен, ағартушылық қызметімен есте қалды. Азаматтарымыз халқының көзін ашу үшін, болашағын жарқын ету үшін қазақ мектептерін, кітапханалар ашты. Жаңа ғасыр басындағы әдеби, мәдени дамуда елеулі орын алатын «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті қазақ еліндегі құлақ тігерлік жаңалықтардың басы-қасында болды. Бұл ретте «Қазақта» жарияланған «Білім жарысы» мақаласы біраз жайдан мағлұмат береді.

А.Байтұрсынұлы жарыстың, оның ішінде білім сайысының көптеген елдерге таралғандығы айта келіп, қазақ жұртындағы бәйге тігу, жарыс ұйымдастыру дәстүрлерімен салыстыра баяндайды. Жарыс, бәйге өткізгенде дүрліктіріп, бірнеше тайпа ел жинап, ет жеп, қымыз ішіп қарын қампиту үшін емес, кейінгі ұрпаққа пайдалы іс, үлгілі із қалдыру ниеті көзделетіндігі баса айтылады. «Ғылым, өнер артылған сайын дүниеде бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі білім жарысы»,  - деп көзделген мақсат айқындала түседі.

Ғылым, білім жарысының биік өнегесі ретінде жыл сайын үздік шыққан ғалымдарға, жазушыларға берілетін Нобель сыйлығы үлгіге тартылады. Ғылымның, өнердің сала-саласы бойынша бәйгі жариялауға әзірше қазақ арасында мүмкіндіктің жоқтығы ескеріліп, әңгіме әдебиет бәйгесін тағайындауға кеп саяды: «Жоғарыда айтылды – білім жарысы қазақ арасына білім тарататын кітаптар шығаруға болыссын деп.... Әдебиет ауданында жүйріктер халықтың құлқын түзетуге керегі бар жақсы романдар уа ғайри сондай сөздер шығаруға мүмкін нәрсе».

Тегінде, «Қазақ» газетіндегі біз сөз еткен мақала – қазақ мектептерінің ашылып, кітап, газет-журналдардың жарық көруіне қозғау салып, түрткі болғандығы анық. Бұл арада «Қазақтың» редакторы Ахмет Байтұрсынұлы, газет айналасына топтасқан ұлт қайраткерлері Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхандардың қазақ халқы мәдениетін көтеру қамында тізе қосып, ақылдасып іс қылғандықтарына сеніміміз кәміл. 

А. Байтұрсынұлының «Қазақ» газетінде 1913 жылы 31 мамырдың №16 санында жарияланған «Білім жарысы» мақаласынан кейін игі іске ұмтылған байымыз Ахмет Ишан Оразайұлы болатын. Сондағы Ахмет Байтұрсынұлының бар ниеті халқының көзін ашу еді. Мақалада: «Білімді жұрттардың білім жарысына келсек, оның мағынасы да, көздеген мақсаты да басқа. Ол бірнеше ұлыс ел жиылып, бір-екі күн дуылдап, ет жеп, қымыз ішіп кету үшін ғана жасалмайды, бүтін ұлт я дүниядағы бүтін жұрт үшін нәм көпке қаларлық іс үшін істеледі. Дүнияда күн көріп, тіршілік етудің ауырын жеңілту үшін, жеңілін рақатқа айналдыру үшін істеледі. Неше түрлі ғылым, өнер - бәрі де тіршіліктің ауырлығын азайту үшін, рақатын молайту үшін шығарған нәрселер» - деп жазады. Соның ішінде оқу, білім, ғылым жолымен өркендеудің өзектілігіне екпін жасайды. Өнері өркендеген елдердің дамуындағы үлгілі тұстарын туған халқына үлгі-өнеге етеді. Бұл пікірін: «Ғылым, өнер артылған сайын, дүнияда бейнет кемімекші. Осыған ақылы жетіп, есі енген жұрттар ғылым мен өнерді бірден-бірге асыруға тырысады. Асыру үшін әр түрлі істер істейді. Сол істердің бірі - білім жарысы» - деген ұлағатымен дәйектейді. Білім жарысының адамзат баласының дамуындағы мәнін, ел мен елді, ұлт пен ұлтты теңестіруіндегі құдыретін қарапайым тілмен ұғындырады. «Білім жарысы дегеніміз - бай адам пәлен мың ақшаны бәйгеге тігеді де, мәлім етеді: осы ақшаны пәлендей іс істеген кісі алады деп. Мысалы, пәлен ауруға ем тапқан я пәлен ғылымнан, яки өнерден жаңа жол тапқан, я пәлен турасында жазып, кітап шығарған адамдарға беріледі дейді. Ал бәйге тігілді. Енді ат жарысы болса, әркім атын жаратып, бәйгеге қосар еді, білім бәйгесі болған соң, білімділер бәйгеге қосылады. Бәйгеден дәмесі бар білім жүйріктері бірінен бірі озуға жүйріктігін аяп қалмайды. Тап дегенді табуға ойланады, істе дегенді істеуге қарманады. Ақырында әркім істегенін, тапқанын сынға жібереді. Сыншылары ғылым ордасында тұрған білімді ғалым адамдар болады. Бұлар қарап, сынап, бәйге кеседі».

Ұлт ұстазының ұлағатты ойлары, парасатты пікірлері Алаштың арлы азаматтары тарапынан қолдау таба білді. Осы мақаланы оқып, «ұлтының болашағын ойлау – ар ісі» - деп түсінген ардақты байымыз Ахмет Ишан Оразайұлы «Бәйге тігемін» мақаласын жариялайды.  Сөз арасында айта кетудің артықшылығы болмас, Ахмет Ишан Оразайұлы «Қазақ» газетінің бастырушысы (издатель) Мұстафа Оразайұлының әкесі, заманында көзі ашық, көңілі ояу, ұлтына қарлығаштың қанатымен су сепкендей қызмет жасауды мұрат еткен адам болған. Ашық хатында: «Қазақ»- тың 16 нөмірінде «Білім жарысы» деген сөз оқыдық. Газетке жазылған сөз халыққа үлгі-өнеге үшін жазылады. Құр сөз болып қалу үшін емес. Айтылған сөз естіліп қала берсе, онан пайда жоқ. Білімділер жөн-жосық көрсетсе, жабдығында болу жұрт ісі. Оқығандар қалам ұстап білім майданына шығар болса, қазақтың дағдылы дәлел жолы — бәйге тігу. Бұл іске көзі ашық азаматтар дем беріп, талаптылардың бетін қайтармай, орынды жерде сараңдық қылмай, мұндай жақсы нәрсеге жол ашу керек. Әуелі һәркім өз міндетінен құтылу лайық: мен өзім білім жарысынан келген жүйріктердің біріне бәйге тігемін. Ал енді бұл іске бір кісі ғана бәйге тігумен болмайды, аз болғанда, төрт-бес кісіден кем болу жарамайтын секілді. Бәйгеге ат қосып, атасын шақырғанда бойы шымырлап қызынатын қазақ байдың баласы едік қой, енді аузымыздан шыққан білімділеріміз белсеніп жарысқа түсетін болса, хайуан жарысынан қызығырақ та, һәм пайдалырақ та болуында шүбә жоқ», - деп жазады.

Ахмет Ишан Оразайұлы бұл ісімен талай қазақ оқығандарының алғысын алып, есінде қалды. Осы ашық хатынан кейін тағы да сол «Қазақ» газетінде С.Бегалиевтің Ахмет Ишанға алғысын білдірген «Бұл қалай?» мақаласы жарияланады. Мақалада: «Біздің қазақ арасында Ахмет байды естімеген, білмеген, оның хақында өздерінің шын көңілдерінен алғысын айтпаған, оны құрмет етпейтін адам сирек болар. Бұлайша халық көзінде Ахмет байдың ығтибарын арттырған нәрсе, әлбетте оқу, оқыту істерінде еткен зор қызметі болды. Өзінің машақат, маңдай тері, табан ақысымен бір тиындап тапқан неше жүз мың сомалы дәулетін сарп етіп, қараңғылықта жатқан жұртының балаларының көздерін ашып, жарық жолға салуға көп жерде «Усул жәдид» мектептерін ашты. Оларға мұғалімдер жетістіру ниетімен 1905 жылда Оренбургта үлкен үй салдырып, медресе «Хұсайынияны» ашты. Ондағы 20-30-дағы мұғалімдердің жалованиелерін, медресенің отын-су, басқа расходтарын өтеп тұру үшін түрлі қалада өнімді уақфалар қалдырды. Патшалықтың түрлі орындарында оқитын мұсылмандар үшін стипендиялар берді», – деп жазылды.  Сол арқылы ұлт зиялыларының игілікті бастамаларын қолдау әрі нақтылы жүзеге асырудағы маңызын атап көрсетті. Осы сипаттағы маңызды қадамдар қазақ халқының рухани арнадағы кем-кетігін түгендеуге бағытталып отырды. Әрбір саналы азаматтың елге адал қызмет етуінің маңызын әлеумет талқысына салды.

1899 жылы Қарағашта ашылған «Мамания» мектебі осы істің рухани жалғасы еді. «Мамания» мектебінің жеке әулеттің күшімен салынуы, оның оқу-тәрбие тағылымы этнопедагогикалық сипатта қалыптасуы қазақ халқының өркениет көшіндегі ұмтылысының тарихи айқын көрінісі еді.

Қалқабайұлы Маман және балалары Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл өз қаражаттарымен Қарағашта алғаш үш кластық мектеп салып, ауыл бала-ларының оқуын ұйымдастырды. Кейін бірте-бірте мектепті алты, сегіз кластық етіп үлкейтіп, қайта тұрғызды. 

Мектепке оқуға келген кедей балаларын жатар орынмен, тамақпен, оқулықтармен, оқу жабдықтарымен ақысыз қамтамасыз етті. Игілікті істерін жалғастыру ниетімен Орынбор, Уфа, Қазан сияқты алыс жерлерден кәсіби ұстаздарды еңбек келісім шартымен төрт-бес жылға шақырып, оқу ісін жетілдіре түседі. Оқу орнында математика, физика, география, дүниетану, қазақ, араб, орыс тілдері, тарих, дін сабақтары оқытылып, мектеп үйін, шеберханалар, жатақхана, интернат үйлерін салуға кеткен қаржыны, оқу құрал-жабдықтарын, оқулықтарды сатып алуға шығындарын есептемегеннің өзінде, сырттан келген алты мұғалімнің жалақысына ғана жыл сайын 2500 теңге (ол кезде үш теңгеге бір қой және бір ешкі сатып алуға болатын) жұмсап отырған. Олардың төрт-бес жылғы оқулары үзбей қаржыландырып, стипендиялар төленетін еді. Бұл шәкірттер елге қайта оралған соң, «Мамания» мектебінде ұстаздық еткен. Сөйтіп «Мамания» Жетісу өңіріндегі мектептер үшін кәсіби ұстаздар дайындауға елеулі ықпал етті.

«Мамания» мектебінде өз заманының озық қоғамдық ой-пікір иелері шоғырланғанын байқауға болады. Мәселен ХХ ғасырдың бас кезіндегі көрнекті ағартушы-демократтар, ірі ғалымдар, сөз шеберлері «Айқап», «Қазақ» сияқты газет-журналдарда қызмет еткен Ахмет Байтұрсынұлының ізбасар шәкірттері Ғабдулғазиз Мұсағали, Мұстақым Малдыбайұлы сынды зиялы қайраткерлер осында ұстаз болып, өнеге берген. Санкт-Петербург университетін бітірген, «Алаш» партиясы үшін жарғы жобасын жазған қоғам қайраткері Б.Сырттанов, белгілі тарихшы, мемлекет қайраткері 

М. Тынышбаев сияқты ел азаматтары Маман-Тұрысбектердің ізгі әрекеттеріне, мектептің оқу-тәрбие ісінің тиімді болуына тілектес, ақылшы болған. Мектеп иелері «Айқап» жорналымен «Қазақ» газеті сияқты басылымдарды үзбей жаздырып алып тұрған. Осы басылымдардың қолдауымен Есенқұл қажы өз қаражаты есебінен көркем шығармаларға қазақ даласында алғаш бәйге жариялаған.

Сөйтіп «Мамания» мектебінде басталған сол кезеңдегі игілікті істер қазақ тарихындағы елеулі қоғамдық құбылысқа айналады. Маман ұрпақтарының ашқан мектебі жайында Алаш оқығаны Жақып Ақбайұлы: «...Құдайға шүкір, ұлдары – Құдайберген мен Тәңірберген әпенділер, інілері – Сейітбаттал қажы мен Есенқұл әпенділер өздерінің даңқты әкесі мен ағасының ізгі жолына түскен. Олар 20 – 30 мың сом жұмсап, «Мамания» мектебін салдыртыпты, алты адал оқытушы-мұғалім шақырыпты, олар жылына 2500 сомнан айлық алады, жақсы пәтерлерде тұрады, оларды да байлар берген. Мұғалімдер де, Ғабдолғазиз және Мұхаметқали әпенділер де адамдардың игілігі үшін жаралған жандар. Мен оларды осылай бағалаймын. Барлыбек Сырттанов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды ел азаматтары Маман әулетінің ізгі әрекеттеріне тілектес болған. Мамания мектебінің құндылығы туралы «Қапалға да ай туды» мақаласында Сабыржан Ғаббасов: «Қазақтарда бір Мамановтар мектебінен басқа мектеп, медресе жоқ. Тіпті оқыту үшін қайғырушы бір адам жоқ», - деп жазады.

Мамания мектебі 1917 жылғы төңкеріске дейін өз қызметін жасап отырған. Аласапыран кезінде Маман балаларының «көк үйлерімен» бірге өртеніп кетеді. Бірақ қызыл кірпіштен қаланған қабырғалары қалып, Кеңес өкіметі қайта жөндеп, 20-жылдардың бас кезінде балалар үйіне берген. Оларға тағылған айып – Маман ұрпақтарының «Алашорда» басшыларымен тығыз байланыста болып, оларға жәрдемдескені, бұған басты дәлел – газет беттерінде олардың көрсеткен көмектері жайындағы мақалалары екен. 1999 жылы мектептің 100 жылдығы атап өтілді. Ұсыныс-бастамалар ескеріліп, Маман Тұрысбек қажының құрметіне мектепке тарихи атауы – Мамания есімі қайтарылды. «Мамания» атты кітап шығарылып, Маман әулетінің зиратына арнайы ескерткіш тас орнатылды.

Қазақ байларының меценаттық қызметінің келесі маңызды кезеңі – ұлттық баспасөздің өркендеуіне, ұлт мәдениетінің дамуына қаржылық қолдау жасауы. Бұл тұрғыда 1913-1918 жылдар аралығында 265, соңғы мәлімет бойынша 266 нөмірі жарық көрген «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына және тұңғыш жалпыұлттық басылымның ел ішіне таралуына ықпал еткен ауқатты қазақтардың болғаны шындық. Мәселен, «Қазақ» газетінің 1915 жылғы санында «Ауқатты алаш азаматтарына» атты мақалада газет ісіне қаржылай жәрдемдесуге шақырған үндеу жарияланады. Көмек берушілер қатарында Есенғұл қажы бастаған Маман байдың балалары белсенділік танытқаны аңғарылады. Жетісудың Қапал оязын (уезін) жайлаған Маман байдың балалары Есенғұл, Тұрысбектердің жиған-терген байлығын ұлт мәдениетіне, мектеп-медресе ашу ісіне бағыттай білгенін қазақ меценаттығының айқын көрінісі деп айта аламыз. 

Қазақ баспасөзі тарихына қаржылай көмектескен келесі бір бай – Қаражан Үкібай. Мұхтар Әуезов Қаражанды жақсы танып, араласып тұрған. Сол таныстықтың арқасында ұлы жазушы 1918 жылы «Абай» журналын шығаруға Қаражаннан қаржы сұрап барғанда, мәрт азамат қолынан келген бар жақсылығын жасаған екен. Семей қаласындағы ет және тері өнеркәсібінің негізін қалаушы, Мәскеуден алған бірінші гильдиялы көпес құжаты бар миллионер саналған Қаражан Үкібайдың «Абай» журналына қаржылай көмек көрсетуіне оның Мұхтар Әуезовпен таныстығы себепкер болған. Үкібайдың баласы Бекетқазы Қаражанұлының айтуы бойынша, Әуезовтің көпеске: «Мына Жүсіпбекке маған сенгендей сеніңіз. Ол – талай сыннан сүрінбей өткен азамат. Өз замандастары алдында өте беделді», – деп айтқан сөздерінен кейін Қаражан «Абай» журналына қаржы беруге келіскен. Сөйтіп, Қаражан Үкібайдың «Абай» журналын шығаруға ат салысуы ең алдымен 11 мың сомға «Ярдам» баспаханасын сатып алудан басталған.

Қаражан Үкібайдың есімі Алаштың атын айдай әлемге танытқан аса дарынды әнші Әміре Қашаубаев жайлы еңбектерде де кездеседі. Мәселен, бір деректерде «Семейдегі Абыралы болысы, Дегелең деген жердің тумасы Әміре он жас шамасында, күнкөріс үшін ата-анасымен Семейге көшіп келеді. Қалада бірінші гильдиялы көпес Қаражан Үкібайдың қасапханасын басқаратын адам кішкентай Әмірені әкесінен күзетшілікке сұратады» деген жолдар бар. Яғни Әміренің әрі қарай көтеріліп, әуелеген әнімен Париж халқын дүр сілкіндіріп, қазақ деген халықты әлемге танытуына қолдау көрсеткен Қаражан Үкібай деуге негіз бар. Осылай, жұртқа жақсылық жасап, қалың қазаққа қыруар пайдасын тигізген Қаражан 1921 жылы толық тәркіленіп, зұлым биліктің құрбанына айналды.

Байларымыздың қазақ жастарына жасаған келесі демеушілігі – Ресей империясының және әлемнің жоғары оқу орындарында білім алуына жәрдемдесуі еді. Мәселен, Жаһанша (Жанша) Досмұхамедұлы Сырым батырдың шөбересі Салық Омарұлының көмегімен Мәскеу университетінің заң факультетін бітірген. Қазақ байларының жоғары оқу орындарында оқып жатқан қазақ жастарына шәкіртақы тағайындауы, демеушілік жасауы әлі де болса зерттелуге тиіс]. 

Белгілі қоғам қайраткері, меценат, І Мемлекеттік Думаның депутаты болған Сәлімгерей Жантөриннің есімі де қайырымдылық істерімен «Қазақ» газеті бетінен бірнеше мәрте көрінеді. Мұстафа Шоқайдың V Мемлекеттік Думаға депутат болуы үшін өзінің жерін Мұстафаның атына аударды. Өйткені депутат болатын адам ауқатты болуы керек деген заң болатын. Алайда V Мемлекеттік Думаның сайлауы сол күйі өтпей қалды.

Соның бір мысалы, 1913 жылы 24 октябрьде жарық көрген №35 санында жарияланған «Оқушыға көмек» ашық хатында: Уфадағы медресе «Ғалияда» оқып жүрген қазақ шәкірті Шермұхаммед Қыпшақбайдың ұлы сұлтан Сәлімгерей Жантөринге барып: «Атаңыз қазаққа басшылық қылған, қазақ ішінде туып-өскен, қазақтың арын арлаған. Сіз де бұл күнде медресе «Ғалияны» салғызып, дін исламға биігіректе ноғайларға қызмет етіп жатырсыз. Ата-жұртыңыз болған қазақта не медресе жоқ, не дін ғылымын, дүние ғылымын білген кісі жоқ, бұл басшылық қылып жатқан жаужүрек, бірлі жарым орысша оқығандарымыз. Міне, мен Русияда 11-12 жыл оқыдым, ноғай медреселерінде оқылатын нәрселерді бітірдім. Енді Стамбұлға барып, түрікше үйреніп, аз-маз оқыған пәндерімді кеңейтіп, дүние ғылымынан хабардар болып, соңыра Мысырға барып, бір «Дар әл фунуге» кіргім келеді. Бұл мақсатыма жету үшін 4-5 жыл оқу керек, сіз мені жіберіңіз».  Шәкірт бұл сөзді айтып өтініш білдіргеннен кейін Сәлімгерей мырза оның сөзін мақұл көріп, өз күйімен оқытуға Стамбұлға жіберіпті. Шермұхаммед Қыпшақбайұлы Стамбұлда оқып, білім алды. Сәлімгерей мырзаның қазақ бауырына берген көмегі кісі сүйінерлік.

Енді қазақ байларының жазалануына басты себеп болған келесі қызметі – Алаш азаматтарына жасаған демеушіліктеріне тоқталайық.

«Қазақ» газетінің 1917 жылғы 14 қараша күнгі санында жариялаған үндеуінде «Өзімізді өзіміз қорғай алмасақ, бүлікшілдік зорайып, қиыншылыққа айналғанда, қазақ халқы құрбан болады…» – делінген, осы мақалада бесінші желтоқсан, Орынбор қаласында «Екінші жалпықазақ съезін» шақыру жөнінде құлақтандыру жарияланып, барша аймақтардағы абыройлы азаматтарға сауын айтылады. Сөйтіп, «екінші жалпықазақ съезінде» қоғамда болып жатқан талан-тараж, бүлікшілікті ескеріп, қырғыз-қазақты бүлікшіліктен қорғау үшін милиция құру мәселесіне байланысты 12  тармақтан тұратын ереже қабылдайды. Онда жасақ құру мәселесінде бүкіл қажеттіліктер Алашорда өкіметі есебінен бекітілген. Алаш автономиясының қауіпсіздігіне кепіл болатын Ұлттық Алаш милициясын құру ісіне қазақ байлары айтарлықтай қолдау көрсетті. Кеңес үкіметіне қарсы құрылған Алаш атты әскерін ұйымдастырушылардың қатарында жоғарыда аты аталған Үкібай Қаражанның есімі аталады. Алашорда үкіметінің астанасы болуға лайық деп танылған Семейдің қақ ортасынан Қаражан Үкібай салдырған кең әрі сәулетті үйде әуелі Алаш азаматтары жатып оқыған. Алаш қозғалыс ретінде құрылған кезде ол үйдің бірнеше бөлмесі кеңсеге беріліп, кейіннен жетім балалар үйіне айналыпты. 

Алаш армиясын (милициясын) жасақтау Алашорданың батыс бөлімшесінде де қарқынды жүрді. Жергілікті бай, Алаш партиясының мүшесі Иса Көпжасарұлы Алаш милициясын жасақтауға көп еңбек сіңіріп, оның пайдасына өз дәулетінен 100 ат берген болса, Сырым Датұлының шөбересі Салық Омарұлы 1918 жылы ақпанда Орал қазақтарының Қаратөбеде өткен 3 съезінде Алаш әскеріне өз табынынан 200 бас мініс жылқы бөліп берген. Сонымен қатар, Алаш қозғалысына Маңғыстау өңірінде Тобанияз тобы да тілекші болып, әскери қолдау көрсеткен.

Әділұлы Икенің жеке ісіне келетін болсақ, онда былай деп жазылған: Әділұлы (түпнұсқада Әділов) Ике - шыққан тегі қазақ, Семей округіне қарасты Шаған болысында тұрады, орта білімді, 2 әйелі бар, отбасы мүшесі 7 адамнан тұрады. 596 ірі қара, 900 ұсақ малы бар. Бұрын болыс (немесе волостной управитель) және би болған. Колчак үкіметі тұсында басқарушы және облыстық Қазақ Атқару комитетінің мүшесі болған. Мақтау қағаздарымен және алтын медальмен марапатталған. Азамат соғысы жылдарында Алашорда үкіметіне материалдық жағынан белсенді түрде қолдау көрсеткен және Алашорда әскерін жасақтауға қатысып, Қызыл әскерге қарсы атаман Анненьковпен тығыз байланыста болған. 1927 жылы Әділұлы Ике басқа байлармен қоса Рубцовск округіне жер аударылады, одан 1928 жылы қашып шығып, Шаған тауларына келіп жасырынған. Содан бастап өзі ниеттес байларды қасына жинап, 100 адамнан тұратын аттылы жасақ құрып, Кеңес әскеріне қарсы бандалық әрекеттермен айналысқан.

Байқағанымыздай, еліне, халқына жаны ашып, «сол елдің өнері мен мәдениетінің гүлденіп, көркеюіне үлес қоссам», - деген ниеттерінің өзі қылмыс саналған. Халқы үшін «малы түгіл, жандарын пида» еткен. Қорыта айтқанда, Алаш қоғамының рухани серпілісі мен мәдени жаңғыруында елінің қамын жеген арлы азаматтар қазақ топырағындағы ұлттық меценаттықтың негізін қалады. Қазақ меценаттары қазақ мәдениетін дамытуға зор үлес қосқан. Қолда дәулет барда бет қызылы басылмай, ет қызуын қашырмай, жылан шақпай, жылқы теппей тұрғанда, діттеген мақсаттарына жету үшін  еш аянып қалмады.

 

                                                                                                                                           


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар