Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Әли Жафароғлы. Әкеге деген сағыныш...

16.02.2022 4319

Әли Жафароғлы. Әкеге деген сағыныш 12+

Әли Жафароғлы. Әкеге деген сағыныш - adebiportal.kz

Әкемнің өмірден өткеніне отыз жыл өтсе де, санамда кешегідей, әкемнің бейнесі сайрап тұр.

Автор

Үйге жақындаған сайын көңіл түкпірінен белгісіз бір қуаныш қылаң берді. Алып ұшқан бойымдағы сезімді әзер тежегендей болдым. Көшелер мен көше маңындағы қоршаулар да еш өзгеріссіз бәз-баяғы қалпында. Қаз-қатар тізілген көше ағаштары жел ырғағымен айналаны бір лирикалық әуенге бөлеп тұрғандай. Үйге қарай жоспарлап салынған тап-тақыр асфальтті бетке алдым. Анадайдан көзге үйдің кіре берісіне қарай, шағындап жүргізілген аркалар көрінеді. Сол арка арқылы сәл бір дірілдеген толқынмен мөлдіреп су ағып жатыр.

Кейде бір ол судың зырылдап кететіні сондай, орындай алмай қалатын арманына асыққандай-ақ күй кешесің. Рояльда ойнайтын күйшілер патшалығынан алатын орны ерекше болатыны да осы шығар бәлкім бұлардың. Мүмкін менің қазіргі жағдайым да сол ағып жатқан тұнық сумен тікелей байланысты шығар. Ауырып жатқан әкемді тағы да бір көруге, сүйікті әжетайымды, анашым мен әскерей демалыстан оралған бауырымды, сағындырған қарындастарымды бір көруге мүмкіндік берілген болар, не де болса бұл тегін емес.

Баку мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып жүрген кезім еді. Мамыр айының бір күнінде (нақтылап айтар болсам дәл сол күні) түскі астан кейін сабаққа дайындалу үшін мен Мырза Фатали Ахундов кітапханасына бардым. Мен оны үнемі қасиетті ұямыз - «құпиялы храм» деп атайтынмын. Кітапханашы қыздар мені дәлізде күлімсіреп қарсы алды. Көп уақытын кітапханада өткізген және сол кезде көп кітап оқыған студенттер ол жерде ерекше құрметке ие болатын.

Бірнеше кітап алдым да өз үйреншікті орныма жайғастым. Голландиялық саяхатшы Кан Стрейстің кітабын оқи бастадым, ол XVII ғасырда Ресейде шаруалар соғысының батыры есептелген Дон казактары атаманы Степан Разиннің жасаған қорқынышты адам ойына да сыймайтын жауыздығы жайында жаза отырып, шындығында іс жүзінде ол батыр емес әзірбайжандарды тонаумен және қантөгіспен айналысқан қанішер екендігін ашып көрсете алған бірден-бір жазушы болып шықты.

Бұл кітапта сипатталған ирандық княздің әдемі кескін-келбеті мен оны соңынша аса бір қатыгездікпен, өз қолымен өзенге батыруы көз алдыма елес болып келіп, санамда жаңғырып тұрып алды...

Менің халқымның ғасырлар бойы бастан кешкен апаттар мен тартқан азаптары жанымды жегідей жей берді. Кешке қарай мен кітаптарды қыздарға тапсырдым да, хаттарға толы портфельді алып, төменге түстім. Шыға беріс есіктегі тұрған аюдың суреті бейнеленген дәу айнаны көргенде, әдетімше басымды төмен түсіріп өте бердім. Гардеробта тұрған қыздың дәлізге шығып бара жатқандығын байқап, осы суретті келемеждеп бір қалжыңдап алдым. Мен өстіп сол қыздың есінде бір сәтке болсын қалуды қаладым. Себебі, ол қыз ақжарқын адамды жатсынбайтын ерекше жан болатын.

Бесінші мамыр қалада радио күні болғандықтан, ауқымды концерттік бағдарламалар ұйымдастырылыпты. Қала тұрғындары да асыға-аптыға топтаса келіп, танымал әншілердің әндерін тыңдады, қошеметтеді, концерт те өте көңілді болды. Ал сол топтан бөлінген бірнешуі аллеяда қолтықтаса жүріп өзара қызықты әңгіме дүкенге кірісіп кеткен. Жүздеріндегі ақжарқын күлкілері көңіл күйлерінің де тамаша екендігін аңғартады. Осының барлығын үнсіз бағып келе жатқан мен кітапханадан шығып, «26 жыл» бақшасынан өтіп, Ленин сарайына бет алдым. Ауа-райы өте жаймашуақ, жып-жылы самал есіп тұрды. Саябақтарға отырғызылған раушан гүлдерінің хош иісі адам баласын ішпей-жемей мас ететіндей аңқып тұр, еріксіз бойымды бір рахат сезім баурап әкеткендей болды.

Мен мерекелік той думанды аса бір қызығушылықпен бақыладым. Би ансамблінің музыкалық нөмірлері түрлі-түсті және таң қаларлық болды. Ұлттық киімдегі ұлдар мен қыздардың биі, тар, кяманча, барабан дыбысы көктемнің салтанатын бейнелеп тұрғандай әсер қалдырды. Осының әсерінен бе екен, мен үйге көтеріңкі көңіл-күймен оралдым.

Баспалдақпен төмен қарай түсіп келе жатқаным сол еді, үйдің қожайыны болған көршіміз алдымнан қарсы алып Амигилдің толассыз қоңырау шалғанын айтты. «Недеген түсініксіз жағдай бұл, мен ол жақтан кеше ғана хабар алған сияқты едім ғой?» - дедім мен де аң-таң болып. Қожайынның әйелі Энфира тәтей, ол кісі мектепте математика пәнінен мүғалім болып жұмыс істейтін, үнемі жүзінен мейірім шашып күліп жүруші еді, бұл жолы өңі өрт сөндіргендей солыңқы көрінді: Ол сізден міндетті түрде станцияға келуді өтінді, сіздің ағаңыз Рауф әскерден келген екен.

Осыны айтты да қатқан қазықтай қалшиып аз тұрды (құды бір құпияны жасырып тұрғандай) :

- Ахмед пен Рамиз сізді вокзал басында күтеді. Сіздер ол кісілермен ауданға бірге барасыздар! Ағамнан жеткен жаңалық бір жағынан мені қатты қуантты. Бірақ мен үшін Мәскеуде не қызық бар (өйткені менің ағам Мәскеудің Балашихин ауданында қызмет еткен), ол Бакуге келмеді, оның орнына Агстафаға жетіп алғаны несі, осы жағы маған бір жағынан бір түрлі күмәнділеу көрінді.

Соңынша олар менің бұл оқыс сұрағыма және күмәнімді сейілтетіндей етіп, ағамның алдымен Тбилисиге ұшақпен жол тартып, сол жерден ауданға кеткендігін айтты. «Қызық екен, - деп те ойладым, әскери адамды 9 мамыр Жеңіс күні қарсаңында мазаламағаны да бір түрлі екен негізі, оның әл-ауқатының нашарлығынан оған бір адам келіп, сол адам арқылы жеделхат жолдап, өзінің сол жеделхатты маған жеке жеткізбегендігі біршама сұрақтар тудырады екен», - деп іштей тағы да бір мазасыз ой қаумалап алды мені.

Осындай алабұртқан көңіл-күйде жолға шығу дайындығына кірісіп кеттім. Пәтердің жарығын өшіріп, сыртқы есікті кілттедім. Пәтердің кілтін көрші Кюбра тәтейге табыстадым. Ол кісі өте қонақжай, ашық-жарқын, етженділеу, ақұбаша келген келіншек болатын. Үнемі отбасы арасындағы достықтың құрметіне, сабақтан мен үйге келгенше асымды әзірлеп қоятын, мен ол кісіні осы бір адами қасиетіне бола да қатты сыйладым.

Автовокзал жақтан мен мінетін № 145 «Икарус» автобусы теміржол вокзалына әп-сәтте жетті. Баку-Икеван пойызының жанындағы станцияда мен Рамиз ағай мен Ахмед мұғалім қарсы алды. Біз кездесіп, қысқа да нұсқа жай сұрастық. Сөйлеген кейіптерінен ақ олардың жағдайларының мәз емес екендігін аңғарғандай болдым. Бір жамандықты сезе тұра, қалайда жақсылық ойлауға тырысқам. «Полиция майоры ғой, мүмкін жұмысында бір жағдайлары болған шығар қылмысқа байланысты», - деп ағайды іштей бір ақтап қойдым, бір жағынан тағы да бір өзімді жұбатуым бұл.

Осынау қаламен қош айтысып, біз бір купеге жайғасқаннан соң баяғы әдетімше жан-жағыма назар сала бастадым. Купенің іші де жанға жайлы, әрі жылылау екен. Кешкі асқа деп алдын ала әзірлеген тағамды үстелге қойдым. Пойыз да осыны күткендей ысқырып-пысқырып, орнынан баяу қозғала бастады.

Бір кездері, Ахмед мұғалім (Әзірбайжан мемлекеттік университетінде неміс тілінің оқытушысы болып жұмыс істейтін) баяғыша болмасты әңгіме ете бастады. Ал әпкемнің күйеуі Рамиз көкем мұнай өндіретін зауытта жұмыс атқарады. Бұл кісілердің әдеби әңгімелер тақырыбында сөз қозғағандарына талай куә болған едім, (сол баяғыша сол тақырыптан бастады бұлар әңгімелерін) екеуінің ой пікірлері де екі арнаға ауысып, әңгімелерінің қиюлары жөнді келісе бермейтін. Рамиз ағай үнемі қиялап кететін, өзге бір нәрселерге қарай ойы бөлініп, бір шешуге тиісті, тиіс емес проблемаларын қопсыта жөнеледі, осы әлемде тек өзі, өз жағдайларымен ғана қалғандай-ақ, қасындағы адамның бары не жоғы не...

Ал Ахмед мұғалім оның беталды өрбіп кететін әңгімелеріне күлетін де, қалжыңмен қағытып келемеж қылушы еді. Осының барлығын ол екеуі дәл бүгін маған әдейі істеп келе жатқандай көрінді, купе ішіндегі бой мен ойды билеген жағымсыздықтан құтылу әрекеті сияқты. Дегенмен де олардың көздеріне қалай мұқият қарасам да, мендегі сезікті олар аңғартпауға тырысқандай. Бірақ, көңіл түкпіріндегі күмәнді ойым сейіле қоймады білем. Олар да маған өздіктерінен ешқандай мәлімет бермеді.

Ерегіскендей жол да ұзара түсті, мен болсам өз балалық шағымдағы кейбір кезеңдерді еске ала бастадым. Әзірбайжанның Агстафин, Газах, Товуз, Физулин, Шуша аудандарында, Солтүстік Кавказ қалаларында Кисловодск, Железноводск, Эссентуки, Минералды суларда өткізген жылдар менің есімде өшпес із қалдырды. Он тоғыз жасар балаң жігіт, енді ғана жастық дәуреннің қызық пен шыжығына аяқ басып, сол дәуренін еш таусылмайтындай көрген еді, әттең бәрі де өткінші екен, сол кезеңдерге деген сағыныш кеуде тұсын күйдіргендей өкініштен іштей бір аһ ұрдым, амал не?

Таң қылаң берді. Бұл алтыншы мамыр күні болатын. Жаздың жайма шуақ ауа-райының жұмсақ самал желі жанымызға қуат беріп, жүзімізден еркелете аймалап жатты. Көз алдымнан өтіп бара жатқан жол бойындағы ағаштарды, көк шалғынды, дәнді дақылдарды, жүзім алқаптарын, гүлдер мен раушан бұталарын көргенде, жүрегім дүрсілдей соғып, өмірге деген құштарлығым арта түсті. Гүлдердің хош иісі пойыздың терезесінен еніп, бойымды баурап алды, табиғаттың құдіретке толы үні мен отарбаның салдыр-гүлдір дыбысы өзара жұптасып, әлемдегі тіршіліктің тек арпалысқа толы екендігін аңғартқандай, айналадағы әсем көрініс суретшінің қылқаламынан төгілген әдемі сүрет іспетті де, мына дауыстар музыкалық аспаптан құйылған сыйқырлы күй тәрізді.

Міне енді көптен күткен сәтте жетті.. Пойыз баяулап соңғы дыбысын ышқына бір шығарды да, Агстафа станциясына келіп тоқтады. Жолаушылар асығыс түсе бастады. Біз де түстік. Станциядан үйге дейін онша алыс бола қоймағандықтан одан қалса алған жүктері жоқ, менде ғана бір жеңіл-желпі жүгім бар, үшеулеп қаланың ескі көріністерін үнсіз бақылап асықпай аяңдадық.

Үйге қарай апаратын көшеде саябақ бар, соны жарып өттік. Саябақта сайраған құстар мен саябақ сыртындағы машиналардың оқтын-оқтын гүрілдері естіледі. Үйге де жеттік, бір таң қалғаным есік алдында бұрын-соңды көрмеген су толы бөшке болды. Адымымды санап алып, ақырын келіп шарбақтың есігін аштым. Аулада қаптаған адамдар қарасы көрінді. Енді маған ешкім ештеңе демесе де барлығы айтқызбай-ақ түсінікті болды. Туыстарыммен көңілсіз қауыштық. Екі көзі жылай-жылай әбден қызарып, беті домбығып әбден ісіп кеткен анамды көргенде ішім алай-түлей өртенді. Оңайымен арылмас азапқа тап болғандай едім. Ол әжемді құшақтап жылағаннан бұрын есінен айырылған адамдай ыңырсып теңселе берді. Әкемнің дүниеден мезгілсіз кетуі отбасымызға ауызбен айтып жеткізе алмас ауыр соққы болғандай.

Бұл көрініске қарап тұруға дәтім жетпеді білем, сырттағы баққа барып, ішкі шерім толығымен ақтарылғанша өкіріп тұрып жыладым. Өсіп тұрған ағаштардан өшімді алғандай пәрменімше жұдырықтай бердім. Сол ағаштар арқылы өлген әкем тіріліп келердей. Ең алғаш рет өмірдің ашы шындығымен бетпе-бет келіп, осынау жалғанға деген өкпем қара қазандай болды. Осы күнге дейін күнге табынғандай пір тұтқан біздің отбасы мен Эль-Обадағы халық сыйлысы құрылыс басшысы Жафарды бізден әдейі ажыратып алып кеткендей еді. Тым ерте, ерте еді ғой.

Байғұс әжем болса жалғыз ұлдан айырылғаны осынау дүниедегі соңғы үмітін өшіріп, еңсесін езіп жібергендей қайғыдан қан жұтып тұр Жалғызсыраған сұлбасы құдды жалғыз мінажат еткен тақуаны елестететіндей. Мен де қайғылы жағдай болған жерге келгендердің қатарына көтеріліп, жоғарыға қарай өттім. Олар менің әкемді залдың ортасында еденге жатқызды. Астына қызыл жүнең төсеніш төседі.. Оның жансыз денесі матрацта, ал денесінде ақ періштенің суреті салынған.

Оның мынау жансыз бейнесіне әлі де болса сенімсіз көңілім, қайтадан маған тірі кезіндегідей күлімсіреп бір қарар-ау деген үмітпен, қос қолымды қусырған бойы сылқ етіп жерге отыра кеттім. Құдайдан әкемді қалайда тірі және сау көру үшін іштей дұға қылдым. Сол сәтте қараңғының арасынан әкемнің бозарған бірақ еш жылуы жоқ жүзі көрінді.. Осыдан үш-төрт күн бұрын Бакуге әкеммен кездемуге келгенде, ол мүлдем басқаша еді ғой....

Ол осы төсекте бозарған кейіпінде жатты, бірақ ол кезде жүзінде жылылық бар еді, соңғы рет дірлдеген дауысымен:

-Ұлым, саған ақша керек пе? деп сұраған.

Өзі қиналып жатып, баласының қамын ойлау деген енді, ондайда қимас бір тау тұлғадай әкеңді биіктетіп жібереді екен ғой. Мен жұлып алғандай:

- Жоқ, әкешім, рақмет, анам берген! - дедім. Сол сәттерде оның қасында оның жұмыстасы әрі досы отырған болатын, ол кісі де:

- Несіне алаңдайсың, сенсіз де оны анасы бос қалдырмас, - деп жауап берді.

Қалалық балалар ауруханасында дәрігер болып жұмыс істейтін анам, ағамның уақытымен келе алмағандығын жамап-жасқағысы келді ме, маған ағамның орнына әкемді сүюді өтінді. Мен еңкейіп барып әкемнің бетінен сүйдім, әкем де дірілдеген тарамыс қолдарымен мені ең соңғы рет қия алмай тұрғандай қатты қысып тұрып құшақтап алды. Анам екеуміздің көңіліміз босағаны сондай, өзімізді тежей алмай жылап жібердік. Әкемнің соңғы сөздері өкініш кернеген өзегімді қарығандай, санамда сайрап тұрып алды...

Әзірбайжан тілінен аударған: Айнұр Құмарханова)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар