Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Әлібек Қаңтарбаев. Қалам ұстағандардың баршасы кла...

04.03.2024 1132

Әлібек Қаңтарбаев. Қалам ұстағандардың баршасы классикалық дүние тудырсын дегенді кім айтыпты?! 14+

Әлібек Қаңтарбаев. Қалам ұстағандардың баршасы классикалық дүние тудырсын дегенді кім айтыпты?! - adebiportal.kz

Әлібек Қаңтарбаев – Шығыс Қазақстан облысы жазушылар одағының директоры, жазушы, Алаш әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, публицист. «Сол бір кез есімде», «Армандастар», «Алаш азаматы», «Жұлдыздар сөнбейді», «Досыма хат», «Тұлға», «Дөңгеленген дүние», «Қасқыр тірлік» әңгімелерінің авторымен журналистика, бүгінгі қаламгерлер, бақыт ұғымы жайлы әңгімелескен едік.

- Әлібек Қалиұлы, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Дегенмен сізді көндіру оңай болған жоқ. Сұхбат алушылардың бәрін осындай сыннан өткізесіз бе?

- Мен өзім кезінде журналист болған соң ба, сөз, тіл құдіретін терең түсінгеннен ба, сұхбат жанрын өте терең, тек өз ісінің шеберлері бағындыра алатын іс деп білемін. Талай жыл журналист болдым, бұл мамандықтың кемшіліктері көп, батпағы да терең. Ол тек елімізде емес, бүкіл әлемде солай секілді. Маған кезінде «Менен сұхбат алып жарияла, жауаптарымды өзің ойлап таба сал» деген адамдар да болды. Өзім сұхбат бергенімде «өз сұхбатыңызды ойдан құрастырып жаза салыңызшы, біз жариялаймыз» дегендер де болды. Сұхбат деген негізі, ой таластыру алаңы емес пе?! Сұхбат алушы бірінші кезекте сұрақтарын мұқият саралап, әр салада білімі тасып тұруы керек. Әйтпесе  алдыңда отырған адам сені кәсіби түрде жағаңнан алуы мүмкін. Немесе қайдағы жоқты айтып, сені шатастырып тастауы да мүмкін. Ал журналист өзі ештеңеден хабарсыз болса, оны біреудің шатастырып отырғанын да байқамай қалады. Ондай сұхбаттың барынан жоғы жақсы. Мен журналистің бірінші кезекте қызығушылығы мен талпынысын бағалаймын. Менен сұхбат аламын деп сұраныс жиі келіп жатқан жоқ, бірақ келіп жатқанның өзінде оны саралап алу мен үшін маңызды. 

- Журналистен ізденімпаздық, білімділік талап етілсе, жазушыға қойылатын талап қандай?

- Жазушылардың саны талай, бірақ сапасы жайлы әңгімелеу орынсыздау ма деп санаймын. Себеп мынада: мейлі журналист, мейлі жазушы болсын, өз шама-шарқына қарай бір шығарманы дүниеге әкеледі. Еңбектенеді, ойланады, толғанады. Қысқасы, тер төгеді. Ол неге атаусыз қалуға тиіс?! Қалам ұстағандардың баршасы классикалық дүние тудырсын дегенді кім айтыпты?! Олай болмауы керек. Еңбекті бағалау, бағалану, ескеру деген болады. Соны ұмытпағанымыз абзал. 

- «Бағалану, ескеру» дедіңіз ғой, сіздің еңбегіңіз лайықты бағаланды ма? Атақ, марапаттарыңыз туралы не айтасыз?

- Марапат дейтіндей менде әлгі бір мемлекеттік мерейтойларда шүлен таратқандай үлестіретін мерекелік медальдардан басқа шіреніп айтар, іліп алар дүние жоқ. Атақтардан, «ҚР Білім саласының үздігі», «Қатонқарағай ауданының Құрметті азаматы», «Өскемен қаласының Құрметті азаматы», «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы», «Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Құрметті профессоры» деген атақ берілген. Берді. Алдым. Жоқ, керек емес деп бас тартқан жоқпын. Соңғы марапаттардың бірі - Алматыдағы үлкен жиында «Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты» атандым.

- Өзіңіз туған өлке лайықты бағасын берген екен. Соған орай сіз де шығармашылығыңыздың айтарлықтай бөлігін туған жеріңізге арнадыңыз...

- Топқайың демекші... Туып-өскен кіндікжұртым ғой. Жүз тоқсан үйлі, сол үйлерінің өздері Қожанасырдың бейітіндей қиқы-шойқы Топқайыңның нендей қасиеті, қандай киесі бар екенін итім білсін, қос жанарымды жұмсам болды, сол қотыр-қотыр ауылым күлді-күйелеш қалпымен көш түзеп көз алдымнан өтеді дерсің... Сондай ескетті шақта мен өзімді көңілі де, мұқым өмірі де ауылда қалған, қалада Қаңтарбаевтың тек көлеңкесі немесе көшірмесі жүрген жандай сезінемін. Сенсең де, сенбесең де ерік өзіңде. Мүмкін... Періште сәбилік, уайымсыз балалық дәурен, желбір көкірек жастық шағым қос жанары боталап сонда қалғаннан болар...

Мынау монданақтай жер бетінде Топқайыңның адамдарындай ақкөңіл, Топқайыңның адамдарындай сезімтал, Топқайыңның адамдарындай аңқау, Топқайыңның адамдарындай қалжыңбас, Топқайыңның адамдарындай көнтері пенделер жоқ сияқты... 

- Сол өңірдің қаламгерлері жайлы, жалпы қазіргі қаламгерлер жайлы не ойлайсыз?

- Мен әлікүнге Қалихан көкемнің тілінің ғажап байлығына таң қалумен, Оралханның жаңашылдығына тәнті болумен келемін. Дидахмет көп дүниеге үлгермеді. Әлібек Асқаров жанкешті еңбекқор жазушы. Баршасы мен үшін қимас жандар. Қимастарым... 

Прозада қазіргілердің ішінде Дәурен Қуаттың аяқ алысы тым ерен. Түбі осы жігіт осы бетімен қалам сілтей берер болса, қазақ прозасын бір биікке орнықтыратынына сенемін. 

Ал, поэзия... Бүгінгі қазақ поэзиясы ерекше дамып кеткен. Дамып деген сөз менің ойымды дөп басып бере алмауы да мүмкін. Алапат секіріс бар. 

- Шығармаларыңыздың өзегі деп қандай тақырыптарды атар едіңіз?

Мен осы жасыма дейін біраз дүние жаздым. Көбі деректі. «Көркем шығарма – жазушының қиялынан туған өмір» деген екен. Менің деректі шығармаларға көбірек ден қойған себебімнің басты мұраты – қиялдан өмір жасағым келмеді. Шикізатты тірліктен алғым келді. Бұл технологиям жеміссіз де болмаған сияқты... 

- Еңбегіңіз нәтижесіз болмағанын айтып өттіңіз. Жалпы, өзіңізді бақытты жандар қатарына жатқызасыз ба?

«Көзімді жұмсам да көрем сені» деген кітабымды марқұм Гүлжаныма арнап жазған едім. Шығармашылығымның 1%-ы талант болса, қалған 99% Гүлжанның арқасы. Жарты ғұмырым бірге өткен жолдасым бақытымның жартысын алып кеткендей болды. Бірақ бақыттан құр алақан болып қалғаным жоқ. Жеке азаматтың басындағы бақыт ұғымы екі түрлі түсінікке негізделуі шарт меніңше. Біріншісі – пенделік бақыт та, екіншісі – азаматтық бақыт. Пенделік бақыт көбіне-көп жанұя төңірегін шиырлайтыны, кәсібіңе сай шыққан шыңыңа, жайылар өрісіңнің ауқымына байланысты сыйпатталатыны рас. Ал, азаматтық бақыт – туып-өскен жерің мен халқыңа бергеніңмен, парызың мен қарызыңнан құтылумен безбенделетін болар.

Мен пенделік бақыттан да, азаматтық бақыттан да құралақанмын деп айта алмаймын. Құйрық-жалсыз емеспін, ойсырай кетіліп қалғандығы болмаса, жанұям, ұл-қызым, немерелерім, шөберелерім бар. Біреулерден кейін, енді біреулерден озық тірлігім бар. Өз қоғамым, өз ортам бар. Осы Шығыста мен таныйтындар, мені таныйтындар өте көп. Алланың маған аманаттаған қасиеті шығармашылық көрінеді, кеш болса да сол қасиетіммен табысып, соны мынау қамшының сабындай жалғанда талшық етіп, ермек етіп отырмын. Әлдекімнің басындағы байлық, атақ-даңқ боп қонған пенделік бақытына қызығу, соған қызғанышпен қарау, күндестіктің қап-қара  шылауышын жамылып күрсіну, қарғап-сілеп қан түкіру дегендей алапес әдет болмысымда жоқ. Соған тәубе деймін.

Азаматтық бақыт аздап күрделілеу. «Неге?» деген сұрақ көп. Мида тыныштық жоқ. Мемлекетімізді сүліктей сорып, әбден тамырланып алған жемқорлық, жастарымызға беріліп жатқан баянсыз, көтерем білім, өте-мөте сауатсызданып бара жатқан денсаулық сақтау саласының қарабайырлығы, өздерінің отбасы, ошақ қасының ғана қамын ойлаумен таң атырып, күн батырып отырған Үкімет пен Парламенттің күйкі тірлігі – барлығы-барлығы менің азамат ретінде бақытты болуыма кедергі жасайды. Баяғыда бір кейуана жалғызының бейдауа тірлігінен әбден түңілген сәтте: «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» деп шашын жұлып, бетін тырнаған екен. Сол айтпақшы, қарғайтын да, қарғысты қабылдап жатқандар да өз жұртымыз. Өз жұртымыздың пенделері. Міне, осындай түйіні тоқсан бұрау түйіншектерді тарқату өзімнің қолымнан келмейтініне налимын. Әйтпесе..

- «Рухани жаңғыру», «Жаңа Қазақстан» жайлы ойыңыз? 

- Жаңа Қазақстанды жаңаша ойлайтын, ескі жүйедегі қасиеттерді бойына сіңірмеген жаңа адамдар жасауы керек. Алайда, ондай пенделерді қазіргі Қазақстаннан күндіз шаммен іздесек те табу қиямет. Десек те, дүниеге тәуелді емес, ар-ожданы таза адам басшылықта болса, кеш болса да дүние оңалар ма еді деген арман бар менде...

Рухани жаңғыруды жазушылар одағынан бастаған жөн болар еді. Елдің рухани жаңғыруы қолында қалам ұстап отырған жастардың желкесіне жүк. Сын жазатын, шындақ жазатын ер-азаматтар көп, бірақ сәл болса олардың жазғаны кейін  әкесіне барып тиеді. Оны қорғар ешкім жоқ. Айта кеткенімдей – басшылықта ар-ұяты бар адамдар отыруы керек.

- Соңғы сұрғым, адамды адам етіп тұратын қандай қасиеттер деп ойлайсыз?

- Бұл қаузап отырғаным сөз сыралғысы. Сен адамның басты қасиеті не деп сұрап отырсың. Меніңше, адам баласын адам етіп тұрар басты қасиет - Адам боп қалуында. Кемеңгеріміз Абайдың да мұқым шығармашылығы осы бір түйнектей қауызғай қотарылған. Адам боп қалу деген не? Ізгілік пен имандылықты, махаббат пен сағынышты уыстан шығармау. Міне, осылардан айырылған пенденің жануардан, жыртқыш аңнан айырмашылығы шамалы. Біздер қазіргі, өзімізден кейінгі толқынды жыртқыштыққа тәрбиелеп, соған үндеп жатқанымызды мүлдем түсіне алмай отырған мүскін жұрт екенімізді мойындағымыз келмейді. Өркениет көшінен қалмау керек дегенді жалау етіп ойсыз, толғақсыз болашаққа қарай бошалап барамыз. Ал, шындығында адамзат болашағының  түпқазығы жоғарыдағы төрт тағанға табан тірейтіні әдірем қалған...

Сұхбаттасқан: Нұрай Тұрсынқанова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар