Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Алмас қылышты» көрдік немесе Алаш ұраны хақында...

11.01.2017 4949

«Алмас қылышты» көрдік немесе Алаш ұраны хақында

«Алмас қылышты» көрдік немесе Алаш ұраны хақында - adebiportal.kz


Көзі қарақты, көңілі ояу көрерменге ұсынылған «Алмас қылыш» фильмін асыға күткеніміз рас. Рухы шат болғыр Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы «Алмас қылыш» романының тарихи желісі бойынша түсірілген кинодастанның өн бойындағы елдік рухтың асқақтығын көреміз деп барғанымыз да өтірік емес.


36c709bf83cff07c002d3e5c9e6f1b1a.jpg



Біріншіден, тарихи оқиғаны кино тілінде сөйлетудің қиындығын шығармашылық адам ретінде сезінетін сияқты едік. «Көшпенділерден» қалған көңіл тағы бар. Не нәрсе салыстырмалы тұрғыда бағалантыны белгілі.


Екіншіден, «тарихи хроника мен фактілердің дәйектілігі мен нақтылығы қаншалықты сақталды екен?», - деген ұры ой да болмай қалған жоқ.


Үшіншіден, әу басында көп сериялы болады деп үміттендіріп, ортасында әр түрлі себептермен көп оқиғалардың қысқарғандығын ашық айтқан дүдәмал әңгіме тағы бар.


Төртіншіден, тәуелсіздігіміздің торқалы тойына арналған сүбелі тарту болуға тиіс деген үміт пен сенім жетегі де болмай қойған жоқ.


Бесіншіден, кино саласында аты танылып, жақсы тәжірибелер жинақтап қалған режиссер Рүстем Әбдіраштың қолтаңбасына да қанық болып қалған жайымыз бар. Қысқасы бір үміт, бір күмәнмен барғанымызды несіне жасырамыз.


facfb21333cf0836923cb506bb569656.png



Таңдап алынған тақырыптың ауқымдылғы мен көп қабаттылығы режиссерге де оңайға түспегені белгілі. Ең бастысы кинодастанда сол заманның суреті мен бедерін, рухы мен болмысын беруге күш салғаны ә дегенде көзге ұрды. XV ғасырдағы тарихи тартысқа толы оқиғаларды тізбектей отырып, қиюластырып беру оңай емес.


Кинодағы басты тарихи тұлғалардың бет-бейнесін, түр-тұлғасын, адами болмысын, тарихта атқарған істерін қаз-қалпында беру – ең басты шарт болғанымен де, шығармашылық талап пен киноның сұранысына сай кейбір қосындылардың кірігіп кеткеніне кешіріммен қараған дұрыс. Тарихта ол оқиға, сол адам нақты болмаған деген уәжді айтушылар да табылар. Айталық, Асанқайғы бабаның тарихи уақыты, Қазтуғанның жазаға тартылуы, Қасым сұлтанның Шахмұхамедті өлімнен құтқаруы, Тіленшіұлы Шалкиізге қатысты жағдайлар, жоңғарлармен әлсін-әлсін болған қақтығыстар – әрине нақты тарихи оқиғалардан алшақ. Бірақ та осындай құранды оқиғалар тарихи сюжеттің жалпы құрылымына ешқандай томпақ келіп тұрған жоқ. Кездейсоқ алына салған емес.


Әрбір эпизодтың астарында көркемдік-эстетикалық, тарихи-әлеуметтік жүк бар. Шахмұхамедті босатуы арқылы жас Қасымның, Қазақ ордасының болашақ ұлы ханы Қасымның адамдық бейнесін, ізгілік келбетін аша түскені секілді Шалкиіз баланы (атақты жырау) нағашы жұрты Ноғайлының еліне жіберу туралы Керей ханның шешімі де жаугершілік замандағы байырғы қазақ салтының туысқандық арқауын, әлеуметтік-саяси астарын, ел болып тұтасудың нәзік жолын аңғартқандай.


Кинодастандағы Әбілқайырдың, Керей мен Жәнібектің тарихи бейнелеріне қатысты үштік линия тарихи оқиғалармен, қым-қиғаш тартыспенен жымдасып, әрқайсысы өзінше дараланып отырады. Әбілқайырдың бейнесін сомдаған Досхан Жолжақсыновтың актерлік шеберлігіне, көзқарасы мен мимикасына бәлен деуге болмайды.


20e82c347b4f7ad19971e38195cde663.jpg


Негізгі тарихи фактілерге жанай қосылған құранды оқиғалар да тақырып пен идеяға жұмылдырылған. Онда сарай ішіндегі сатқындық, тақ құмарлық (Шахмұхамед), адамдар арасындағы іңкәр сезім, қимастық (Жәнібек сұлтан мен Рабия бегім. Тіленші мен Сәруар), туысқандық қарым-қатынас (Аққозы мен Жаһан бикем), ерлік пен мәрттік (Жәнібектің арыстанды найзалап өлтіріп Әбілқайырды ажалдан құтқаруы) тағы басқалар бар.


Кинодастанда соғыс картинасы мейілінше айқын, жанды көрсетілген. Бұл жерде әрине қоюшы оператор мен каскадерлық топтық еңбегі көрініп тұр. Эффектісі күшті. Байырғы көшпелілердің киім киісі, жүріс тұрысы, тұрмыс салты «Көшпенділерге» қарағанда көш ілгері. Тек Әбілқайырдың киімін тым ерте «сарттандырып» жіберген жоқпыз ба?! Көшпелі өзбек дегеннің өзі – ХХ ғасырға дейін ара-жігі ашылмаған қазақ емес пе еді?


Көштің көрінісі де жақсы берілген. Әр түрлі планда, ракурста түсірілген қазақ көшіндегі шұбырған ел, шұрқыраған мал қазақы болмысыңды оятпай қоймайды. Әсіресе, Ұлы көштің XX ғасырдағы бейбіт көшін, соңғы көшін көрген мен үшін айырықша әсерлі болды. «Қайран жұртым, қаймана қазағым, алты Алашым, бес ғасыр бойы көшумен, қонумен, жыртылып айырылып, жыласып табысумен, сағынып қауышумен өткен екенсің- ау?!», - деген терең ойда қаласың. Киноның музыкасы да дұрыс таңдалған. Бекболат-Қазтуған жыраудың «Алаң жұрты» сәтті орайластырылған. Қобыздың қоңыр сазы да үндесіп тұр. Әнтек домбыраның күмбірі жоқтың қасы екен.


Сценарийдегі диалогтар мен Асанқайғы атынан айтылатын монологтағы кейбір шикіліктерді де айта кеткен жөн. Расын айтайын, жатқан жері жарық болсын, Таласбек Әсемқұловтың кесек те бедерлі, бейнелі де бетті сөз-сөйлемдерін іздеп өгейсіп отырдым. Кейбір кейіпкерлердің, әсіресе жас Қасым, Бұрындық, Шахмұхамедтің тілдесулерінде бүгінгі заманның дәмсіз диапазаны, дикциясы байқалып қалып жатты.


Әрине, біткен іске сыншы көп. Мін іздеген неден де ілік табады. Біз ондайдан аулақпыз. Екі жарым сағатқа созылған кинодастанды ынта-ықыласпен көріп , рухтанып, аруақтанып, шаттанып, «мың да бір тәубе» деп, өткен тарихпен тағы бір тілдесіп шыққанымды жеткізгім келеді. Шіркін бүгінгілер өткеннен өнеге алса ғой дейсің! Тарих – сабақ. Ол – үлкен мектеп. Ширек ғасырға енді ғана қадам басқан тәуелсіз еліміздің ертеңінің баянды болуын, бейбіт өмірдің бесігінде гүлдеп, дамуын Тәңіріден қос қолдап жылап сұрауға бармыз! Солай етіп те жатырмыз. Көзіме жас үйірілді, көңіліме мақтаныш себезгіледі. Ата-баба рухына тәнті болдым, тәу еттім. Менің де «Алаш! Алаш!», - деп айқайлап ұрандағым келді. Жарасқан көкемнің ұлы Рүстемге көрермен ретінде ризашылығымды білдіремін!


 Әрбір азаматтың әр қазақтың «Алмас қылышты» көруі керек-ау! Өзім білетін тарихи деректерді қыстыруды жөн көрмедім. Онда ұзақ әңгіме болып кетер еді. Ең бастысы кино өз мақсат идеясына жеткен! Көрерменнің аздығы көңіл көншітпеді, қазақтар!!!


Ерболат Баятұлы



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар