Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лаураеты, белгілі әнші әрі журналист Алтын Иманбаеваның көргені де, көкейге түйгені де, айтары да көп. Жазушының отбасында дүниеге келіп, Жүсіпбек Елебеков сынды саңлақтың алдын көрген, тұтас өмірін қазақ өнеріне, мәдениетіне, руханиятына арнаған, бұл күнде «Қазақ радиосының» ардагері Алтын Иманбаева ханымды сұхбатқа шақырып, ойымызда жүрген сауалдарды қойып едік. Әңгіменің ауанын бұзбай назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Биыл қазақтың аса көрнекті жазушысы, көсемсөз шебері, әдебиетіміздің айтулы тұлғаларының бірі – Зейнел-Ғаби Иманбаевтың туғанына 100 жыл. Әуелі «Әдебиет порталы» ұжымының атынан әкеңіздің ғасырлық тойына құтты болсын айтамыз. Әңгімеңіздің әлқиссасын ата-анаңыз, әулетіңіз, балалық шағыңызда қалған ыстық естеліктерден бастасаңыз?
- «Әке – асқар тау, ана – аққан бұлақ» дейді ғой. Біз жазушының отбасында сегіз қыз, екі ұл тәрбие көрдік. Әкеміз Зейнел-Ғаби Иманбаев біз ес білгелі көбіне жазу үстінде болатын. Анамыз Кәмеш бізді күтіп, баптап жағдайымызды жасайтын. Қолдары босағанда кітап оқып, домбыра тартуға, еңбекке баулитын. Республикалық басылымдарда шыққан газет-журналдар үзбей келіп тұратын. Біздің үйде кітап көп болатын. Үлкеніміз кішімізге ертегі оқып беретінбіз. Кейін батырлар жырын көп оқыдық. Балалар әдебиетін қызықтай оқушы едік. Кешкілік Қазақ радиосынан ертегілер тыңдайтынбыз. Әкеміз біздің бала кезден кім болатынымызды болжап қоятын. Он баланың сегізі жоғары білім алды. Оның бәрі ата-анаға салмақ қой. Әкем бізді қаламақымен асырады, оқытты. Бір жылдары төрт студент болған кезде ата-анам қатты қиналды. Бәріне тамақ, киім керек дегендей. Ауылдағы жұмыскерлер айына 60 сом тапса, әкем айына екі-үш есе көп қаламақы алатын. Кітап шыққан кезде байып қалатынбыз. Ол кезде 30 мың дана шығады, кемінде 3 мың сом қаламақы кеп тұрады. Сол үшін әкеме күндіз-түні жазуға тура келді. Республикалық басылымдарға үнемі әңгімелері, сықақтары, очерктері шығып тұратын. Тіптен Қазақ радиосының әуе толқынынан үш жылдың өзінде 99 мақала, очерктері берілген екен. Мыңнан аса очерк, мақалалары газет-журналдарға шығыпты.
Енді әкемнің туғанына 100 жыл толуына байланысты ісшараларға көшсек. Негізінен Жаңа жылдан бастап, министрлікке, әкімдерге хат жазып, телеарналардан, радиодан хабарлар ұйымдастыра бастадық. Мысалға, «Абай» телеарнасынан «Ұмытпаймыз», «Еларна» телеарнасынан «Тағдыр жолы» хабарлары, «Шалқардан» арнайы хабар, Қызылжардың облыстық телеарналарынан арнайы хабарлар, «Егемен Қазақстан» газетіне екі мақала, «Балдырған» журналына әңгімелері шықты.
Қызылжар қаласындағы мұражай, кітапханаларда, сондай-ақ аудандық мұражай, кітапханаларда еске алу жиындары болды.
Биылғы жылы әкеміздің туғанына 100 жыл толуына байланысты жоспар құрып, бір керемет той ретінде ел ішінде атап өткім келген. Алайда облыс әкімінің қолдамауының салдарынан бар салмақ бала-шағасына түскені рас.
Облыстық әкімшілік тіптен тарихи тұлғалар тізімінде тұрған әкемді сол тізімнен алып тастап, ол кісіге көше де, той да жоқ деп маңайына да жолатпады.
Әкемнің «Ортақкөл әңгімелері» жинағын Алматыдағы «Асыл кітап» баспасынан шығарып, Қызылжар қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы әмбебап кітапханасында тұсаукесер рәсімін жасап, ресторанда ас бердік.
Шалақын ауданының әкімі Рахат Назымбекұлы Смағұлов маған шапан, орамалын жауып, гүл шоғын сыйлады.
Шалақын аудандық Ардагерлер қоғамының төрағасы, белгілі журналист Тұрар Оразалин, жазушы Қойшыбай Шәниев, ардагер Ілияс Тоқымбетов, Шалақын аудандық мұражайдың директоры Маржан Таушарова, қор сақтаушысы Гүлім Нұрғалиева сынды аудан азаматтары арнайы келіп, жазушы жайлы ойларын бөлісті. Аудан әкімі маған шапан, орамалымен, гүл шоқтарын сыйлап құрмет көрсетті. Сондай-ақ белгілі журналистер Болат Қожахметов, Өмір Есқали, Погодин театрының директоры Спартак Рамазанов, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантай, «Қазақстан-Петропавл» филиалының директоры Ерлан Тоқшылық қатысып, Қызылжар қалалық Ардагерлер қоғамының төрағасы Жангелді Тәжин, ақын Болат Сағындықов өз лебіздерін білдірді. Мәжілістің көркін кіргізген Қызылжарлық әншілер Таңат Бейсенбаев, Амангелді Рамазанов, Біржан Есжандерге рахметтен басқа айтарым жоқ. Конференцияны жүргізген жас ақын Самрат Құскен өзінің білімділігімен көпшіліктің көңілінен шықты.
Ісшараны мінсіз атқарған Сәбит Мұқанов атындағы әмбебап кітапхананың директоры Бибігүл Әбілмәжіноваға, кітапханшы Зәмзәгүл Рамазановаға рахметім шексіз.
- Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаевтың жас кезінде тағдырдың тауқыметін көріп, жатып қалған кезі болыпты. Бірақ бүгінгі ұрпақ үшін ол қайсарлықтың, мұқалмас жігердің эталонына айналған тұлға. Соғыс жылдары «Еңбектеп жатып есепші болғаннан» бері қолынан қаламын тастамай өзін-өзі жетілдірді, өзін-өзі баптады, өзін-өзі жаратты. Әкеңіз жайлы кітап жазып жатқаныңыздан хабарымыз бар. Кітап туралы айта кетсеңіз? Бұл кітап несімен ерекшеленеді? Әкеңіздің қандай қасиетін ерекше қадыр тұтасыз?
- Әрине жеті сыныптық білімімен отыз үйлі Ортақкөл ауылында тұрып, бірден жазушы болу қиынның қиыны еді. Әкеміз 1944-1954 жылдар аралығында суық тигеннен белінен баса алмай көбіне жатып оқып, ауданнан қап-қап кітап алдырып, әдебиеттің қыр-сырын өз бетінше меңгерген адам. Онда да есік алдына шығып келуге жағдайы бар еді. Белі тала берген соң көбіне жатса керек. Осы уақыт аралығында бір қалың кітап жазып, көңілінен шықпаған соң отқа жағып та жіберген кезі болған. Сонда анамның іші удай ашыған екен. Қаншама еңбекті жағып жібергені өкініш тудырыпты. Осы оншақты жылда анам тағдырдың тауқыметін бір өзі көтерген еді. Ата-анамның тұңғыштары ұл болыпты, аз уақыт тұрып шетінеп кеткен екен. Содан кейін жеті қыздан кейін екі ұл, бір қыз дүниеге келіпті. Колхоз жұмысы, бір жағынан бала-шаға, мал-жан дегендей, осы бейнетті анам жеңе біліпті.
Жағыпар нағашым атты жегіп, арбаға құс төсекті, жастықты салып, көрпемен жауып, әкемді қалаға дәрігерге апаруға жолға шығыпты. Ол кезде асфальт жол жоқ, кедір-бұдыр жолмен келе жатып, әбден жол соқса керек. Күн батқан соң жолдағы бір ауылға қонғанда әкемнің беліне шыққан үлкен бітеужарасы жарылып, көзі шайдай ашылады. Содан бастап қайта қатарға қосылып, еркін жүре бастайды. Әкем өмір бойы төсекке таңылған жоқ. Отыз жасына дейін ауырса, қалған уақытта ел қатарлы малын өсіріп, шөбін шауып, отынын жарып, балығын аулап, аңға шығып, қыста қарды күреп дегендей, ауыл тірлігін ұршықша үйірді. Алпыс үш жыл өмір сүрді, қағылез, жүгіріп жүретін адам еді. Жүрегі ауырып ауруханаға түскенде морфи салып ұйықтатып жіберген дәрігердің кесірінен әкем қапыда дүниеден өтті.
Әкем жайлы бір кітап бастап қойғаным рас. Жап-жақсы жазылып келеді. Менің әкем жайлы айтарым көп. Ол кісінің еңбекқорлығы, ұқыптылығы, өмірсүйгіштігі, отансүйгіштігі, күрескерлігі, балажандылығы, сұлулыққа құштарлығы, әншілігі, мейірбандығы, алтын бесік ауылын, туған жерін сүюлігі, суреткерлігі, сезімталдығы сияқты көптеген қасиеттерін ашқым келеді. Ол кітап тұтас дүние болып жарық көргенде әсері бөлек болуы керек. Әзірше құралып жатқан сөз жиынтығы.
- Мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың әкеңізге деген пейілі ерекше болыпты. Ол кезде Ілияс аға қандай қызмет атқарушы еді? Әкеңіз тағы кімдермен жиі араласып, дос-жар болды? Ол кісі нені көбірек ойлады, не нәрсе көбірек мазалады деп ойлайсыз?
- Өзінің табиғи дарынының, көп ізденісінің арқасында алашқа аты шыққан жазушы мектеп қабырғасынан алған білімімен оқырманға он жеті кітап жазып қалдырды. Әрине шағын ғана ауылда тұрып, бала кезгі арманы ‒ жазушы болуға талпынған, сол жолда қажырлы еңбек еткен жас қаламгердің алған бағыты айқын, мақсаты биік еді. Осы бір қажырлы жолда жас жазушыға қоғам қайраткері Ілияс Омаров, атақты жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Асқар Лекеров, Сафуан Шәймерденов сынды жанашырлары қолтығынан демеп, жол көрсетіп, жылма жыл кітабының шығуына атсалысқан, жәрдем еткен. Сондай-ақ «Ленин туы» редакциясы тырнақалды туындыларын жарыққа шығарып, қанаттандырып отырған.
Ілияс Омаров ағамыз 1955-1959 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің секретары болып тұрған кезде «Ортақкөл деген ауылдан жас қаламгер шығыпты, денсаулығы жоқ деп еді, жағдайын біліп қайтайық» деп көмекшілерімен ауылға келеді. Ол кезде дара ағаш үйде тұратынбыз. Бір бөлмелі үйде бес-алты баласымен тұрып жатқан жас қаламгерді көріп, Ілекең: «Жазушының жеке кабинеті, қонақ күтетін бөлмесі, ас үйі, дәлізі сияқты бірнеше бөлме үйі болуы керек» деп қадап айтыпты. Осы жайлы әкемнің «Ілиястың бағы» деген естелігінен үзінді келтірейін:
«Жазғы кез. Сырттан мотор гүрілі естілді. Қарасам, жасылы бар, ағы бар, екі-үш «Победа» тоқтап тұр. Машинадан түскендер иіріліп қалды. Алдында маңдайы жарқырап Ілекең тұр екен. Сондағы қысылғаным өмірі есімнен кетпес. Ілекең сонымды сезе қойды ғой деймін. Жайдары күліп:
- Баста үйіңе! - соңымнан ілесті. Ілекең атамыз қазақтың дәстүрімен үйге сәлем беріп кіріп, төрге отырды. Соңынан ергендерді енді ғана тани бастадым. Аудандық Совет аткомының төрағасы Макаров, райкомның секретары, аудандық орман шаруашылығының бастығы Тригубченко, өзіміздің басқарма Сексенбай Тұралин, тағы да танымайтын біреулер бар. Ере келгендерден екеу-үшеуі ғана үйге кіре алды. Қалғандары ашық есіктен мойындарын созады. Ілекең хал-жайымды сұрап алып, дөңгелек үстелді алдына тартып қағаздарын жайып тастады да есік жақта тұрғандарға қарап:
- Мынау жігіт, - деді мені нұсқап, - осы аядай үйде он жылдай төсек тартып жатқан, тұрмыстың азабын көрген, бірақ мойымаған, ажалды жеңіп шыққан дәті берік адам. Жазушы. Мынау – алғашқы кітабы, - деп портфелінен менің «Бастамамды» алып көрсетті. Былайша айтқанда сіздердің өз Островскийлеріңіз. Дарынды жанға жол ашық, біз үнемі қол ұшымызды беруіміз керек. Еңбек етуіне мүмкіндік жасауымыз керек. Сіздерді осы жерге ертіп келуімнің мақсаты да сол. Кәне, үй салуға көмектесеміз бе?
- Көмектесеміз, Ілияс Омарұлы, – деп алдымен үн қатқан Макаровтың өзі болды.
- Сізге қандай үй қажет? – деп сұрады менен Ілекең.
- Төрт бөлмелі.
- Төрт бөлмелі үйге қанша бөрене, тақтай, шеге, шифер кетеді? - деп сұрады Ілекең.
- Елу кубометр бөрене, он кубометр тақтай, пәленбай шыны, түгенбай шифер, – деп Секең қойын кітапшасын парақтап жатыр.
- Бәрі де болады, райисполком атынан қаулы алып, жақын орманнан деляжа шығартамыз. Басқа материалдарды да іздестіреміз.
- Міне, бұл жөн сөз, – деп Ілекең қуанып қалды. - Осы шаруаның басы-қасында өзіңіз болыңыз, Анатолий Арефиевич, өтінемін!
- Міндетті түрде, - деп жатыр.
- Ал, жолдастар, жүрейік, – деп қағаздарын жинастыра бастады. - Дәм ішіңіздер, мал соямыз, - дедім.
- Рақмет, мың алғыс, асығыспыз, – деді тоқтаудың ретін таппағандықтан қызарақтап. - Жаңа үйге кірген соң келем ғой, өкпелеме, қайткенде де келем ғой, өкпелеме! Жақсы жер, осы алқапқа гүл ек, үлкен баққа айналдыр, басқа жазушылардың қоныс-мекенінен кем болмасын, – деді.
- Ал, жүрейік. «Победаның» артқы орындығына отырып жатып: «Өкпелеме, қайткенде де келем! – деп сөзін қайталады.
1961 жылы жаңа қонысқа кірдік. Қоныс мекеніміз үлкен баққа айналды.
«О, шіркін, Ілекең көрсе ғой» деймін. Арманым сол еді, бірақ Ілекең келіп көре алмады. Мемлекеттік жұмыстан қолы тимеді. Оның үстіне өзі ауыр сырқат еді» деген екен әкем.
Ілияс ағамыз әкеме туғанындай көмек берген жан еді. Тіпті 1956 жылы Алматыда өтетін жас қаламгерлердің пленумына барарда шоферын қосып жіберіп, әкемді шыттай киіндіріп, жол билетін алып беріп, қалтасына ақшасына дейін салып беріп, жас қаламгерге қамқор болыңдар деп Орталық комитеттің адамына, Ғабит Мүсіреповке, Сәбит Мұқановқа арнайы хат жазып жіберуі кісілік емес пе? Осы мейірбан жандардың арқасында әкем қатарға қосылды. Ауруынан айықты. Ілекең елде жоқ дәрілерді тауып беріп, тіпті Қырымға демалуға жолдама беріп, ауылға санавиацияны жіберіп алдырған-ды.
Елу жылға жуық қаламы қолынан түспей облыстық, республикалық баспасөзге, Қазақ радиосына, облыстық радиоға тоқтаусыз әңгіме, мақалаларын жіберіп отыратын қаламгердің еңбегі орасан еді. Ол туған елін, жерін, ауылдастарын ерекше жақсы көрді, сол ауылдың тарихын тасқа басты, бірнеше жинаққа арқау етті.
Зейнел-Ғаби Иманбаевтың көптеген әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Жазушы көркем дүниелерімен жас ұрпақты жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу мақсатында көп ізденген, өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған қаламгер. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген жазушы «Бастама», «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар», «Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» /повестер жинағы/, «Қос қайың» , «Қанатты өмір» атты әңгімелер мен повестер жинақтарының, яғни он жеті кітаптың авторы.
Әкем қайтыс болғаннан кейін «Қос қайың», «Қанатты өмір», «Ортақкөл әңгімелері» жинағын шығардым. Сонымен 20 кітап болды.
Әкем орыс киноларын көп көретін. Василий Шукшинның шығармаларынан түсірілген сол кездің өмірі жайлы киноларды зерттей қарайтын. Өзінің де жазғандары осылай фильм болып шығып жатса ғой деген арманы болатын. Біздің жақта орыс халқы, орысша сөйлейтін қазақтар көп қой. Жазғандарын орыс тіліне аударсам деп ойлайтын. Алматыда Хурина деген аудармашыға келісіп, кітаптарын бергені де бар. Ол да шықпай қалды. Қырымға барғанда Островскийдің музейіне барғаны бар. Сол кезде менің де осындай музейім болса ғой деп армандаған. Адамда арман таусылған ба? Көп дүние қаражатқа келіп тіреледі. Аман болсақ әлі де арманын орындауға тырысармыз деп ойлаймын.
- Ендігі әңгіменің жүйесін өнерге алғаш қанат қаққан кездеріңізбен жалғасақ. Әкеңіз үнемі сізге ән салдырып, айналасына мақтанышпен: «Бұйыртса, Жүсекеңнің шәкірті болады» - деп отырады екен. Айтқанындай Алаштың біртуар әншісі Жүсіпбек Елебековтың алдынан тәлім алыпсыз. Бұл өзі қалай болып еді? Жаңғырығы алыста қалған сол жылдарды еске алып «Қазақ әнінің Абайы» атанған Жүсекең туралы естелік айтып берсеңіз? Әнді қалай үйретіп, шәкірттерін қалай баулушы еді?
- Иә, әкем Жүсіпбек Елебеков, Байғабыл Жылқыбаев, Мағауия Көшкімбаев, Рахия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжанова, Жамал Омаровалардың орындаған әндерін сүйсіне тыңдаушы еді. Күйлерден – шертпе күйлерді, әсіресе Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин сынды күйшілердің орындауындағы сыршыл күйлерді тыңдағанды ұнататын. Кейде ыңылдап, келтіріп жүретін. Өзі де домбыраға қосылып ән салатын. Өнерге деген шексіз махаббаты шығар, мені бесінші сыныптан Жүсекеңе шәкірт болады деп тәрбиеледі. Әкемнің арманы болған соң өнерге ыңғайлана бердім. Мен мектеп бітірген кезде облыста байқау болып, оншақты қыз-жігітті сол кездегі облыстық шығармашылық орталығын басқаратын Киікбай деген кісі Алматыға алып келді.
Ұйғыр театрының сахнасында мыңға жуық үміткерлер өнерімізді көрсеттік. Әділқазылар «консерваторияға барасың ба?» десіп жатыр еді, мен «Жүсіпбек Елебековтың шәкірті болғым келеді» деп тұрып алдым. Сол байқаудан өтіп, Республикалық эстрада-цирк студиясына келдік. Бұл жерде де жеті-сегіз емтихан болып, елеуіштен өткізіп, Жүсекеңнің сыныбына жалғыз өзімді алды. Екінші курста бес-алты шәкірті бар екен. Ұстазым бір жыл ғана сабақ берді. Жүсекең мейірімді де, қатал да ұстаз болатын. «Әнді өзімдей айт, ғашық болып айт, илеп айт, жеріне жеткізіп айт» дегендей талаптар қоятын. Ол кезде мен әлі мектептен жаңа шыққан, оң-солымды айыра алмайтын жас қыз едім. Әннің сырын кейін білдім ғой. Келесі оқу жылында Жүсекең қайтыс болып ұстазсыз қалдым. Арасында Қайрат Байбосынов сабақ беріп жүріп студияны бітірдім. Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясында, кейін Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясында еңбек еттім. Сол кезде ҚазМУ-дың Журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев «домбыраң артық болмайды, біздің оқуды да оқып ал» деп ақыл қосып, сырттай сол факультетті бітіріп алдым. Кейін «Мектеп» баспасында, Республикалық Ықылас атындағы мұражайды редакторлық қызмет атқарып, кітап шығару ісімен айналыстым. 1990 жылдың қаңтарынан Қазақ радиосының музыка редакциясында редактор, аға редактор, Бас редактор, «Алтын қор» бөлімінде жетекші қызметтерін атқарып, 30 жылға жуық осы салада еңбек еттім. Мен өнерден кеткеніммен өмір бойы өнер адамдары жайлы хабар жасап, өнер адамдарының шығармаларын әуе толқынынан үзбей насихаттап, небір жұлдыздардың бағын аштым. Соның нәтижесі – «Алтын қорға» 200-ден астам музыкалық-танымдық хабар, 74 өз орындауымда ән қалдырдым. Бұл хабардың біразын ютуб каналы арқылы насихаттаудамын. Сондай-ақ фейсбуктан «Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев» деген топ ашып қойдым. Онда әкемнің арнайы телехабарлары, радиоәңгімелері бар.
- Сіздің өміріңіздің, шығармашылығыңыздың негізгі тұғыры – «Қазақ радиосы». Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында «Ғасыр құрдасы – Қазақ радиосы» деген екі томдық еңбек жаздыңыз. Өте ауқымды және көлемді еңбек. Бұл кітаптың құны, қадыр-қасиеті неде?
- Мен “Қазақ радиосына” қызметке келгенде бір мезгілде 400 адамға дейін қызметшілер бар еді. Дәлізде адамдар сыймайтын. Машбюроға кезекке тұратынбыз. Араның ұясындай құж-құж қайнаған өмір еді. Мен сол кісілерді көрдім, сөйлестім. Бәрі көз алдымда болған соң Қазақ радиосының 90 жылдығында дәл осындай кітап шығарайын деп ойлағанда басшылық фотоальбом шығарды, 100 жылдыққа да фотоальбом шығарып жатқан соң «бұлай болмайды, радионың тарихы қайда қалады» деп, бұрынғы жинап жүрген мәліметтеріммен кітаптың қаңқасын құрастырдым. Көп мақалалар алтын қордағы үнтаспалардан алынды, оны да таспаға түсіріп, өңдеп отырдым. Әрі-беріден соң бұл жинағаным екі кітапқа арқау болатын болды да бірінші кітап мақалалардан тұратын болды, редакция бойынша, бөлім бойынша бөле отырып бір арнаға түсірдім. Екінші кітап энциклопедиялық нұсқамен әріп бойынша жөнге келді. Бас-аяғы мың бет болатын екі томдық «Ғасыр құрдасы-Қазақ радиосы» жинағы жарық көріп, тұсауы кесілді.
Бұл кітаптың құндылығы – сонау 1931 жылы Алматыда көк базардың маңында құрылған “Қазақ радиосының” тыныс-тіршілігі, буыны бекімеген мекеменің жұмыс процесі, осы күнге дейінгі жеткен жетістігі, ондағы тер төккен аға-апаларымыздың ерен еңбектері, әр редакцияның қалыптасуы сынды тарихи мағлұматқа толылығында. Бір адамның 100 жылдық тарихты қамтуы – қиынның қиыны, бәрін бірдей қамтыдым деп айта алмаймын. Осы кітапты жазып жатқан кездің өзінде жиырма шақты ардагерлеріміз көз жұмды. Бәрінен мәліметтерді үлгеріп жазып алдым. Менен кейін біреулер жазса бетінен қалқып жазуы мүмкін. Менің еңбегім жанашырлықпен тер төккен шаруа. Бұл жинақ ардагерлердің баласының баласына ескерткіш ретінде қалады. Сонысымен құнды. Сондай-ақ радиожурналистикадан қорғайтын студенттерге, магистранттарға таптырмайтын оқулық. Осыдан соң біздің ардагеріміз Қалқаман Жүнісбековтың «Өнер деп соққан жүрегім» деген кітабын екі айда жазып шықтым.
Мен “Қазақ радиосына” келгенде екі мақсатпен келген екенмін. Біріншісі – өнер адамдарын насихаттау десем, екіншісі – “Қазақ радиосының” тарихын жазу үшін келіппін және сол мақсатымды мүлтіксіз орындаған жанмын.
Былтырғы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрі Аида Балаева мені «ҚР еңбек ардагері» деген медальмен марапаттады. Бұл да еңбектің еленгені шығар.
- «Ғажайып нәзік дүние» кітабыңыз қазақтың өнертану ғылымы үшін сүбелі дүние деп есептеймін. Ондағы жанды естеліктер, шынайы уақиғалар, ескі һәм есті әңгімелер сол дәуірдің дүбірін көз алдыңа келтірері сөзсіз. Бұл сіздің шығармашылық жолыңыздағы ең сүбелі туындылардың бірі деп ойлаймын. Осы еңбегіңіз төңірегінде сөз қозғай кетсеңіз, кітапқа қанша өнер саңлақтары енді? Іріктеу, саралау жұмыстары қалай болды? Кітап алдағы уақытта жалғасын таба ма?
- “Қазақ радиосы” арқылы өмірден өткен өнер майталмандары жайлы «Сағыныш сазы», қазіргі сахнада жүрген өнер адамдары жайлы «Өнерім – өмірім» және халық дарындары жайлы «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деген хабарларымның мәтінін үнемі таспаға түсіріп жүретінмін. 600 бет болған кезде жүйеге бөле отырып, «Ғажайып нәзік дүние» кітабын азын-аулақ өз қаражатыма шығардым. Бұл кітап консерваторияның, Өнер академиясының ұстаздарына таптырмайтын оқу құралына айналып отыр. Демеуші табылса көбірек шығарсам деген ойым бар. Бұл кітапта 150-дей өнер адамдарының өмірі мен өнері жайлы жақсы, ел білмейтін мағлұматтар бар. Өйткені алтын қордың үнтаспасында тұрған мәліметтер газет-журналда жоқ. Сонысымен құнды.
Менің өнер адамдары жайлы 75 мақалам Қазақпаратқа шыққан. Сонымен қатар Дулат Исабековтың «Мәдениет» журналына оншақты жыл шығып тұрған. Мен өнер адамдары жайлы зерттеп жаза жүріп өзім де өнертанушы, өнер зерттеушісіне айналдым. Сондай-ақ «Нәзік сәуле төгілер жүрегімнен» деген жыр жинағым жарық көрді.
- «Қазақ радиосының» ардагері ретінде бүгінгі әуе толқынындағы шығарылымдардың сапасы көңіліңізден шыға ма? Сіздердің уақытпен салыстырғанда радионың табиғаты қаншалықты өзгерді? Радиожурналистиканың қазіргі бағыты сізді қаншалықты толғандырады? Кейде тыңдармандар «Баяғы «Шалқар», баяғы «Қазақ радиосы» қазір жоқ, ол кезде керемет дүниелер тыңдаушы едік» деген пікірді жиі айтып қалатыны бар? Радиохабар жасауда бүгінгі жас журналистерге не жетіспейді? Бүгінгі таңда радиожурналистерінің сөз саптауы, тіл қолданысы, дауыс ырғағы, қазақы мәнері, ұлттық бояуы, сөздік қоры қай деңгейде?
- Қазіргі жастар бақытты. Қазір интернет дәуірі. Білмегеніңді содан сұрап аласың. Біз музыка редакциясында редактор болғанымызда пленкаларды ерсілі-қарсылы тасып шаршайтынбыз. Қазір үнтаспалар сандық тәсілге түсірілген. Компьютерден ала қоясың. Мен енді Алматыдағы «Шалқар» арнасына ара-кідік барып тұрамын. Журналистер көбіне тікелей эфирге шығады. Тікелей эфир жүретін бөлмеде арнайы камера қойылған. Әуе толқынынан сөйлеп отырып, инстаграмм арқылы да видео насихатта боласың. Журналистер жып-жинақы жүргізеді. Мінсіз деуге болады. Енді «Шалқар» радиосының журналистерінің көбі бұрыннан келе жатқан, төселген журналистер, олар жайлы артық айта алмаймын. «Қазақ радиосында» жаңа келген жастар көбірек сияқты. Көш жүре түзеледі. Әр заманның өз заңы, жаңалығы болады. Қатып қалған заңдылық жоқ. Үлкен ізденіс үстінде жүрген жастарға тек сәттілік! Ескі заманды айта берсек әңгіме көп. «Өзің ішкен құдыққа түкірме» деген сөз бар. Мен енді журналистерді сынаудан аулақпын. Дегенмен, ізденбейтін, «Дайын асқа тік қасық» салғысы келіп тұратын жалқау, ұры журналистер де кезігіп қалады. Оларға кезінде талай рет ескерту жасағанмын. Сабақ алу керек. Егер тыңдарманды да, өзіңді де алдап «арамтамақтанып» жүрсең, ертерек өз жөнін тапқан абзал. Талантты жастар көп. Соларға орын беріп, солардың жолын ашқан дұрыс. Өз басшылары бар, кемшілік болса өздері түзей жатар деп ойлаймын. Бір жаманы – Қазақ радиосында басшылар да, журналистер де ауыса береді. Бір адам тұрақты жұмыс істегенде ғана радионың қыр-сырына қанығып, нәтижелі жұмыс атқарады. Жақсы журналистерге қамқорлық жасау керек.
- Сұхбаттасуға уақыт шығарғаныңыз үшін көп рақмет!
Фотосуреттер Алтын Иманбаеваның жеке мұрағатынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.