Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Аманғали Қалжанов. Қалам қуаты...

04.01.2019 4056

Аманғали Қалжанов. Қалам қуаты

Аманғали Қалжанов. Қалам қуаты - adebiportal.kz

Кешегі кеңес заманында өсіп жетілген аға буын қаламгерлер мен әдебиет төңірегінде жүрген қазіргі жастар арасындағы айырмашылықты сөз етсек, бүгінгі жастарда қарапайымдылық азайып, кеудемсоқтық көбейіп отыр­ған секілді. Бірді-екілі кітап шығарып, өздерін ғұлама санайтын «шала Шекс­пирлер» мен «толыспаған Толстойлар» шығармашылық бабымыз жоқ, жағда­йымыз келіспеген соң өндірте жаза да алмай жүрміз дейтінді шығарды.

Біздің бір білеріміз, шын талантқа ештеңе тұсау болмайды. Әлеуметтік жағдайы келіспесе де, талай жауһар дүние­лерін жазып, классикке айналған тұлғалар мысалын әлемдік әдебиеттен де, ұлттық әдебиеттен де көптеп келтіруге болады. Бойында дарыны бар, өзін қамшылай білетін қаламгер шығармашылығымен ғана мойындалады. Атақ та, абырой да, басқасы да сонда келеді. Ең бастысы – біреуден бірдеңе дәметпей, жаза білу.

Сөзіміздің басында аға буын туралы бекерден-бекер әңгіме қозғамадық. Жастар үлгі алатын, қарапайым қалпынан айнымаған қаламгерлер қазір арамызда баршылық. Астананы алсақ, жазушылардан Төлен Әбдікұлы, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Тұрлыбек Мәмесейіт, Өтен Ахмет, Думан Рамазан, Алматыда Ты­ным­бай Нұрмағамбетұлы, Тұрысбек Сәукетай, Нұрғали Ораз, Таразда Несіпбек Дәуітайұлы; Алатау баурайында ақындардан Темірхан Медетбек, Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушанов, Ғалым Жайлыбай, Арқада Абзал Бөкен, Арман Қани, батыс­та Светқали Нұржан, Сабыр Адай болып жалғасып кете береді.

Осы қатарға фәниден бақиға көшкеніне жыл толып отырған Марал Хасен ағамды қосар едім. Қарағандыда жатып, Нобель сыйлығы лауреаттарының бірталай шығармаларын ана тілімізге аударған қаламгер сол еңбегін бұлдамады. Тек қана: «Арманым – Буниннен басталған Нобель сыйлығы лауреаттарының дүниелерін топтастырып, жеке кітап етіп шығару. Бұл күнде әр елден шыққан 14 нобелианттың әңгімелерін аударып, тыныстап отырған жайым бар. Міне, олар – Бунин, Хемингуэй, Хименес, Камю, Кавабата, Солженицын, Белль, Юнсон, Канетти, Г.Маркес, Махфуз, Оэ, Найпол, Памук (мен бұларды сыйлық алған жылдарына сай тізбелеп отыр­мын). Қайсы керек, мархаба! Ал Мо Яньнің еш кітабы жоқ, егер жіберсеңдер, оны да көре­йін. Әрі П.Коэльо («Алхимик») бастаған нобелиант болмаса да, өз алдарына ерен мықтыларды аудардым. Олардың ішінде Паустовский, Зощенко, Битов тәрізді әлді орыстар бар. Бірақ осы дүниелерімнің (аудармаларымның) бағын жандыршы деп ешбір баспаның есігін қаққан емеспін. Ұнатса – жіберемін» деген арманын жазды өзінің «Аударма және аудармашылар хақында» аталатын шағын толғанысында.

Қаламгердің бұл арманы орындалды. Бала-шағасы осыдан екі жыл бұрын ата-аналарының Алтын тойларының құрметіне арнап шекесіне «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарын қо­йып, «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін…» кітабын шығарып берді. Өкінішке қарай, Қарағандыдағы «Tengri Ltd» баспасынан шыққан бұл еңбек 500 данамен ғана басылды. Қаламгер жазғандай, онда 14 нобелианттың шығармалары топтастырылды.

Марал Хасен телегей теңіз білім иесі болды. Көзін көргендер бүгіндері «Бар байлығым – бес балам мен бес мың кітабым» деген сөзін еске алады. Бұл кітаптарды сән үшін жинамағаны анық. Публицистика, сатира, поэзия, проза, әдеби аударма салаларында еңбек еткен қаламгердің көп уақытын газет алып қойды. Өткен ғасырдың 60-80 жылдары қос тілде аптасына үш рет шығатын аудандық газеттерде жұмыс істеді. Оның шығармашылығына зиянымен қатар пайдасы тиді. Көркем аудармаға газеттерде жүріп төселді. Және орысшадан қазақшаға, қазақшадан орысшаға еркін аудара беретін.

Қазір қазақ қаламгерлерінің туындылары ағылшын, испан, түрік, өзге де әлем тілдеріне аударылып жүрсе де, орыс тіліне тәржімалауды да шетке ысырып қоюға болмайды деп ойлаймыз. Ормандай орыс оқырмандары қазақ әдебиетін мойындауы үшін және арамыздағы осы тілде ғана сөйлейтін қандастарымызға әдебиетімізді оқыту мақсатында бұл қажет. Оның сыртында ТМД елдері бар.

Марал Хасен осыны түсінген болуы керек, қазіргі бірнеше қазақ жазушысының шығармаларын орыс тіліне тәржімалады. Бір қызығы, қаламақы үшін емес, көңілінен шыққан соң аударманы қолға алды. Мәселен, Әмірхан Меңдекенің «Жас Алаш» газетіне шыққан сын мақаласынан кейін Асқар Алтайдың «Киллер сауысқан – Көзжендет» әңгімесін аударды. Аударманы жасап барып, «Литературный Казахстан» журналына жариялаған соң ғана авторға хабарласыпты. Бұған таңғалған жазушы аудармамен танысып барып, түпнұсқа мен аудармада алшақтық жоқтығына риза болыпты.

Сондай-ақ, Думан Рамазан­ның «Көкжал», «Алланың әмірі» шығармаларын қосқанда бес әңгімесін, «Кенесары-Күнімжан», «Абылай хан» драмаларын, Сая Қасымбектің «Кім кінәлі?» бастаған бірнеше пьесасын орысша сөйлетті.

Публицистикаға келсек, академик Ебіней Бөкетовтің «Шоқанның шуақты шұғыласы» атты көлемді еңбегін, Сейдахмет Құттықадамның «Ілияс Омаровтың рухани қаһармандығы» мақаласын, т.б. көптеген туындыларды қазақшалады.

Марал Хасеннің шығарма­шылық жолы сықақ әңгімелерден басталған. 1966 жылы республикалық «Ара» журналы ұйымдастырған бәйгеде «Қисса әл қазағия» шығармасы атақты Оспанхан Әубәкіровтің туындысымен үзеңгі қағысып келіп, бірінші орынды бөлісті. Сол уақытта Оспанханнан бата алғаны да бар.

Біздегі биліктің бір кемшілігі – қаламгердің шығармашылық мүмкіндігін пайдалана білмейтіндігі. Кешегі Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібеков сынды қайраткерлердің жоқтығы осындайда білінеді. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Жаңа гуманитарлық білім. 100 жа­ңа оқулық» жобасын қолға алу туралы айта келіп, қазіргі аудармамен айналысатын ұйымдар негізінде мемлекеттік емес, Ұлттық аударма бюросын құру мәселесін қозғады. «2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн» дейді. Міне, жаз да аяқталуға жақын, алайда бұл бағыттағы жұмыс басталғанын әлі естімедік. Біздіңше, аударма жұмысы қаламгерлерге жүктелсе, іс алға басады.

Алаш арыстары – Мағжан Жұмабаев «Педагогика», Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулықтарын жазғанын ескерсек, қаламгерлерден артық аударманы ешкім жасай алмайды.

Айтқандай, Марал Хасен «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» еңбегінің аударылуына сүбелі үлес қосып, қарағандылық тарихшы Әбдіжаппар Әбдіәкімовтің «Қазақстан тарихы» оқу құралын, тарих ғылымдарының докторы Тұрсын Сұлтановтың «Ақ киізге көтерілгендер. Қазақ даласының хандары» ғылыми жұмысын аударды.

Қаламгердің аудармашылық қарым-қабілетін «Әлем әдебие­ті» журналы пайдаланды. Марал Хасен басылымның авторы болып, бірталай аудармалары осы журналда басылды. Ағаның көркемдігі кез келген жазушыдан кем түспейтін төл прозалық туындылары да бар. Сөйткен қаламгерді Қазақстан Жазушылар одағы мүшелігіне де қабылдамады. 2012 жылы сәйкес ұсынысты Теміртау қаласында тұратын ақын Қасым Ботанов, кепілдемені Думан Рамазан жазды. Алайда нәтиже шықпады. Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалы қайда қарап отырғаны белгісіз, одан кейін қаламгер төрт жыл өмір сүрсе де, одақ мүшесі деген куәлікке қол жеткізе алмады…

Бірақ оған бола мойыған қаламгер жоқ, жазуын жазып, аудармасын жасап отыра берді. Нобель сыйлығының кейінгі жылдардағы лауреаттары қазақ тіліне аударылмады деп қазір аузымызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Ал Марал Хасен 2015 жылы бұл сыйлықты алған Светлана Алексиевичтің «Соғыстың сұрқы әйелге жат» кітабын тәржімалап шықты. «Жанына жабысқан дерті батып отырса да, күнде аудармаға отыратын» дейді мұрасына ие болып отырған жары Рымбала Смайылова.

Көзі тірісінде қаламгер «Нобель сыйлығының лауреаттары» айдарымен екінші кітап шығаруды армандады. Алайда оған ғұмыры жетпеді. Апайдың айтуынша, қазір материал жеткілікті. Соны баспадан шығарып, Астанада өткізілуі дәстүрге айналған «Eurasian Book Fair-2017» атты Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде тұсауын кессе, құба-құп болар еді. Біздіңше, 500 данамен ғана шыққан бірінші кітабының да екінші қайтара басылғаны артық емес. Бұл іс енді Рымбала апайға, бала-шағасына, қаламдас іні-қарындастарына аманат. Ақын Абзал Бөкен айтпақшы, сонда «Қаламының ұшынан тамған сия қаламгердің қадамын әрі қарай жалғай берер».

"Астана ақшамы" газеті

Adebiportal.kz анықтамасы:

Марал Хасен 1945 жылы 4 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының №5 ауылында дүниеге келген. Мәскеудің Жоғары партия мектебін тәмамдаған.

Еңбек жолын 1963 жылы аудандық «Жаңаарқа» және «Новая степь» газеттерінен бастаған. «Жезқазған туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, «Ағадыр таңы», «Агадырская новь» басылымдарының редакторы қызметін атқарған.

Кейін бірнеше жыл Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары болып еңбек етті.

Академик Евней Букетовтың «Святое дело Чокана» эссесі мен грузиялық жазушы Реваз Махатадзенің «Под небом Казахста­на» романын қазақ тіліне аударған.

Сондай-ақ, әр жылдары француз жазушысы Альбер Камюдің «Молчание», жапондық Кэндзабуро Оэның «По­слевоенное поколение», британиялық Сомерсет Моэмның «Луизу», америкалық Теодор Драйзердің «Во тьме», италиялық жазушы Джакомо Казанованың «Мему­ары» атты шығармаларын тәржімалаған.

«Жүрек қанын сия қылған», «Аудармалар», «Мазасыз күндер» кітаптарының авторы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар