Ақын Мейірхан Ақдәулетұлының поэзиясы туралы сөз
Әдебиетке келген ақындардың өмір жолы ұқсас болғанмен, танылу кезеңі әр түрлі келеді. Біреулері жұрттың назарын аудару үшін әдебиет ордасының босағасын аттамай жатып-ақ «мен мойындаңдар» деп жұлқынып өңешін жыртып айғай салады. Енді біреулері «пысықтық» жолды таңдап алып, бойындағы қабілетін даңқ, атақ, мансап жолында құрбандыққа шалады. Құлдық психологиядан арыла алмағандықтан күнкөрістің қамымен, басқа ұлттың «өзі» секілді пысықайларын жағалап, шашбауын көтеріп үлкен құрмет пен беделді иеленеді. Мыңдаған кездесулер мен жүздеген жүздесулер өткізеді. Пысықтық жолмен дүниедегі сыйлық атаулының бәрін алса да қомағайланып, араны ашыла береді, өзін ұлттан биік қойып, ұлтты тобыр деп түсінеді.
«Ұлттан іргесін аулақ салу арқылы Құдайдан безген ол бейбақтар» (Ф.Достоевский) ана тіліне менсінбеушілікпен қарап, ғасырлар бойы өз ұлтының санасын құлдық шынжырмен бұғаулап ұстаған басқа халықтың тіліне бүйрегі бұрып, кейіннен тіпті, азғындыққа салынып, төл тарихына топырақ шашып бүйректен сирақ шығарады. Абай атамыз айтпақшы олар «ақылға сәуле қонбаған соң, хайуанша жүріп күнелтеді».
Міне осы екеуіне де ұқсамайтын - әдебиетте тағы бір ат төбеліндей ғана үшінші топ бар. «Ұлттан – пайғамбар да әулие емес» деген сыңайдағы темір қағиданы берік ұстаған осы топтың өмір жолы – азабы мен тақсіреті мол, қиын-қыстау белестерден тұрады. Өз ұлтының бағына орай жаратылған осы үркердей топ болмаса қазақ халқы баяғыда жойылып кетер ме еді.. Кім білсін? Ұлттың иманындай болып, рухы үшін күрескен олар кешегі қылышынан қан тамып тұрған кеңес дәуірі тұсында да замана дауылынан сескенбей мәдени мұрамызды түгендеп, жыраулар поэзиясын санатқа қосу үшін талай айқасқа түсті. Надандық пен жауыздыққа шыдамай желтоқсан оқиғасына қатысып, ауыр зобалаңды басынан өткерді. Арзан атақ пен жалған дақпырттың шаужайына жабыспай, бойындағы бар білімі мен талантын ұлттың намысын жыртуға жұмсады.
Қазақ топырағындағы – міне осындай болмысы ерекше жаратылған, санаулы таланттардың бірі – Мейірхан Ақдәулетұлы.
Сексенінші жылдары поэзия өлкесінің шымылдығын ашқан Мейірхан Ақдәулетұлының алғашқы өлеңдерінен-ақ – ешкімге ұқсамайтын болмысы, таза ақындық мінезі айдарланып тұрды. Өлеңдеріндегі ойының жинақылығы, өмірдің болмысын терең парықтай білетін танымдық шеберлігі арқылы -өзіндік қолтаңбасы мен жыр әлемі қалыптасқан ақын екендігін бірден аңғартты.
Дегенмен жоғары жақтың ауа-райын қырағы бақылап, сақалын саудалаған ақсақалдардың көңіліне қарап қана сөз сөйлеуге дағдыланған әдебиет сыншылары Мейірхан поэзиясы туралы жылы лебіз білдіріп, мардымды ештеңе айтқан жоқ. Әйтпесе сонау сексенінші жылдардың басында-ақ:
Мен жусанға інімін,
Шеңгел болып кектенем.
Көкпек жаққан көне үйдің
Көжесімен көктеген. -
деген сыңайдағы Мейірханның жүрегінен төгілген отты жырлар, өзіне лайықты бағасын алуы тиіс-тін.
Біріншіден мұнда тіл байлығы және оны образға сәйкес үнемдеп жұмсайтыны, екіншіден бейнелі образ, үшіншіден, алдыңғы екеуін өлең талабына сай үндестіре отырып Мейірхан өзінің табиғи болмысын анықтап алған. Осы өлең жолдарына ақын – қайрауықтың ащы күйіндей мұңмен қатар, тұтас бір образдық бейнесін сиғызып жіберген. Жусанға іні болып, шеңгел болып кектену –тек қазақы болмысқа тән ұлттық ерекшелік.
Жалпы біздің әдебиетімізде «ұлттық мінез» туралы жалған ұғым қалыптасқан. Көп жағдайда біздің ақындарымыз поэзиядағы ұлттық мінезді экзотикалық көрініс пен жылтырақ бояудан ғана іздестіріп жатады.
Әйткенмен, нағыз ұлттық поэзия аясы тар, мұндай түсінікпен ешқашан да үзеңгі қағыстыра алмайды. Ұлтының жоғын түгендеп, «терлігі майдай еріген» (Махамбет) поэзияның ғана ұлы атануға хақысы бар. Ал ұлы поэзия –ең алдымен ұлттық болмысқа жақын тұрады.
Бірақ ұлттық болмысқа жақын болу деген сөз «пәленшекеңнің» көңілін көтеру үшін жалған рухтың жаршысына айналып, өтірік көлгірсу емес.
Кезінде орыстың ақыны Александр Блок:
Россия нищая Россия
Мне избы серые твои,
Твои мне песни ветровые,-
Как слезы первые любви!-
деп кедейшілікке ұшыраған Ресейдің тағдырын ашына жазды. Сұрапыл жылдардағы жазылған Ресейдің ұлттық болмысына жақын Александр Блоктың осы өлеңінде тұла бойыңды шымырлатып жіберетін бір алапат сезім бар.
Ақын Мейірхан Ақдәулетұлының поэзиясында да жан-дүниеңді тебірентетін ұлттық болмысқа жақын тұрған жырлар аз емес.
«Бекер...
бекер тістенгем-
текті арманда іште өлген!»
Өлер болдым өңімде
көріп жүрген түстерден.
Сансыратып,
санаға сұқты,
сұм ой темір біз:
Абылайдың түсіндей
кетті ұсақтап кейінгі із..
Мейірхан Ақдәулетұлының «Күдік» атты осы бір өлеңінде жұрттың көбісі булығып айта алмай, іштен тынып жүрген бүгінгі күннің ащы шындығы жатыр. Ақын лирикалық шығармасында арманы да, мұрат-мақсаты да ұсақталып кеткен, құмға сіңген судай жоғалып бара жатқан сәбидей аңғал ұлтының аянышты тағдырына налып, Абайдың мұңын кешеді.
Ұялатын кісі көп,
Ісі өнеге көненің.
Мен көбіне өңімде
ұсақ тірлік көремін.
Күннен бетер бір бейбақ,
күндік азық құшақтап.
Безіп бара жатады.
Көйлегінің түсі аппақ.
Ортайта алмай қайғысын
ойдан өлген Абайдың
Әлі күнге кісімсіп
жүрген жұртқа қараймын.
Мейірхан мінезінің басты ерекшелігі –адам баласына жасалып жатқан қиянатқа төзе алмайтын адалдығында.
Біз көп жағдайда Адам-пенде болған соң бақытты өмір сүргіміз келгендіктен жер бетінде жасалып жатқан жаманшылық атаулыға көзжұмбайлықпен қараймыз. Әліптің артын бағамыз. Өтірік пе? Кейде, тіпті «сөз қылмысының адам өлтіргеннен де ауыр күә» (Г.Бенн) екенін ұмытып, жауыздық пен надандықтың насихатшысына айналып кеткенімізді сезбей қаламыз. Ал нағыз ақын қылдай қиянатқа да төзбей қарсы тұрады. Сондықтан да ол ешкімге түсініксіз дәруіштің күйін кешеді.
Дәруіш Ой!
... дәрмен жоқ-
құтылармын деген ем:
Өзімді алдай алмадым
өлді ішімде көп өлең!
Ажалдыға жан тәтті.
Сен ұсынған Кермектен.
Қорқыт-жаным қорынып,
Қорқа қашып мен кеткем.
«Әр адамның өмірі-өзін-өзі іздеуден тұрады» депті Герман Гессе. Өзін-өзі іздеу арқылы адам баласы ақиқатқа жеткісі келеді. «Адамдардан алшақ тұрғанда ғана ақиқатқа жете аласың» (Э.Канетти) Өзін-өзі іздеген жұмыр басты пенденің –мына опасыз дүниедегі жалғыздығын тереңірек сезінетіндігі де – сондықтан. Өзін іздеп ой азабын кешкен ұлы Абай «Моласындай бақсының, Жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіренді емес пе?.
Мейірхан поэзиясындағы жалғыздықтың кебін киген «лирикалық кейіпкер» бүкіл болмысыңызды жаулап алып, ой сезіміңе құрық салып, терең мұңның иіріміне батырып жібереді.
Ақынның қорғасындай ауыр ойлары жан-дүниеңді аза қылып, мазасыздықтың күйін кешкізеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде Мейірханның лирикалық туындылары дүниетанымдық тереңдігі жағынан ұлы Лермонтовтың поэзиясымен сырлас, әрі рухтас.
М. Лермонтов
На жизнь надеяться стращась,
Живу, как камень меж камней,
Излить страдания скупясь;
Пускай сгниют в груди моей.
М. Ақдәулетұлы
«Жүрек – жердің жүзі осы
шексіз күрес, шетсіз дау..
Жер болмысты жүректің
сыбағасы – тек сыздау.
Күн астында жүргенмен
күрсінуге көп себеп!»
- Ашы Ой!
Неге қалмайсың
қыр соңымнан өкшелеп?!
Біз бұл жерде Лермонтовтың өлеңін мысалға қызыл сөзге қызыққандықтан ғана келтіріп отырған жоқпыз. Мейірханның лирикалық шығармасы да Лермонтовтың туындыларындай оқиғаға емес, ауыр ойға құрылған. Ақын өз өлеңдерінде Әділеттілік, Ақиқат, Ар, Жалғандық, Өмір, Өлім секілді философиялық ұғымдардың жауабын іздейді. Осы сауалдар ақынның жан-дүниесіне тыныштық бермей, қасірет шеккізеді. Мейірханның поэзиясын оқи отырып күнасы мен қасиеті аралас алаңғасар Сезімнің жетегінде кетіп бара жатқан қатал Әлемнің рухани дидарын көргендей күйге түсесіз.
Ақты жұлдыз тас төбемнен «ағалап»
Арашаға түспедім
Салдақы түн
сақ-сақ күлді табалап
бармағымды тістедім.
... Жаз өтті! – деп
жасыл бояу жылайды
мен қайтейін сарғаяр.
Қарғағансып қараңғыны – Құдайды
қалтыраған шам да – аяр.
Орыстың белгілі ақыны Андрей Вознесенский «Адамның жетпіс проценті - судан, отыз проценті - өтіріктен, тек бір-ақ проценті - Микаланджелодан тұрады» деген екен. Мейірханның лирикалық шығармаларында да осыған ұқсас ой тізбектері байқалғанымен, ол басқаша қырынан көрініс тапқан.
Қызық қудым
Қыз сүйдім.
Мол бояудан таптым ем
Адам өзін армансыз
алдайды екен тәттімен.
Немесе:
Келекеге айналып
кетсе сөзің келелі
Құмырсқа боп,
Құрт боп, құнжыңдағың келеді.
Сондай-ақ:
Адамдықтан дәмесі зор маймылдың,
Соны көріп құны-тиын қайғымның
Жалпы қарапайым оқырман қауым «өлең оқу» дегенді әлі де толық жете түсіне бермейтін секілді. Ең алдымен өлеңде ақынның тағдыры мен соған сәйкес өзіндік қолтаңбасы қалыптасуы шарт. Онсыз поэзияның түп-тамырының тереңдігіне көз жеткізем деп ойлау –қате ұғым. «Ақынды өзі таңдаған заңдылығы арқылы бағалау қажет» деген уәлі сөз ұлы Пушкиннің аузынан бекерден-бекер шықпаса керек.
Ақынның мінезін танытатын тұстары астарлы сырмен бой түзесе онда өлеңдегі басты мақсат орындалды деген сөз. Өйткені айтуға жеңіл сөздермен образ, характер жасау арқылы көп жағдайда өлең стихиясы белгілі бір мәреге жетіп жығылып, әрі қарай аяқ баспай қалуы ықтимал. Тапқырлықпен дүние құбылысын зерделеп жазған, бір қарағанда түсініксіз, бірақ сол беймәлім құпиялығымен өзіне иітіп әкететін мінезді өлеңдер ғана мәңгі өлместей мұраға айналады.
Шаттығым бар мың дастанға симайтын
Мың дастанға қимайтұғын мұңым бар.
Кез-келген адамның көңіліне ұялайтын ойды ақын қарапайым, әрі жылтырақ әсіребояусыз жеткізе білген.
Енді біз ақынның табиғи болмысын айқындайтын жыр жолдарына үңілу барысында «Діттеген тақырыбы не?» деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Жұмбағымыз қалмады-ау
екеуміздің шешпеген
Жалғыз досым –жүрегім
Жазғызбадың «есті» өлең
Ақтап та алмай күнадан
қараламай кейімей
Сен бұлқынсаң үн-түнсіз
құшақтайды мені үрей.
Мейірханның осы өлең жолдарында «жалғыздығынан құтыла алмай, көне жолда өзімен-өзі күбірлесіп жүрген ақынның жан сыры жатыр.
«Таза өнердің ойын-сауық емес» (В.Соловьев) екенін білетін ақынның жаны арзан атаққа ғана қол жеткізетін «есті» өлең жазуға құштар емес. Мейірханның іздеп жүргені Мұқағали ақын айтатын «Құмнан су іздеген шығармашылық». Сондықтан ол:
Өмір деген осы болса шыдармын
Өшпейтін де, өнбейтін..
Мен тәңірдің зо-ор қатесі шығармын
Өзі ғана жөндейтін
деп, дүние-жалғанға тәкаппарлана қарайды.
Бір Құдайдан басқаның бәрінің де уақытша алданыш екендігіне көзі жеткен ақын – жүрегінің түбіндегі жалғыздықтан ғана жұбаныш іздейді. Әсіресе осы құбылысты Мейірхан Ақдәулетұлының «Қосүрейлер үйі» атты поэмасынан анығырақ көруге болады.
Ақын жындыханада өтіп жатқан өмірді өз поэмасына арқау қылған. Бірақ шын мәнісінде -әлемдегі бүкіл әділеттілік, ақыл-ой, ар мен ақиқат, ұлылық пен пәктіктің бәрі осы жындыханаға қамалып тұр. Ал арсыздық, жалғандық сияқты теріс құбылыстардың бәрі өмірде сайран салып жүр. Ақынның түсінігі бойынша «ойлы адам болып өмір сүретін адамның жаны да –жындыханаға қамаулы».
Сондықтан да ол «ҚАНША ДЕРТПЕН АЛЫСУ КЕРЕК БІЗГЕ ӘЛІ» деп күңіреніп, ащы мұңға батады.
Ақын өз поэмасында жындылардың емес, сау адамдардың «ессіз тірлігінен» сескенеді.
Мен де аяймын оларды
аяғанмен жоқ амал –
Көре-көре көңілім-
күн тоздырған орамал
Қорқынышты демесең
сықпыты мен сияғы
Жаны науқас бұл топтың
шыбынға жоқ зияны.
Поэмадағы психологиялық-идеялық арқау арқылы Мейірханның ғана табиғатына тән сезім тереңдігін аңғарасыз; композициялық сүрлеуінен бірде-бір артық жол таба алмайсыз.
Күдікшіл де көзге ілместей тым жүдеу
Күллі әлемді үнсіз кезіп жүр Біреу.
Поэмадағы осы сыңайлас жолдар «Біреудің» кім екендігінің байыбына көз жеткізуге оқырманды өз-өзінен жетелейді.
Біреудің күрделі образын зерделеген оқырман, ақынның сезім айдынындағы тереңдікке еріксіз үңіледі.
Жерді кезіп жүргені рас Біреудің
Ол –ұлы рух.
Күллі әлемге жаны ашып.
Жүрген мәңгі
Сөйлеп қайтсін данасып
Күллі әлем деп сыздағанмен жүрегі.
Сөз соңында Мейірхан Ақдәулетұлы аз жазса да, саз жазып, өзіндік шығармашылық әлемін қалыптастырған ақын дегіміз келеді. Ол өзінің лирикалық шығармаларында «жүрегінің түбіне терең бойлап» сондағы асыл дүниелердің ғана тозбайтын қазына екендігіне кәміл сенетін ақын.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.