Әбдіжәміл Нұрпейісов есімі халықаралық аренада алпысыншы жылдар басында әлемнің әдеби өрісіне жол тартқан “Абай жолын” жалғастыра жаңғыртқан “Қан мен тер” болып еске түседі. “Қан мен тердің” арқасында қазақ әдебиеті өзінің әлем оқырмандары алдында Әуезовпен алған биігін сақтап қала білді. Әбдіжәміл Нұрпейісов есімімен бірге тағы да Арал апаты еске түседі. Жазушы шығармашылық ғұмырының тең жартысын туған жері – Аралға арнапты. Қаламын найзадай білеп, Аралға араша түсу – жазушы ғұмырының “Соңғы парызына” айналыпты. Бұл екі шығарманың екеуі де әлем оқырмандары алдында қазақ әдебиетінің айбынын асқақтатты. Беделін көтерді. Оған дәлел – төменде келтірілген отандық және шетелдік қаламгерлердің Нұрпейісов романдары туралы әр жылдарда айтқан пікірлері. Берген бағалары. Соның бір тобын жазушы мерейтойына орай оқырман назарына ұсынып отырмыз.
“Әрі терең, әрі шөлдегі бір ащы сулы шыңыраудай осынау роман (“Қан мен тер”) қазіргі таңдағы әлемнің ірі туындыларымен иық тірестіре алады; мейлі ол америкалық, мейлі ол француздық болсын...”
Луи АРАГОН (Франция)
“Меніңше, ол – қазақ топырағына көшірілген орыс классикалық роман дәстүрін жалғастырушы. Белгілі бір дәрежеде мен Нұрпейісовті Лев Толстоймен салыстырар едім”.
Лили ДЕНИ (Франция)
“Өмірдегі әділетсіздік атаулыға қарсылық білдірген қаламгер қарапайым тілмен үлкен шындықты айта білген. Осынау сөз саптаудағы қатал кірпияздығының арқасында Нұрпейісов өзіне ғана тән таңғаларлық қолтаңбасы бар, заманымыздың ең терең жазушыларының бірі дәрежесіне көтерілген”.
Жан МОНТАЛЬБЕТТИ (Франция)
“Таланты тарихы романда жарқырап көрінген ол қазақ әдебиетінің ұлы өкілдерінің біріне айналды”.
Альбер ФИШЛЕР (Франция)
“Трилогия классикалық орыс прозасының дәстүрінде жазылған. Эпикалық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік шеберлік еріксіз “Тынық Донды” еске түсіреді. Осы ретте Нұрпейісовті қазақ әдебиетінің Шолоховы деуге болады”.
Аугуст ВИДАЛ (Испания)
“Қан мен тер” туралы. “Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің “Абайынан” кейін тарихи романға құлаш сермеу тек жүрек жұтқандардың ғана қолынан келетін тірлік. “Абай” қазақ әдебиетіндегі эталон-роман. Оқырман кез келген жаңа романды сонымен салыстырады”.
Юрий КАЗАКОВ (Ресей)
“Соңғы парыз” – бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы. Роман финалы таң қаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заманақырлық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ”.
Анатолий КИМ (Ресей)
“Терең мұңды дүние екен, “Соңғы парыз”. Оқығаныма әлденеше күн өтсе де өн бойымды баурап алған сенің сол ұлы мұңыңның әсеріндемін”.
Мұстай КӘРІМ (Башқортстан)
“Ымырт”, “Сергелдең”, “Күйреу” атты осынау үш кітапта алып әлем бейнесі сомдалған. Бір нәрсе анық; қазақ әдебиетіне көркемдік қуаты зор ұлттық эпопея келіп қосылғаны анық. Нұрпейісов романы – дала психологиясының энциклопедиясы. “Қан мен тер” – ұлттық ғарышқа тән мінездер галереясы.
Лев АННИНСКИЙ (Ресей)
“Осынау ұлан-ғайыр әдеби арманның жүзеге асуы нені көрсетті дейсіз ғой, алдымен М.Әуезовтің эпикалық дәстүрін бізге жақын заманның тарихи материалында жалғастырған және дамытқан жазушы шыққанын көрсетті. ....Тұрмыс тауқыметтерінің суреттеріне толы осынау реалистік эпос қаһармандық эпос деңгейіне көтерілген”.
Феликс КУЗНЕЦОВ (Ресей)
“Теңіз тартылып жатыр. Кезінде балық тулаған тордың мыңсан көзінде бүгінде қысыр жел ойнайды. Кезінде ел сыңсыған жағалау құба белдер бүгінде құлазып жатыр. Әбдіжәміл дилогиясы тірілткен өмір сиқы осындай. Қаны сорғалаған сормаңдай тақырып. Жаралы жан азабы. Осынау алақандай балықшы ауыл тағдырының сыртында бұлаңдап әлем қасіреті бой көрсеткендей. Әлемдік экологиялық апат бой көрсеткендей. ...Нұрпейісов одан әрмен сілтейді. Ол романын тұтас лирикалық ой-өрімге құрады. Мұндайды мен әдебиетте кездестірмеген сияқтымын. “Қан мен тер” шыққаннан кейін Нұрпейісовті қазақ Шолоховы деп жатты. Теңеу негізсіз емес сияқты. “Тынық Дон” да эпос, “Қан мен тер” де эпос. Шынымды айтсам, бұл теңеу маған сол кездің өзінде онша оғаш көрінген жоқ болатын. Ал енді, міне, “Соңғы парызды” оқығаннан кейін сол алғашқы көзқарасымның растығына деген сенімім беки түсті. Әдебиетте ылғи да біреуді біреуге теліп жататынымыз бар. Бұл өзі табиғи нәрсе. Онсыз болмайды. Ендеше телу керек екен, мен оны Уильям Фолкнерге телір едім. “Соңғы парыз” – әдебиетте маңызы “Қан мен терден” кем емес оқиға. Тіптен жазушы барған нартәуекел қатерін таразылар болсақ, маңызы одан да асып түсуі мүмкін...”.
Николай АНАСТАСЬЕВ (Ресей)
“Меніңше роман (“Соңғы парыз”) – алда келе жатқан алапат Апат тынысы сезілген дәуірдің айқын құжаты, куәлігі. Сіздің романыңыз сондай құжат. Сіз жақын болашақта Жер тағдыры қалай болатыны жәйлі бүгін-ақ куәлік бердіңіз”.
Болот ШӘМШИЕВ (Қырғызстан)
“Сенің романыңа арқау болған (“Соңғы парыз”) проблемалар –әлемдік маңызы бар проблемалар”.
Леонгард КОШУТ (Германия)
“Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан мақтана беруіне болады. Революция шапағымен бірге азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты”.
Жорж БУЙОН (Бельгия)
“Аса құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы!
Б.Панкин Сіз “Соңғы парызды” біздің баспаға ұсыну туралы түбегейлі шешім қабылдағаныңыз туралы хабарлады. Сол үшін рахмет Сізге! Мен романды аса мұқият оқып шықтым. Сондықтан да өз сөзіме өзім толық жауап беремін; романда ешқандай да ұсақ-түйек нәрсе жоқ. Бізге сенім артқаныңыз үшін Сізге тағы да алғыс білдіремін. Басып шығару жұмыстарын қолға ала отырып, біз бір нәрсені түсінеміз, біз заманауи әдебиет классигімен жұмыс істеп отырғанымызды түсінеміз. Соған сенімді болыңыз!”
Владимир МИЛЮКОВ (Ресей)
“Соңғы парыз” – сөзсіз қазақ прозасының ең елеулі табысы. Осы бір жазушы бойына біткен табиғи талант тұтастығына таң қаламын. Егер де, “Қан мен тер” қазақ тағдыры мен тұрмысындағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтыса, “Соңғы парыз” сол халықтың кеңестік дәуірдегі тағдыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы”.
Зейнолла ҚАБДОЛОВ
“Ғасыр бойы күн құрғатпай мақтаған өркениетіміздің де көлеңке тұсы жетеді екен. Соны ой өзегінен өткізген Нұрпейісов романы екі сарында – публицистикалық және психологиялық сарында өрілген. Аралдың ажалы, шынтуайтқа келгенде, Жер бетіндегі жалпы тірлік атаулының ақырының бастамасы болып жүрмесін... “Соңғы парыз” – дәстүрлі эпикалық әңгімелеу құрсауына сыймай орда бұзған шығарма. Қаламгер көтерген проблема жалғыз ғана ұлттық емес, жалпы адамзаттық маңызға ие болған. Бір нәрсе анық: қазақ жазушысының жаңа шығармасы жалпы ғаламшарды мекен еткен жұмыр бастылардың жанын тітіркететін шығарма екені анық.
Шерияздан ЕЛЕУКЕНОВ
“Қазақ даласындағы бір аяулы есім – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Франция, Германия, Бельгия, Испания, Болгария, Словакия, Қытай және Ресей жазушылары мен сыншыларының пікірі бір жерде тоғысады – “Қан мен тер” трилогиясы мен “Соңғы парыз” дилогиясының авторы ірі суреткер, мэтр, әлем әдебиетіндегі елеулі құбылыс дегенге саяды”.
Герольд БЕЛЬГЕР
“Сондай бір күн болған”, “Сондай бір түн болған” дейтін екі кітаптан тұратын дилогия – жанрлық-стильдік бітімі жағынан да, концепциялық өзекті ойы жағынан да ұлттық прозамыздағы бүгінгі таңдағы оқшау құбылыс. Ол – біздің жаңа әдебиетіміздің жаңа арнасын салып беретін алғашқы мұз жарғыштай. Біздің прозамыз бен драматургиямызда жаңа бір ағым басталатындай. Оған “зая ғұмыр әдебиеті” деп ат қойсақ жарасатындай. Біздің де кешкеніміз зая тағдыр. Әлеуметтік озбырлықтың айдағанынан шыға алмай, асыл мұраттардың өзін асыра сілтейтін алаңғасарлыққа айналдырып алдық. Соның салдарынан да еткеніміз еш зая ұрпаққа айналып отырмыз. Сонымен зая ұрпақ тақырыбы өрмегін құрды. Арылу әдебиеті желі тартты. Кесек эпиканың орнына аз адамдардың, тіпті бір ғана кісінің жан дүниесіндегі алай-дүлей ахуалды ежіктейтін жаңа роман келді”.
Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ
“Тауратша терең әрі дүлей үскірік осы бір кітапты жүгіртіп емес, жайлап оқу керек, әсіресе біздің мына қағынған қанды заманда. Оқу керек, қайта оқу керек. Әрине, толық ояна қоюңыз қиын болар, бірақ қас-қағымға болса да мына өзін-өзі ұйыққа, ажалға қақпақылдап бара жатқан әлем жайлы ең болмағанда қас-қағымға ес жию үшін сөйту керек. “Соңғы парыздың” ғасырлар мен мыңжылдықтар тоғысында, Қазақстан тәуелсіздігіне ие болып жатқан жаңа дәуір елең-алаңында өмірге келуі, онда да қазақ әдебиеті ақсақалының жазу үстелінде өмірге келуі тегін емес. Қайда барамыз? Бізді, кешегі кеңестік империя құрлығынан бөлінген мына бізді тіршілік сеңі қайда алып бара жатыр? Құрғаған теңіз... күйген дала... осы ма сіз бен біз мақтаған ғылыми-техникалық прогресс... Тәніңді ғана емес, жаныңды іріткен ондай прогрестен жазушы ат-тонын ала қашады, түңіледі... Кітап финалынан дәстүрлі “хеппи енд”, немесе “бақытты сөз соңын” іздеп әуре болмаңыз. Жамандықты түбінде жақсылық жеңетін еді ғой деген әлжуаз үмітіңіз де ақталмайды. Осылай бола бермек. Адам өзінің біліп немесе білмей істеген, соның салдарынан өзін де, өзгені де өлімге итерген іс-әрекет амалдарынан, ниеттерінен, бағыттарынан бас тартып, тәубеге келмейінше осылай бола бермек”.
Владимир БАДИКОВ
“Мен арғы-бергі дүнияуи әдебиеттерді оқи отырып, дәл осындай сом да күрделі шығарманы соңғы үш-төрт жыл ішінде кездестірген жоқпын. Шығарма хас шебердің қаламынан ғана тууға тиісті, бүгінгі атышулы әлемдік шығармалардың қатарынан емін-еркін орын алатын, ұлттық мақтанышымыз болар деңгейде екен. Аузымыздан тастамай жүрген “Шал мен теңіз” (Хемингуэй) тереңдік жағынан бұл романның жетегінде кетеді екен. Әзім, Бәкизат, Жәдігер! 170 беттік романда үшеуі де қалай ашылған десеңізші! Міне, Адам! Міне, Адам табиғаты! Міне, Адам деген қандай жұмбақ! Олардың жан-дүниесі, болмысы, бәрі-бәрі алақандағыдай ашылып сала беріпті. Әсіресе, аққан мұз үстіндегі Жәдігер мен Бәкизаттың қопарыла ашылуы, ең жек көріп келген адамның ең қымбатты адамға айналуы, мына ит тірлікте арпалысып жүріп, жақсы мен жаманды да анық тани алмай өтетін пенде байғұстың дәрменсіздігі мен беймаралдығын көркем әдебиетте дәл осылай суреттеп бере алған шығармалар көп емес.
“Барсакелмес” аңызы бүкіл шығармаға лейтмотив болғалы-ақ тұр. Қандай әсерлі. Қандай қайғылы. Ел аңыздарын кең пайдаланатын замандас жазушыларымыз дәл сіз секілді тереңдей алмапты. Осы роман бұрынғы әсерлерімді ығыстырып шығарды”.
Дулат ИСАБЕКОВ
“Белгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы бүгінгі күнгі оқушы талабынан шығып, талғамын тұшынтқан, жалпы совет әдебиетіндегі идеялық һәм көркемдік деңгейі жоғары күрделі шығармалардың бірі.
...Тәңірберген трилогиядағы ең бір тамаша сомдалған типтік образ. Ол астарлы да, терең де, ойлы, қауіпті де зымиян характер.
...Ақбала Анна Каренина мен Катериналардың типіндегі әйел”.
Сағат ӘШІМБАЕВ
“Қан мен тер” әлем оқырмандарынан өз бағасын алған шығарма, өз бағасы болғанда да ең жоғары бағасын алған шығарма. Абырой болғанда қазақ қара сөзінің беделін ұлы Әуезовтен кейін сол биікте ұстап тұра білген шығарма. Эпопея –бір ауылдың ғана емес, исі қазақтың Қазан төңкерісі алдындағы қатал тағдырының алуан бояулы полотносы дерлік. Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Тәңірберген, Еламан, Ақбала, Қарақатын ұлттық рухани жадымыздың ажырамас бөлшегіне айналды.
ХХ ғасыр аяғында жазылған “Соңғы парыз” айдай әлем алдында “мен” “мен” деп көкірек соққан Кеңес Одағы құрған қоғамның жалған бетпердесін жыртқан роман. Партияның “жарқын болашақ”, “дамыған коммунизм” деп аталатын дәуіріне оңдырмай өлтіре соққы берген роман. Аралынан айрылып, қаһарға мінген қаламгердің соңғы парызы Қазақстанды экспериментке айналдырған коммунистерге қарсы айдай әлем алдында майдан ашу болғанға ұқсайды. Жазушы сол мақсатына жете білген. Романнан біз Аралға жасалған кеңестік эксперименттің мұндағы жергілікті халық үшін қаншалықты алапат заманақыр болғанын көреміз. Ғарасат майданын көреміз. ХХ ғасырда Қазақстанда қызыл империя орнатқан “коммунизмнің” бетпердесіз шын кесірін көреміз. Романды оқыған кез келген жан “мынау, сұмдық қой! Мынау, нағыз ақырзаман ғой!!” деп жаға ұстары анық. Өйткені роман ауыр. Заман туралы, қалтасында партбилеті бар, иманы жоқ адам туралы ең ауыр да ащы шындық. Романда отызыншы жылдары Құдайға, Құранға қол көтеріп, мешіт-шіркеулерді талқандаған ұрпақтың енді Құдай жаратқан табиғатты қалай талқандап жатқанын көресіз. Ол деген сөз шынын айтсақ – адамдардың өз көрін өзі қазуы ғой. Шындығында да солай еді. Коммунистер орнатқан құдайсыз қоғам Құдай қаһарына ұшырап тынды. Көп ұзамай шаңырағы шатырлап ортасына түсті. Басқаша болуы мүмкін емес-ті. Сонымен “Соңғы парыз” – советтік режімге айтылған қап-қара қарғыс, оппозициялық роман дер едік.
Сол режім алайда Әбдіжәміл Нұрпейісов талантын лажсыз мойындады, жазушыға ең жоғары әдеби сыйлық берді. Талай рет Жоғарғы Кеңесіне депутат етті. Бірақ, күрескер жазушы ондай шен-шекпенге сатылмапты. Алданбапты. Айдың-күннің аманында, бір жағында атом апаты, бір жағында Арал апаты, ортасында ғарыш айлағында азон апатына киліккен сор маңдай Даланың шырылдаған қызғыш құсы бола біліпті. “Соңғы парыз” – сол режім, сол эксперименттерге қарсы атылған оқтай ең қаһарлы үкімсөз бола біліпті...
Бұл не?
Бұл сөз жоқ суреткерлік ерлік еді”.
Смағұл ЕЛУБАЙ
“Әдебиетіміздің соңғы жүз жылдық даму даңғылына назар жіберер болсақ, оның кейбір шоқтықты шыңдарын көрмеу мүмкін емес. Қазақ қара сөзінің сол тау тізбегі қатарында “Қан мен тер”, “Соңғы парыз” аталатын шыңдар көзге түседі. Небары бес кітаптан тұратын осынау екі романға сыйып тұрған шығармашылық күш-қуат қандай! Драматизм, трагизм, махаббат, сәулелі сахналар, панорамалық оқиғалар, зұлымдық пен махаббат, кісілік пен кесапат шарпысқан оқиғалар желісі. Халықтың ғасырлық қасіреті алуан қырлы адам тағдырымен өріліп, кең тынысты қалпымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің осынау бес кітабына сыйып кеткен. Нағыз эпос! Осы бес кітап бойында домбыраның нәзік қылындай дыңылдап ұзына тартылып автордың өз кейіпкерлері арқылы туған жұртым деп сыздаған жүрегі, сырқыраған жан азабы сезіледі. Эпоста мынау жарық дүниеде жұмыр басты жан бастан кешуі мүмкін құқайларды түгел кездестіргендей боласың. Еламанның Ақбалаға деген махаббат жыры, түркімен жігітін қасқырдың талауына тірідей тастап кететін Қалау қатыгездігі, берекесіз қырқылжың қырт Судыр Ахмет, барымташыдан батырға айналған Қален! Ұлттық бояуы қанық бейне бір түз гранитінен қашалғандай сом тұлғалар емес пе?”.
Аслан ЖАҚСЫЛЫҚОВ.
http://egemen.kz/
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.