«Батыр ақын болмаса,
Ол бойына мін емес!
Ақын батыр болмаса,
Көрген күні-күн емес», –
деген өлең жолы өзінің ақиқатын танытқаны қашан... Қазақта батыр болып өткен ақын аз емес. Бұған:
Еңсемнен жел соқса да теңселмен
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын
Балталасаң да айрылман
Сыртым – құрыш, жүзім – болат
Тасқа да салсаң майрылман! –
деген Ақтамбердінің, өз толғауларында өзін «Ер Доспамбет» деп таныстыратын «астына қарт күреңді мініп», «болат қылыш асынып» жаумен талай шайқасқан, «күңіреніп күн түбіне жортқан», «садақ толған сайгез оқ өткеріп», «арғымақтың талдай мойнын талдырып» көп жорықтарды бастаған Доспамбеттің:
«Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жусандай егілсе,
Аққан судай төгілсе,
Бетегелі Сарыарқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес», -
деген жырлары дәлел болады.
Шалкиіз бен Жиембет, Махамбеттердің де өр рухты жырлары да қынабынан суырылған қылыштай еді. Батырлық пен ақындық қатар қонған ақындар екінші дүниежүзілік соғыс кезінде де жауға қаламы мен қаруын қатар сілтей білді. Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев, Тоқаш Бердияров, Мұзафар Әлімбаев, Жұбан Молдағалиев, Сағынғали Сейітов, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев, Әбу Сәрсенбаев, Жұмғали Саин сынды атақты ақындарды біз осы қатардан көреміз. Кезінде Есенғали ағамыздың «Жас Алаш» газетінде жарық көрген «Жанның жұпар жаңбыры» атты мақаласында: «…Жалпы, шынын айтсақ, соғысқа қатысқан ақындардың бәрі бірдей ашыла алмады. Басқасын айтпағанда, көбі соғыс тақырыбының өзін шырайын шығарып жырлаған жоқ. Бұл тұрғыдан келгенде, Қасым Аманжолов, Сырбай Мәуленов, Тоқаш Бердияров секілді үш ұстынның, үш бәйтеректің орны бөлек» деген еді. Соның ішінде біз Тоқаш Бердияров жөнінде толғансақ деп отырмыз. Өтежан Нұрғалиевтің «Мақатаев көшесіндегі ой» деген өлеңінде «…Өмір деген тәтті ғой, Тағдыр деген қатты ғой. Кешегі өткен ер Тоқаш — Басы жерге тигенше, Автоматын… атты ғой» деген жолдары ақын өмірінің көп бөлігі майдан шебінде болғанынан хабар берсе керек-ті. Биыл арда азамат, тамаша лирик, жауынгер ақын Тоқаш Бердияровтың туғанына 92 жыл толып отыр.
Тоқаш Бердияров жасы он алтыға толғанда әдейі жасын ұлғайтып көрсетіп, сұм соғысқа сұранып аттанған ақын. Ол Румыния, Венгрия, Аустрия, Чехословакия (қазіргі — Чехия мен Словакия), Болгария, ең соңында Германияның жерін басып, суын ішіп, сол елдерді фашизм құлдығынан азат етуші қатардағы қаһармандардың бірі болатын. Қан майданда көрсеткен ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Батылдығы үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
Соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, бес жыл Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші болып қызмет еткен. «…Егер мен соғыс кезіндегі және Ұлы Жеңістен кейінгі жүріп өткен жауынгерлік жолдарымды қағаз бетіне түсіретін болсам, жарты Еуропаның топографиялық картасы сызылған болар еді», — деп жазады ол өзінің бір естелігінде.
Соғыс біткен кезде немістің Ильменау қаласының гаупт-вахтасына түскен Тоқаш Бердияровты сол қаланың әскери коменданты, кейін қазақтың қабырғалы қаламгергерлерінің бірі болған Қалмұқан Исабай шығарып алған екен.
«1950 жылдың бас кезі. Кронштадттан оралған бетім. Басымнан бескозырка, үстімнен қара бушлат түсе қоймаған кез. Төрт жылға созылған қиян-кескін ұрыс пен төрт жылдық әскери-теңіз өмірі поэзия әлеміне біржола бетбұрыс жасауға мұрша бермеді», — деп мұңая жазады Тоқаш өзінің ақындық жолы жайында.
«Мыңғырған оқтың ішінен, О, Өмір саған жол таптым!»
Ақын шығармашылығында соғыс және бейбітшілік, өмір мен махаббат, Отан мен туған жер, адамгершілік пен достық қатар суреттеледі. Қан майданда от пен оқтың ортасында жүрген ақынның жырларынан өмірге деген құштарлық пен құлшынысты байқау қиын емес. Мәселен:
…Қай дөңесті, қай көшені баспады
Керзі етігі солдаттың.
Алғы шепте,
Мыңғырған оқтың ішінен
О, өмір, саған жол таптым, -
дейді ақын «Өмірбаян орнына» атты өлеңінде.
Ал «Ескі паровоз» поэмасының «Анама хат» тарауының бір үзіндісінде:
…Сұрасаң амандық,
Мен қызыл әскермін,
Фашисті атамыз күн ұзын.
Бәтеңкем кең еді…
сабанмен толтырдым.
Ал шинель етегі тым ұзын.
Жан Ана!
Әскери тәртіпке
Үйреніп кеткенмін.
Салмағы шамалас
Мылтық пен кетпеннің!
«Көкелерің кездессе сәлем де»,
Деп маған айтып ең.
Далалық пошта көп,
Оларды табамын қайтып мен?!, -
дейді.
Оның соғысты емес бейбітшілікті, зұлымдықты емес мейірімділікті, надандықты емес адамдықты үлгі ете жырлағанын жырларындағы мына бір шумақтардан байқауға болады:
«Қайтесің оқ деген немені,
Айтсайшы даланың гүлдерін!
Сыбдырлай ма жапырақ,
Шөпілдей ме еріндер?..
Ғажап қой айлы түндегі үн!!!»
«Бораған оқтың астында,
Қара нан кеміріп,
Ойладық Жеңіс туралы», сондай-ақ
«Жидеге асылып тұр-ау, ә,
Талмаурап, Ай талып.
Анашым, күт мені!..
Паровоз Жеңіспен ауылға
Барады қайта алып».
Иә, ол соғыс психологиясын, соғыстағы адам психологиясын үлкен философияға айналдырып жырлайды. Соғыс тақырыбын әдебиетте баллада типінде алғаш жырлаған да Тоқаш ақын делініп жүр.
Ақын ырғақтық-интонациялық сан алуан мүмкіншіліктерді барынша мол пайдаланып, көңіл күй әуенін сол арқылы жеткізуге тырысқан. Тоқаш өлеңдерінің поэтикалық өзгеше қуат-қайнары – нақтылық, шынайылық, образ, бояу, пафос, деталь, штрих десек болады.
Ағалардың алқауы мен інілердің ізетін көрген ақын
Тоқаш Бердияровтың ақындық талантын кезінде Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин сынды іргелі ақын-жазушылар аса жоғары бағалаған.
Сәбит Мұқанов: «Шынында да Тоқаш Бердияров бәрімізден бөлек тұлға, өте дарынды ақын», — деп дәріптеген. Өз кезегінде Қадыр Мырза Әли: «…Заманға лайық жаңалық әкелген өзіндік беті бар ақындар — Мұзафар Әлімбаев пен Тоқаш Бердияров еді», — деп жазады. Қарулас, қаламдастары — Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков оны майдангер ақын ретінде аса қатты құрметтейтін.
Қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбеков өзінің «Тоқаш туралы сөзінде»: «…Оның соншама ерекше, соншама мол нәрлі шығармашылығын дер кезінде талдап, бағасын айтуға қырсығы тиді. Ұзақ жыл бойында оған дұрыстап тоқтаған, не жақсы, не жаман деген сынды көргеміз жоқ. Ақынға, әсіресе Тоқаш секілді ақынға бұдан артық қиянат болмаса керек. «Сен маған, мен сағанның» дәуренінде жалғыз ауыз жақсы сөз үшін ақы сұрайтын күндерде Тоқаңда бере қоятын ақы болмайтын, ал құрғақ рахмет іске асыңқырамайтын … Өйткені, жасыратын ештеңесі жоқ, оқта-текте жекелеген өлеңдерін айтушылар болмаса, осы отыз жыл бойында оның шығармасы жайлы арнаулы мақаланы не шолуды өз басым көргенім жоқ», — деуі ащы болса да ақиқат. Жазушы Ғабит Мүсірепов қарды басып бара жатқан танктердiң iздерiн нотаға ұқсатқанына ерекше сүйсiнген екен. «Бұл қазақ поэзиясында бұрын-соңды болмаған теңеу және соғысты көзiмен көрген, қан майданның iшiнде болып шыққан адамның көзiмен жазылған шынайы туынды» дейдi ол.
«Саинның көңiлiнен шыққан жалғыз ақын», «Мұхтар Әуезов қанаттандырған ақын» деген естеліктердің өзі ақынның қаламгер ағаларының алқауын аз көрмегенін білдірсе керек.
Шын биіктік басталады төменнен
«Асқар таулар ақша бұлтқа бөленген,
Биіктігі мақталады өлеңмен.
Көктен көлбеп түспес болар биіктік,
Шын биіктік басталады төменнен» -
дейді ақын.
Оның бәйтеректей биік болуына Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының Келес өңiрiндегi Ұшқын елдi мекенiнде дүние келгеннен кейінгі жетімдік ауыр күндері, жастайынан соғыс өртінің ортасында жүруі себеп болды десек, артық айтпағанымыз.
«Біреуге еліктеп жазуды өз басым о бастан-ақ оншалықты ұнатыңқырамаймын. Қаншама күшті ақын болса да, ол бізге өлең жазып беруден аулақ. Ал, жақсы шығарма ой туындатуы мүмкін. Абзалы, дарынды ақынның сәтті шыққан өнегелі еңбегінен, оңтайы келсе одан да асыра жазу дұрыс-ау деп топшылаймын. Бұл үшін әрине, шеберлік, үлкен талант керек.»-деп жазуы ақынның дегдар болмысты ешкімге еліктеп-солықтамайтын өзіндік болмысты азамат екеніне дәлел болмақ.
«Ми қыртысына түбегейлі орныққан дені таза ойдың ұрық-дәндері шірімейді, өсіп-өнеді, мерзімді кезеңі жеткен кезде, еріксіз өзі-ақ уылжып піскен алмадай топылдап, қағаз бетіне түседі. Бұл табиғи нәрсе», – деуі де өлеңге де шынайылықпен қарап, жауапкершілігін сезінетінінен шығар, бәлкім.
Болат ШАРАҚЫМБАЙ, ақын:
Тоқаш ақынның жырымен жастайымнан сусындадым
Тоқаш Бердияров жайлы мақала жазу барысында ақынның шығармашылығы мен өмірі жайында естеліктер мен толғамдар жинақталған «Көке» атты кітаптың авторы ақын Болат Шарахымбаймен де аз-маз сұхбаттасуды жөн деп таптық.
- Болат аға, Тоқаш ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында естеліктер мен толғамдарды жинақтап жазуыңызға не себеп болды? Бұл жұмыс қалай басталды? Ақын шығармашылығымен ең алғаш қай уақытта таныстыңыз?
- Мен жастайымнан Тоқаш ақын туралы естіп өстім десем болады. Себебі, Тоқаш ақын Оңтүстiк Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының тумасы болса, Мен Қазығұрт ауданынан болдым. Менің аталарым суырыпсалмалық ақындық өнері бар жандар болыпты. Әкем де өлеңге құмар жан болған, өзі де аздап жазатыны бар еді. Сол кездері әкем Тоқаш ақынның кітаптарын сатып алып, үйге әкелетін. Соны отбасымызбен оқып өстік десек болады. Оның өлеңдеріндегі тосын теңеулер мен соны тіркестерге әкем қызығып, айтып отыратын. Кейіннен Алматыға оқуға келдік, әдебиетпен айналыстық. Сол кездері менің есімнен Тоқаш ақын бірде-бір шыққан емес. Сол туралы ойлап, кездессем деп жүрдім. Ол кісі екі рет үйленген деп естиміз, алайда сол кездегі оның үйленуі, қазіргі тілмен айтқанда ресми болмаған сияқты. Сол тойды жасап, дүрілдетіп өткізер жақындары да болмаған сықылды.
- Иә, өзінің де :
Менің тойым болған жоқ,
Болмайды да.
Өмірден жарсыз өттім.
Сол қайғы ма?
Шабыттанып, шарқ ұрып анда-санда
Бір желпініп аламын жыр жазам да.
Есік тойым болмапты есейгенде,
Бесік тойым өтіпті бір заманда...
Менің тойым болған жоқ дүрілдеген,
Қосағымның білмеймін түрін де мен.
Үкілі көрпе-жастық қыбыр етпей,
Шымылдығым әлі тұр түрілмеген.
Мұрты бар, жайсаң жігіт болғанменен,
Неке үйіне барғам жоқ «Волгаменен».
Мақсатым, бала-шағам, байлығым боп,
Жүрегім болашаққа жолдады өлең.
Қапелімде бұлт шалса қабағымды,
Жүрегіме жанимын қаламымды.
Сағындырып жазамын өлеңімді,
Сағындырып сүйемін қарағымды.
(«Менің тойым болған жоқ») - деп жырлағаны бар емес пе?
- Иә, рас айтасың, осы өлеңінде де сол күйініші көрініс береді. Айтайын дегенім, кейіннен «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етіп жүргенде де, ол кісінің көзін көргендер – Аян Нысаналин, Ұлықбек Есдәулет, Өтежан Нұрғалиев сынды ағалардың аузынан Тоқаш туралы естіп жүрдім. Күннен-күнге сол кісінің іздеушісі болайын, деген ой мазалап жүрді. Сосын сонау Мұхтар Әуезовтан бастап, Тоқаш ақын туралы жазылған дүниелердің барлығын басын құрауға он шақты жылымды сарп еттім. 2015 жылы, ақынның 90 жылдығында кітабын шығардық. Сарыағаш ауданынан Тоқаш Бердияров атындағы қоғамдық қор ашылып, қаражат бөлінді. Сол кезге дейін ақынның отыз жыл бойы кітабы шықпаған екен. Ақынның мерейтойында сол кітапты шығаруды жазыпты. «Көке» деген атпен шыққан кітаптың атауы белгілі ақын Есенғали Раушановтың Тоқаш ақын туралы атақты естелігінен алынды.
- Ол кісінің мінезі туралы көптеген қаламгерлер әр-түрлі айтады. Біразы суық адам болған деседі. Өзіңіз жолықпадыңыз ба Тоқаш ақынмен?
- Енді ол кісінің тосын мінезі бар болғаны рас. «Күтпеген жерден басталып, күтетін жерден аяқталатын» тосындығы сол мінезінің дәлелі. Тоқаш ақынның соғыс аяқталғаннан кейін де әскер қатарында қалып, бес жыл Қызыл Тулы Балтық әскери-теңіз флотында теңізші болып қызмет еткені бар. ССРО-ның әскери-теңіз флотына азиат нәсілдерден әскер таңдау – өте сирек жағдай болатын ол кезде. Бұл азиат тектес халықтарды техника тіліне жолатпаудың салдарынан туындаған саясат болса керек. Сүңгуір қайықта қызмет еткен жалғыз қазақ Тоқаш болуы керек. Жер бетінде жүруі сирек, апталап, айлап су түбінде сүңгуірде болатын қайықшылар арасында Тоқаштың үстемдікке жаны қас болғаны, әділетсіздікке қаны қарайып, әлсізге қашада қорған болып үйренген басы талай мәрте шекісіп тұрғанға ұқсайды. Бұл Тоқаш ақынның туа бітті мінезі дегенге саяды. Әлбетте әскери өмірдің мінезді шыңдауға, принципті қалыптауға тигізер пайдасы мол.
Тоқаң кей-кейде басқа ұлт өкілдерінің өзіне менсінбей, төбеден шірене қарайтынын іштей сезіп, оларға жаны қас болатын. Қазақтың қайсарлығы мен шақар мінезінен қаймыға ма екен, әйтеуір Тоқаңа тиісуге көбісі бата бермеген екен. Оның мінезі жайында айтылар әңгіме көп.
Мен өзім Тоқаңды бір-ақ рет көрдім. 1983 жылы болса керек, Жазушылар Одағындағы «Қаламгер» кафесінің бір бұрышында отырғанын көрдім. Жанына баруға түсінің суықтығы, менің жастыққа тән батылсыздығым жібермеді. Әйткенмен, жанында жүрген ағалары мен інілерінен ол кісінің түрі сұсты болғанмен жүрегі жылы болған дегенін талай естігенмін.
- Ақынның мұрасын көпке жеткізудегі еңбегіңіз жемісін бере берсін, деген тілекпен ақын жайлы естелігіңізбен бөліскеніңізге алғыс білдіреміз!
P.S
О, өлең!
Табады дертімнің ол емін.
Поэзия эстафетасын
2000 жылдарға алып барады.
Менің ең соңғы кенже өлеңім, - ақын өзі жырлағандай поэзия эстафетасында әдебиетке адалдық танытып, кейінгіге аман аманаттаған ақын рухы қашан да Алаш жұртымен бірге. Есенғали ағамыздың көкесі туралы естелігінде «Ол қазақ әдеби сыны үші сол жұмбақ күйінде өмірден өтті», - деген күйініші алдағы уақытта орнын толтырады деген үміттеміз.
Наурызбек САРШАЕВ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.