«Қаламгердің бір күні» айдарының кезекті кейіпкері – белгілі ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Серік Тұрғынбекұлы.
Серік Тұрғынбекұлымен өткізген бір күніміз ерте таңнан басталды. Таңғы сегіздерде ақынның үйіне келіп, есігін қағып тұрдық. Негізі, Серік ағамыз ерте тұрғанды ұнатпайды екен. «Түске қарай асықпай, ұйқымды қандырып бір-ақ оянамын», – дейді өзі. Ал бүгінгі ерте тұрғанының бір себебі біз болсақ, тағы бір себебі – Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің халыққа есеп беруі. Ақын ол шараға арнайы шақырылған. Соған барады. Әрине, біз де бірге барамыз. Есеп беруден кейін Серік аға жақында қайтыс болған танысының үйіне көңіл айтуға Конгресс-холл жанынан таксиге отырып кетті.
Түстен кейін қайта жолыққан біздер, фоторепортажымызды ақынның үйінде жалғастырдық. Жанында ағайындас інісі бар екен.
Серік ағаның әр күні осылай, шақырылатын жиын-кештерге бару, арасында өлең жазу, кітап оқу, кешке қарай таза ауада серуен жасаумен өтеді екен. «Бос күнім жоқ, күнде бір жерге шақырады, өздерің секілді журналистер хабарласады», – дейді, ақынның өзі. Бізге өлең оқып, ән айтып, кітапханасымен таныстырып, арасында шәй берген (Серік Тұрғынбекұлы – көптеген танымал әндердің авторы) Серік ағамен бұл күніміз есте қаларлықтай өтті. Кейіпкеріміз ақын болғаннан кейін бұл жолы сөзді азайттық. Фотосуреттерді Серік ағаның өз өлеңдерімен берсек, ақынның тұлғасын аша түсерміз деген ниетпен өздеріңізге осылай ұсынып отырмыз.
Бір жаңалық іздеймін жауған қардан,
Баудан пана іздеймін,
Таудан – қорған.
Осы күні… осы күні жүрегім
Тоқтатпайды – тар кеудемді жиі ұрып.
Ойлай-ойлай әлім кетті бойымнан,
Қайнай-қайнай қаным кетті сұйылып.
Ешкім енді емдей алмас дертімді,
Бүкіл әлем дәрігері жиылып.
Тұр екен ғой, тұр екен ғой
Дүние-ай,
Піскен алма бұтақтары иіліп.
Қандай қиын…
Қандай қиын құр қалған
Дастарханда тұрған дәмнен бұйырып.
… Енді бүгін «бір көрсем» деп тілеймін,
Құдайыма қайта-қайта сыйынып!
Арыны күшті
Ақын ем,
Жалғаған
Жақын-жырақты.
Құйғытып келе жатыр ем,
Қапысын тауып құлатты.
Құлатты өңшең жырынды.
Қадірін білмей қаламның.
Кетпей-ақ қойды-ау қыс бірден,
Аязы бар ма үскірген.
Аяқта әлі бәтеңке,
Түскен жоқ тоным үстімнен.
Қайда әлгі...
Қайран көктемім.
Қайрылмай неғып кеткенің?
Қажаған әбден кәрі қыс
Шеше алмай жатыр шекпенін.
Ұялаған кеудемнің түбіне мұң,
Қорықпаймын келсе де бүгін өлім.
Шүберекке түйіп ап қу жанымды,
Шындық үшін шырқырап жүгіремін.
Атымды шақырмаймын
Атақпенен,
Ісімді танытпаймын
Шатақпенен –
Мен үшін қалам – қанжар,
Сол қанжарды
Бұлтартпай әділдікті айту үшін,
Биліктің тамағына тақап келем.
Махамбеттен үлгі алдым,
Қасымдардан.
Қалған бір көз мен шығар
асылдардан.
Ашық күнде
Аспаннан жай түскендей,
Ащы даусым шығады –
Ашынғаннан.
Ағаш едік,
Көмір болдық.
Алтын едік,
Темір болдық.
Дауыл едік,
Өкпек болдық,
Бауыр едік,
Өкпе болдық.
Біреулерді мақтаудан да қорықтық,
Біреулерді даттаудан да қорықтық.
Қоғам үшін көз жасымен жазылған
Қолжазбаны сақтаудан да қорықтық.
Бұл өмірде көп қақтығыс,
Көп егес,
Атыс-шабыс,
Алыс-жұлыс,
Төбелес,
Достарым да толып жатыр,
Ал бірақ
Азын-аулақ жауларым да жоқ емес.
Өз-өзіңмен ақталып,
Күпінесің мақтанып.
Күміспенен күптеліп,
Алтынменен апталып.
Жарығың мен нұрыңды
Жария ғып жатасың,
Жарылуға шақ қалып…
Осы мені қинайды,
Елдің ар-иманы,
Құлы болып дақпырттың,
Табанында жат жұрттың
Жатқан шақта –
Тапталып!
Айтшы маған, әлде осы сайран ба өмір,
Қайда барып қайтпайды қайран көңіл?!
Жүрегімді жұлмалап жүр осы күн,
Кейде артық, кейде кем жайлар небір.
Күндер өтті
Қиналған, назаланған.
Көрер көзге қор болған, қаза болған.
Ағалардың аруағы елестейді,
Жазықсыздан-жазықсыз жазаланған.
Қуаныштан көңілдің мұңы басым,
Барған сайын бақытқа құнығасың.
Ғұмыр бойы жүргенің күн-түн қатып
Толтыра алмай тірліктің құмырасын.
Ілесіп ылауына қиын көштің,
Бейкүнә –
Бейшараның күйін кештім.
Мемлекет
Мәселесін шешкенімен,
Шеше алмас
Жүректегі түйінді ешкім.
Тағдырым болмай тұрлаулы,
Қуырдақ қылдым қу жанды...
Сілікпем қанша шықса да,
Қоймай-ақ келем жырлауды!
Тірлікте ойламаймын тыным бар деп,
Қиналып қажымаймын мұңым бар деп.
Өсиет ата-бабам айтып кеткен,
«Дос болып, бауыр болып тұрыңдар!» – деп.
Бір құдірет
Бар екенін білемін,
Онсыз тірлік тар екенін білемін.
Алып шығар алапаттың ішінен,
Намыс пенен Ар екенін білемін.
Ел қамын жеген ұлмын,
Түскенше жағым қашан.
Қарайып неге жүрмін,
Халқыма танылмасам?!
Оңай емес
Ойланғанға тірлігім.
Біреуге – қас,
Біреуге – дос, құрбымын.
Жайшылықта жарқыл қағып жүргенмен,
Жасырмаймын:
Менің де бар бір мұңым.
Айықтырмай тұманын,
Не боп кетті мына күн?!
Көбейгендей келеңсіз
Көңілдегі күмәнім.
Ойлар... ойлар... ой деген кетер емес,
Кейде тіпті тудырар бекер егес.
Көңіліме сенбеймін...
Көңіл деген...
Көңіл деген қай жаққа жетелемес...
Бұл өмір
Саған да – сын,
Маған да – сын.
Әрине, дос болған соң бағаң басым.
Дүниенің бір бақыты сол емес пе?
Аман-сау бірге жүрсе замандасың!
Мен ақынмын!
Ей, досым, мен ақынмын!
Қауырсын бар астында қанатымның.
Тас төбеңде жұлдыздай жарқыраймын,
Қарап қалсаң – ішінде қара түннің.
Мен ақынмын!
Сен, сірә, нанасың ба?
Күйесің бе, мен құсап жанасың ба?
Ұйқастырған өлеңші толып жатыр,
Жоқпын! Жоқпын олардың санатында!
Мен ақынмын!
Сен, сірә, сенесің бе?
Капитанмын өлеңнің кемесінде.
Өтіп келген өлең-жыр майданынан
Жауынгермін!
Сау жер жоқ денесінде...
Мен ақынмын!
Ақынмын десем егер,
Айтқан сөзім он рет еселенер.
Шумақ-шумақ өлеңді тиеп алып
Көз алдымнан керуен көше берер.
Компьютер
Керек емес,
Кілемің де,
Еңбекпен алады оны біле білген.
Сақтайды нағыз адам
Мақтанбай-ақ
Алтынды төсінде емес,
Жүрегінде!
Кешір мені!
Ақ қағаз, сия, қалам.
Сені иесіз тастамас зиялы адам.
Кісі көңілін әуелден қалдырмайтын,
Кеудемде бір ізгілік ұялаған.
Әр нәрсеге болам деп алаң мына,
Кейде сирек аламын қаламды да.
Дүниеге келген соң бір борышым,
Бар екенін білемін ел алдында.
Бұл өмірге қуаныш боп,
Көрік боп,
Адалдыққа, махаббатқа жерік боп,
Өмір сүріп жүргендердің ішінде,
Санай берсең, бәрінен де «Серік» көп.
Сен де Серік,
Мен де Серік –
Танып қой.
(Серіктерден көз сүрініп, жалықты ой).
Ал, бірақ та,
Баласына кім болсын
Жаман есім бермейтіні анық қой.
Суға салсаң сол темір асылданып,
Жайнайды жаңбырдан соң жасыл жарық.
Ақын болсаң жүріп көр өлең жазбай,
Түсінерсің сен мені сосын барып.
Босағасын паналамай жат елдің.
Алған беттен,
Айтқан серттен таймайтын,
Ахметпін,
Міржақыппын,
Сәкенмін!
Мен ұлтшылмын –
Кінәласаң, кінәла.
Сыннан,
Міннен болған дейсің кім ада?!
Тым биікте,
Құзар шыңның басында –
Тасқа барып бітеді ғой қына да.
Сен жастай қалдың...
Суын қанып ішпедің тас қайнардың.
Ал мен болсам – алқынып аққан бұлақ,
Алтыдан жетіге сәл аспай қалдым.
Осылай сенің бағың жанбай қалды,
Жоқтау айтып жыладың, қандай зарлы.
Көңілде шер бар еді, көзімде жас,
Сол жас бірақ намыстан тамбай қалды.
Жұбатардай дерт көңілді,
Жұмбақ болып ой терең.
Шымырлатып шертпе күйді,
Шертпей қойсаң қайтер ем?!
Құр айғайдан әншінің сөзі басым,
Жанға – қуат, бойға – күш, азық алсын.
Жүректерден жүрекке жеткізді олар,
Шашпай-төкпей халқымның қазынасын.
Дастархан дәм татырып адал астан,
Көріссе құшақтасып – амандасқан.
Бар әлем сиып кетсе біздің үйге,
Бақыт бар демес едім одан асқан!
Бастайын «бисмилла» деп сөздің басын,
Тағдырым таланыма кез қылғасын.
Жазайын ақиқаттың сиясымен,
Қаламға қоса құйып көздің жасын.
Өлең де
Жол сияқты
Әлі де жүрілмеген.
Бақытың сол сияқты
Қолыңа ілінбеген.
Өлең де бір
Қымыз сияқты,
Қанша жұтсаң тамсантқан.
Өлең де бір қыз сияқты
Қолға түспей аңсатқан.
Өлең де бір
От сияқты
Жанатын лаулап бірден.
Өлең де бір доп сияқты
Қақпаға заулап кірген.
Өлең де бір
Қашқан киік,
Тоқтамас ештеңеге.
Қашан да аспан биік
Қарасаң тас төбеңе.
Жалғанның желбіресе Туы шыңда,
Жақындап бұлттың өзі жуысуға.
Бар ақыл,
Бар парасат басын қосып,
Қала тұр –
Уыз нұрдың уысында.
Басына аумайтындай бақ тұнғасын,
Біледі ел – мұндай қала таптырмасын.
Бөгенбай –
Ол да өзінің даңғылымен,
Дайын тұр жіберуге аттың басын.
Өлгендер қайтып келмейді.
Б.Соқпақбаев
– Өлгендер қайтып келеді, –
Десем сен,
Әсте сенбейсің.
Себебі, досым,
Себебі –
Сен, сірә, мәңгі өлмейсің.
Болғанмен
Баста бір өлім.
Өлмейтін жанға саналған.
Себебі, сенің жүрегің –
Қара тас болып жаралған.
Еңіреп, жылап
Есіл жыр –
Боздайды күнде інгендер.
Өлексе күйін кешіп жүр,
Өлгісі келмей жүргендер.
Жамылып атын тірінің
Жүрегі ғана дүрсілдер…
Солардың мен де бірімін,
Қыбырлап жүрген –
Құр сүлдер.
Бірі бар есте,
Бірі ұмыт,
Бірінің қалмай дерегі.
…Өлгендер қайта тіріліп,
Тірілер күнде өледі.
Болыпты кімнің дегені,
Терең жоқ әсте тартылмас.
Жемқордың ішіп-жегені,
Өзінен ғана артылмас.
Біреудің былғап тұнығын,
Биіктеу тұрды ол сенен.
Өйткені –
Олар ғұмырын,
Байлықпен ғана өлшеген.
Күнбе-күн ойнап күлгенмен,
Құбылтып жүзін, тән бояп.
Құлқыны өмір сүргенмен,
Құр тірі жүрген жандай-ақ…
Сиқыршының
Жылтырақ таяғындай,
Жастық шағым
Жарқ етті –
Жай оғындай.
Кәрілікке
Килігіп иек артқан –
Мендей байғұс пендеңді ая, Құдай!
Медет тұтам қай іні,
Қай ағайды,
Ана болып енді кім
Аялайды?!
Өзің ая,
Жаратқан бұл пендеңді –
Ал, адамдар,
Бір-бірін аямайды.
Мен ақынмын!
Бәріңнен биіктемін!
Шүберекке жанымды түйіп келдім.
Алатаудан кем болмас абыройым,
Аман болса,
Сау болса сүйікті Елім!
Ақын Серік Тұрғынбекұлының кітапханасы
Марфуға ШАПИЯН
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.