Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақындарға «Әдебиет порталының» берген бағасы қанда...

11.08.2016 5182

Ақындарға «Әдебиет порталының» берген бағасы қандай?

Ақындарға «Әдебиет порталының» берген бағасы қандай? - adebiportal.kz



Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталы» бірлесіп, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын насихаттау, ақын мұрасы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, талантты жас ақындардың жолын ашу және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында дәстүрлі «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жазба ақындардың республикалық онлайн-мүшәйрасын өткізіп жатыр. Бүгінде мүшәйраға шығармалар қабылдау тоқтатылған. Алайда оқырмандар мен жанкүйерлер өздеріне ұнаған өлеңдерге 1 қыркүйекке дейін дауыс бере алады. Ол үшін «Әдебиет порталына» тіркеліп кіріп, әр ақынның фотосуретінің астындағы жұлдызшаларды басу қажет.


Айта кетейік, мүшәйраға 28 ақынның өлеңдері қатысып жатыр. Бірқатар үміткерлердің шығармалары талапқа сай болмағандықтан (міндетті екі тақырыптың біріне арналған өлеңдері болған жоқ) жарыстан шығарылды.


Сонымен, әр ақынды жеке-жеке шолып шығайық. Порталға ең бірінші болып өлеңдерін жіберген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 4-курс студенті Нұрбек Нұржанұлы болды. Бүгінде оның рейтингісі 2,97 балға жетті. Оның өлеңдерін 450-ден астам оқырман оқыған. Жас ақынның Мұқағали Мақатаевқа арнаған «Қайың ақын» деген өлеңінің тақырыбының өзі оқырманды елең еткізеді.


нурбек.jpg


Қайың шайыр, сен кеттің ғой, халық қап,

Құшағымда алып өлең, алып хат.

Кітабыңнан ұшып барад ғазалдар,

Жүрегімнің аспанында қалықтап, - деп хас ақынға деген жүрегіндегі жан сырын ақтарады ол. «Жапырақ жүрек жас қайың, жанымызды айырбастайық» деп жырлаған шайырды сол қайыңмен астастыра, ұштастыра сүреттеуі сәтті шыққан.


Мынау Күн де мың атады, мың шығып,

Қайың ақын әжімдері – мың шыбық.


Немесе:


Жапырақтың жанарымен қарайды,

Қайың ақын мұң жамалы тұнжырап...


Я болмаса:


Мұқағали көзіменен қайыңның

Қарап отыр пәни менен пендеге... – деген сықылды жолдарды жас ақын жақсы қиюластыра білген деп ойлаймыз. Ақынға деген сағынышын сарқып-сарқып алады.


Қайыңдардан сені іздеп ақындар,

Алматының көшелерін кезеді... – дей келе:

Ал, мен болсам, іздеп жүрмін шаһардан,

Мұқағали болып кеткен қайыңды... – деп түйіндейді. Біздіңше, тәп-тәуір өлең. Төрелігі өздеріңізде.


Нұрбектің екінші өлеңі «Тәуелсіз аспанның құстары» деп аталған екен. Мұнда ақын өзінің Тәуелсіздікке деген шексіз махаббатын өлеңмен өреді.


Сыңғыр күлкі – бұлақ ару ағады,

Жүрек мұңсыз, еш қайғысыз соғады.

Аспаным да бүгін, міне, тәуелсіз,

Емін еркін құстар қанат қағады, - дейді ақын. Осылайша ақынның Туған елге деген ризашылық сезімі бір сарында жырланып келіп, ең соңында:


Соғыс, соғыс болмасыншы, еш майдан,

Тәуелсіздік! Тәуелдімін мен саған! – деген жолдарға келіп тіреледі. Қарап отырсаңыз, жас ақынның бұл өлеңі алдыңғысына қарағанда сәл солғындау, қайталауы көп, барлық алғашқы шумақтары ең соңғы шумақтағы ойды айту үшін жазылғанға ұқсайды. Оның үстіне техникалық олқылықтар да көрініп қалып жатыр. Мәселен:


Отан үшін садаға бұл жан, арым,

Берерім көп, көп тағы да аларым.

Тәуелсіз менің лүпіл жүрегім,

Тәуелсіз менің мөлдір жанарым, - деген шумақтағы соңғы екі жолдың буыны аз, соның әсерінен төгіліп келе жатқан өлең тайпалып келе жатып, шоқыраң ете қалған тұлпардай әсер етеді. Дегенмен, Нұрбек Нұржанұлы өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып қалған, бірқатар бәйгелерде олжа салып жүрген талантты жас ақындардың бірі. Сіздердің дауыстарыңыз оған осы додадан да оза шауып, бәйге салуға септігін тигізетінін ұмытпағайсыздар.


Екінші қатысушымыз – Алпамыс Файзолла деген жас қаламгер. Соңғы кезде проза жанрына да қалам тербеп, әлем әдебиетінің классиктерін аударып, көзге түсіп жүр. Ол да әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінен биыл ғана түлеп ұшты. Алпамыстың бірінші өлеңі мүшәйраға жолдаған «Мұқаң боп қарасам» деп аталыпты.


алпамыс.jpg


Өлең тамаша! Өлең туралы өлең. Жас ақын айналасына Мұқағали көзімен қарай отырып, әр тамған тамшыдан, әр үп еткен желден, табиғаттың әр тынысынан өлең көреді. Шынымен де, Абай атамыздың «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп айтқанындай, бізді қоршаған әрбір құбылыс тұнып тұрған поэзия емес пе?! Тіпті, айта берсек, әрбір деміміздің өзі алтыннан да ардақты, асыл сөзден де салмақты Жан поэзиясы десек те болады! Міне, осы тылсымды жас ақын жақсы бере алған. Сондықтан бұл пәлсапаны Алпамыстың:


Есіме түседі со қазақ,

Десеңіз: «Байлыққа кім ие?».

Мұқаң боп қарасам, о, ғажап!

Түгелдей жыр екен дүние! – деген шумағынан асырып айта алмаспыз.


«Тәуелсіздік күні» деген екінші өлеңінде ерекше басып айтар ештеңе көре алмадық. Әрине, Тәуелсіздік тәу етуге тұрарлық кие! Сондықтан да оны талай ақын жырлады. Сосын да шығар, Тәуелсіздік туралы тың теңеулер ойлап табу қиын-ақ! Тәңірдің өзі төбеден түсірмесе. Дегенмен жас ақынның Тәуелсіздік күнін «Мұқалған алмас қылыш, Қайтадан қайралған күнге», тартылған шаттық өзен, кемеріне толған күнге, Ортасына түскен шаңырақ «қалпына келтірілген» күнге теңеуі бұрындары көп айтылған болса да, әрқайсысы өз орнында тұр. Ал:


Қазаққа бұл күн қымбат.

Мүминнің жұмасындай! - деген жолдары кез келген мұсылманның жүрегін бүлк еткізіп, риясыз риза қылатын теңеу екені айтпаса да түсінікті.


Айтпақшы, Алпамыс «батырдың» рейтингісі 2,82 балл, ал оқырмандары 650-ден асып жығылады екен. Сондықтан, Алпамыстың өлеңдерін ұнатқан оқырмандарға айтарымыз, дауыс беруді де ұмытпаңыздар.


Келесі ақынымыз Сүндет Сейітов. Оның рейтингісі – 3,77. Өлеңдері 343 рет оқылған. Мұқағалиға арналған «Қырық жыл бұрынғы жаназа» атты өлеңі тақырыбы бойынша да, жалпы өлең өрімі бойынша ерекше. «Мен 1976 жылға барып келдім. Ол түсім болатын. Мұқағалидың "Өмірдастан" деген жыр жинағының тұсаукесері болды. Мен сол кешке қонақ боп бардым. Бірақ, Мұқаңды көрмедім. Ояндым да "Қырық жыл бұрынғы жаназаны" жаздым!!!» дейді автор.


сундет.jpg


Осыдан кейін жас ақын жанына жай таптырмай, түсіне аян болып енген оқиғаны тебіреніспен толғайды.


Ұлы ақын өтті,

Жатыр әні, табыттың құшағында,

Алатаудай тұлғасы нұрға айналып.

Бізге қарай келместің тұсауында,

Қолдарын бұлғайды Алып, - деп оқырманын тура сол Мұқағалиды жерлеп жатқан кезге қарай еріксіз жетелегендей болады. Өзің де Ұлы ақынның жаназасына қатысып келгендей, жан-дүниең құлазып, ауыр ойға батады екенсің.


«Көзім көрген» деген өлеңінде жат елде туып, туған жердің қадірін қаршадайынан жан-жүрегімен сезініп өскен жас ақынның өзекжарды ойлары өрнектелген. Рас, өз еліңде, өз жеріңде оқыған «География» пәні мен жат елде, жат жұртта оқыған «Географияның» арасы жер мен көктей екенін ойландық па біз осы?! Мына жас ақын осынау, бір қарағанда аса маңызды емес сияқты көрінетін, мәселені жас кезінен ақын жүрегімен қатты сезінгені көрініп тұр. Өйткені жат елде отырып өз еліңді «шет ел» деп оқытып жатса, жан-дүниең қалай астан-кестен болатынын елестетудің өзі қиын. Құдды бір өң мен түстің арасында өлі денеңнен тірі жаның бөлініп шығып, сырттай қарап отырғандай ма, қалай?


Ала бетін әр күні аққан жас көміп,

Біздер жаққа сол жағынан туыпты ай.

Өзбек үшін байтақ дала – Ташкент,

Біздер үшін қуықтай – дейді ақын. Әрине, Ташкент те кезінде біздің ата-бабаларымыздың күндік кесіп, кір жуған, Төле, Әйтеке билеріміз жатқан жер емес пе? Дегенмен, дәл қазір олай айта аламыз ба? Сұм саясат жасарын жасады, қазақтың қаншама жерұйық жерлері жат қолында кетті. Осы бір шумақтағы «Біздер жаққа сол жағынан туыпты ай» деген жолдан да осы бір ызғырық саясатты аямай осып өткен алмас ойды көреміз.


Өлеңінің соңында жас ақын:

Ташкенттен алыс кетті көген де,

Ат-түйені елге айдадық қамшы ұрып.

Жамбасымыз жұмсарыпты кең елде,

Қазір шүкір – баршылық! – дей келе, Тәуелсіздікке Тәубе айтып, шүкірлікпен шерін тарқатады.


Жалғасы бар...


Әбу-Асқар Мекешұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар