Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақындарын ардақтаған ауыл ...

09.06.2014 4688

Ақындарын ардақтаған ауыл

Астанадан әріде жатқан Күлшін ауылында қазақ ақындары бас қосты. Дұрысы, ауылдағы ағайын мен астаналық ақындардың басын қосуға осы ауылдың тумасы Қайрат Сейтқазин атты жастың игі бастамасы себепкер болды. 

IMG_0151.JPG

Әр қазақтың алтын бесігіне айналған қасиет қонып, құт дарыған киелі мекеннің қадірменді халқы аяулы ақын ұлдарын үлкен қошеметпен қарсы алды. Күршін ауылындағы қазақ мектебінде болған әдеби кешке жас ақындарымыз да келіпті. Ақындардың жүрекжарды жырларын нағыз әдебиет жанашырлары ілтипатпен тыңдады. Қазақ әдебиетінен алыс жатқан ауыл тұрғындарының осындай ықыластарына қарап сырлы сөзге деген сағынышын байқадық. 


IMG_0172.JPG

IMG_0190.JPG

Мектептің салтанат залына жиалған көрермен қарасы көп. Ине шаншар орын болмады. Түрегеп тұрып тыңдаған жұртшылықта шаршау жоқ, каныңды тулатып, казақтың намысын қайрайтын отты жырларды тыңдаған жас-кәрі де қанаттанып, бір серпілгеніне куә болдық. Кеш тізгінін қолына алған қазақ жырының жаужүрегі боп танылған арқалы айтыскер ақын ағамыз Дәулеткерей Кәпұлы көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. IMG_0192.JPG

Айтыстың ақтангерлері – Есенқұл Жақыпбек, Шорабек Айдаров, Әселхан Қалыбековалардың әр жылдардағы айтқан ұтымды сөздерінен айнытпай үзінділер келтіріп, кешке жиналған қариялардың езулеріне күлкі ұялатты. Екі сағатқа созылған сырласу кешінің айбынын ақындарымыздың жалынды жырлары асқақтатты. 

IMG_0201.JPG

Ұларбек Дәлей, Ербол Бейілхан, Бауыржан Қарағызұлы, Балтабек Нұрғалиев, Ахат Расул секілді елге танылып жүрген азамат ақындарымыз өлеңдерін оқып, көрерменге үлкен ой салды. Сондай-ақ, ауылдағы әдеби кешке арнайы келген  - Жандарбек Жұманұлы, Айдын Байыс, Мейраш Аян, Айдана Болатова секілді жыр әлеміне енді қанат қаққан жас ақындар да ауыл туралы жыр жолдарын жолдады. Дәулеткерей Кәпұлы, Ербол Бейілхан, Бауыржан Қарағызұлы өздерінің кітаптарын ауыл мектебінің кітапханасына тарту етті. Жиналған жұртшылықтың ақындарға бауыр басып қалғаны сонша, көптен жібергісі келмей, құшақтап, гүл сыйлап, қарияларымыз баталарын беріп, ақ жол тіледі. 


IMG_0211.JPG

P/S: «Тәрбие  талбесіктен»... Ауылдағы ағайынның кешке өз балаларын ертіп әкелуінде де үлкен тәрбиелік мән жатыр. Мектеп оқушылары да ақындарымыздың білім-парасатына ден қойды. Мұндай сауапты да салауатты бастамаға себепкер болған Қайрат Сейтқазин бауырымыздың да өлеңге деген ерекше құштарлығын, азаматтығын таныдық. Кеш барысында ақындар да, көрермен қауым да осындай игі дәстүрді жоғалтпауымыз керек деп шабыттанды. Иә, осы дәстүрді одан әрі жалғастыруымыз керек. Себебі, үмітінің жалғыз тал сәулесіне сүйеніп тұрған ауылдың қадірменді тұрғындары – әдебиетіміздің нағыз жанашырлары...

Салтанат Қожа

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар